Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«Родина» ауылында жаңа мешіт ашылды

Ақмола облыстық өкілдігінің баспасөз қызметі nasihat.kz 12.07.2022 3668 0 пікір
«Родина» ауылында жаңа мешіт ашылды

Ақмола облысына қарасты «Родина» аталатын ауыл елімізге етене таныс. Меценат Иван Сауэр бұл ауылды миллионер елді мекенге айналдырды. Қазір бұл ауылда тұрғысы келетіндер кезек күтіп отыр десек,  біреу сенер,  біреу сенбес. Құрбан айт мерекесінде осы ауылда көк күмбезді мешіт халыққа есігін айқара ашты.

Құлшылық үйінің ашылу салтанатына Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев, Ауған соғысының ардагері, генерал Бақытжан Ертаев, Астана және Қазақстан митрополиті Александр және депутаттар, бизнес өкілдері қатысты. Жергілікті халық бұл жаңалықты жылы қабылдады. Иван Сауэрдің өзі ауыл тұрғындарының діни құлшылықтарын жасау үшін көрші елдімекендерге барып жүргенін көргесін мешіт салуға шешім қабылдағанын айтты. Мұнымен қоса,  мешіттің имамына үй салып,  жалақысын да өзі көтеретінін жеткізді.

Ақмола облысының имамы Қуаныш Сәбит жаңа мешіттің имамын жамағатқа таныстырып, Бас мүфти бұйрығын оқып берді. Ал, осы шараға қатысушы кәсіпкерлер ауылдың жаңа мешітіне жеңіл көлікті сыйға тартты.         

Мешітке Иван Сауэрдің әкесінің жан досы, өмірдің сан қилы белесінде қиындық көріп өткен Мұқыш Наубайұлы  марқұмның есімі берілді. Бұл да көп ұлттың басына түскен қиын жылдары бауырын алаламай қанатының астына алған  қазақ ұлтына деген құрмет пен достықтың белгісі іспеттес деп түйді жиылған жұрт. Ал, облыс әкімі Сауэр мырзаның мұсылман қауымына осындай мешіт салып беруі басқа да кәсіпкерлерге де үлгі-өнеге болатынын атап өтті. Сондай-ақ Иван Сауэрге Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының алғыс хаты табыс етілді.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру