اَلْحَمْدُ لِلّٰهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ، وَالصَّلَاةُ وَالسَّلَامُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَصَحْبِهِ أَجْمَعِينَ، أَمَّا بَعْدُ
Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.
Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Қоғамның рухани және әлеуметтік дамуына кері әсер ететін өзекті мәселелердің бірі – құмар ойынға тәуелділік. Адам баласы өмірін ізгі мақсаттарға арнап, адал еңбекпен ризық табуға, отбасына қамқорлық жасауға және қоғамға пайдасын тигізуге ұмтылуы тиіс. Алайда жеңіл жолмен пайда табуды көздеген құмар ойын адамды бірте-бірте тәуелділікке жетелеп, оның уақытын, дүниесін, отбасылық берекесін және рухани тыныштығын құртады. Бір сәттік қызығушылықтан басталған әрекет бара-бара үлкен өкінішке, қарызға, отбасылық жанжалға, тіпті адам тағдырының өзгеруіне себеп болуы мүмкін. Қасиетті Құран Кәрімде құмар ойын «мәйсир» (الْمَيْسِرُ) деген сөзбен аталады. Ислам ғұламалары мен тіл мамандары бұл сөздің түбірінде терең ғибрат жатқанын айтады. Атақты тәпсірші Бурхануддин Биқағи: «мәйсир» сөзі оңайлық, жеңілдік сөзінен тамыр тартады. Себебі құмарпаз адам маңдай терін төкпей, еңбек етпей, өзгенің малын оңай олжалауды көздейді. Екінші бір мағынасы байлық, ауқаттылық сөзінен шыққан: яғни құмар ойын адамның қолындағы бар байлығы мен дәулетін сыпырып алып, тақырға отырғызады», – деген.
Ислам діні адамды адал кәсіпке, маңдай терімен табыс табуға және өзгенің ақысын құрметтеуге үндейді. Осы тұрғыдан алғанда, құмар ойын жеке адаммен қатар тұтас қоғам мен отбасының берекесіне нұқсан келтіретін кесел. Сондықтан мұсылман адам бұл мәселеге діни әрі адамгершілік тұрғысынан қарап, өз нәпсісін тәрбиелеуге, адал табыстың қадірін білуге және ұрпағын мұндай зиянды әдеттен сақтандыруға ерекше мән беруі қажет. Алла Тағала қасиетті Құранда:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا إِنَّمَا الْخَمْرُ وَالْمَيْسِرُ وَالْأَنصَابُ وَالْأَزْلَامُ رِجْسٌ مِّنْ عَمَلِ الشَّيْطَانِ فَاجْتَنِبُوهُ لَعَلَّكُمْ تُفْلِحُونَ.
«Уа, иман келтіргендер! Арақ-шарап, құмар һәм өзге де ұтыс ойындары, табыну үшін орнатылған пұттар және жебелермен бал ашу – шайтанға ғана тән лас істер. Ендеше, мақсат-мұраттарыңа жету үшін бұлардан аулақ болыңдар!» – деген («Мәйда» сүресі, 90-аят).
Алла Тағала бұл аятта құмарды пұтқа табыну (ширк) мен арақ-шараптың қатарына қойып, оны рухани әрі мағыналық тұрғыдан жиіркенішті ластық, «шайтанның амалы» деп атады. Жай ғана ойнамаңдар демей, аулақ болыңдар деп бұйырды. Яғни құмарға апаратын кез келген жолға, жарнамаға, ортаға, қосымшаға жоламауды әмір етті. Құмар ойнау былай тұрсын, құмар ойнауға шақырудың өзі күнә. бұған қатысты ардақты Пайғамбырымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
مَنْ حَلَف فَقَالَ فِي حَلِفِهِ: بِالَّلاتِ والْعُزَّى، فَلْيقُلْ: لاَ إلَهَ إلاَّ اللَّه وَمَنْ قَالَ لِصَاحِبِهِ، تَعَالَ أُقَامِرْكَ فَليتَصَدَّق
«Кімде-кім ант бергенде Лат, Уззаның (пұттар) атымен ант етсе, «Лә иләһә иллаллаһ (Алладан басқа Құдай жоқ)», – десін. Ал, кімде-кім досына «Жүр құмар ойнайық», – десе, садақа берсін», – деген (имам Бұхари).
Шариғат адамға зиян келтіретін ойындардың бәріне тыйым салған.
Бірінші: құмар ойын – жүректің рухани дерті
Адамның жүрегі – иманның мекені, ал құлшылық – иманның айқын көрінісі. Жүрек Алланы еске алумен тыныштық тауып, ізгілікке ұмтылғанда, адам бойында тақуалық пен жауапкершілік қасиеттері беки түседі. Ал нәпсіқұмарлық пен дүниеқоңыздық жүректі билесе, рухани әлсіреуге жол ашады. Мұндай әдеттер адамның иманына кері әсер етіп, намазға, дұғаға және өзге де құлшылықтарға деген ықыласын төмендетеді. Сондықтан ислам діні құмар ойынға қатаң тыйым салып, мұсылманды жүрегін рухани дерттен қорғауға, адал еңбекпен ризық табуға және құлшылықтағы ықыласын сақтауға шақырады. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:
يَسْأَلُونَكَ عَنِ الْخَمْرِ وَالْمَيْسِرِ قُلْ فِيهِمَا إِثْمٌ كَبِيرٌ وَمَنَافِعُ لِلنَّاسِ وَإِثْمُهُمَا أَكْبَرُ مِنْ نَفْعِهِمَا
«Олар сенен шарап пен құмар ойындарының үкімін сұрайды. Оларға: «Екеуінде де үлкен күнә һәм адамдар үшін бірқатар пайдалар бар. Алайда олардың пайдасынан гөрі күнәсі мен зияны әлдеқайда көп», – деп айт», – деген.
Имам Хазиннің тәпсірінде бұл аяттың түсу себебі былай баяндалады: «Хазірет Омар ибн Хаттаб пен Муаз ибн Жәбәл (Алла оларға разы болсын) Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Уа, Алланың Елшісі! Бізге арақ пен құмар жайлы пәтуа беріңіз, өйткені екеуі де ақылды кетіріп, мал-дүниені талан-таражға салады», – деп өтінеді. Сол кезде осы аят түседі», – дейді.
Имам Құртуби (Алла оны рақымына алсын): «Адамдардың құмардан көретін «пайдасы» еңбексіз оңай ақша тапқандай болатын уақытша алдамшы сезім ғана. Ал оның күнәсі біреудің малын нақақтан-нақақ жеу, өшпенділік тудыру, үй-ішін ойрандау. Ұтылған адам малын қайтару үшін ұрлыққа, алаяқтыққа барып, ақыры үмітсіздік пен өзіне қол жұмсауға дейін жетеді», – деген.
Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
إِنَّ اللَّهَ حَرَّمَ عَلَيْكُمُ الْخَمْرَ، وَالْمَيْسِرَ
«Расында Алла сендерге ішімдік пен құмарға тыйым салды», – деген (имам Ахмад).
Екінші: құмар ойын берекені кетіріп, бірлікті бұзады
Асыл дініміз адамзатты татулық пен бауырмалдыққа, өзара сыйластық пен ынтымаққа үндейді. Қоғамның берекесі мен отбасының бақыты адамдар арасындағы сенімге, адалдыққа және өзара құрметке негізделеді. Ал осы құндылықтарға сызат түсіріп, адамды рухани азғындыққа жетелейтін зиянды әрекеттердің бірі – құмар ойын. Құмар ойын сырттай оңай олжаға кенелудің жолы болып көрінгенімен, шын мәнінде, адамның мал-мүлкін ысырап етіп, жүрегіне ашкөздік ұялатады, отбасындағы тыныштықты бұзып, ағайын мен достың арасын алыстатады. Бірі ұтылып өкінішке батса, екіншісі ұтқан пайдасына мәз болып, араларында өкпе-реніш пен дұшпандық пайда болады. Осылайша, адал еңбекпен келген ризықтың қадірі кетіп, адамның бойындағы қанағат пен береке азаяды. Сондықтан мұсылман баласы мал-дүниесін бағалап, адал жолмен ризық табуға, жақындарының ақысын сақтауға және қоғамның бірлігіне нұқсан келтіретін барлық әрекеттен аулақ болуға тиіс. Алла Тағала қасиетті Құранда:
إِنَّمَا يُرِيدُ الشَّيْطَانُ أَن يُوقِعَ بَيْنَكُمُ الْعَدَاوَةَ وَالْبَغْضَاء فِي الْخَمْرِ وَالْمَيْسِرِ وَيَصُدَّكُمْ عَن ذِكْرِ اللَّهِ وَعَنِ الصَّلاةِ فَهَلْ أَنتُم مُّنتَهُونَ
«Расында шайтан арақ-шарап һәм құмар ойындары арқылы араларыңа дұшпандық пен өшпенділік отын жағуды, сендерді Алланы еске алудан һәм намаздан бөгеуді қалайды. Ал сонда да тыйылмайсыңдар ма?» – деп ескерткен («Мәйда» сүресі, 91-аят).
Құмар ойын адамның жүрегін Алланы еске алудан алыстатып, рухани дүниесіне сызат түсіреді. Ойынның қызығына берілген жан уақыт өте келе нәпсісінің жетегінде кетіп, имандылық пен адамгершілік жауапкершілігін естен шығарды. Алла Тағала аятта құмар ойынның адам баласына тигізер зиянын баяндай келе: «Ал сонда да тыйылмайсыңдар ма?» – деп қатаң ескерту жасайды. Бұл аят түскен сәтте сахабалар Алланың әміріне бірден мойынсұнып, арақ пен құмар ойынды түбегейлі тәрк еткен. Олардың иманы мен мойынсұнуы әрбір мұсылманға үлгі. Ендеше, мұсылман үшін бір сәттік ұтыс – жүрек тыныштығынан, аз ғана пайда – отбасы берекесінен, өткінші қызық – иман ләззатынан қымбат болмауы тиіс. Адам баласының шынайы бақыты адал еңбекпен тапқан ризықты отбасымен бөлісіп, айналасына жақсылық сыйлауда. Алла Тағала Тағала қасиетті Құранда:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا لَا تَأْكُلُوا أَمْوَالَكُمْ بَيْنَكُمْ بِالْبَاطِلِ إِلَّا أَنْ تَكُونَ تِجَارَةً عَنْ تَرَاضٍ مِنْكُمْ وَلَا تَقْتُلُوا أَنْفُسَكُمْ إِنَّ اللَّهَ كَانَ بِكُمْ رَحِيمًا.
«Уа, иман келтіргендер! Бір-бірлеріңнің мал-мүліктеріңді арам жолмен жемеңдер! Ал, өзара келісіп жасасқан сауда-саттықтың жөні басқа. Сондай-ақ, бір-бірлеріңді өлтірмеңдер. Алла сендерге өте мейірімді», – деп бұйырады («Ниса» сүресі, 29-аят).
Мұсылман адам қоғамның татулығы мен бірлігіне сызат түсіретін барлық істерден сақтанып, бауырмалдықтарын арттыратын, ауызбіршіліктерін күшейтетін істерге ұмтылуы қажет.
Құмар ойынға жұмсалған мал-дүние – ысырап. Тапқан-таянғанының барлығын тек құмарға жұмсап, «осы жолы ұтысқа кенеліп қалармын» деген бос үмітте болады. Бәс тігуге қаражат табу үшін қарызданып, ел-жұртты алдап, ең жақын адамдарының көзінде жағымсыз адамға айналады. Абай атамыз:
Өтірік, өсек, мақтаншақ,
Еріншек бекер мал шашпақ,
Бес дұшпаның білсеңіз, – деп, мал шашуды бес дұшпанның бірі ретінде атаған. Алла Тағала қасиетті Құранның «Исра» сүресі, 26-аятында.
وَآتِ ذَا الْقُرْبَى حَقَّهُ وَالْمِسْكِينَ وَابْنَ السَّبِيلِ وَلاَ تُبَذِّرْ تَبْذِيرًا
«Туысы жақындарға, міскіндерге, жолда қалғандарға міндетті түрде қарайласыңдар. Әрі мүлде ысырап қылмаңдар», – деп айтқан.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
إنَّ اللَّهَ كَرِهَ لَكُمْ ثَلَاثًا: قيلَ وَقالَ، وإضَاعَةَ المَالِ، وَكَثْرَةَ السُّؤَالِ
«Алла Тағала сендерден мынадай үш нәрсені ұнатпайды, өсек айтатын өсекшіні, дүние-мүлкін құр босқа шашушыны, қажетсіз көп сұрақ қоюшыны», – деген.
Қисса
Әбу Бәкір Сыддық (Алла оған разы болсын) пен Убәй ибн Халәф оқиғасы құмардан келген дүниеде береке жоқ екеніндігіне дәлел болады.
«Рум» сүресінің алғашқы аяттары түскен кезде Меккелік мүшріктердің басшысы Убәй ибн Халәф Әбу Бәкірге (Алла оған разы болсын) келіп: «Рум жеңеді, дейсің бе? Олай болса бәс тігейік!» – дейді. Ол кезде бәс тігуге тыйым салатын аят түспеген еді. Екеуі тоғыз жыл мерзімге жүз түйеге бәс тігіп, кепіл қояды. Арада жеті жыл өткенде, Құранның хабары ақиқатқа айналып, Рум әскері жеңіске жетеді. Әбу Бәкір (Алла оған разы болсын) Убәйдің мұрагерлерінен жүз түйені алып, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алдына әкеледі. Бұл кезде құмар ойынға үзілді-кесілді тыйым аяты түсіп қойған еді. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бәс арқылы келген жүз түйенің біреуіне де тимей, Әбу Бәкірге (Алла оған разы болсын) қатаң түрде: «Мұны садақа етіп таратып жібер!» – деп бұйырады.
Үшінші: құмар ойыннан арылудың жолдары
Жалпы құмар ойынына елірген жанның мақсаты – тек қана ұту. Ал ұтыс тек бір адамға ғана бұйыратыны белгілі. Адам ұтылған сайын бойын ашу-ыза кернеп, шайтанның үмітсіз арбауына елігіп, түрлі арам ойларға ерік береді. Әрине құмардың нәтижесі белгілі, тағы ұтылады. Осылайша өзі құрдымға кетуі аздай, отбасы мен туыстарына күйік болып, жиіркенішті адамға айналады.
Құмар ойынының дертіне шалдыққан адам Жаратушыдан жәрдем тілеп, мынадай амалдарды атқаруға мән бергені абзал:
Бірінші: ойлану. Құмар ойынды қоюды қалаған адам бір сәт тоқтап, өзінің негізгі өмірлік мақсатын ойлап, құмар ойынның зияны жайында пайымдап, бұл жаман әдетін қойып, уақыттың оған берілген үлкен қазына екендігін түсініп, бар күш-жігерін жақсы істерге жұмсауға тырысуы қажет.
Екінші: нәпсіні жаман қалаудан тыю. Құмар ойынына тап болудың да негізгі себебі – нәпсі қалауына еру. Адам баласын нәпсінің қалауларынан тыйып, тәрбиелеп отырмаса, түрлі нәрсеге құмартып, күнәлі істерге душар етеді. Алла Тағала қасиетті Құранның:
وَأَمَّا مَنْ خَافَ مَقَامَ رَبِّهِ وَنَهَى النَّفْسَ عَنِ الْهَوَى فَإِنَّ الْجَنَّةَ هِيَ الْمَأْوَى
«Кімде-кім Алланың алдында (сұраққа тартылып) тұрудан қорықса, нәпсіні қалауынан тыйса, оның барар орны жәннат болады», – деп айтқан («Назиғат» сүресі, 40-41-аяттар).
Үшінші: адал еңбек. Мұсылман адам дүниені адал жолмен, маңдай терімен табуды ойлауы қажет. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
طَلَبُ كَسْبِ الْحَلاَلِ فَرِيضَةٌ بَعْدَ الْفَرِيضَةِ
«Адал пайда табуға талпыну – парыздан кейінгі парыз», – деген (имам Бәйһақи).
Төртінші: жаман ортадан алшақтау. Құмар ойынынан құтылуды қалаған адам ең бірінші құмар ойнайтын ортадан, осы іске шақырып, бірге жүрген адамдардан алыстап, ізгі орта тауып, жақсы адамдарды өзіне дос тұтуы қажет. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
اَلرَّجُلُ عَلَى دِينِ خَلِيلِهِ فَلْيَنْظُرْ أَحَدُكُمْ مَنْ يُخَالِلُ
«Адам – өзінің досының дінінде. Ендеше, кіммен дос болып жүргендеріңе мән беріңдер!» – деп айтқан (имам Тирмизи).
Құрметті жамағат!
Ислам шариғатының көздеген негізгі мақсаттарының бірі – адам табиғатына тән әрі өмірлік маңызы бар бес асыл құндылықты сақтап, бұл құндылықтардың әрқайсысы адам өмірінің тұтастығы мен қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз ететін негізгі себептер болып саналады. Сондықтан ислам діні бұл құндылықтарды қорғау үшін белгілі тәртіптер мен талаптарды қойып, оларды сақтауды әрбір мұсылманға аманат етіп жүктейді. Олар: дінді қорғау; жанды қорғау; ақылды қорғау; ар-намыс пен ұрпақты қорғау; мал-мүлікті қорғау. Құмар ойын осы бес ұлы құндылықтың бесеуіне бірдей балта шабатын қауіпті дерт:
- Дінді бұзады: Құмар ойын Алланы еске алудан, намаз бен құлшылықтан тосады.
- Ақылды улайды: Құранда құмар ойын арақпен қатар айтылуы бекер емес. Өйткені арақ адамды химиялық жолмен мас қылса, құмар адамның санасын «ұтамын» деген елеспен мас қылып, ақыл-есін билеп алады.
- Мал-мүлікті күйретеді: Маңдай термен жиналған дәулетті бір түнде желге ұшырады.
- Ар-намыс пен отбасын талқандайды: Адамды өтірікке, алаяқтыққа, отбасына сатқындық жасауға итермелейді.
- Жанға қауіп төндіреді: Қарыз бен күйзелістің соңы қылмысқа немесе өз-өзіне қол жұмсауға апарады.
Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:
فَإِمَّا يَأْتِيَنَّكُم مِّنِّي هُدًى فَمَنِ اتَّبَعَ هُدَايَ فَلَا يَضِلُّ وَلَا يَشْقَىٰ
«Менен сендерге тура жолды (көрсететін пайғамбар, кітап, т.с.с.) келген кезде кімде-кім Менің тура жолымды басшылыққа алса, міне, сол әсте асдаспайды және (екі дүниеде де бақытсыз боп) сорламайды», – деп айтты», – деген («Тоһа» сүресі, 123-аят). Құмар ойын адамның өз қолымен өзіне қазатын оры.
Ардақты Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
كُلُّ الْمُسْلِمِ عَلَى الْمُسْلِمِ حَرَامٌ دَمُهُ وَمَالُهُ وَعِرْضُهُ
«Мұсылманға екінші бір мұсылманның мал-мүлкіне, қаны мен ар-намысына қол тигізуі – харам», – деп ескерткен.
Құмар ойыны арам етілген іс болғандықын, ол арқылы келген қаражат та харам болып саналады. Сондықтан мұсылман адам ондай жолмен нәпақа таппайды әрі бұндай саладағы кәсіппен де айналысуына болмайды.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі
muftyatkz
27.11.2026
202
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру