ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігінің ұйымдастыруымен мешіт ауласына киіз үй тігіліп, Әз-Наурыз мерекесі аталып өтті. Іс-шара облыстық «Нұр Ғасыр» мешіті, қалалық орталық мешіті, Шалқар, Хромтау, Мұғалжар, Алға, Мәртөк аудандары мен Ембі қаласындағы мешіттерде де өтіп, қонақтар мен жамағат мереке құрметіне дайындалған дастарханнан дәм татты.
Мерекелік шараны Ақтөбе облысының бас имамы ашып, қалалық орталық мешіттің бас имамы Нұрлыбек Шакизадаұлы мен «Ақтөбе» медресе-колледжінің директоры Әбдімүтәлі Қайназарұлы, қалалық мәслихатының хатшысы Анар Даржанова мен қалалық мәслихаттың депутаты Алтынай Муханова, ҚМДБ Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, Денсаулық саласының үздігі Шалғынбай Жандосов т.б ізгі тілектерін білдірді.
«Наурыз – қаһарлы қыстан аман шыққан халықтың шүкіршілік мерекесі, ұлысты жаңа жылға, жаңа көктемге, жаңа үмітке жетелеп рухани жаңғыратын, көңілдерге қуаныш сыйлап, шаттыққа бөлейтін сонау ерте заманнан келе жатқан ізгі дәстүрлі мейрам. Күллі түркі жұртының төл тойы – әз Наурыз еліміздегі түрлі ұлтты ұйымшылдыққа ұйыстырып, кешірім мен мейірімнің мерекесіне айналып келеді. Наурыз – жаңару мен жаңғырудың, адам мен табиғат арасындағы үндестіктің, келісім мен татулықтың алтын арқауы. Халқымыз қашанда жыл басын ізгі ниетпен, үкілі үмітпен, ақ жарма тілекпен қарсы алады. Алла Тағала халқымыздың әр күнін қуаныш-шаттыққа бөлеп, рухани жаңғырып, ұлттық салт-дәстүрлерімізбен мерекелі ете бергей! Ақ мол болсын, өрісіміз төрт түлікке толып, құт қонған сайын даламызда егін жайқалып, ырысымыз бен берекеміз арта берсін! Ізгі амалдарымыз көбейіп, екі дүниеде де бақытқа кенелгендердің қатарынан болуымызды нәсіп еткей! Әмин!»,- деп облыстың бас имамы Серікжан Еншібайұлы мерекемен ақтөбелік ағайынды құттықтады.
Күн мен түннің теңескен, ежелгі заманнан қалыптасқан жылбасы – әз Наурыз мерекесін ҚМДБ-ның Ақтөбе облысындағы барлық мешіттер арнайы бағдарлама бойынша мерекелік шаралар ұйымдастырып қарсы алды. Думанды кеште мешіт жамағаттары мен шәкірттері арасына гір көтеру, арқан тарту, қол күрестіру, қазақша күрес т.б сайыстары ұйымдастырылып, әйел ұстаздар мен ақ жаулықты әжелер қолөнерден арнайы шеберлік сабақтар өткізіп, ұлттық салт-дәстүріміздің бірі – қазақтың балаға ат қою, нәрестені бесікке салу, тұсаукесер сияқты рәсімдерін көрсете отырып, жастарға байырғы салт-дәстүріміздің бүгінгі өмірмен байланысын түсіндіріп, әдет-ғұрыпты қадірлеуге шақырды.


















ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі
nurgasyr.kz
24.03.2022
2733
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру