ҚМДБ Қостанай облыстық өкілдігінің ұйымдастыруымен «Мәуліт айы мүбәрәк болсын» атты рухани кеш өтті.
Тағылымдық, тәрбиелік маңызы зор мейрамға алыс-жақыннан қонақтар, дін қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Рухани кешті журналистер Заңғар Санай мен Қыдырбек Қиысхан жүргізді. Алдымен Пайғамбарымыз жайлы ғибратты фильм көрсетілді.
Өңірге белгілі мешіт имамдары Әлішер Балахмет, Дархан Сыздықов, Әли және Нұғман қарилар, шәкірттер өздеріне тән мақаммен Мәуліт шәрифін оқыды.
Бұдан кейін ҚМДБ Төрағасының орынбасары наиб мүфти, Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы бата берді. Сондай-ақ ұлағатты ұстаз басқосуға арқау болған Пайғамбарымыз жайлы танымдық уағыз айтты.
ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында берілген 601 және 602-пәтерлердің кілтә рухани кеште қостанайлық екі отбасыңа табысталды.
Жиында облыстық мешітке тұрақты демеушілік етіп жүрген бір топ іскер азаматтарға Бас мүфтидің Алғыс хаттары беріліп, қасиетті Құран кітабы тарту етілді.
Сондай-ақ, басқосуға арнайы шақырылған Рудный шаһары қарттар үйіндегі қамқорлыққа алынған аталарымыз бен әжелерімізге құрмет көрсетіліп, сый-сияпат жасалды.
Мейрамға арналған салтанат ән-күйсіз өтпейтіні белгілі. Онда жыршы-термеші Абзал Алпысов пен дәстүрлі әнші Қыдырбек Қиысханның домбырамен орындаған терме-толғаулары көпшілікті бір серпілтіп тастады.
Есте қаларлық кеш соңында Қостанай облысының бас имамы Бахытбек Тәжімбет Мәуліттің әрбір адамның жүрегінде алар ерекше орнына, өткен жылдардағы өкілдікте жүзеге асырылған жарқын істерге тоқталды. Құрметті қонақтарға және жиынды ұйымдастыруға белсене қатысып, өздерінің қомақты үлестерін қосқан имамдарға, мешіт қызметкерлеріне, жанашыр азаматтарға шынайы алғысын білдірді.





ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Қостанай облысы өкілдігінің баспасөз қызметі
akmechet.kz
27.10.2022
3390
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру