Бүгін Талдықорған Орталық мешітінде мектепке баратын оқушыларға оқуға қажетті құрал-жабдықтар табысталды. Жаңа оқу жылын асыға күтіп жүрген балалар жаңа заттарын көріп, мәре-сәре болды.
Іс-шараға ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Кенжеәлі Қоңыратбайұлы қатысып, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасымен жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында республика деңгейінде «Мектепке жол» атты акциясы өткізіліп келе жатқанын атап өтті.
«Акцияның мақсаты – балалардың 1 қыркүйек күні жаңа мектепке қажетті құрал-жабдықтарды алып баруына аз да болса көмек көрсету. Бастысы балаларға мейірім мен қуаныш сыйлау» деген Кенжеәлі Қоңыратбайұлы бөбектерге өз қолымен сөмке-жабдықтарын үлестіріп, бата берді.
Акция аясында Жетісу облысының бас имамы Алмас Сағидоллаұлы бастаған қала имамдары жаңа оқу жылына аяқ басқалы тұрған 250 балаға мешіт атынан жаңа сөмкелер, дәптерлер, қаламдар және сан түрлі мектепке керек жабдықтар үлестірді. Мешіт ауласында жиылған бүлдіршіндер арнайы бағдарлама аясында ертегілік ойындар ойнап, мәз-майрам болып тарқасты. Жалпы ай басынан бері облыс бойынша мешіт қызметкерлері 3000-ға жуық баланы мектепке дайындауға үлес қосты.
Бұдан бөлек ҚМДБ Жастар ісі секторының Жетісу облыстық өкілдігінің ұйымдастырумен Талдықорған қаласында жыл басында ғана ашылған «Тең қоғам» мүгедектігі бар жандарды қолдау орталығында туа және жүре мүгедек болған 30 балаға жаңа сөмкелер, дәптерлер, қаламдар және сан түрлі мектепке керек жабдықтар үлестірілді. Игі шараға ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Кенжеәлі Қоңыратбайұлы, өңірдің бас имамы Алмас Данағұлов, қолдау орталығының қызметкерлері және ата-аналар қатысты.
Сондай-ақ ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Кенжеәлі Қоңыратбайұлы Талдықорған Орталық мешітінде жұма намазын оқыды. «Денсаулықтың қадір-қасиеті» тақырыбында жұма уағызын жүргізген наиб мүфти: «Адам баласының өмірдегі негізгі мақсаты құлшылық дейтін болсақ, сол құлшылықты орындауы үшін де денсаулық қажет. Мысалы, ораза ұстау, қажылыққа бару сияқты ұлы ғибадаттарды атқаруы үшін адамның денсаулығы жарамды болуы керек. Сол себепті дініміз Ислам адамға өз денсаулығына мән беруді және оны күтуге көңіл бөлуді талап етеді» деді.
Артынша жұма намазының құтпасы оқылып, жамағатпен бірге ел тыныштығы мен бірлігі үшін бата жасады. Жұма намазынан кейін наиб мүфти «Еркін» мешітінің жамағаты, дін жанашыры Ерлан Өскенбаевқа дін үшін жасап жүрген қызметі үшін ұмра қажылығына жолдама табыстады.
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру