Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Маңғыстау: Бас имам Қарақия ауданында болды

Маңғыстау аймағы өкілдігінің баспасөз қызметі 11.01.2021 2194 0 пікір
Маңғыстау: Бас имам Қарақия ауданында болды

Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар қажы Ізімбайұлы Қарақия ауданына арнайы іс-сапары барысында Қарақия аудандық орталық мешіті, Мұнайшы ауылдық «ар-Рахим» және Жетібай ауылдық «Сүйінғара батыр» мешіттерінде болды.

Бас имам ауданға қарасты ғибадат үйлерінің хал-ахуалы және дін қызметкерлерінің қызметімен етене танысты. Сондай-ақ жергілікті жамағатпен кездесіп, сүбелі сұхбат құрып, кейбір мәселелердің шешу жолдарын қарастырды.

Қарақия ауданының бас имамы Руслан Прманов Әнуар Ізімбайұлына аудан мешіттеріндегі өзгерістер жайлы баяндады. Өңірдің бас имамы өз кезегінде пандемия кезінде Қарақия ауданына қарасты мешіттердің дін қызметкерлері мен аудандық орталық мешіт жанынан құрылған «Фирдаус» еріктілер тобының бірігіп атқарған игі істеріне жоғары баға беріп, ерікті азаматтарды ҚМДБ тарапынан қолға алынып жатқан барлық қайырымдылық жобаларға барынша қолдау білдіруге шақырды.

Бұдан бөлек Әнуар қажы Ізімбайұлы Қарақия ауданының басшысы Қыдырберді Әндірұлымен кездесті. Бас имам кездесуде ел ішіндегі ҚМДБ-ға қатысы жоқ молдалық қызмет атқарып жүрген азаматтарға діни рәсімдерді дұрыс атқаруға байланысты семинар ұйымдастырып, сауаттандыру мәселесін, сондай-ақ жергілікті халықтың сұрауы бойынша Ақтау мен Жаңаөзен қалалары ортасындағы Мұнайшы – Жетібай жолында намазхана салу және «Ислам – мәдениет пен ізгіліктің бастауы» атты имамдардың IV республикалық онлайн форумында «Ас беру мәдениеті», «Зират және зиярат мәдениеті», «Зияткер имам» атты құжаттардың аудан аумағында насихатталу мәселелерін талқылады.

Бұдан бөлек бас имам Қарақия аудандық орталық мешіт имамдары ұйымдастырған «Қайырымдылық керуені» іс-шарасына қатысып, әлеуметтік жағдайы төмен 25 отбасыға азық-түлік себетін табыстады.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру