Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Алматы: Рамазан жоспарын таныстырды

Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі azan.kz 31.03.2022 2883 0 пікір
Алматы: Рамазан жоспарын таныстырды

Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлы қаланың өңірлік коммуникациялар қызметінде «Рамазан жоспары» тақырыбында брифинг өткізді.

Алматы мешіттерінде қасиетті Рамазан айын атап өту үшін арнайы жоспар бекітілді. Қаладағы барлық мешіттің ораза айына дайындығы пысықталды. «Биыл қаладағы 52 мешіттің 47-сінде тарауық намазында Құран хатым оқылады. Қалған 5 мешітте тарауық намазы құран хатымсыз оқылады. Рамазан – Құран айы. Сол себепті, осы айда қала мешіттерінде Құран әліппесі мен намаз үйрету курстары жүргізіледі.

Алматы орталық мешітінде «Рамазан шатыры» құрылып, күн сайын 500 кісіге ауызашар дастарқаны жайылады. Сондай-ақ қала мешіттерінде де күн сайын 10 мыңға жуық адамға ауызашар беріледі. Ауызашар бергісі келетін кісілер мешіттердегі жауапты мамандарға жолығуларына болады (Байланыс тел: +7 778 382 88 36)» деді Төлеби Дәділұлы.

Сондай-ақ Бас имам жұртшылыққа Рамазан айының келгенін сүйіншілеу мақсатында оразаның алғашқы күні «Қош келдің, Рамазан!» атауымен қала көшелерінде 100 мың дана су мен құрма таратылатынын, бұл шараға имамдар бастаған жастар жамағаты мен блогерлер жұмылдырылатынын атап өтті. Сонымен қатар «Жақыныңа сыйлық сыйла» және «Жарапазан» эстафеталары ұйымдастырылатынынан хабардар етті.

Ақпараттық-насихат жұмыстары

Оразаның алғашқы күні жұма намазынан кейін қала мешіттерінде «Оразаға қатысты сауалдарға жауап беру алаңы» деген атпен жамағаттың діни сұрақтарына жауап беру шарасы өткізіледі. Алматы өкілдігі «Рамазанға қатысты 200 сұрақ» атты кітапшаны «Muftyat» баспасынан шығарып, оқырмандарға ұсынып отыр. Рамазанға қатысты сұрақтар қамтылған кітапша қала мешіттерінде қазақ тілінде 10 000 дана, орыс тілінде 5000 данамен тегін тараталады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, 15 000 тиражбен ораза кестесі және 5000 тиражбен қысқаша ораза нұсқаулығы қамтылған брошюралар тегін таратылмақ.  

Алматы өкілдігіне қарасты «azan.kz» сайтына бір күнде 20 мыңнан астам оқырман кіреді. Ал, Рамазан айында оразаға қатысты мәлімет іздеушілер саны 50 мыңнан асып жығылады. Сайтқа бір мезетте кірушілердің көптігінен сайт жұмысы тоқтап қалатын кездері де болады. Сол себепті, «azan.kz/kz/ramadan» парақшасын қазақ-орыс тілдерінде қосымша ұсынылып отыр. Одан бөлек жаңадан «ramadan2022.kz» мобильді сайты да арнайы іске қосылды. Бұл сайтта оразаға қатысты мәліметтермен қатар Алматы Орталық мешітінде айтылатын уағыз кестесі, тарауих намазында құран хатым түсірілетін мешіттер, халал сертификатын алған мейрамханалар тізімі т.б. да ақпараттар енгізілген.

Call орталық

Оразаға, жалпы діни мәселеге қатысты қандай да сұрақтар болса Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан ашылған Діни ақпарат беру орталығынан жауап алуға болатындығын хабарлаймыз. Орталық нөмірі – 8 (7172) 33-30-30. Сондай-ақ, Алматы орталық мешітіне қарасты орталық нөмірі – 8 (727) 329 09 66, 8 700 719 76 22.

Рамазан дәрістері

Қала мешіттерінде күнделікті тарауих намазының алдында елді ынтымақ пен бірлікке шақыратын танымдық уағыздар мен оразаның хикметтері жөнінде дәрістер жүргізілетін болады. Одан бөлек «30 күнге 30 уағыз» және «Рамазан және Ихсан» тақырыптарында видео-уағыздар оқырмандарға ұсынылмақ. Жас-жұбайларға арналған  «Отбасы құндылығы» тақырыбында семинар өткізу де жоспарға енгізіліп отыр. Насихат жұмыстарына РАНТ пен ЖАНТ мүшелері тартылатын болады.

Қайырымдылық шаралары

 Рамазан – қайырымдылық айы. Жақсылықтар еселенетін ай. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір өсиетінде: «Садақаның абзалы – Рамазан айында берілген садақа», - деп сүйіншілейді. Ораза айында «Шарапатты Рамазан», «Рамазан қоржыны», «Рамазан сыйы» сынды ауқымды қайырымдылық іс-шараларды ұйымдастыру жоспарлануда.

Сондай-ақ, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ел кәсіпкерлерін қасиетті айдың құрметіне халқымыздың тұрмыс жағдайын ескеріп, әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен азық-түлік бағасын мүмкіндігінше 10 пайызға дейін төмендетіп, жеңілдік жасауға шақырды. Бас мүфти брифингте: «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім бауырының қажетін өтесе, Алла оның қажетінде болады. Кімде-кім мұсылманның бір қайғысын сейілтсе, Алла оның қайғы-қасіреттерінің бірін сейілтеді», - деген. Рамазан – Раббымыздың мейірім-махаббатына бөленетін ай. Ендеше, берекелі айдың берекетінен құр қалмайық!» деп барша кәсіпкерлерге үндеу жасаған болатын.

Осы тұста Алматы қаласындағы «SMALL» және «Skif» сауда желілері Бас мүфти үндеуіне үн қосып, қасиетті Рамазан айында 100 отбасыға азық-түлікпен көмек көрсетуге ниет білдіруде. Алла сауаптан жазсын.

«Рақым айы – Рамазан құтты болсын! Қасиетті айда ұстаған оразамыз, жасаған дұға-тілектеріміз, құлшылық-ғибадаттарымыз, әрбір қайырлы амалдарымыз қабыл болғай! Алла Тағала отбасымызға амандық, жұмысымызға береке-бірлік нәсіп еткей! Тәуелсіздігіміз баянды, еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Әумин!» деді қаланың бас имамы. 

 

 

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру