Алаш ардақтысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай ҚМДБ Қостанай облыстық өкілдігінің ұйымдастыруымен «Ахмет Байтұрсынұлы және қазақ руханияты» тақырыбында конференция өтті.
Біртуар тұлғаның есімімен аталатын университетте өткен шара қасиетті Құран Кәрім аяттарын оқумен басталды. Алғашқы болып баяндаманы ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Сансызбай Шоқанов жасады. Оның тың деректерден тұратын насихатын жиналғандар ұйып тыңдап, ұлт үшін бүкіл саналы ғұмырын арнаған тұлға жайлы тұшымды мағлұмат алды.
Қостанай өңірлік университетінің ректоры, география ғылымдарының докторы, профессор Сейітбек Қуанышбаев конференцияға қатысқан барша қауымды айтулы оқиғамен шын жүректен құттықтап, қонақтарға табыс тіледі.
Аталған жоғары оқу орнының «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің жетекшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Алмасбек Әбсадық Ахаң жайлы ұдайы ізденіс үстінде жүрген азамат. Оның «Ұстаз жолы, ауыл мұғалімінен – білім министрлігіне дейін» тақырыбындағы баяндамасы да құндылығымен жерлестеріміздің көңілінен шықты.
Облыс жұртшылығы Абзал Нағашыбайұлының руханият саласында сіңірген еңбегін жақсы біледі. Оның үлкен сахнада орындаған термесі терең мағынасымен жүректерді қозғады.
Аузы дуалы ардагер, Қостанай облысы ақсақалдар алқасының мүшесі Торғайбай қажы Уәлиұлының «Ахаң өскен орта» атты баяндамасы да ұлт мақтанышының көпшілікке белгісіз қырларын жан -жақты ашуымен дараланды.
Елімізге белгілі ғалым, Қостанай өңірлік университетінің профессоры Қалқаман Жақып «Рухы биік, есімі мәңгі» деген тақырып айтып тұрғандай, Алаштың біртуар перзентінің кейінге жастарға өнеге боларлық қайраткерлік, тұлғалық, білімпаздық, ұлтжандылық, қаламгерлік жақтарын жұртшылыққа жеткізді.
Конференция жоғары деңгейде өтіп, бас қосқан үлкенді-кішілі қатысушылар көп жайды көңілдеріне түйді. Қазақ халқы бар кезде Ахмет Байтұрсынұлының есімі мәңгілік өшпейді.


ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Қостанай облысы өкілдігінің баспасөз қызметі
akmechet.kz
22.10.2022
3176
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру