ҚМДБ Ақтөбе облыстық өкілдігінің ұйымдастыруымен Студенттер сарайында «Адамзаттың ардақтысы» тақырыбындағы рухани мәуліт кеші өтті.
Руханиятты байытуға арналған шара облыстың бас имамы Серікжан Еншібайұлының құттықтауынан басталды. «Біз бүгін адамзатты қараңғылықтан шығарып, нұрға бөленуіне дәнекер, әлемнің мәңгілік мақтанышына айналған, ең таңдаулы, мақтаулы, парасатты тұлғасына арналған Мәуліт кешіне жиналып отырмыз. Қасиетті Құран Кәрімде «Сендерге – Аллаға және Ақырет күніне үміт ететіндер әрі Алланы көп еске алғандарға – Алланың елшісінде көркем өнеге бар» («Ахзаб» сүресі, 21-аят) делінген.
Мәуліт – отбасылық мереке. Қасиетті Мәуліт айында отбасымызға ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнегелі өмірі туралы насихат айтып, Алла елшісіне салауат жолдап, қарияларға құрмет көрсетіп батасын алу, балаларымызды қуанышқа бөлеу – мерекенің сәні мен мәнін арттыратын сауапты амалдар. Мұндай игі дәстүр біздің елде де бірнеше жылдан бері жалғасын тауып келеді. Осы айда еліміздің әр түкпірінде Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мәуліті аталып өтілуде. Бұл мереке – адамзаттың ардақтысы болған Хақ елшісіне деген ерекше сүйіспеншіліктен туындағанын ұмытпауымыз керек» деп, ұлық айдың қадір-қасиеті жайлы айта келе, рухани кешті ұйымдастырудың мақсатына тоқталды.
Кеш барысында Мәуліт жыры оқылды. Ал «Өнер қырандары» театры «Көрші ақысы – Тәңір ақысы», «Дүниеге мастанбау», «Адал ас» тақырыбында қойылымдар қойып, театр әншілері иләһи тақырыпта ән шырқады. Мәуліт кешіне жиналған көрермен кеш соңында ұйымдастырушыларға алғыс айтып, мұндай руханиятты байытатын игі шаралар көбейсе деген ұсынысын білдірді. Шара соңында Ақтөбе облысының бас имамы БАҚ өкілдеріне Мәуліт кеші жайлы сұхбат берді.











ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Ақтөбе облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі
17.10.2022
2526
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру