Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ақтөбе: Аудандық мешіт күрделі жөндеу өтті

Ақтөбе облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі 08.01.2021 2329 0 пікір
Ақтөбе: Аудандық мешіт күрделі жөндеу өтті

Ақтөбе облысы Ырғыз ауданындағы орталық мешіт бірнеше айға созылған күрделі жөндеу жұмысынан кейін жамағатқа есігін қайта ашты. Алла үйінің ашылу салтанатына Ақтөбе облысының бас имамы Төлеби Оспан, Ырғыз ауданының әкімі Әділгерей Әуелбеков және ауыл ақсақалдары мен мешіт жамағаты қатысты.

Алғаш болып сөз алған аудан әкімі Әділгерей Сағидоллаұлы тұрғындарды ұлтаралық татулыққа үндеп, жастарды игілік пен ауызбіршілікке бастайтын имандылық үйін қайта қалпына келтірген жерлестеріне ризашылық білдірді. Сауапты іске атсалысқан азаматтарды марапаттап, алғыс хат табыстады.

Жиналған жамағат алдында өңірдің бас имамы Төлеби Дәділұлы Алла жолында мешіт тұрғызудың сауабы жайлы насихат айтып, мешіттің күрделі жөндеу жұмыстарына демеушілік жасаған барша ырғыздық ағайынға рахмет айтты.

«Бас мүфти бастамасымен Діни басқарманың 30 жылдық мерейтойы қарсаңында бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылды. Солардың қатарында халықтың демеушілігімен Ақтөбеде 6 мешіт күрделі жөндеуден өтті. Бүгін ынтымағы жарасқан Ырғыз жамағаты үлкен іс бітірді. Аудандық мешітті адам танымастай етіп өзгертіп, заманауи талаптарға сай жабдықтады. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің сүйінші хабарында «Алла Тағала үшін қаланың өте жақсы орындары – мешіттері», - деген. Сіздер Ырғыздағы ең көрікті орынды абаттандырып, қалпына келтірдіңіздер. Ауылдағы және сыртта жүрген барша ағайын осы сауапты істен құр қалмады. Барлығы да шама-шарқы жеткенінше қол ұшын берді. Баршаңызға Алла разы болғай!» – деді.

Аудандық мешіттің іші мен сырты толықтай жөндеуден өтіп, жиһаздары жаңартылды. Әйел жамағатына арналған намазхана қарастырылған. Бұрын дәретхана сыртта болып, жамағат қиналатын еді. Енді заман талабына сай ерлер мен әйелдерге арналған дәретхана салынды. Мұның барлығы да ырғыздық ағайынның ауызбіршілігінің арқасында жүзеге асып отыр. Бұрынғы бас имам Әділбек Тұяқбаевтың уақытында басталған бұл жұмыстар қазіргі бас имам Ардақ Әбдірамановтың уақытында ел игілігіне тапсырылды. Жамағатты сауапты іске жұмылдыра білген қос имамға және атсалысқан барша ағайынға Алла разы болсын! Жаңа мешіттің ішін жамағатқа толтырып, мешітке келушілердің үлгігі жамағат болуын Жаратқан Ием нәсіп етсін!

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру