Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Дін қызметкерлеріне сертификат табысталды

Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз қызметі nmu.kz 29.06.2022 1332 0 пікір
Дін қызметкерлеріне сертификат табысталды

Бүгін Нұр-Мүбарак университетінде еліміздің түкпір-түкпірінен келген дін саласында қызмет етуші 71 маманға арнайы сертификат табысталды.

Олар 1 маусымнан бері «Исламдық бағыттағы деструктивті және радикалды діни идеологияны ұстанушыларды радикалды көзқарастан арылту және оңалту саласындағы мамандардың біліктілігін арттыру» бір айлық курсын тәмамдады.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Дін істері комитетінен арнайы келген сарапшы Аида Нұрмахан: «Бұл курсты ҚР АҚДМ ДІК мен Нұр-Мүбарак университеті бірлесіп 3 жыл қатарынан өткізіп келеді. Біз өткен курстарға қатысушылардан үнемі сауалнамалар алып, сараптама жасап отырамыз. Нәтиже өте жоғары, биыл да жақсы тілектер мен пікірлер келіп жатыр. Қатысушыларға жауаптарына сай 66-ы жоғары санатты, ал 5-і екінші санатты сертификат беріледі» деді.

Ал проректор, PhD доктор Қайрат Құрманбаев еліміздегі білім мен ғылымның дамуына үлес қосуға, мамандардың біліктілігін арттыру саласында университет ұжымы қашанда дайын екендігін атап өтті. Бірнеше жылдан бері сенім артып, бүгінгі курсты бірлесе атқарып жатқан ҚР АҚДМ Дін істері комитетіне алғысын білдіріп, әріптестікке қашанда дайын екендігін жеткізді. Курсқа жетекшілік жасаған университеттің қ.профессоры Сұлу Исабаева бір ай бойы 71 маманның (теологтар, исламтанушылар, имамдар, дінтанушылар және т.б.) ыждаһатпен білім алып, дәрістердің пайдалылығына тәнті болып, тіпті келесі жылы келуге де ниеттері барын жеткізді.

Нұр-Мүбарак ЕИМУ жанындағы Діни экстремизмге қарсы іс-қимыл орталығы аясында өткен курста 140 академиялық сағатқа негізделген 16 пән қамтылды. Дәрістерді елімізде өз саласында білікті әрі танымал, яғни Нұр-Мүбарак ЕИМУ, әл-Фараби ат. ҚазҰУ, Қ.А.Яссауи ат. Халықаралық Қазақ-Түрік университеті, Гумилев ат. ЕҰУ, сондай-ақ осы салада Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі (ҰҚСК) мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті Академиясының тәжірибелі мамандар оқыды. Курс академиялық тәсілімен және дерадикализация әдістерінің академиялық мәселелерін, мақсатты топтармен (радикалдармен) атаулы түсіндіру жұмысын ұйымдастыру және деструктивті діни ағымдарға ерушілермен жұмыс істеудің әдіс-тәсілдерін қамтитын өзекті дәрістік бағдарламасымен ерекшеленеді. Курс түлектері де жылы лебіздерін айтып, ұйымдастырушыларға алғыстарын жаудырды.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру