اَلْحَمْدُ لِلّٰهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ، وَالصَّلَاةُ وَالسَّلَامُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَصَحْبِهِ أَجْمَعِينَ، أَمَّا بَعْدُ
Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.
Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Адам баласының өмірі – түрлі нығмет пен жақсылыққа, үміт пен ізгілікке толы ерекше сапар. Бұл өмірде әрбір сәттің өз мәні, әрбір жағдайдың өз тағылымы бар. Қуанышқа кенелгенде жүрек шүкіршілікпен толығып, қиындыққа кезіккенде Жаратушының рақымына деген үміт арта түседі. Осындай сәттерде адам жүрегіне қуат, жанына тыныштық, өміріне береке сыйлайтын ұлы құлшылықтың бірі – дұға. Пағамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
الدُّعَاءُ هُوَ الْعِبَادَةُ
«Дұға – ол құлшылық», – деген (иам Әбу Дәуід).
Бұл хадис дұғаның қаншалықты маңызды екенін білдіреді. Өйткені пенде дұға арқылы өзінің дәрменсіздігін біледі.
«Дұға» сөзінің тілдік мағынасы: Дұға (الدُّعَاءُ) араб тіліндегі دَعَا – يَدْعُو – دُعَاءً етістігінің түбірі. Оның мағынасы шақыру, үндеу, өзіне қарату. Ибн Фарис «Мақайис әл-луға» сөздігінде (د ع و) түбірінің негізгі мағынасын «өз даусыңмен және сөзіңмен бір нәрсені өзіңе қарай бұру», – деп түсіндіреді. Дұға сөзінің мағынасы: үн қатып шақыру. Бұл сөз Аллаға қатысты қолданылғанда, Оған жалбарынып, Одан тілек тілеуді білдіреді.
Дұға мен истиғфар – мұсылманның рухани өмірінің ажырамас бөлігі. Адам баласы қандай дәрежеге жетсе де, қандай білім мен байлыққа ие болса да, Алла Тағаланың жәрдемі мен рақымына әрдайым мұқтаж. Сондықтан дұға мен истиғфар үмітті жүрекке ұялататын, жан дүниеге шипа сыйлайтын, пендені Жаратушысына жақындататын құлшылық. Бұқар жырау Қалқаманұлы адам баласының ең әуелі Аллаға деген сенімін берік ұстауын өсиет етіп:
Бірінші тілек тілеңіз,
Бір Аллаға жазбасқа, – деп толғаған. Жыраудың бұл өсиеті пенденің барша тілегінің бастауы Алла Тағалаға деген сенім мен ықыласта екенін аңғартады. Алла Тағала Құранда:
وَقَالَ رَبُّكُمُ ادْعُونِي أَسْتَجِبْ لَكُمْ ۚ إِنَّ الَّذِينَ يَسْتَكْبِرُونَ عَنْ عِبَادَتِي سَيَدْخُلُونَ جَهَنَّمَ دَاخِرِينَ
«Раббыларың: «Маған дұға етіңдер, сендерге жауап беремін. Шүбәсіз, тәкаппарлыққа салынып, Маған құлшылық етуде тәкаппарлық еткендер қор болған күйде жаһаннамға кіреді», – деп айтады», – деген («Ғафир» сүресі, 60-аят).
Халид әр-Рабиғ былай дейді: «Бұл үмбеттің жағдайы қандай ғажап! Оларға: «Маған дұға етіңдер, сендерге жауап беремін», – деп айтылды. Яғни, Алла Тағала оларды дұға етуге бұйырып, дұғаларына жауап беретінін уәде етті. Бұл екі нәрсенің арасында ешқандай шарт қойылмаған. Одан бір адам:
- Мұның мысалы қандай? – деп сұрады. Сонда ол:
- Мәселен, Алла Тағаланың: «Иман келтіріп, ізгі амал жасағандарды сүйіншіле!» – деген сөзін алайық. Мұнда ізгі амал жасау шарты қойылған. Ал мына аятта: «Иман келтіргендерге олардың Раббысының құзырында шынайы мәртебе бар екенін сүйіншіле!» – делінген. Мұнда ізгі амал жасау шарты айтылмаған. Сол сияқты Алла Тағаланың: «Дінді Оған ғана арнаған күйде Аллаға дұға етіңдер», – деген сөзінде ықылас шарты көрсетілген. Ал: «Маған дұға етіңдер, сендерге жауап беремін», – деген аятта ешқандай шарт қойылмаған», – деп жауап берген екен.
Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
لَيْسَ شَيْءٌ أََكْرَمَ عَلَى اللَّهِ تَعَالَى مِنَ الدُّعاءِ
«Алла Тағаланың құзырында дұғадан артық қадірлі ешбір нәрсе жоқ», – деген (имам Термизи).
Алла Тағала Өзінің кеңшілігімен құлын құрметтеп, оның дұғасына жауап береді әрі дұға етушінің тілегін қабыл етеді. Алла Тағала қасиетті Құранда:
وَإِذَا سَأَلَكَ عِبَادِي عَنِّي فَإِنِّي قَرِيبٌ ۖ أُجِيبُ دَعْوَةَ الدَّاعِ إِذَا دَعَانِ ۖ فَلْيَسْتَجِيبُوا لِي وَلْيُؤْمِنُوا بِي لَعَلَّهُمْ يَرْشُدُونَ
«(Уа, Мұхаммед!) Егер құлдарым сенен Мен туралы сұраса, Мен оларға өте жақынмын, Маған жалбарынып, дұға еткеннің дұғасын жауапсыз қалдырмаймын. Ендеше, олар да Менің үндеуіме оңды жауап берсін һәм Маған тиісінше иман келтірсін, сонда тура жолға түсер», – деген («Бақара» сүресі, 186-аят).
Сондықтан дұға жасаған мұсылман үмітсіздікке бой алдырмайды. Ол Раббысының мейірімінен үміт етеді, сұраған тілегінің қайырлысын нәсіп етуін тілейді. Өйткені дұға – құлшылықтың өзегі.
Бірінші: ата-анаға дұға жасаудың артықшылығы
Ата-ананың перзентіне жасаған жақсылығы мен төккен маңдай терін ешбір өлшеммен бағалау мүмкін емес. Ана баласын тоғыз ай көтеріп, әлдилеп өсірсе, әке отбасының қамы үшін еңбек етіп, ұрпағының болашағына жол ашады. Перзент үшін ата-ананың орны ерекше, ал олардың алдындағы құрмет пен ізет – адамдық борыштың асылы.
Ислам діні ата-анаға жақсылық жасауды, оларға құрмет көрсетуді міндеттейді. Құран Кәрімде Алла Тағала ата-анаға ізгілік жасауды Өзіне құлшылық етуден кейін бұйырды. Алла Тағала қасиетті Құранда:
وَقَضَىٰ رَبُّكَ أَلَّا تَعْبُدُوا إِلَّا إِيَّاهُ وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَانًا ۚ إِمَّا يَبْلُغَنَّ عِندَكَ الْكِبَرَ أَحَدُهُمَا أَوْ كِلَاهُمَا فَلَا تَقُل لَّهُمَا أُفٍّ وَلَا تَنْهَرْهُمَا وَقُل لَّهُمَا قَوْلًا كَرِيمًا
«Раббың бір Өзіне ғана құлшылық етуді, ата-анаға барынша жақсылық жасауды үкім етті. Егер олардың біреуі немесе екеуі бірдей қолыңда қартайса, тіпті «Түу!» деп те кеюші болма, сондай-ақ оларға зекіп ұрыспа! Керісінше, оларға жанға жағымды жылы сөз айт!» – деген («Исра» сүресі, 23-аят).
Сондай-ақ Алла Тағала перзентке ата-анасы үшін дұға етудің үлгісін үйретіп:
وَقُلْ رَبِّ ارْحَمْهُمَا كَمَا رَبَّيَانِي صَغِيرًا
«Раббым! Олар мені кішкентайымнан тәрбиелеп өсіргеніндей, Сен де оларға рақым ете гөр!» – деп айт», – деген («Исра» сүресі, 24-аят).
Бұл перзенттің ата-анасына деген алғысы мен мейірімін білдіретін көркем дұға. Ата-ананың перзентіне жасаған дұғасы қандай қадірлі болса, перзенттің ата-анасы үшін жасаған дұғасы да сондай игілікті амал. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
إِذَا مَاتَ الْإِنسانُ انقَطَعَ عَنْهُ عَمَلُهُ إِلَّا مِن ثَلاثَةٍ: إِلَّا مِنْ صَدَقةٍ جَارِيَةٍ، أَو عِلْمٍ يُنتَفَعُ بِهِ، أَو وَلَدٍ صَالِحِ يَدْعُو لَهُ.
«Адам баласы дүниеден өткен кезде оның амал дәптері үш нәрседен басқа жағдайда тоқтайды: үздіксіз садақа, пайдасы тиетін білім және артынан дұға жасайтын ізгі перзент», – деген (имам Мүслим).
Бұл хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адам дүниеден өткен кезде оның дүниедегі амалы тоқтайтынын баяндайды. Яғни, енді оның амал дәптеріне жаңа амал жазылмайды. Алайда хадисте айтылғандай үш нәрсені артында қалдырған жағдайда ғана сауабы мен пайдасы одан үзілмейді. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде:
إنَّ الرَّجلَ لتُرفَعُ درجتُه في الجنةِ فيقولُ : أنَّى هذا ؟ فيقالُ : باستغفارِ ولدِك لكَ
«Расында, адамның жәннаттағы дәрежесі көтеріледі. Сонда ол: Бұл қайдан?» – деп сұрайды. Оған: Балаңның сен үшін жасаған истиғфарының арқасында, – деп жауап беріледі», – деген (ибн Мәжә).
Сондықтан ата-анасы бар адам олардың қадірін біліп, тіршілігінде құрмет көрсетіп, көңілін аулап, қызметін жасауы қажет. Оларға денсаулық, ұзақ ғұмыр, амандық пен береке тілеуі тиіс. Ал дүниеден өткен ата-анасына дұға жасап, ата-анасы үшін жақсы амалдарын жалғастырғаны абзал.
Қазақ халқы да ата-ананың қадірін жоғары бағалап, «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келер» деп ұрпақты ізет пен құрметке тәрбиелеген.
Ендеше, әрбір мұсылман ата-анасын дұғасынан қалдырмауы қажет. Өйткені ізгі перзенттің ата-анасына жасаған дұғасы – үзілмейтін жақсылықтың бірі.
Екінші: бала үшін жасалатын дұғаның артықшылығы
Расында бала-шаға көзіміздің қуанышы, жанымыздың шаттығы, өміріміздің жемісі әрі осы дүниедегі бақытымыздың қайнар көздерінің бірі. Олар өмірдің сәні әрі Алланың берген нығметі. Алла Тағала қасиетті Құранда:
الْمَالُ وَالْبَنُونَ زِينَةُ الْحَيَاةِ الدُّنْيَا
«Дүние-мүлік пен бала-шаға – тіршіліктің сәні», – деген («Каһф» сүресі, 46-аят).
Бала тәрбиесі оны адал аспен, киіндірумен және білім берумен қатар жүрегіне иман ұялату, бойына ізгілік дарыту, өмір жолының қайырлы болуын тілеп, дұға жасау – ата-ананың маңызды міндеттерінің бірі. Ата-ананың перзентіне жасаған дұғасы оған деген мейірімнің, қамқорлықтың және ізгі тілектің көрінісі. Алла Тағала Құран Кәрімде Ибраһим пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) ұрпағы үшін жасаған дұғасын:
رَبِّ اجْعَلْنِي مُقِيمَ الصَّلَاةِ وَمِن ذُرِّيَّتِي ۚ رَبَّنَا وَتَقَبَّلْ دُعَاءِ
«Уа, Раббым! Мені һәм ұрпағымнан намазды кемеліне жеткізіп, үзбей оқитын құлдарың ете көр! Уа, Раббымыз! Дұға-тілегімді қабыл ете көр!» – деген («Ибраһим» сүресі, 40-аят).
Ата-ананың баласына жасаған дұғасы қабыл болады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
ثلاثُ دَعَوَاتٍ مُسْتَجاباتٌ لا شَكَّ فيهِنَّ ؛ دَعوةُ المظلومِ ، ودعوةُ المسافرِ ، ودعوةُ الوالدِ على ولدِهِ
«Қабыл болатындығында күмән жоқ үш дұға бар: жәбір көрген адамның дұғасы, жолаушының дұғасы және ата-ананың дұғасы», – деген (Әбу Дәуід).
Сонымен қатар ізгі ұрпақ тәрбиелеп, олардың өміріне береке дарытуда да дұғаның орны ерекше. Құран Кәрімде пайғамбарлар мен ізгі жандардың ұрпағының салиқалы болуын тілеп, Аллаға жалбарынғаны баяндалады. Алла Тағала Құранда:
رَبِّ هَبْ لِي مِنَ الصَّالِحِينَ
«Раббым! Маған ізгі ұрпақ нәсіп ете гөр!» – деген («Саффат» сүресі, 100-аят).
Сондықтан ата-ана баласының жанында жүргенде де, алыста болғанда да, қуанышты сәттерінде де, қиындыққа тап болған кезінде де дұға жасауды әдетке айналдырғаны жөн. Алла Тағала Құран Кәрімде:
وَالَّذِينَ يَقُولُونَ رَبَّنَا هَبْ لَنَا مِنْ أَزْوَاجِنَا وَذُرِّيَّاتِنَا قُرَّةَ أَعْيُنٍ وَاجْعَلْنَا لِلْمُتَّقِينَ إِمَامًا
«Сондай-ақ олар: «Уа, Раббымыз! Әйелдерімізді және үрім-бұтағымызды көз қуанышымыз еткейсің! Һәм бізді тақуалықта өзгелерге имам (жетекші әрі үлгі-өнеге) қылғайсың!» – деп тілейді», – деген («Фұрқан» сүресі, 74-аят).
Перзент үшін дұға жасау – оны жамандықтан қорғаудың рухани жолы. Алайда ата-ана әрбір сөзіне жауапкершілікпен қарауы тиіс. Кейде ашу үстінде баласына ауыр сөз айтып, теріс дұға жасап қоятын ата-аналар кездеседі. Ал мұсылманның тілі қарғысқа емес, ізгі тілек пен дұғада болуы керек.
Қисса
Әли ибн Әбу Фазара: Анам шамамен жиырма жыл бойы сал болып, жүре алмайтын күйде жатты. Бір күні ол маған:
- Имам Ахмад ибн Ханбалға барып, мен үшін дұға етуін өтінші, – деді. Мен оның үйіне барып, есігін қақтым. Сол кезде ол үйінің дәлізінде тұрған еді. Ол:
- Бұл кім? – деп сұрады. Мен:
- Анам мені сізден өзіне шипа сұрап, дұға етуін өтініп жіберген еді. Ол кісі сал болып, жүре алмай жатыр, – дедім. Сонда ол ашулы адамның үніндей қатқыл дауыспен:
- Біз Алладан дұға тілеп, жалбарынуға өзіміз көбірек мұқтажбыз, – деді. Мен кері бұрылып, кетіп бара жатқан едім, үйден бір қарт әйел шығып:
- Ол сен кеткеннен кейін анаң үшін дұға етіп жатыр, – деді. Содан кейін үйге келіп, есікті қақтым. Сонда анам есікті өз аяғымен жүріп келіп ашты.
Үшінші: Отан үшін дұға жасау
Отан – адам баласы үшін қастерлі ұғымдардың бірі. Адам баласының кіндік қаны тамған жері, өскен ортасы, туған елі мен жұрты – оған берілген баға жетпес нығмет.
Ислам діні Отанның тыныштығы мен елдің амандығын тілеп, Алла Тағалаға дұға жасаудың маңыздылығын үйретеді. Тыныштық бар жерде ұрпақ өсіп, білім дамып, еңбек өркендеп, отбасы берекеге кенеледі. Қасиетті Құранда Ибраһим пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) Мекке қаласының амандығын тілеп жасаған дұғасы баяндалады. Алла Тағала қасиетті Құранда:
وَإِذْ قَالَ إِبْرَاهِيمُ رَبِّ اجْعَلْ هَٰذَا الْبَلَدَ آمِنًا وَاجْنُبْنِي وَبَنِيَّ أَن نَّعْبُدَ الْأَصْنَامَ
«Ибраһим: «Уа, Раббым! Мына елді мекенді (Меккені) бейбіт (қауіпсіз) мекен еткейсің! Мені де, бала-шағамды да пұттарға табынудан аулақ қылғайсың! – деп дұға етті», – деген («Ибраһим» сүресі, 35-аят).
Ол әуелі өзі өмір сүріп отырған мекеннің амандығын сұрап, содан кейін ұрпағының иманды болуын тілеген. Демек, елдің тыныштығы мен ұрпақтың амандығы бір-бірімен сабақтас. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) да туған жері үшін:
اللهُمَّ حَبِّبْ إِلَيْنَا الْمَدِينَةَ كَحُبِّنَا مَكَّةَ أَوأَشَدَّ
«Уа, Алла! Мәдинаны бізге Меккені жақсы көргеніміздей, тіпті одан да артық сүйікті ете гөр!» – деп дұға жасаған (имам Бұхари).
Отан үшін дұға жасау дегеніміз туған жеріміздің тыныштығы мен еліміздің амандығын, халқымыздың бірлігі мен берекесін, ұрпағымыздың жарқын болашағын, еліміздің әр шаңырағына амандық пен татулық, халқымызға ынтымақ пен игілік нәсіп етуін Алла Тағаладан сұрау.
Төртінші: истиғфар (Алладан кешірім сұрау) – күнәдан тазарудың жолы
Мұсылманның рухани өміріндегі маңызды амалдардың бірі – истиғфар, яғни Алла Тағаладан күнәлары үшін кешірім сұрап, Оның рақымы мен мейіріміне бөленуді сұрау.
Адам баласы қателесуден ада емес. Кейде тілімен біреудің көңіліне тиеді, кейде ісімен біреуге зиян келтіреді, кейде нәпсісіне еріп, күнәға бой алдырады. Осындай сәтте мұсылманның міндеті қателігін ақтау емес, оны мойындап, тәубеге келіп, Алладан кешірім сұрау қажет. Алла Тағала Құран Кәрімде:
وَمَن يَعْمَلْ سُوءًا أَوْ يَظْلِمْ نَفْسَهُ ثُمَّ يَسْتَغْفِرِ اللَّهَ يَجِدِ اللَّهَ غَفُورًا رَّحِيمًا
«Ал енді кімде-кім жамандық жасаған соң немесе өз-өзіне қиянат жасағаннан кейін, Алладан кешірім тілесе, Алланың кешірімді әрі, мейірімді екенін көреді», – деген («Ниса» сүресі, 110-аят).
Ибн Аббастан (Алла оған разы болсын) осы аятқа қатысты: «Алла Тағала бұл аят арқылы құлдарына Өзінің сабырлылығын, кешірімділігін, жомарттығын, рақымының кеңдігін және жарылқауын білдірді. Кімде-кім кіші немесе үлкен күнә жасаса, содан кейін Алладан кешірім сұраса, Алланы аса Кешірімді, ерекше Мейірімді күйде табады. Тіпті оның күнәлары аспандардан, жерден және таулардан үлкен болса да», – деген.
Алланың рақымы кең, кешірімі мол. Алайда кешірім сұрау шынайы өкінішпен, күнәдан арылуға деген ниетпен және ізгі амалдарға бет бұрумен қатар жүруі қажет.
Алла Тағаладан кешірім сұраудың ең көркем үлгісі Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсы) дұғасы. Солардың бірі – «Сәййидул истиғфар», яғни кешірім сұраудың ең абзал дұғасы.
اللَّهمَّ أنتَ ربِّي وأنا عبدُكَ لا إلهَ إلَّا أنتَ خلَقْتَني وأنا عبدُكَ أصبَحْتُ على عهدِكَ ووَعْدِكَ ما استطَعْتُ أعوذُ بكَ مِن شرِّ ما صنَعْتُ وأبوءُ لكَ بنعمتِكَ علَيَّ وأبوءُ لكَ بذُنوبي فاغفِرْ لي إنَّه لا يغفِرُ الذُّنوبَ إلَّا أنتَ
«Уа, Алла! Сен менің Раббымсың, мен Сенің құлыңмын. Сенен басқа құлшылыққа лайықты ешбір Құдай жоқ. Мені Сен жараттың, әрі мен Сенің құлыңмын. Шамам келгенше, Саған берген уәдем мен келісіміңді берік ұстанған күйде таң атырамын. Өзім жасаған жамандықтардың кесірінен Саған сиынамын. Маған нәсіп еткен нығметтеріңді мойындап, оларды Сенен деп білемін. Сондай-ақ өз күнәларымды да мойындаймын. Ендеше, мені кешіре гөр! Расында, күнәларды Сенен басқа ешкім кешіре алмайды», – деген.
Содан кейін Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деді: «Кімде-кім бұл дұғаны күндіз шын жүрегімен сеніп айтса, сол күні кеш батпай тұрып қайтыс болса, ол жәннат иелерінен болады. Ал кімде-кім оны түнде шын жүрегімен сеніп айтса, таң атпай тұрып қайтыс болса, ол да жәннат иелерінен болады» (имам Бұхари).
Қадірлі жамағат!
Дұғаның да өзіндік әдебі бар. Мұсылман дұға еткенде шынайы ықыласпен, үмітпен және кішіпейілділікпен жалбарынуы қажет. Алдымен Алла Тағалаға мадақ айтып, Пайғамбарымызға салауат жолдайды. Дұғада асықпай, сұраған тілегінің қайырлы болуын тілейді. Алла Тағала Құранда:
ادْعُوا رَبَّكُمْ تَضَرُّعًا وَخُفْيَةً ۚ إِنَّهُ لَا يُحِبُّ الْمُعْتَدِينَ
«Раббыларыңа іштей (яғни, бәсең дауыспен) жалбарынып дұға етіңдер. Шүбәсіз, Ол шектен шыққандарды ұнатпайды», – деген («Ағраф» сүресі, 55-аят).
Сондай-ақ дұғаның қабыл болуына адал ас пен адал ризықтың маңызы зор. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сапарға шыққан, шашы ұйпа-тұйпа, үсті шаң болған бір адамды мысалға келтіріп, оның қолын көкке жайып: «Уа, Раббым! Уа, Раббым!» деп дұға ететінін, алайда жегені – харам, ішкені – харам, киімі – харам және хараммен қоректенгенін айтып, мұндай адамның дұғасының қалайша қабыл болатынын ескерткен.
Тағы бір маңызды мәселе дұғаның қабыл болуына асықпау. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
يُسْتَجَابُ لِأَحَدِكُمْ مَا لَمْ يَعجَلْ، يَقُولُ: دَعَوتُ فلَم يُستَجَبْ لِي
«Сендердің біреулерің: «Дұға жасадым, бірақ дұғам қабыл болмады», – деп асықпаса, оның дұғасы қабыл етіле береді», – дейді (имам Бұхари).
Дұға мен истиғфар – жеке адамның ғана емес, тұтас қоғамның рухани өміріне әсер ететін құлшылықтар. Сондықтан дұға жасаған адам тек өзіне ғана емес, ата-анасына, отбасына, ұрпағына, елі мен халқына жақсылық тілеуі тиіс. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
دَعْوَةُ المَرءِ المُسلِمِ لِأَخِيهِ بِظَهْرِ الْغَيبِ مُسْتَجَابَةٌ، عِنْدَ رَأسِه مَلَكٌ مُوَكَّلٌ، كُلَّمَا دَعَا لِأَخِيهِ بِخَيْرٍ قاَلَ الْمَلَكُ الْمُوَكَّلُ بِهِ: آمِينَ، وَلَكَ بِمِثلٍ.
«Мұсылманның өз бауырына сыртынан (ол жоқ кезде) жасаған дұғасы қабыл болады. Оның бас жағында арнайы бір періште тұрады. Ол бауырына жақсылық тілеп дұға еткен сайын, оған жауапты періште: «Әмин! Саған да дәл сондай жақсылық болсын!» – дейді», – деген (имам Мүслим).
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі
muftyatkz
13.11.2026
368
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру