Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ақтөбе: Бос орындар жәрмеңкесі өтті

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі nurgasyr.kz 27.02.2021 2465 0 пікір
Ақтөбе: Бос орындар жәрмеңкесі өтті

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бекіткен негізгі 7 бағыттың бірі – оқу ағарту және кадрлық әлеует. Аталмыш бағыт аясында мүфтият мешіт имамдарының біліктілігін көтеруді және діни оқу орындарын бітірген түлектерді қызметпен қамтамасыз етуді көздейді.

Осы мақсаттта ҚМДБ Ақтөбе облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен «Нұр Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университеті мен еліміздегі медресе-колледждерді биыл бітіретін түлектермен кездесу өтті. Басқосуға бас имам Төлеби Оспан мен Дін істері басқармасының басшысы Әлімбек Тұралиев қатысты. Кездесудің басты мақсаты – бітіруші түлектерді облысқа қызметке тарту.

Басқарма басшысы Әлімбек Жәнібекұлы: «Облыс әкімі О.Оразалинның қолдауымен жыл сайын исламтану, дінтану және теология мамандықтарына облыстық грант бөлініп келеді. Бакалавр бойынша оқуын жалғастырғысы келетін түлектер осы мүмкіндікті пайдалануына болады», - дей келе Ақтөбелік түлектерге облыстағы дін істері басқармасына қарасты мекемелердегі бос орындармен таныстырып, облысқа қызмет етуге шақырды.

Халыққа, имандылыққа қызмет етудің маңыздылығына тоқталған бас имам Төлеби Оспан: «Ақтөбедегі 68 мешітте 115 діни қызметкер бар. Олардың 76 пайызы орта және жоғары діни білімді мамандар. Барлық мешіт имаммен қамтамасыз етілген. Алайда, жоғары және орта діни білімді мамандарға әлі де болса, қажеттілік бар. Кейбір ауылдық мешіттерде отырған ақсақал молдаларымыз сіздердің қызметке келулеріңізді асыға күтіп отыр. Бүгін біз сіздердің тұрғылықты жерлеріңізді және басқа да отбасылық жағдайларыңызды ескере отырып, облысқа қарасты мешіттердегі қызметтерді ұсынғымыз келеді», - деді түлектермен өткен кездесуде.

Сонымен қатар, медресе-колледжді бітіруші түлектердің арасында оқуын жалғастырғысы келетіндерге қазірден бастап емтиханға дайындалып, оқуға тапсыратын құжаттарын пысықтау керектігі де ескертілді.

Естеріңізге сала кетейік, діни оқу орындарында 172 ақтөбелік шәкірт білім алуда. Солардың ішінде биыл 29 шәкірт оқу бітіреді деп күтілуде.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру