Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ақтауда бата беру байқауы өтті

Маңғыстау облыстық «Бекет ата» мешітінің баспасөз қызметі beket-ata.kz 23.11.2021 2707 0 пікір
Ақтауда бата беру байқауы өтті

Ақтау қалалық Бекет ата мешітінде ақсақалдар арасында «Бата тәрбиенің бастауы» тақырыбында бата беру байқауы өтті.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында өткен шара ҚМДБ-ның Дін мен дәстүр бағытын насихаттау, жастарды ұлттық салт-дәстүрге баулу, адамгершілік пен имандылыққа тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылды. Сайыс екі бөлімнен тұрды. Алғашқы кезеңде қатысушылар алдын ала дайындап әкелген батасын мәнерлеп, нақышына келтіріп айтып берді. Келесі кезекте қатысушылар қазылар алқасы таңдаған батадан үзінді келтірді.

Облыстың бас имамы Әнуар Ізімбайұлы, облыстық қажылар ұйымының бұрынғы төрағасы Асқар Маймақов, 90 жастағы Лепес қажы Қосмағанбетов, «Отпан» мекемесінің бөлім меңгерушісі Жомарт Айдарбек және Бекет ата мешітінің бас имамы Құрбанбек Абдалиев қазылар алқасы құрамына еніп, қатысушылардың өнерін мұқият сараланды.

Қорытынды бойынша, 61 жастағы Бекбосын Аққұлов 3-орын алса, 73 жастағы Жұбаныш Әбуов 2-орынға лайық деп танылды. Жүлделі 1-орынды жедел жәрдем қызметінің қызметкері, 6 баланың әкесі Оралбек Асылбекұлы жеңіп алды. Сайыс жеңімпазының айтуынша, оның аталары бата берумен танымал болған. Өзі де 25 жасынан бастап дінге бет бұрып, дәстүрден таймай келеді екен.

«Осындай байқаулар арқылы асыл дініміз бен ата-бабамыздың байырғы салт-дәстүрін сабақтастыру арқылы жастардың ұлттық дүниетанымын қалыптастырып және бабалардың ұлағатты, ғибратты сөздерін жаңғыртып, әдет-ғұрыпты дәріптеуді мақсат тұтып отырмыз. Халқымыз «Қариясы бар елдің – қазынасы бар» деп, үлкенді сыйлап, оның жолын әрдайым өнеге еткен» деді Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің бас имамы Құрбанбек Абдалиев.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру