Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ТУҒАН ЕЛДЕЙ ЕЛ БОЛМАС, ТУҒАН ЖЕРДЕЙ ЖЕР БОЛМАС

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі muftyatkz 23.10.2026 124 0 пікір
ТУҒАН ЕЛДЕЙ ЕЛ БОЛМАС, ТУҒАН ЖЕРДЕЙ ЖЕР БОЛМАС

 اَلْحَمْدُ لِلّٰهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ، وَالصَّلَاةُ وَالسَّلَامُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَصَحْبِهِ أَجْمَعِينَ، أَمَّا بَعْدُ

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.

Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

Адам баласына Алла Тағала нәсіп еткен ұлы нығметтердің бірі – туған ел, өскен жер, бейбіт Отан. Туған жер адамның кіндік қаны тамған қасиетті мекені, балалық шағының куәсі, ата-бабасының ізі қалған құтты қонысы. Ал Отан – ұрпақтың өткені мен бүгінін жалғап, болашағына бағыт беретін ортақ шаңырақ. Әр адамның жүрегінде ерекше орын алатын, қанша алыстаса да сағынышпен еске алатын аяулы мекені – туған жері. Адам баласы дүниенің талай көркем өлкесін аралап, сан алуан шаһарларын көрсе де, туған топырағының орны бөлек. Өйткені туған жердің әрбір белесі, әрбір бұлағы, әрбір көшесі адамның өмірімен, өткен күндерімен және жүрегіне жақын естеліктерімен сабақтасып жатыр.

Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туған жеріне деген сүйіспеншілігі мен Мәдинаның берекесін тілеп жасаған дұғасы біз үшін үлгі-өнеге.

اللَّهُمَّ حَبِّبْ إِلَيْنَا الْمَدِينَةَ كَحُبِّنَا مَكَّةَ أَوْ أَشَدَّ 

«Уа, Алла! Бізге Мәдинаны Меккені сүйгеніміздей, тіпті одан да артық сүйікті ете гөр!» (имам Бұхари).

Халқымыздың «Туған елдей ел болмас, туған жердей жер болмас» деген даналық сөзі осы терең сезімді білдіреді. Бұл нақылда елге деген сүйіспеншілік, туған топыраққа деген құрмет, ата-баба аманатына адалдық және келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілік тоғысқан.

Ислам діні де адам баласын туған жерінің қадірін білуге, елінің тыныштығын сақтауға, қоғам игілігі үшін еңбек етуге, адамдар арасында татулық пен бауырмалдық орнатуға үндейді. Өйткені Отанның берекесі – оның халқының бірлігінде, тыныштығында және әрбір азаматының ізгі ісінде. Ендеше, бүгінгі уағызымызда туған жерге деген сүйіспеншіліктің діни негіздеріне, Отанның қадір-қасиетіне және ел алдындағы мұсылмандық жауапкершілігімізге тоқталамыз. 

Бірінші: туған жерді сүю – адам бойындағы табиғи қасиет 

Туған жерге деген сүйіспеншілік адамның жаратылысына тән асыл сезімдердің бірі. Адам өзінің дүниеге келген мекеніне, өсіп-өнген ортасына, жақындары мен ағайын-туысына ерекше ықыласпен қарайды. Бұл сезімнің ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірінде де көрініс тапқанын байқаймыз. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Меккеден Мәдинаға қоныс аударар кезінде туған қаласына деген сүйіспеншілігін білдіріп:

وَاللَّهِ إِنَّكِ لَخَيْرُ أَرْضِ اللَّهِ وَأَحَبُّ أَرْضِ اللَّهِ إِلَيَّ وَلَولَا أَن أَهْلَكِ أَخرَجُونِي مِنْكِ مَا خَرَجْتُ 

«Алламен ант етемін! Расында, сен Алланың жер бетіндегі ең қайырлы әрі мен үшін ең сүйікті жерсің (мекенсің). Егер сенің тұрғындарың мені сенен қуып шығармағанда, мен сенен ешқашан кетпес едім», – деген (ибн Мәжә).

Бұл хадис Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туған жеріне деген терең сүйіспеншілігін көрсетеді. Мекке қаласы Алла Елшісінің балалық шағы өткен, өмірінің маңызды кезеңдерімен байланысты қасиетті мекен еді. Сондықтан туған қаласынан шығарылуы оның жүрегіне ауыр тиді. Отаннан шығарылудың адамға түсетін ең ауыр сынақтардың бірі екенін және жанның тәннен ажырауынан да ауыр екенін Құран тәпсіршілері ерекше атап өтеді. Бұл мүміннің жүрегінде Отанның орны қаншалықты ұлы екенін көрсетеді. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) отанына деген сүйіспеншілігі Мәдинаға қоныс аударғаннан кейін де айқын көрінді. Әнас ибн Мәлик (Алла оған разы болсын) жеткізген хадисте:

أنَّ النَّبيَّ صلَّى اللهُ عليه وسلَّم كَانَ إِذَا قَدِمَ مِن سَفَرٍ، فنَظَرَ إِلَى جُدُرَاتِ المَدِينَةِ، أَوْضَعَ رَاحِلَتَهُ، وَإِنْ كَانَ عَلَى دَابَّةٍ حَرَّكَهَا؛ مِن حُبِّها 

«Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сапардан оралып, Мәдина қаласының қабырғаларын көрген кезде, оған деген сүйіспеншілігінен мінген түйесін жылдам жүргізетін. Ал егер басқа көлікке мінген болса, оның да жүрісін тездететін», – деген (имам Бұхари).

Хадистің түсіндірмесінде бұл әрекет Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мәдинаға деген сүйіспеншілігінен туындағаны баяндалады. Хафиз ибн Хажар Асқалани (Алла оны рақымына алсын) осы хадисті түсіндіре отырып: «Бұл хадисте Мәдинаның артықшылығына, сондай-ақ туған мекенді сүю мен оны сағынудың шариғатта құпталған іс екеніне дәлел бар», – деген.

Имам Ибн Баттал әл-Мәлики (Алла оны рақымына алсын) Сахих әл-Бұхари еңбегіне жазған түсіндірмесінде былай деген: «Хадистегі «Оған деген сүйіспеншілігінен» деген сөздің мағынасы – Мәдина оның Отаны болғандықтан әрі онда өзі үшін ең сүйікті адамдар саналатын отбасы мен бала-шағасы тұрғандықтан дегенді білдіреді. Алла Тағала адам жаратылысына туған жерін сүю мен оны сағыну сезімін дарытқан. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) да осылай жасаған. Оның бұл ісінде біз үшін ең көркем үлгі-өнеге бар. Сондай-ақ Алла Елшісі үмбетіне сапарлары аяқталған соң отбасыларына тезірек оралуды бұйырған». 

Туған жерге деген сүйіспеншілік адам бойындағы табиғи сезім. Алайда бұл сүйіспеншілік тек сағынышпен немесе жылы сөзбен шектелмеуі тиіс. Адам туған жерінің қадірін оның тыныштығын сақтаумен, халқына пайда тигізумен, елінің дамуына үлес қосумен көрсетеді. Расында, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Меккеге деген сағынышы жүрегінен бір сәт те кеткен емес. Меккеден келген әрбір адамнан сол қасиетті қала туралы сұрап, туған жерінің хабарын естіген сайын жүрегі сағыныштан толқып, оған деген аңсары арта түсетін. 

Қисса  

Һузәйл тайпасынан шыққан Усәйл есімді кісі Меккеден Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алдына келгенде, Пайғамбарымыз одан:

– Уа, Усәйл! Меккені қандай күйде қалдырып келдің? – деп сұрады. Сонда Усәйл:

– Уа, Алланың Елшісі! Мен Меккеден шыққанымда оның кең жазықтары аппақ болып, тау шатқалдары жасыл желекке бөленіп тұрған еді. Сәләм ағаштары қызғылт түсті жеміс беріп, изхир шөптерінің түптері шоғырланып, сумам өсімдіктері иіліп, майысып өскен еді, – деп жауап берді.

Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Уа, Усәйл! Жүректер тыныштық тапсын, оларды Меккеге деген сағынышқа бөлеме! – деген екен. 

Екінші: Отанның тыныштығы – Алланың ұлы нығметі 

Адам баласы үшін бейбіт өмір мен қауіпсіз мекеннің орны ерекше. Өйткені тыныштық орнаған жерде халық алаңсыз еңбек етеді, ұрпақ білім алады, отбасы берекелі ғұмыр кешеді, құлшылық жасауға қолайлы жағдай қалыптасады. Қасиетті Құранда Алла Тағала Ибраһим пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) дұғасын былай баяндайды: 

وَإِذْ قَالَ إِبْرَاهِيمُ رَبِّ اجْعَلْ هَٰذَا الْبَلَدَ آمِنًا وَاجْنُبْنِي وَبَنِيَّ أَن نَّعْبُدَ الْأَصْنَامَ 

«Кезінде Ибраһим: «Уа, Раббым! Мына елді мекенді бейбіт мекен еткейсің! Мені де, бала-шағамды да пұттарға табынудан аулақ қылғайсың!» – деп дұға еткен еді» («Ибраһим» сүресі, 35-аят).

Аятқа назар аударсақ, Ибраһим пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) ең алдымен елінің қауіпсіздігін тілеп, Алла Тағалаға дұға жасаған. Бұл ел тыныштығының адам өміріндегі айрықша маңызын көрсететін өнеге. Алла Тағала Құрайыш қауымына берген нығметтерін еске салып: 

فَلْيَعْبُدُوا رَبَّ هَٰذَا الْبَيْتِ. الَّذِي أَطْعَمَهُم مِّن جُوعٍ وَآمَنَهُم مِّنْ خَوْفٍ 

«Осынау Үйдің (Қағбаның) Раббысына құлшылық етсін. Өйткені Раббылары оларды аштықтан һәм түрлі қауіп­қатерден сақтады», – деген («Құрайыш» сүресі, 3-4-аяттар).

Алла Тағала ризық пен қауіпсіздікті ерекше нығмет ретінде атап өткен. Расында, адам қаншалықты дәулетті болса да, елдің тыныштығы болмаса, сол байлықтың игілігін толық көре алмайды. Ал бейбіт елде қарапайым тіршілік кешудің өзі – үлкен бақыт. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

مَنْ أَصْبَحَ مِنْكُمْ آمِنًا فِي سِرْبِهِ ، مُعَافًى فِي جَسَدِهِ عِنْدَهُ قُوتُ يَوْمِهِ ، فَكَأنَّما حِيزَتْ لَهُ الدُّنْيَا 

«Кімде-кім өз орнында қауіпсіздікте, дені сау, бір күндік азығы жеткілікті күйде таңды атырса, оған бүкіл дүние берілгендей болады», – деген (имам Термизи).

Хадисте адам өмірінің үш үлкен игілігі аталған: қауіпсіздік, денсаулық және күнделікті ризық. Осы үшеуі болған адамда дүниенің үлкен нығметі бар деген сөз.

Бабаларымыз да бейбітшіліктің қадірін терең түсініп, «Бір күн ұрыс болған үйден қырық күн береке кетеді», «Ырыс алды – ынтымақ», – деп өсиет қалдырған. Ендеше, елдің тыныштығын бағалау, қоғамдық келісімді нығайту, адамдар арасында алауыздық туғызатын әрекеттерден сақтану әрбір мұсылманның маңызды міндеттерінің бірі. 

Үшінші: Отанға қызмет ету – ел алдындағы перзенттік жауапкершілік 

Туған елге деген сүйіспеншіліктің ең көркем көрінісі оның игілігі жолында адал қызмет ету. Елге қызмет ету тек белгілі бір лауазым иелерінің немесе мемлекет ісіндегі азаматтардың ғана міндеті емес. Әр адам өзінің кәсібі, білімі, қабілеті және еңбегі арқылы Отанының өркендеуіне үлес қоса алады. Алла Тағала қасиетті Құранда: 

وَقُلِ اعْمَلُوا فَسَيَرَى اللَّهُ عَمَلَكُمْ وَرَسُولُهُ وَالْمُؤْمِنُونَ 

«(Уа, Мұхаммед!) оларға айт: «Амал істеңдер! Істеріңді Алла да, Елшісі де, мүміндер де көреді», – деген  («Тәубе» сүресі, 105-аят).

Бұл аят адам баласын іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарауға үндейді. Мұсылман өзіне жүктелген міндетті адал атқарып, еңбегінің нәтижесін Алланың алдында есеп беретінін сезіне отырып бағалайды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

أَحَبُّ النَّاسِ إلَى اللهِ أنْفَعُهُمْ لِلنَّاسِ 

«Алла Тағалаға ең сүйікті адам – адамдарға ең көп пайдасын тигізетін адам», – деген (Табарани).

Қазақ халқының ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: 

Тән көмілер, көмілмес еткен ісім, 

Ойлайтындар мен емес бір күнгісін. 

Жұрт ұқпаса, ұқпасын жабықпаймын, 

Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін – деп, өзінің еңбегін болашақ ұрпақтың игілігіне арнағанын білдірген. Бұл сөзде елге қызмет етудің биік мұраты жатыр. Шынайы отансүйгіштік адамның жеке басының мүддесінен биік тұратын ортақ игілікті ойлауынан, кейінгі ұрпаққа пайдалы іс қалдыруынан көрінеді. Сондықтан туған елін сүйген мұсылман өз кәсібін адал атқарып, қоғамдық мүлікке ұқыпты қарап, айналасына пайдалы болып, елдің дамуына үлес қосуға талпынуы қажет. Мәселен, ұстаз шәкіртке сапалы білім беріп, ел болашағына қызмет етеді. Дәрігер науқастың денсаулығын қорғау арқылы қоғамға пайда тигізеді. Диқан жер өңдеп, халықтың ризық-несібесінің молаюына себепші болады. Кәсіпкер адал еңбек етіп, жұмыс орындарын ашады. Ғалым білім мен ғылымды дамытып, елдің рухани және зияткерлік әлеуетін арттырады. Ал ата-ана ұрпағына ізгі тәрбие беру арқылы Отанның ертеңін қалыптастырады. 

Төртінші: Туған жер ­­­– келешек ұрпаққа қалатын аманат 

Адам баласы бұл дүниеде белгілі бір уақыт өмір сүріп, кейінгі ұрпаққа өзінің ізін қалдырады. Сол себепті туған жердің қадірін білу бүгінгі игілікті пайдалану және оны келешек ұрпаққа аман жеткізу. Ата-бабаларымыз кең даламызды қоныс етіп, елдігін сақтап, ұрпағының болашағы үшін еңбек етті. Олардан бізге бай тарих, ана тіліміз, ұлттық дәстүріміз, рухани мұрамыз және туған жеріміз қалды. Осындай құндылықтардың қадірін білу ұрпақ алдындағы жауапкершілік болып табылады. Алла Тағала қасиетті Құранда: 

إِنَّ اللَّهَ يَأْمُرُكُمْ أَن تُؤَدُّوا الْأَمَانَاتِ إِلَىٰ أَهْلِهَا وَإِذَا حَكَمْتُم بَيْنَ النَّاسِ أَن تَحْكُمُوا بِالْعَدْلِ 

«Алла сендерге аманаттарды иелеріне қайтаруды және адамдар арасында билік айтқандарыңда әділ үкім шығаруды бұйырады», – деген («Ниса» сүресі, 58-аят).

Ислам діні жер бетіндегі тіршілікке жанашырлық танытуға, қоршаған ортаға қамқорлық жасауға үндейді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

ما مِنْ مُسْلمٍ يَغْرِسُ غَرْسًا أو يَزْرَعُ زَرْعًا فيَأْكُلُ منه طيرٌ و إنسانٌ إلا كان لَهُ بِهِ صَدَقَةً 

«Қандай да бір мұсылман ағаш отырғызып немесе егін егіп, одан құс не адам жейтін болса, сол үшін оған садақа сауабы жазылады», – деген (имам Бұхари).

Адамның табиғатқа жасаған игілігі де сауапты амал екенін аңғарамыз. Ағаш отырғызу, жерді көгалдандыру, суды үнемдеу, қоршаған ортаны таза ұстау туған жерге деген жанашырлықтың нақты көріністері. Елдің ертеңіне қамқор болу ұрпақ тәрбиесінен де басталады. Сондықтан баланың жүрегіне туған жерге деген сүйіспеншілікті, үлкенге құрмет пен кішіге ізетті, адал еңбек пен білімге құштарлықты сіңіру ата-ананың маңызды міндеті. Өйткені туған елінің тарихын танып, ана тілін құрметтеп, ата-бабасының өнегесін бойына сіңірген жас ұрпақ өз Отанының болашағына жауапкершілікпен қарайды. Халқымыз «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деп, келешекке пайдалы мұра қалдыруды өсиет еткен. Бұл даналық сөз жоғарыдағы хадистің мазмұнымен де үндеседі. 

Құрметті жамағат! 

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

بِسْمِ اللهِ تُرْبةُ أَرْضِنَا بِرِيقَةِ بَعضِنَا يُشْفَى سَقِيمُنَا بِإِذنِ رَبِّنَا 

«Алланың атымен! Жеріміздің топырағы арамыздағы біріміздің сілекейімен, Раббымыздың рұқсатымен науқасымызға шипа болады», – деген (имам Бұхари).

Имам Байдауи (Алла оны рақымына алсын) осы хадисті түсіндіру барысында: «Отан топырағының адамның табиғи қалпын сақтауға және зиянды әсерлерді қайтаруға ықпалы бар», – деген.

Омар (Алла оған разы болсын): «Алла Тағала елді мекендерді туған жерге деген сүйіспеншілік арқылы көркейтті», – деген.

Ендеше, туған елдің тыныштығына шүкір етуі сол тыныштықтың қадірін білу, елдің берекесін арттыратын істерге атсалысу, қоғамға пайдалы азамат болуға ұмтылу. Туған ел Алланың адам баласына берген ұлы нығметтерінің бірі. Оның тыныштығы ортақ – бақытымыз, бірлігі – берекеміз, болашағы баршамызға жүктелген – аманат. Туған жерді сүю оның тарихын құрметтеу, халқының қуанышына ортақтасу, қиыншылығына жанашыр болу, тыныштығын сақтау және өркендеуі жолында адал еңбек ету. Елге деген сүйіспеншілік жүректегі ізгі сезімнен басталып, халыққа пайдалы істер арқылы көрініс табады. Өйткені туған жердің қадірін білу – оның игілігіне қызмет етумен, бірлігін нығайтумен және келешегіне қамқор болумен өлшенеді. Халық қаһарманы, ұлы қолбасшы Бауыржан Момышұлы: «Өзінің ұлтын, елін, жерін сыйламаған адам өз ұлтын, елін, жерін мақтан тұта алмайды, ол сөз жоқ арамза, тексіз, әрі қаңғыбас», – деген.

Ендеше, бабаларымыздан мирас болып жеткен қасиетті Отанымыздың қадірін біліп, елдігімізді нығайтып, ынтымағымызды арттырып, кейінгі ұрпаққа берекелі аманат қалдыруға ұмтылайық!

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру