Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Маңғыстау: Бас имам брифингке қатысты

beket-ata.kz 31.03.2022 2711 0 пікір
Маңғыстау: Бас имам брифингке қатысты

Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Елжанов Маңғыстау облыстық Қоғамдық коммуникация орталығында өткен Рамазан айына арналған арнайы брифингке қатысты.

Бас имам Рамазан айының барлық мұсылмандарды біріктіріп, өзара теңестіретінін айта келіп, әрбір мұсылман өзінің әлеуметтік жағдайына қарамастан бұл айда ораза ұстайтынын алға тартты.

«Бақуатты мұсылмандар ораза ұстау арқылы, мұқтаж жандардың халін сезініп, одан сайын жомарт бола бастайды. Ораза ұстау, ауызашар беру, тарауық намазын оқу, садақа беру және өзге де көптеген амалдар арқылы Рамазан айының әрбір сәтінде Алла тарапынан берілетін мол сауапқа ие болу мүмкіндігіміз бар екенін ұмытпайық. Бұл туралы құдси хадисте Алла Тағала: «Ораза – тек Мен үшін. Оның сыйын (сауабын) Өзім ғана беремін…» деп айтқан.

Рамазан – бұл ерекше мезгіл, оны толығымен Алла Тағалаға құлшылық етуге, игі һәм ізгі істер жасауға, өз-өзімізге есеп беріп, бойымыздағы адамгершілік қасиеттерді жетілдіруге арнайық», деді Әнуар қажы Ізімбайұлы.

Бас имамның айтуынша, биыл пітір мөлшері 500 теңге болып белгіленді. Пітір садақаның мөлшері еліміз бойынша 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Підия (фидья) садақасы – таңғы және кешкі астың орташа бағасымен 3000 теңге болып белгіленді.

Биыл Маңғыстау облыстық орталық «Бекет ата» мешітінде «Ауызашар шатыры» тігіледі. Өңірдегі барлық мешіттерде тарауық намазы, хатым Құран оқылады. Күнделікті бесін намазынан кейін онлайн форматта хатым Құран жасалады.

Имамдар бен ұстаздар оразаға, жалпы діни мәселеге қатысты қандай да бір сұрақтарға Діни ақпарат беру орталығы арқылы жауап береді. Қайырымдылық шараларына да атсалысу жоспарланған. Атап айтсақ, жергілікті әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға «Рамазан қоржыны», «Ауызашар қоржыны» үлестірілмек.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру