Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы Құрманғазы ауданына жұмыс сапары барысында Ақкөл ауылындағы жаңа мешіттің және аудандық мешіт жанынан іске қосылған «Діни сауат ашу орталығының» ашылу рәсіміне қатысты.
«Ақкөл» мешіті 250 орындық. Замануи үлгіде салынған мешітте Құран оқу залы, намаз оқуға арналған залдар, имамдар бөлмесі бар. Сәулеті келіскен ғимарат демеушілердің, қарапайым ауыл тұрғындарының атсалысуымен ашылып отыр.
«Халқымызда «Бірлігі жарасқан ел озады» деген керемет тәмсіл бар. «Төртеуі түгел болса, төбедегі келеді» деген де халқымыз. Мешіттер бірліктің, татулықтың, тәрбиенің ордасы. Ауыл халқы азан дауысымен оянып жатса, мұның өзі керемет жағдай. Себебі, азаны бар ауыл азбайды. Мешіттеріміз ислам дінін насихаттау, дініміз бен ділімізді, салт-дәстүрлерімізді дәріптейтін ізгілік ордасы ретінде елге қызмет ететін болады» деп атап өтті Алтынбек Ұтысханұлы.
Ал орталық «Темірәлі» мешітіне қарасты діни сауат ашу орталығының салтанатты ашылу рәсіміне Құрманғазы ауданының әкімі Марат Мурзиев, зиялы қауым өкілдері, жергілікті тұрғындар қатысты. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының тікелей қолдауымен салынған сауат ашу орталығында шәкірттер діни сауат ашып, Құран жаттап, рухани тұрғыда терең білім алмақ.
«Соңғы уақытта Атырау облысының шалғай ауылдарына көптеп мешіттер салынып жатыр. Бұл керемет құбылыс. Бірақ, мешіттер сауатты кадрлармен қамтылуы керек. Атырауда діни кадр тапшылығы айқын сезіліп отырғаны белгілі. Осы ретте, отыз орындық орталық облысқа қажетті діни кадрлар даярлау ісіне үлес қосатын болады. Бұл жерде шәкірттердің алаңсыз білім алуына барлық мүмкіндік қарастырылған» деп атап өтті Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.
Еске сала кетелік, «Діни сауат ашу орталығы» Атырау облысындағы аудандар бойынша алғаш рет Құрманғазы ауданында ашылып отыр. Діни білім алуға толық жағдай жасалған орталық шәкірттерді қабылдауды бастады.













ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Атырау облыстық «Иманғали» мешітінің баспасөз қызметі
amin.kz
26.10.2022
3951
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру