Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ИСЛАМДА КӨРШІ АҚЫСЫ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС ӘДЕБІ

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі muftyatkz 20.11.2026 422 0 пікір
ИСЛАМДА КӨРШІ АҚЫСЫ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС ӘДЕБІ

 

اَلْحَمْدُ لِلّٰهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ، وَالصَّلَاةُ وَالسَّلَامُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَصَحْبِهِ أَجْمَعِينَ، أَمَّا بَعْدُ

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.

Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

 

Адамзат қоғамының береке-бірлігі мен тыныштығы адамдар арасындағы сыйластыққа, өзара құрмет пен ізгі қарым-қатынасқа негізделеді. Осындай ізгі байланыстың ең жақын әрі маңызды көріністерінің бірі – көршілік қарым-қатынас. Өйткені көрші – күнделікті өмірде араласатын, қуаныш пен қиындықта жанымыздан табылатын, тұрмыс-тіршілігімізбен етене араласатын адам. Сондықтан көршімен тату тұру, оның ақысына құрметпен қарау, көңіліне қаяу түсірмеу адамгершіліктің асыл көрінісі әрі қоғамдағы татулықтың маңызды шарты. Ал көршілік ақысы сақталған қоғамда өзара сенім нығайып, бірлік пен береке арта түседі. Осы тұрғыдан алғанда, көрші ақысын білу және қоғамдық қарым-қатынас әдебін сақтау әрбір азаматтың адамгершілік жауапкершілігі.

Исламда көрші ақысы және қоғамдық қарым-қатынас әдебі – бақытты әрі берекелі қоғамның рухани діңгегі. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:

وَاعْبُدُوا اللَّهَ وَلَا تُشْرِكُوا بِهِ شَيْئًا وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَانًا وَبِذِي الْقُرْبَى وَالْيَتَامَى وَالْمَسَاكِينِ وَالْجَارِ ذِي الْقُرْبَى وَالْجَارِ الْجُنُبِ وَالصَّاحِبِ بِالْجَنْبِ وَابْنِ السَّبِيلِ وَمَا مَلَكَتْ أَيْمَانُكُمْ إِنَّ اللَّهَ لَا يُحِبُّ مَنْ كَانَ مُخْتَالًا فَخُورًا

«Аллаға ғана құлшылық етіңдер. Оған еш нәрсені ортақ етіп қоспаңдар. Ата-анаға, жақындарға, жетімдерге, міскіндерге, жақын көршіге, бөгде көршіге, жан жолдасқа, жолда қалғандарға және қол астындағыларға жақсылық жасаңдар. Шүбәсіз, өзін әлдеқандай көретін мақтаншақты Алла жақсы көрмейді», – деген («Ниса» сүресі, 36-аят).

Алла Тағала бұл аятта екі түрлі көршіні айтқан, бірінші: «жақын көрші» (الْجَارِ ذِي الْقُرْبَى): үйі жақын әрі туыстық қатысы бар көрші. Оның екі ақысы бар: туыстық ақысы және көршілік ақысы. (Егер мұсылман болса, үшінші ақысы қосылады). Екіншісі: «бөгде көрші» (الْجَارِ الْجُنُبِ): арада туыстығы жоқ, тіпті діні бөлек болса да, жақын қоныстанған көрші. Аят оған да көркем түрде жақсылық жасауды бұйырады.

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

ومَن كانَ يُؤمِنُ باللهِ واليَومِ الآخِرِ فليُكرِمْ جارَه

«Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, көршісін құрметтесін», – деген (имам Бұхари).

Бұл хадис мұсылмандар арасында өзара сүйіспеншілік пен сыйластықты арттыруға, әдеп пен көркем мінезді бойға сіңіруге үндейді.

Имам Самарқанди (Алла оны рақымына алсын): «Мұсылман адам көршісі ешбір қауіп-қатер сезінбейтіндей болуы керек. Оның көршісіне зиян тигізбеуі үш нәрсе арқылы жүзеге асады: қолымен, тілімен және ар-намысымен. Тілімен зиян тигізбеуі дегеніміз: көршісі келгенде айтқан сөзі көршісінің құлағына жетсе, одан ұялатындай сөздерді сөйлемеу. Ал қолымен зиян тигізбеуі дегеніміз: көршісі базарда жүргенде әмиянын үйінде ұмытып кеткенін есіне алса, үйіндегі дүниесіне алаңдамауы. Яғни үйінде қалған мүлкіне сенімді болуы. Көршісінің ар-намысымен сақтау дегеніміз: өзі сапарда жүрген кезінде көршісінің үйіне кіргенін естісе, оған ешқандай алаңдамай, көңілі тыныш болып, бұған қуануы», – деген.

Бірінші: көрші ақысы

Жақсылық жасау мәселесінде ең жақын көрші лайықты болады. Оның себебі бар. Әдетте кісі қабырғалас немесе жақын көршісінің үйінде не болып жатқанынан хабардар. Келімді-кетімді адамның бәрін көреді. Қандай да бір қиындыққа тап болғанда қасынан табылатын да сол көршісі. Сондықтан ондай көрші жақсылық жасауға әбден лайық. Дана халқымыз: «Алыстағы ағайыннан жақындағы көрші артық», – деп текке айтпаса керек.

Сондықтан көршінің қарны ашып, мұқтаж отырғанын біле тұра, өзі тоқшылықта өмір сүріп, оның жағдайына бейжай қарау – адамгершілікке де, мұсылмандық көршілік әдебіне де жат қылық. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

لَيْسَ الْمُؤمِنُ بِالََّذِي يَشْبَعُ وَجَارُهُ جَائِعٌ إِلَى جَنْبِهِ

«Өзі тоқ болып тамақтанып, жанындағы көршісі аш отырған адам – шынайы мүмін емес», – деген (имам Байһақи).

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көрші ақысына ерекше мән беріп, оған өзге адамдарға берілмеген бірқатар құқықтарды белгіледі. Бұл хадис көршінің алдындағы ақысының қаншалықты маңызды екенін көрсетеді және мұсылмандарды өзара ынтымақтасуға және бір-біріне көмектесуге шақырады.

Салтымызда көршіге жиі бас сұғып, хал-жағдайын білу, қиыншылығы болса, көмек беру міндет саналған. Халқымызда: «Жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас, жаман адамға мал бітсе, жанына қоңсы қондырмас», «Жақсы болсаң көршіңмен, кем қалмайсың еншіңнен», – деп, көршімен дұрыс мәміледе болуға шақырған. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

لا يَمْنَعْ جَارٌ جَارَهُ أن يَغْرِزَ خَشَبَهُ فِي جِدَارِهِ

«Көрші көршісінің өз қабырғасына ағашын (бөренесін) бекітуіне кедергі жасамасын», – деген (имам Бұхари). Яғни, көрші сарайының немесе қоршауының қабырғасын тірек етуге рұқсат беруі тиіс. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисте:

مَا زَالَ جِبْرِيلُ يُوصِينِى بِالْجَارِ حَتَّى ظَنَنْتُ أَنَّهُ سَيُوَرِّثُهُ

«Маған Жебірейіл періште көрші ақысы туралы көп өсиет айтқандығы сонша, мен көршім мұрагеріме айналатын шығар деп ойладым», – деген (имам Бұхари).

Ислам дінінде көршіге қандай да бір залал тигізіп, жамандық жасауға тыйым салынған. Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

مَنْ كَانَ يُؤْمِنُ بِاللَّهِ وَالْيَوْمِ الآخِرِ: فَلا يُؤْذِ جَارَهُ

«Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, көршісіне зиян тигізбесін», – деген (имам Бұхари).

Бірде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

وَالله لا يُؤْمِنُ، وَالله لا يُؤْمِنُ، وَالله لا يُؤْمِنُ. قِيلَ وَمَنْ يَا رَسُولَ ؟ قَالَ: الَّذِي لا يَأْمَنُ جَارُهُ بَوَائِقَهُ

«Алламен ант етемін! Ол иман келтірген емес. Алламен ант етемін! Ол иман келтірген емес. Алламен ант етемін! Ол иман келтірген емес», – деп үш рет қайталады. Сонда сахабалар: «Уа, Алланың Елшісі! Ол кім?» – деп сұрады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Көршісі оның жамандықтары мен кесірінен аман болмаған адам», – деп жауап берді», – деген (имам Бұхари).

 

Қисса

Жәһм Адауи деген кісі өз үйін сатпақшы болады. Үйді сатып алуға ниет білдірген адамдар бағаны біртіндеп көтеріп, ақырында оған жүз мың дирхам ұсынады. Сонда Жәһм Адауи сатып алушыларға:

– Бұл жүз мың дирхам үйдің бағасы. Ал Саид ибн Аспен көрші болудың құнын қаншаға бағалайсыңдар? – деп сұрайды. Сатып алушылардың бірі таңғалып:

– Сонда көршілік те сатып алына ма? – дейді. Жәһм Адауи:

– Иә, көршіліктің де өзіндік құны бар, – деп жауап береді. Жәһм Адауи сөзін жалғап:

– Үйімді өзіме қайтарып беріңдер де, ақшаларыңды алыңдар! Мен мынадай көршінің жанынан ешқашан кетпеймін. Өйткені мен үйде отырсам, ол жағдайымды сұрайды. Мені көрсе, қуана қарсы алып, жылы жүз танытады. Мен үйде болмасам, үйімді қорғайды. Қасына барсам, құрмет көрсетіп, жақын тартады. Одан бір нәрсе сұрасам, қажеттілігімді өтейді. Ал ештеңе сұрамасам да, өзі бірінші болып көмектеседі. Басыма қандай да бір қиындық немесе ауыртпалық түссе, оны жеңілдетуге асығады, – дейді.

Бұл жағдай оның көршісі Саид ибн Асқа да жетеді. Сонда Саид оған жүз мың дирхам жіберіп, көршісіне деген құрметі мен ізетін танытып:

– Мынау – үйіңнің ақысы. Үйің өзіңе қалсын! – деген екен.

Екіншісі: адалдық пен әділдік – қоғам тұрақтылығының негізі

Қоғамның тұрақтылығы мен елдің берекелі өмір сүруі адамдар арасындағы өзара сенімге, адалдық пен әділдікке тікелей байланысты. Адалдық үстемдік құрған жерде сенім нығаяды, әділдік салтанат құрған жерде теңдік пен татулық орнығады. Ал осы құндылықтар әлсіреген қоғамда өзара түсіністік азайып, адамдар арасындағы қарым-қатынасқа сызат түседі. Сондықтан адалдық пен әділдік – жеке адамның ғана бойынан табылуы тиіс қасиет емес, тұтас қоғамның дамуы мен тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды рухани әрі адамгершілік негіз. Адамның отбасындағы, жұмыстағы, қоғамдық ортадағы әрбір іс-әрекеті адалдық пен әділдік өлшемдеріне сай болуы қажет. Өзгенің ақысын жемеу, аманатқа қиянат жасамау, шындықты айту, ешкімге зиян тигізбеу – осы ұстанымдардың нақты көрінісі. Өйткені қоғамның берекесі үлкен істерден емес, әрбір азаматтың күнделікті өмірдегі адал әрекеті мен әділ қарым-қатынасынан қалыптасады.

Ислам діні қоғам тұрақтылығының негізі болатын мынадай қағиданы баяндайды:

  1. Ақпаратты анықтау және қаңқу сөзден сақтану.

Қоғамдағы алауыздық пен бүліктің басы тексерілмеген сөзге еруден басталады. Алла Тағала қасиетті Құранда:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا إِنْ جَاءَكُمْ فَاسِقٌ بِنَبَإٍ فَتَبَيَّنُوا أَنْ تُصِيبُوا قَوْمًا بِجَهَالَةٍ فَتُصْبِحُوا عَلَى مَا فَعَلْتُمْ نَادِمِين

«Уа, иман келтіргендер! Егер сендерге пасық адам қандай да бір хабар жеткізсе, оның анық-қанығын анықтап біліп алыңдар. Әйтпесе, білместікпен әлдебір қауымның обалына қалып, артынан істеген істеріңе өкініп жүрерсіңдер!» – деген («Хұжұрат» сүресі, 6-аят).

Бүгінгі ғаламтор мен әлеуметтік желі дамыған заманда бұл қағида ауадай қажет. Естігенді жеткізе беру, адамдардың сыртынан тон пішу, жалған хабар тарату қоғам тыныштығын бұзады.

  1. Мұсылмандардың арасын жарастыру және бауырмалдыққа шақыру.

Қоғам мүшелері арасында түсініспеушілік немесе дау туындағанда шетте қарап тұруға немесе отқа май құюға болмайды. Алла Тағала қасиетті Құранда:

إِنَّمَا الْمُؤْمِنُونَ إِخْوَةٌ فَأَصْلِحُوا بَيْنَ أَخَوَيْكُمْ وَاتَّقُوا اللَّهَ لَعَلَّكُمْ تُرْحَمُونَ

«Расында, мүміндер – бір-біріне шынайы бауыр. Олай болса, бауырларыңның арасын жарастырыңдар, сондай-ақ Алладан қорқыңдар! Міне, сонда Оның рақымына бөленерсіңдер!» – деген («Хұжұрат» сүресі, 10-аят).

Сол үшін көршімен және адамдармен араздасып жүргендерді табыстыру қоғамдық бірліктің басты шарты болады.

  1. Тіл мен нәпсінің кесапаттарынан сақтану.

Алла Тағала қасиетті Құранда:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا لَا يَسْخَرْ قَوْمٌ مِنْ قَوْمٍ عَسَىٰ أَنْ يَكُونُوا خَيْرًا مِنْهُمْ

«Уа, иман келтіргендер! Араларыңнан бір қауым басқа бір қауымды келемеждемесін! Қайдан білесіңдер, бәлкім, мазаққа ұшыраған қауым өзін мазақ қылған қауымнан әлдеқайда қайырлы шығар», – деген («Хұжұрат» сүресі, 10-аят).

  1. Өзгенің жеке кеңістігіне қол сұқпау.

Алла Тағала қасиетті Құранда:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا اجْتَنِبُوا كَثِيرًا مِّنَ الظَّنِّ إِنَّ بَعْضَ الظَّنِّ إِثْمٌ ۖ وَلَا تَجَسَّسُوا وَلَا يَغْتَب بَّعْضُكُم بَعْضًا ۚ أَيُحِبُّ أَحَدُكُمْ أَن يَأْكُلَ لَحْمَ أَخِيهِ مَيْتًا فَكَرِهْتُمُوهُ ۚ وَاتَّقُوا اللَّهَ ۚ إِنَّ اللَّهَ تَوَّابٌ رَّحِيمٌ

«Уа, иман келтіргендер! Ой атаулының көбінен аулақ болыңдар! Өйткені ой атаулының бір парасы күнәға жатады! Бір-біріңді аңдымаңдар және біріңді-бірің ғайбаттамаңдар! Қайсыбірің болмасын, өлген бауырының етін жегенді ұната ма? Әрине одан жиіркенесіңдер жиіркендіңдер. Ендеше, Алладан қорқыңдар! Шүбәсіз, Алла – тәубені қабыл етуші, ерекше мейірімді», – деген («Хұжұрат» сүресі, 12-аят).

Аятта қоғамды іштей шірітетін үш ауруға ем көрсетілген: жаман ой, аңду мен тың-тыңдау, ғайбат айту.

 

Құрметті жамағат!

Көрші ақысы – ислам дінінде адамгершілік пен өзара жауапкершіліктің, жақсы қарым-қатынас пен иманның талабы, мұсылмандық мінездің белгісі. Көршісінің қуанышына ортақтасып, қиындықта қолдау көрсету, мұқтаж болса жәрдемдесу, көңіліне қаяу түсірмеу – ізгі қоғам қалыптастырудың маңызды шарты.

Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:

وَتَعَاوَنُواْ عَلَى ٱلۡبِرِّ وَٱلتَّقۡوَىٰۖ وَلَا تَعَاوَنُواْ عَلَى ٱلۡإِثۡمِ وَٱلۡعُدۡوَٰنِۚ

«Ізгі істерде, сондай-ақ тақуа болуда бір-біріңе жәрдемдесіңдер! Ал күнәлі істерде һәм дұшпандық жасап, шектен шығуда біріңе-бірің болыспаңдар», – деген («Мәйда» сүресі, 2-аят).

Адамның шынайы тәрбиесі мен көркем мінезі оның өзіне жақын адамдармен қарым-қатынасынан байқалады. Өзгеге зиян тигізбеу, біреудің ақысын жемеу, өзгенің тыныштығын өз тыныштығындай қадірлеу – әрбір азаматтың адамдық борышы.

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

المُسلِمُ مَن سَلِمَ المُسلِمونَ مِنْ لِسَانِهِ وَيَدِهِ

«Нағыз мұсылман – басқа мұсылмандар оның тілі мен қолынан зиян көрмеген адам», – деген (имам Бұхари).

Өйткені көршісі өзінен қауіптенген қоғамда береке болмайды, ал бір-біріне жанашырлық танытқан ортада татулық пен сенім нығаяды. Қоғамда бір үзім нанды бөлісу, жылы сөз айту, амандығын сұрау, қажет кезінде демеу болу – үлкен сауапты іс.

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру