Сәуірдің 2-сі күні қасиетті рамазан айы басталады. Сенбіге қараған түні мұсылман қауымы ауыз бекітіп, 30 күн бойы ораза ұстауға кіріседі. Осы жылы пітір садақаның мөлшері 500 теңге болып бекітілді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында СҚО бас имамы Хамзат Қажымұратұлы мәлімдеді.
Биыл екі жылдық карантиннен кейін мешіттерде алғаш рет тарауық намазы оқылады. Сондай-ақ, аптасына екі рет ауызашар дастарханы жайылады. Осы жылы өңірде қасиетті айда көптеген іс-шаралар жоспарланған.
«Бұл айда бізде қысқа мерзімді құран оқу курстары ашылады. Сол секілді онлайн құран хатым жүзеге асады. Биыл ел бойынша «Балалар жылы» деп жарияланып жатыр. «Қызылжар» орталық мешітінде біраз бүлдіршіндер, мектеп оқушылары білім алып жатыр, құран үйреніп жатыр. Сол балаларға арнайы кішігірім сияпаттарымыз бар. Жаттап жүрген құрандарына сәйкес, сол оқып жүрген ілімдеріне сәйкес сайыс ұйымдастыру жоспарда бар» деді СҚО бас имамы Хамзат Қажымұратұлы.
Сондай-ақ, мешіт жанынан құрылған «Зекет және қайырымдылық» қоры қасиетті айда «Шарапатты Рамазан», «Рамазан қоржыны», «Рамазан тәбәрігі» сынды ауқымды қайырымдылық іс-шараларды ұйымдастырады.
«Қандай да бір өңірімізде осы оразаға қатысты сұрақтар болса, біздің Сall-орталық жұмыс істеп тұр. Оның нөмірі- 46-34-70. Осыған хабарласып, барлық сұрақтарыңызға жауап ала аласыздар» деді облыстық «Қызылжар» орталық мешітінің наиб имамы Тойбазар Айтуған.
Ал денсаулығы ораза ұстауға келмейтін адамдар және ауыз бекітуге әл-ауқаты жетпейтін қарт кісілер фидия садақасын бере алады. Оның мөлшері – 3 мың теңге. Айта кетейік, қасиетті Қадір түні сәуірдің 27-сінен 28-іне қараған түні өтеді. Ал 2 мамыр – Ораза айт мерекесі.


ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
СҚО Қызылжар мешітінің баспасөз қызметі
qyzyljarmeshit.kz
01.04.2022
3237
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру