Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Маңғыстауда ХІ республикалық Құран жарысына іріктеу өтті

Маңғыстау облыстық «Бекет ата» мешітінің баспасөз қызметі beket-ata.kz 24.08.2022 1832 0 пікір
Маңғыстауда ХІ республикалық Құран жарысына іріктеу өтті

ҚМДБ-ның Маңғыстау өңіріндегі өкілдігінің ұйымдастыруымен облыстық орталық «Бекет ата» мешітінде ХІ Республикалық Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан байқауға іріктеу сайысы басталды.

Биылғы іс-шара Маңғыстау топы­рағында дүниеге келіп, өмірінің соңына дейін кіндік қаны тамған жерінің дамуына қомақты үлес қосқан арда азамат, қарымды қаламгер, марқұм Керелбаев Сақып Бүркітбайұлы ағамыздың рухына арналды. Оған ағамыздың жұбайы және туған–туыстары, достары, балалары қатысты.

Алғы сөзді алған Сайын Бүркітбайұлы облыстық орталық «Бекет ата» мешітінің салынуына інісі Сақып Бүркітбайұлының үлесі зор екенін еске салып, осындай iс шараның аталмыш құлшылық үйінде өтiп жатқанына ризашылығын білдірді.

Өз кезегінде Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Ізімбайұлы:

«Алдыңғы жылдары өткен республикалық сайыстарда біздің қариларымыз 2 рет бас бәйгені жеңіп алған. Осы жылы да біз жүлделі орындардан үміттіміз. Алла сіздерге сол азаматтардың жолын берсін», – деп Құран жарысына қатысып отырған үміткерлерге сәттілік тіледі.

Алқалы жарысқа Жаңаөзен қаласының бас имамы Юнус Қадырқұлұлының төрағалығымен, Ақтау қайырымдылық мекемесі «Бекет ата» медресесінің ұстаздары Заманбек қари Бисенбайұлы, Айбек қари Мұхтарұлы және Асқар қари Әділбайұлы сынды білікті дін қызметкерлерінен құрылған қазылар алқасы төрелік етті.

Баға беру барысында үміткердің барлық қырына: оқу мәнерінен бастап, дыбыстарды шығаруы мен тәжуид ережелерін сақтауына аса мән берілді. Бекітілген ереже бойынша үміткерлер жылдағыдай «30 пара», «20 пара», «10 пара» және «Мәнерлеп оқу» аталымдары бойынша сынға түсіп, іріктеу сайысында жүлделі орын алған қатысушылар қаржылай сый-сияпатқа ие болды.

Облысымыздың бас имамы Әнуар Ізімбайұлы ізгі іс-шараны ұйымдастыруға сүбелі үлес қосып, қаржылай қолдау білдірген Керелбаев Сақып Бүркітбайұлы ағамыздың әулетіне алғыс білдірді.

Жарыс нәтижесі төменде көрсетілген:

Құран Кәрімнің 30 парасын жатқа оқу бойынша:

І орын – Мырзатай Рахымжан Ержанұлы;

Құран Кәрімнің 20 парасын жатқа оқу бойынша:

І орын – Ығылман Мұхаммед Владимирұлы.

Құран Кәрімнің 10 парасын жатқа оқу бойынша:

І орын – Жұманазаров Ермек.

Құран Кәрімді мәнерлеп оқу бойынша:

І орын – Қазақ Сақи.

Әр аталым бойынша І орын иегерлері ХІ Республикалық Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан додаға жолдама алды.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру