Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Балаларға тәлім берген «Тектілік тағылымы»

Алматы облысы өкілдігінің баспасөз қызметі islamkaz.kz 20.07.2022 3678 0 пікір
Балаларға тәлім берген «Тектілік тағылымы»

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Казатком ауылы мешітінің жанынан «Тектілік тағылымы» деген атаумен балаларға арналған жазғы курс ұйымдастырылды.

Бір айға созылған жазғы лагерьде 60-тан астам шәкірт тәлім алды. Казатком ауылдық мешітінің бас имамы Сәкен Еншібайұлының айтуынша, курста өскелең ұрпақ рухани азық алатын, жан дүниесін байытатын тәлім берілді. Атап айтсақ, балаларға әдеп, ата-ананы сыйлау, үлкенге құрмет, кішіге ізет секілді тәлімі мол қасиеттер үйретіліп, Құран әліппесі, имандылық негіздері, салт-дәстүрдің маңыздылығы және тағы басқа дәрістер өтті.

«Жазғы демалыста баланың уақытын тиімді әрі пайдалы өткізуге сеп болған оқу курсы аяқталар тұста Құран оқу жарысын ұйымдастырдық. Шәкірттер төрт номинация бойынша – Құран Кәрімнің 30-парасының 15 сүресі мен 30-параның 25 сүресін, 30-параны толық және 30 сүреге дейін жатқа оқу, Мұғалім сәни мен намаз дұғаларын жатқа оқудан сынға түсті. Ынтасы, талпынысы ұстаздарының, ата-аналарының көңілінен шықты. Ал жарысты қолдап, демеушілік жасаған жомарт жандарға рахмет айтамыз» дейді Сәкен Еншібайұлы.

Жарыс нәтижесінде 12 бала жүлделі болды. Әр номинацияға үш жүлде берілді. Бірінші орынға велосипед, екінші орынға самокат, үшінші орынға сапар сөмке табыс етілді. Қалған шәкірттер де сыйлықсыз қалмады. Сондай-ақ жазғы сауат ашу курсын тәмамдаған балаларға арнайы сертификат табыстау рәсімі де өтті.

Ата-аналар балаларының қысқа мерзімде «Тектілік тағылымы» курсынан өмірлеріне серік етер білім-тәрбие алғанына дән риза болып, мешіт имам-ұстаздарына алғыстарын жаудырды.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру