Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

РЕСПУБЛИКА БОЙЫНША БІР КҮНДЕ 6300 ОТБАСЫҒА КӨМЕК КӨРСЕТІЛДІ (ФОТО)

ҚМДБ Баспасөз қызметі muftyat.kz 07.09.2020 5185 0 пікір
РЕСПУБЛИКА БОЙЫНША БІР КҮНДЕ 6300 ОТБАСЫҒА КӨМЕК КӨРСЕТІЛДІ (ФОТО)

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйытқы болуымен еліміздің барлық өкілдіктерінде жөні бөлек қайырымдылық шарасы өтті.

Жөні бөлек дейтініміз, бұл қайырымдылық шарасы жүздеген жанды бауырына басып, аналық мейірімін аямаған Бибі Жамал Әбдімәлікқызының өмірден өткеніне қырық күн өтуіне орай ұйымдастырылып отыр. Аяулы ана, асыл әже Бибі Жамал Әбдімәлікқызының артында қалған ұрпақтары ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының ұсынысын қабыл алып, жұқпалы індет қаупі өршіп тұрған кезеңде еске алу рәсімін осылай өткізуді жөн санап, игі бастама көтерді.

Айта кетейік, ҚМДБ-ның барлық өкілдіктерінде өткен шарада жалпы саны 6 300 отбасыға азық-түлік сөмкелері таратылып берілді.

Сексенге қараған шағында дүниеден озған Жамал апамыз қашанда қайырымдылықтың қайнар көзі болған жан еді. Саналы ғұмырында жүздеген балаға жүрек жылуын төккен Жамал апамыз өз қолымен 67 отбасыға баспана кілтін сыйлап, 80-нен астам адамды қажылыққа тегін аттандырған. Кешегі Арыс қаласындағы жарылыста, Мақтарал мен Қызылағаштағы су тасқыны кезінде де мейірбан анамыз жылаған жұрттың жанынан табылып, оларға демеу бола білді. Елімізде өткен республикалық Құран жарыстары мен Мәуліт кешетеріне сан мәрте демеушілік жасаған жомарт жанның дінге де құрметі ерекше болатын.

Асыл әжені еске алуға арналған қайырымдылық шарасына еліміздің түкпір-түкпіріндегі мешіт қызметкерлері мен ерікті жамағат атсалысып, 6 300 мұқтаж отбасыға азық-түлік сөмкелері есігінің алдына дейін жеткізіліп берілді.

Марқұм Бибі Жамал Әбдімәлікқызын Алла Тағала рақымына алғай!

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру