Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ақтөбе: Темір ауданының имамы ауысты

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі nurgasyr.kz 08.07.2020 613 0 пікір
Ақтөбе: Темір ауданының имамы ауысты

Өткен аптада Ақтөбе облысы, Темір ауданының имамы басқа қызметке ауысуына байланысты аудан әкімдігінде шығарып салу рәсімі өтті. Ауданда 4 жылға жуық дін саласында қызмет еткен Мадияр Тағайбайұлына аудан әкімі Жолдас Нұрланұлының атынан алғыс хат беріліп, иығына шапан жабылды.

Әкімдік қызметкерлері мен ақсақалдар ризашылықтарын білдіріп, имамға ақ жол тіледі. Ақтөбе облысының бас имамы Төлеби Оспан мешіт ұжымы мен жамағаттың алдында Бас мүфтидің бұйрығын оқып, жаңа қызметіне сәттілік тіледі. Діни басқарма Мадияр Пірімқұловтың Темір ауданындағы жемісті қызметтерін ескеріп, оны Алматы қалалық орталық мешітіне наиб имам етіп тағайындады. Орнына Бас мүфтидің бұйрығымен «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінде наиб имам қызметін атқарған Қайрат Дәрменов бекітілді.

Бас имам Т.Оспан 2016 жылғы оқиғадан кейін Ақтөбедегі діни ахуалды тұрақтандыру және діни қызметті жетілдіру мақсатында діни басқарманың қолдауымен бірнеше білікті діни маманды өңірге тартқан болатын. Солардың бірі – Мадияр Пірімқұлов. Ол осы аралықта төмендегі іс-шараларды жүзеге асырды:

Темір ауданына 2016 жылдың 7 қазанынан қызметке кіріскеннен бастап, 6 800 000 теңге көлемінде қаражатқа аудандық мешітке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, ауданда екі мешіттің салынуына үлес қосты. Шұбарқұдық ауылынан болашақта салынатын үлкен мешіттің құрылысы үшін 1 гектар жер алуға күш жұмсады. Аудандағы ҚМДБ балансына өтпеген 6 мешіттің құжаттарын рәсімдеу жұмыстарын сәтті жүргізіп, толығымен діни басқармаға өткізді. "Ел үлесі пәтерге" акциясы аясында аудандағы мұқтаж 2 отбасыға баспана, жергілікті 2 имамға қызметтік үй алып беруге үлес қосты.

Сондай-ақ, М.Пірімқұлов Ақтөбе облыстық ЖАНТ мүшесі, Темір ауданы әкімдігінің жанынан құрылған АТТ комиссия мүшесі және Темір ауданы жастар ісі және дін мәселелері жөніндегі басқарманың 2017 жылдан бері теологі ретінде қызмет етті. Аудандағы деструктивті діни ағым ұстанушыларды оңалту жұмыстарында белсенділік танытты.

Осы бағыттағы жұмыстары үшін 2016 және 2019 жылдары ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти алғыс хатымен, 2018 жылы Ақтөбе облысының әкімі Б.Сапарбаевтың алғыс хатымен, 2018 жылы Темір ауданының әкімі Ж.Қалмағанбетовтың алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ, 2019 жылы Темір ауданына ерекше еңбегі сіңіргені үшін аудан әкімдігі тарапынан арнайы төсбелгі табысталды. Ақтөбе өкілдігі Мадияр Тағайбайұлына осы жылдар ішінде табысты қызметі үшін алғыс білдіре отырып, алдағы қызметіне  сәттілік тілейді.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі