Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Адал еңбек – береке кілті

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі muftyatkz 09.10.2026 36 0 пікір
Адал еңбек – береке кілті

 

اَلْحَمْدُ لِلّٰهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ، وَالصَّلَاةُ وَالسَّلَامُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَصَحْبِهِ أَجْمَعِينَ، أَمَّا بَعْدُ

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.

Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

 

Дүние – тіршіліктің, бейнет пен кәсіп етудің мекені. Бұл дүниеде тек ақырет қамымен ғана айналысып, күнкөріс қамын мүлде тәрк ету мүмкін емес. Керісінше, күнкөріс – ақыретке жеткізетін себеп әрі оған жәрдемші. Өйткені дүние – ақыреттің егістігі әрі оған жеткізетін баспалдақ. Имам Ғазали (Алла оны рақымына алсын) бұл мәселені үш топқа бөліп қарастырады:

Бірінші: күнкөріс қамын ақырет қамынан артық қойған адам. Мұндай адам құрдымға кетушілердің қатарында.

Екінші: ақырет қамын бұл дүние ісінен артық қойған. Мұндай адам құтылушылардың қатарында.

Үшінші: орта жолды ұстанған адам. Ол күнкөріс қамын ақыреті үшін атқарады. Мұндай адам орта жолды ұстанушылардың қатарында.

Адам баласы тіршілікте ризық-несібесін іздеп, адал еңбек етуі қажет. Алайда күнкөріс жолында шектен шығып, бүкіл күш-жігерін тек дүние жинауға жұмсау немесе ешқандай әрекетсіз өзгеге масыл болу дұрыс емес. Сондықтан мұсылман адам дүниелік қажеттіліктерін ақыретіне жеткізетін себеп деп біліп, кәсіп пен еңбекте шариғат белгілеген әдептерді сақтауы тиіс.

Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:

وَابْتَغِ فِيمَا آتَاكَ اللَّهُ الدَّارَ الْآخِرَةَ ۖ وَلَا تَنسَ نَصِيبَكَ مِنَ الدُّنْيَا ۖ وَأَحْسِن كَمَا أَحْسَنَ اللَّهُ إِلَيْكَ ۖ وَلَا تَبْغِ الْفَسَادَ فِي الْأَرْضِ ۖ إِنَّ اللَّهَ لَا يُحِبُّ الْمُفْسِدِينَ

«Алланың өзіңе нәсіп еткен осынау байлықпен ақыреттегі мәңгілік бақыт мекеніне жетуге тырыс. Бұл дүниедегі несібеңді де ұмытпа. Алланың саған жақсылық жасағанындай, сен де өзгелерге жақсылық жаса. Жер бетінде бүліншілік жасауды көксеме! Шүбәсіз, Алла бұзақыларды әсте жақсы көрмейді», – деген («Қасас» сүресі, 77-аят).

Бұл аят мұсылманның дүние мен ақырет арасында тепе-теңдікті сақтау керектігін аңғартады. Адал кәсіппен айналысып, отбасының нәпақасын табу – дүниелік міндет болса, сол еңбекте Алланың разылығын көздеу, арамнан сақтану, ешкімнің ақысын жемеу – ақыретке азық болатын ізгі амал. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

إنَّ رُوحَ القُدُسِ نَفَثَ في رُوعِي، أنَّ نَفْسًا لَنْ تَمُوتَ حَتَّى تَسْتَكْمِلَ أَجَلَهَا ، وَتَسْتَوْعِبَ رِزْقَهَا ، فاتَّقوا اللهَ ، وأَجْمِلُوا في الطَّلَبِ ، ولا يَحمِلَنَّ أَحَدَكُم استبطاءُ الرِّزقِ أن يطلُبَه بمَعصيةِ اللهِ ، فإنَّ اللهَ تعالى لا يُنالُ ما عندَه إلَّا بِطاعَتِهِ

«Расында, Рухул-Қудус (Жәбірейіл) менің жүрегіме: «Ешбір жан өзіне белгіленген ғұмырын толық аяқтап, өзіне тиесілі ризығын түгел алмайынша өлмейді», – дегенді салды. Ендеше Алладан қорқыңдар әрі ризық іздеуде көркем жолды ұстаныңдар. Ризықтың кешігуі сендерді Аллаға күнә жасауға итермелемесін. Өйткені Алла Тағаланың құзырындағы нәрсеге Оған бойсұну арқылы ғана қол жеткізіледі», – деген (имам Табарани).

Жоғарыдағы хадис бізге ризық іздеуде шектен шықпай, немқұрайдылыққа да салынбай, орта жолды ұстануды үйретеді. Мұсылман адал несібесін байыппен іздеп, ризықтың кешіккеніне алаңдап, асығыстық танытпауы керек. Өйткені әр пенденің ризығы да, оның келетін уақыты да Алланың қалауымен белгіленген. Кейде адам күткен табысы дер кезінде келмегенде асығып, арам жолға бет бұруы мүмкін. Алайда ризықтың кешіккендей көрінуі – арамға баруға себеп болмауы тиіс. Адал ризық кешіксе де – берекелі, ал арам жолмен келген дүние мол көрінсе де – қайырсыз болуы мүмкін. Ризықтың белгіленуі әрекетсіз отыру деген сөз емес. Мұсылман Аллаға тәуекел ете отырып, адал себептерін жасап, еңбек етіп, кәсіп қылады. Бірақ қандай жағдайда да адалдықтан айнымайды. Өйткені мұсылман үшін маңыздысы – ризықтың көптігі емес, оның адалдығы мен берекесі. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

 خَيْرُ الكَسْبِ كَسْبُ يَدِ العَامِلِ إِذَا نَصَحَ.

«Кәсіптің ең қайырлысы – еңбек етушінің өз қолымен тапқан табысы, егер ол ісін адал әрі шынайы атқарса», – деген (имам Ахмад).

Омар (Алла оған разы болсын): «Сендердің ешқайсыларың ризық іздеуден қол қусырып: «Уа, Алла! Маған ризық бере гөр», – деп қана айтпасын. Өйткені сендер аспаннан алтын да, күміс те жаумайтынын жақсы білесіңдер», – деген.

Сондай-ақ Лұқман Хакім баласына былай өсиет айтқан: «Уа, балам! Адал кәсіппен еңбек етіп, кедейліктен өзіңді сақта! Өйткені кедейлікке ұшыраған адамның басына үш қасиет келеді: дінінде әлсіздік пайда болады, ақылында осалдық болады және адамгершілік қасиеті жоғалады. Ал осы үшеуінен де ауыры – адамдардың оны менсінбей, төмен санауы».

Бірінші: адал еңбек – ақырет азығы

Адам баласы бұл дүниеде тіршілік етіп, өзінің және отбасының қажеттілігін өтеу үшін еңбек етеді. Бірі сауда жасайды, бірі егін егеді, енді бірі түрлі кәсіппен айналысады. Алайда мұсылман үшін еңбек етудің мәні тек дүние жинап, материалдық қажеттіліктерін өтеумен шектелмейді. Егер адамның кәсібі адал болып, ниеті дұрыс болса, оның күнделікті еңбегі де сауапты амалға айналады. Адал еңбек етіп, бала-шағасына таза нәпақа жеткізу, ешкімге масыл болмай өз еңбегімен күн көру, тапқан табысын игілікке жұмсау мұсылманның жауапкершілігінің көрінісі. Осы тұрғыдан алғанда, адал кәсіп дүниелік қажеттілікті өтеп қана қоймай, адамның ақыретіне де пайдасын тигізеді. Алла Тағала қасиетті Құранда:

مَنْ عَمِلَ صَالِحًا مِنْ ذَكَرٍ أَوْ أُنْثَىٰ وَهُوَ مُؤْمِنٌ فَلَنُحْيِيَنَّهُ حَيَاةً طَيِّبَةً وَلَنَجْزِيَنَّهُمْ أَجْرَهُمْ بِأَحْسَنِ مَا كَانُوا يَعْمَلُونَ

«Мейлі ер болсын, әйел болсын, кімде-кім мүмін ретінде сауапты да игілікті істер атқарса, Біз оған міндетті түрде жақсы өмір сыйлаймыз. Сондай-ақ оларды дүниеде істеген істерін де жақсырақ сый-сияпатқа бөлейміз», – деген («Нахыл» сүресі, 97-аят).

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

دِينَارٌ أَنْفَقْتَهُ فِي سَبِيلِ اللَّهِ، وَدِينَارٌ أَنْفَقْتَهُ فِي رَقَبَةٍ، وَدِينَارٌ تَصَدَّقْتَ بِهِ عَلَى مِسْكِينٍ، وَدِينَارٌ أَنْفَقْتَهُ عَلَى أَهْلِكَ، أَعْظَمُهَا أَجْرًا الَّذِي أَنْفَقْتَهُ عَلَى أَهْلِكَ.

«Алла жолында жұмсаған бір динарың, құл азат етуге жұмсаған бір динарың, міскінге садақа етіп берген бір динарың және отбасыңа жұмсаған бір динарың бар. Осылардың ішінде сауабы ең үлкені – отбасыңа жұмсаған динар», – деген (имам Мүслим).

Олай болса, мұсылман үшін еңбек – тек күнкөрістің қамы емес, үлкен жауапкершілік. Маңдай термен табылған таза нәпақаның игілігін ата-ана, отбасы мен мұқтаж жандар көрсе, еңбектің жемісі дүниемен ғана шектелмейді. Сондықтан табыстың көптігінен бұрын оның адалдығы мен берекесіне, істің көлемінен бұрын ниеттің тазалығына мән берген жөн. Аз болса да адал несібе – арам араласқан мол дүниеден қайырлы. Дүние-мүлік бір күні артта қалады, ал Алланың разылығы үшін жасалған ізгі амалдың сауабы ақыретке азық болады. Ендеше, кәсібімізді адал атқарып, маңдай термен тапқан несібемізді өзімізге де, өзгеге де қайырлы етуге ұмтылған жөн.

 

Қисса

Имам Әузағи Ибраһим ибн Әдһәмді (Алла ол екеуін рақымына алсын) бір бума отынды мойнына көтеріп келе жатқанын көріп:

«Уа, Әбу Исхақтың әкесі Ибраһим ибн Әдһәм! Мұның не? Сені бұл бейнеттен құтқаратын бауырларың бар емес пе?» – деді.

Сонда Ибраһим ибн Әдһәм: «Мені қоя бер, уа, Әузағи! Өйткені маған жеткен хабар бойынша, кімде-кім адал ризық іздеу жолында қиыншылық көретін болса, оған жәннат міндетті болады», – деді.

Жоғарыда әңгімеде айтылғандай кез келген адам үшін адал еңбек етіп, кәсіп табу айып емес, тіпті ол үлкен ғалым не басшы болса да.

Екінші: адал еңбек – адал қоғам негізі

Адал еңбек адамның жеке игілігімен ғана шектелмейді, ол – тұтас қоғамның берекесі мен тұрақтылығына ықпал ететін маңызды құндылық. Әр адам өз кәсібіне жауапкершілікпен қарап, табысын адал жолмен тауып, міндетін сапалы атқарса, қоғамда сенім мен әділдік нығаяды. Сондықтан адал кәсіп пен маңдай термен келген ризық – берекелі өмірдің ғана емес, адал қоғам қалыптастырудың да негізі.

Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:

هُوَ الَّذِي جَعَلَ لَكُمُ الْأَرْضَ ذَلُولًا فَامْشُوا فِي مَنَاكِبِهَا وَكُلُوا مِن رِّزْقِهِ ۖ وَإِلَيْهِ النُّشُورُ

«Жерді сендерге бағындырып қойған да ол – Алла. Ендеше, оның төсінде емін-еркін жүріп-тұрыңдар һәм Алланың өздеріңе нәсіп еткен ризығынан жеңдер, игіліктеріңе жаратыңдар. Алайда (ақыр соңында) бәрің де Оның алдына барасыңдар», – деген («Мүлік» сүресі, 15-аят).

Ибн Масғуд (Алла оған разы болсын) былай деген: «Мен бос жүрген адамды көргенді ұнатпаймын: ол не дүниелік ісімен айналыспайды, не дініне қатысты іспен шұғылданбайды».

Ибраһим ибн Әдһәмнан (Алла оны рақымына алсын) адал саудагер мен құлшылыққа берілген адам туралы сұрағанда, ол: «Адал саудагер маған сүйіктірек. Өйткені ол күрес үстінде. Шайтан оған таразы мен өлшем кезінде, тауарды алу мен беруде оны азғырады. Ал шыншыл саудагер шайтанмен күреседі», – деп жауап берді.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

لَأَنْ يَأْخُذَ أَحَدُكُمْ أَحْبُلَهُ ثُمَّ يَأْتِيَ الْجَبَلَ فَيَأْتِيَ بِحُزْمَةٍ مِنْ حَطَبٍ عَلَى ظَهْرِهِ فَيَبِيعَهَا  فَيَكُفَّ اللَّهُ بِهَا وَجْهَهُ خَيْرٌ لَهُ مِنْ أَنْ يَسْأَلَ النَّاسَ أَعْطَوْهُ أَوْ مَنَعُوهُ

«Анығында сендердің біреулеріңнің арқан алып, тауға барып, иығына отын көтеріп келіп, базарда сатып, сол арқылы Алла Тағала оны мұқтаж қылмағаны – оған кейде беріп, кейде бермейтін адамдардан сұрағанынан әлде қайда қайырлы», – деген (имам Бұхари).

Шәкәрім Құдайбердіұлы:

Мақтан үшін мал жима, жан үшін жи,

Қазаққа көз сүзбестің қамы үшін жи.

Арың сатпа, терің сат, алалды ізде,

Ғибадат пен адалдық, ар үшін жи – деген.

Имам Ахмадқа (Алла оны рақымына алсын): «Мешітте немесе үйінде отырып: «Маған ризығым өзі келгенше ешқандай жұмыс істемеймін», – дейтін адам туралы не айтасыз?» – деп сұрайды.

Сонда имам Ахмад (Алла оны рақымына алсын): «Бұл – білімсіз адам. Ол Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ризығым найзамның көлеңкесінің астына қойылды», – деген сөзін естімеген бе?! Сондай-ақ Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құстар туралы айтқанда: «Олар таңертең аш күйінде ұшып шығып, кешке тоқ болып қайтады», – деген. Бұл жерде құстардың ризық іздеп таңертең ұшып шығатыны айтылған. Ал Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабалары құрлықта да, теңізде де сауда жасайтын және құрма бақтарында еңбек ететін. Біз үшін үлгі – солар», – деп жауап берді.

 

Қисса

Салман әл-Фариси (Алла оған разы болсын) Мәдәин қаласының басшысы болған. Осындай жоғары лауазымымен, яғни үлкен беделіне қарамастан, ол өз қолымен құрма жапырақтарынан бұйым тоқып, содан тапқан табысынан ғана жейтін.

Бірде Нұғман ибн Хумайд деген кісі Мәдәин қаласының басшысы Салманның (Алла оған разы болсын) үйіне кіргенде, елдің әміршісі бола тұра, оның өз қолымен құрма жапырағынан бұйым тоқып отырғанын көреді. Сонда Салман (Алла оған разы болсын) оған мына сөзін айтады: «Құрма жапырағын бір дирхамға сатып аламын да, одан бұйым жасап, үш дирхамға сатамын. Оның бір дирхамын қайтадан осы іске жұмсаймын – бұл менің негізгі қаражатым. Оның бір дирхамын отбасыма жұмсаймын, ал бір дирхамын садақа етіп беремін! Тіпті халифа Омар ибн әл-Хаттаб (Алла оған разы болсын) мені бұл істен тыйса да, оны тастамас едім!»

Сол секілді бір күні Әбу Қилаба да Салманның (Алла оған разы болсын) үйіне кіріп, оның қамырды өз қолымен илеп отырғанын көреді. Бұған таңғалған Әбу Қилаба: «Уа, Әмірші Салман! Бұл ісіңіз қалай болды?» – деп сұрайды. Сонда Салман (Алла оған разы болсын): «Қызметшімізді бір шаруаға жіберген едік. Оған екі жұмысты бірдей беруді қаламадық», – деп жауап берген екен.

 

Құрметті жамағат!

Адал еңбек – адамның абыройын асқақтатып, отбасына таза нәпақа жеткізетін, қоғамға пайдасын тигізетін ізгі қасиет. Мұсылман ризықтың Алладан екенін жүрегімен мойындай отырып, оның адал себептеріне жүгінеді, еңбек етеді, кәсіп қылады. Бірақ дүние табуды өмірінің түпкі мақсатына айналдырмайды. Керісінше, еңбек етуді отбасының алдындағы жауапкершілігі екендігін, өзгеге мұқтаж болмаудың және жақсылық жасауға мүмкіндік табудың жолы деп біледі.

Бірде теңізде қатты дауыл көтерілді. Кемеде Ибраһим ибн Әдһәм (Алла оны рақымына бөлесін) де бар еді. Кемедегілер оған: «Мына дауыл қаншалықты қатты?» – деп сұрайды. Сонда ол: «Бұл қатты дауыл емес. Нағыз ауырлық адамдарға мұқтаж болу», – деп жауап берген екен.

Алла Тағала қасиетті Құранда:

فَإِذَا قُضِيَتِ الصَّلَاةُ فَانتَشِرُوا فِي الْأَرْضِ وَابْتَغُوا مِن فَضْلِ اللَّهِ وَاذْكُرُوا اللَّهَ كَثِيرًا لَّعَلَّكُمْ تُفْلِحُونَ

«Намаз өтелген соң, жер бетіне тараңдар және (адал кәсіп қылып) Алланың шексіз шарапатынан ризық-несібелеріңді іздеңдер. Бұған қоса, Алланы көп еске алыңдар, сонда (екі дүниеде де қор болудан) құтылып, мақсат-мұраттарыңа жетерсіңдер», – деген («Жұма» сүресі, 10-аят).

Бұл аятта құлшылықтан кейін жер бетіне тарап, Алланың кеңшілігінен несібе іздеуге үндейді. Яғни мұсылманның өмірінде құлшылық пен еңбек бір-бірінен ажырамайды. Ол Раббысына құлшылық етіп қана қоймай, өзіне жүктелген дүниелік міндеттерін де адал атқарады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

مَا أَكَلَ أَحَدٌ طَعَامًا قَطُّ خَيْرًا مِنْ أَنْ يَأْكُلَ مِنْ عَمَلِ يَدِهِ، وَإِنَّ نَبِيَّ اللَّهِ دَاوُدَ عَلَيْهِ السَّلَامُ كَانَ يَأْكُلُ مِنْ عَمَلِ يَدِهِ

«Ешбір адам өз қолының еңбегімен тапқан тағамнан қайырлы ас жеген емес. Расында, Алланың пайғамбары Дәуіт (оған Алланың сәлемі болсын) те өз қолының еңбегімен тапқанынан жейтін болған», – деген (имам Бұхари).

Хазіреті Омар (Алла оған разы болсын) ағаш егіп жатқан сахабалардың бірінің жанынан өтіп бара жатып: «Ісіңді дұрыс жасап жүр екенсің. Адамдарға мұқтаж болма! Бұл – дініңді жақсырақ сақтауыңа әрі адамдардың алдында абыройыңның артуына себеп болады», – деді.

Құнанбай қажы мынадай өсиет қалдырған екен: «Абырой, атақ алу үшін – ең алдымен адалдық керек, ешкімді ала көрмей, адалына болысу, кемтарға жәрдемдесу керек дегенді ертеден ойыма бекіттім... Өзіме елді қаратып, ел басшысы болғаннан кейін, қате кетпесе, біле тұра қиянат жасап, арамды қолдаған, момын, жетім-жесірді жылатқан жерім болған жоқ. Мен адалдыққа, көпке сүйендім. Олар мені қиыннан құтқарды. Мені ел – адал, әділ деген атаққа бөледі. Менің көргенімдей жағдайға ұшырасаң, ақты жақта, жетім-жесірге, жылағанға болыс, жәрдем ет!».

Хазіреті Әли ибн Әбу Талиб (Алла оған разы болсын): «Көркем мінез үш қасиетпен келеді: арамнан аулақ болу, адалды талап ету және отбасына кеңпейілді болу», – деген екен.

Алла Тағала баршамызға адал кәсіп, таза ризық нәсіп етіп, еңбегімізге береке бергей! Бізді харамнан сақтап, адал еңбегімен елге пайдасын тигізетін құлдарынан болуды нәсіп еткей! Қасиетті жұма күнгі дұға-тілектеріміз қабыл болғай!

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру