ҚМДБ Маңғыстау өңіріндегі өкілдігінің ұйымдастыруымен бүгін облыстық орталық «Бекет ата» мешітінде Төлесін молда Алданұлы рухына арналған облыстық Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан іріктеу сайысы қорытындыланды.
Іс-шара шымылдығы қасиетті Құран аяттарымен ашылғаннан кейін, Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Ізімбайұлы сөз алып:
«Маңғыстау – Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан өзіндік мектебін қалыптастырған рухани өңір болып табылады. Алдыңғы жылдары өткен республикалық сайыстарда біздің қариларымыз жүлделі орындарға ие болды. Алла сіздерге сол азаматтардың жолын берсін», – деп Құран жарысына қатысып отырған үміткерлерге сәттілік тіледі.
Алқалы жарысқа облысымыздың бас имамы Әнуар Ізімбайұлының төрағалығымен, облыстық орталық «Бекет ата» мешітінің наиб имамы Ахлиддин қари Мирсайдұлы, «Ақтау» қайырымдылық мекемесінің ұстазы, Бісміллә қари Абдуллаұлы, Айбек қари Мұхтарұлы және Алиқожа қари Амрадинұлы сынды білікті дін қызметкерлері қазылық етті.
Баға беру барысында үміткердің барлық қырына: оқу мәнерінен бастап, дыбыстарды шығаруы мен тәжуид ережелерін сақтауына аса мән берілді. Бекітілген ереже бойынша үміткерлер жылдағыдай «30 пара», «20 пара», «10 пара» және «Мәнерлеп оқу» аталымдары бойынша сынға түсіп, іріктеу сайысында жүлделі орын алған қатысушылар қаржылай сый-сияпатқа ие болды.
Жарыс жеңімпаздарын және жүлдегерлерін марапаттау рәсіміне Төлесін молда Алданұлы ұрпақтарының атынан Маңғыстау облыстық мәслихат депутаты Аббат Жәңгірханұлы және меценат, дін және спорт жанашыры Асылбек Тұрарұлы арнайы қатысты. Облысымыздың бас имамы Әнуар Ізімбайұлы ізгі іс-шараны ұйымдастыруға сүбелі үлес қосып, қаржылай қолдау білдірген аталмыш азаматтарға алғыс білдірді.
Жарыс нәтижесі төменде:
Құран Кәрімнің 30 парасын жатқа оқу бойынша:
І орын – Мырзатай Рахымжан Ержанұлы;
ІІ орын – Есіркепов Нұралым Қайратұлы.
Құран Кәрімнің 20 парасын жатқа оқу бойынша:
І орын – Ығылман Мұхаммед Владимирұлы.
Құран Кәрімнің 10 парасын жатқа оқу бойынша:
І орын – Игильманов Тобанияз Абдуллаұлы;
ІІ орын – Кусаев Мұхаммед Естурұлы.
Құран Кәрімді мәнерлеп оқу бойынша:
І орын – Сайдолла Қуаныш.
Әр аталым бойынша І орын иегерлері Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойына орай, қазан айының 6-7 күндері киелі Түркістан шаһарында өтетін Х Республикалық Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқу бойынша додаға жолдама алды.
Жарыс соңында «30 пара» аталымы бойынша жеңімпаз атанып, республикалық деңгейдегі Құран жарысына жолдама алған қари Рахымжан Ержанұлы қасиетті Құран аяттарын оқып, бас имам Әнуар Ізімбайұлы ел амандығы үшін дұға жасады.
Аталмыш іс-шара барлық санитарлық-эпидемиологиялық шаралардың қатаң сақталуымен, офлайн және онлайн форматта көрерменсіз өткені айта кеткен жөн.












ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Маңғыстау облыстық «Бекет ата» мешітінің баспасөз қызметі
beket-ata.kz
25.08.2021
3181
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру