Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ПАЙҒАМБАРЛАРҒА ИМАН КЕЛТІРУ

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі muftyat.kz 04.07.2025 940 0 пікір
ПАЙҒАМБАРЛАРҒА ИМАН КЕЛТІРУ

الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауат пен сәлем болсын!  

 

Пайғамбарларға иман келтіру иман негіздерінің бірі болып табылады. Шариғатта елші және пайғамбар деген ұғымдар бар. Елші (Расул) – Алла тарапынан адамдарға жіберіліп, уахи арқылы жаңа шариғатты адамдарға жеткізуге бұйырылған.  Ал Пайғамбар (Нәби) – Алла тарапынан уахи етілген, бірақ ол жаңа шариғатты адамдарға жеткізуге бұйырылмаған. Оған адамдарға бұрынғы шариғатты жеткізу міндеттелген. Алла Тағала Құран Кәрімде:

آَمَنَ الرَّسُولُ بِمَا أُنْزِلَ إِلَيْهِ مِنْ رَبِّهِ وَالْمُؤْمِنُونَ كُلٌّ آَمَنَ بِاللَّهِ وَمَلَائِكَتِهِ وَكُتُبِهِ وَرُسُلِهِ لَا نُفَرِّقُ بَيْنَ أَحَدٍ مِنْ رُسُلِهِ

«Пайғамбар өзіне Раббы тарапынан түсірілгенге иман келтірді. Мүминдер де барлығы: Аллаға, періштелерге, кітаптарға және пайғамбарларға иман келтірді. Олар «біз елшілердің араларын айырмаймыз» деді», – деген («Бақара» сүресі, 285-аят). 

Пайғамбарларға иман келтіру – иманның негізгі жеті тірегінің бірі. Бұл – Алланың таңдаған елшілері мен пайғамбарларының барлығына күмәнсіз сену, олардың Алладан уахи арқылы алып келген ақиқат жолын қабылдау деген сөз. Алла Елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Жәбірейіл періште (оған Алланың сәлемі болсын) иман жайында сұрағанда, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

أَنْ تُؤْمِنَ بِاللَّهِ وَ مَلَاَئِكتِهِ وَ رَسُلِهِ وَ كُتُبِهِ وَ الْيَوْمِ الْآخِرِ وَ الْقَدَرِ خَيْرِهِ وَ شَرِّهِ 

«Иман – «Аллаға, періштелеріне, кітаптарына, елшілеріне, ақырет күніне, тағдырға, оның жақсылығы мен жамандығына сенуің», – деп жауап берген (имам Мүслим).

Адамдардың ақыл-санасының деңгейі әртүрлі болғандықтан, олар Алланың әмірі мен тыйымдарын ақыл, сана-сезімдері арқылы біле алмайды. Міне, сондықтан, Алла Тағала әр заманда өз араларынан қауымды үйрететін, тура жол нұсқайтын, ескертуші пайғамбарлар жіберіп отырды. Пайғамбардың адам баласына жіберілуі – Алланың адамзатқа берген үлкен нығметі. Алла қаласа пайғамбарды періштеден де жіберер еді. Бірақ адам баласы періштенің істегенін ешқашан істей алмайды және оны үлгі тұта алмас та еді. Періште дегеніміз шаршамайды, ұйықтамайды, ішпейді, жемейді, күндіз-түні құлшылық етуден жалықпайды. Ал адам баласы бұған шамасы жетпесі айдан-анық. Қала берді пенде: «Бұл періште ғой?! Біз оған құлшылық пен тіршілікте ілесе алмаймыз», – деп сылтау айтар еді. Сондықтан да пайғамбар адамдардың өз ішінен таңдалып, оларға үлгі етілді. Оның жасағанын, құлшылығын, дүниелік ісін жасауға шамамыз жетеді. Алла Тағала қасиетті Құранда:

لَقَدْ كَانَ لَكُمْ فِي رَسُولِ اللَّهِ أُسْوَةٌ حَسَنَةٌ لِّمَن كَانَ يَرْجُو اللَّهَ وَالْيَوْمَ الآخِرَ وَذَكَرَ اللَّهَ كَثِيرًا

«Расында сендер үшін, Алланы және ақырет күнін үміт еткендер мен Алланы көп еске алған кісілер үшін Алланың Елшісінде көркем үлгі-өнегелер бар», – деп айтқан («Ахзаб» сүресі, 21-аят).

Бірінші: Алла әр қауымға пайғамбар жіберген

Алла Тағала Өзінің хикметімен, мейірімімен адамзатты жаратқан соң, оларды қараусыз, жетекшісіз қалдырмады. Қайта үмметке тура жолды көрсету үшін пайғамбарларын жіберіп отырды. Бұл – Алланың әділдігі мен шексіз рақымының белгісі. Алла Тағала қасиетті Құранда:

وَلَقَدْ بَعَثْنَا فِي كُلِّ أُمَّةٍ رَسُولًا أَنِ اعْبُدُوا اللَّهَ وَاجْتَنِبُوا الطَّاغُوتَ

«Расында әр үмметке: «Аллаға құлшылық етіңдер, қарсы шығудан аулақ болыңдар» дейтін елші жібердік», – деген («Нахыл» сүресі, 36-аят).

Адамзатқа жіберілген күллі пайғамбар адамдарды Алланың бар және бір екендігіне, Оған ешбір нәрсені серік қоспастан құлшылық етуге, ақырет күніне, қайта тірілу мен есеп күніне, Жаратушының пайғамбарларына, жәннат пен жәһәннамның хақ екендігіне сенуге шақырды. Бұл жайында Алла Тағала Құранда:

وَمَا أَرْسَلْنَا مِنْ قَبْلِكَ مِنْ رَسُولٍ إِلَّا نُوحِي إِلَيْهِ أَنَّهُ لَا إِلَهَ إِلَّا أَنَا فَاعْبُدُونِ

«(Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)) Сенен бұрын бір пайғамбар жіберсек оған: «Күдіксіз Менен басқа ешбір тәңір жоқ. Онда Маған ғана құлшылық етіңдер», деп қана уахи етіп жібердік», –  деген («Әнбия» сүресі, 25-аят).

Ықылым заманнан бері жер бетіне Алланың бұйырған тура жолын уағыздаушы пайғамбарлар келді. Бұл жайында Алла Тағала қасиетті Құранда:

تَاللَّهِ لَقَدْ أَرْسَلْنَا إِلَى أُمَمٍ مِنْ قَبْلِكَ فَزَيَّنَ لَهُمُ الشَّيْطَانُ أَعْمَالَهُمْ فَهُوَ وَلِيُّهُمُ الْيَوْمَ وَلَهُمْ عَذَابٌ أَلِيمٌ

«Аллаға серт! (Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)) расында сенен бұрын да үмметтерге елшілер жіберген едік. Сонда да шайтан оларға өз қылықтарын әдемі көрсетті. Сондықтан бүгін де ол, олардың досы. Оларға күйзелтуші азап бар», – деген («Нахыл» сүресі, 63-аят).

Бірақ пайғамбар жіберілмеген қауымды Алла жазаламайды. Себебі Алла Тағала пендесін жазықсыз жазалаудан пәк. Алла әуелі өзін таныту үшін түрлі жол көрсетеді, пайғамбар жібереді, мұғжиза көрсетеді. Бұған да сенбесе, онда  бұйыру мағынасындағы уахилер түсіреді, ол да әсер етпесе, тозаққа тастайтындығын білдіреді. Иә, мұның бәрі сайып келгенде, Жаратушының пайғамбар жіберілместен ешкімді жазаламайтын шексіз әділдігінің белгісі. Алла Тағала Құранда:

وَمَا كُنَّا مُعَذِّبِينَ حَتَّى نَبْعَثَ رَسُولًا

«Біз бір пайғамбар жібермейінше азаптамаймыз», – деген («Исра» сүресі, 15-аят).

Имам әт-Табари бұл аятты: «Біз ешбір елді, ешбір қауымды пайғамбар арқылы ақиқатты түсіндірмей, оларды ескертпей тұрып жазаламаймыз. Әуелі оларға елшілер жіберіп, дұрыс пен бұрысты, иман мен күпірлікті ашық баяндаймыз. Осыдан кейін ғана ақиқатты қабылдамағандарға жаза беріледі. Ал егер ескерту, түсіндіру жетпесе, онда оларды азаптау әділетсіздік болар еді. Ал Алла әділетсіздік жасамайды», – деп түсіндірген.

Екінші: пайғамбарлардың сипаты

Жер бетіне жіберілген пайғамбарлардың өзге адамдардан айрықша ететін кейбір ерекшеліктері бар. Олар да адам болғанымен елшілік қызметіне орай мынадай сипаттарға ие екендігін ғалымдарымыз Құран аяттарына сүйене отырып, бірауыздан қабыл еткен.

  1. Сидқ – шыншылдық, туралық. Әрбір пайғамбар – шыншылдық пен туралықтан айнымайтын ұлы тұлғалар. Олар өмірлерінде ешқандай да өтірік айтпайды. Яғни, пайғамбарлығынан бұрын да, пайғамбар болғаннан кейін де тек туралықты, адалдықты, шыншылдықты ту етіп ұстанған. Пайғамбарлардың өткен-кеткен оқиғаларды баяндауы болсын, келешекпен байланысты оқиғаларды айтқан сөзінде болсын ешбір жалғандық болмайды. Пайғамбарлардың сөзінде өтірік бар деп айту әбестік болады. Құранда Алла Тағала пайғамбарлардың бұл қасиетін былай деп келтіреді:

وَاذْكُرْ فِي الْكِتَابِ إِبْرَاهِيمَ إِنَّهُ كَانَ صِدِّيقًا نَبِيًّا

«Кітаптағы Ибраһимді есіңе ал. Негізінде ол турашыл (сидқ) пайғамбар еді», – деген («Мариям» сүресі, 41-аят).

Адамзаттың асыл тәжі болған Хазіреті Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмір тарихына бір сәт көз жүгіртіп қарайтын болсақ, әуелі «Мухаммаду әл-Әмин» деген атпен танымал болған кіршіксіз келбетін көреміз. Мүшріктердің өзі Хазіреті Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарлыққа дейін де, кейін де өмірінде ешбір жалған сөйлемегеніне куә болған.

 

Қисса

Бірде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хақ дінді алғаш рет меккеліктерге ашық түрде жариялау үшін Сафа тауына шығып: «Уа, Құрайыш жұрты! Сіздерге мына төбенің артында дұшпан әскерінің келе жатқанын айтсам, сенетін бе едіңіздер?» – деген кезінде, жиналған қауым бірауыздан: «Әрине, сенеміз. Өйткені сенің жалған сөйлегеніңді естіген емеспіз», – деп жауап берген болатын.

  1. Аманат сенімді деген ұғымды білдіреді. Демек пайғамбарлардың екінші бір сипаты, ерекшелігі өте сенімді тұлға болуы. Пайғамбарлар өздеріне пайғамбарлық міндет келгенге дейін және пайғамбар болғаннан кейін де ешқандай қиянатшылдық жасамаған, жасағандықтары жайлы деректер де жоқ және ондай деректерді кездестіру де мүмкін емес. Себебі Құранда пайғамбарлардың бұл ерекшеліктерін:

وَمَا كَانَ لِنَبِيٍّ أَنْ يَغُلَّ

«Пайғамбар үшін аманатқа қиянат істеу мүмкін емес», – деп келтіреді («Әли Имран» сүресі, 161-аят).

Пайғамбарлар Алладан келген уахиге қиянат етуі былай тұрсын, елдің затына да қиянат етуден аулақ болған.

  1. Исмәт (күнәсіз) күнә істемейді деген ұғымды білдіреді. Олай болса, пайғамбарлар әсіресе, пайғамбар болғаннан кейін ешқандай күнә істемеген. Жоғарыда айтып өткеніміздей, пайғамбарлар Алланың бақылауында болғандықтан, олар үлкенді-кішілі күнәлардан және жалпы күнә жасау ұғымынан пәк болған.
  2. Фәтәнат (зерек, алғыр, ақылды) – пайғамбарларға тән ерекше ақылдылық һәм зеректік қабілет. Пайғамбарлардың мұндай ерекше парасат‑пайымға ие болуы – олардың Жаратушыдан жеткізген діни заңдылықтарды үмметтеріне жеткізіп, түсіндірудегі аса қажет қабілет екендігімен тікелей байланысты.
  3. Тәблиғ (жеткізу). Әрбір пайғамбардың Алладан келген діни үкім мен тыйымдарын өз қауымына кемшіліксіз жеткізу ісін «тәблиғ» деп атаймыз. Тәблиғ пайғамбарлардың дінді жаю жолындағы ең басты әрекеті болып есептеледі. Егер олар Жаратушыдан жеткен бүкіл әмір мен тыйымдарды адамдарға айна-қатесіз жеткізбесе, өз ісіне қиянат жасаған болып табылады. Алла Тағала қасиетті Құранда:

يَا أَيُّهَا الرَّسُولُ بَلِّغْ مَا أُنْزِلَ إِلَيْكَ مِنْ رَبِّكَ وَإِنْ لَمْ تَفْعَلْ فَمَا بَلَّغْتَ رِسَالَتَهُ

«Уа, Пайғамбар! Раббың тарапынан түсірілгенді жеткіз. Егер оны істемесең, елшілік міндетін жалғастырмаған боласың...», – деген («Мәйдә» сүресі, 67-аят).

Бұл – Алла Тағаланың Пайғамбарымыз Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұйырған ең ұлы, ең маңызды әмірлерінің бірі. Ол – Алладан түсірілген уахиды толық, кемшіліксіз жеткізу бұйрығы. Бұл әмірдің аясында үмметке Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жеткен барлық нәрсе кіреді. Мысалы, иман негіздері мен сенім жүйесі, амалдар мен құлшылықтар, сөздер мен өнегелер, шариғат үкімдері.

Пайғамбарлық ұлық мақсат тәблиғ (Алланың үкімінін қауымына жеткізу) арқылы жасалады. Олар барынша шыншыл, аманатшыл болғандықтан, Алладан қандай мағынада болсын уахи түссе, оны сол күйінде жұртшылыққа жеткізу пайғамбарлардың ең басты асыл парызы. Демек, тәблиғ мәселесінде пайғамбарлар аяттарды мүлтіксіз жеткізген және оған біздің мысқалдай да күмәніміз жоқ. Ал Құранда бұл жөнінде:

وَمَا كَانَ لِرَسُولٍ أَنْ يَأْتِيَ بِآيَةٍ إِلَّا بِإِذْنِ اللَّهِ لِكُلِّ أَجَلٍ كِتَابٌ

«Ешбір пайғамбар Алланың рұқсатынсыз бір аят келтіре алмайды. Әр нәрсенің мезгілі (кітапта) жазулы», – деген («Рағыд» сүресі, 38-аят).

Үшінші: Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алланың соңғы Елшісі

Пайғамбар жіберу Алланың әмірінде болса, оған иман келтіру – пенденің міндеті. Алла Тағала адамзатқа пайғамбарлар жіберіп, Өз заңдылықтарын үйретті. Сол пайғамбарлардың соңғысы Хазіреті Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бүкіл адамзат пен жын атаулыға жіберілді. Ал Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеден озған соң, пайғамбарлық міндет ұғымы (яғни пайғамбар келу мәселесі) біржола тоқтады. Соңғы елші Хазіреті Мұхаммедтен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) соң қияметке дейін пайғамбар келмейді. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

مَثَلِي ومَثَلُ الأنْبِيَاءِ مِن قَبْلِي كَمَثَلِ رَجُلٍ بَنَى بُنْيَانًا فأحْسَنَهُ وأَجْمَلَهُ، إلَّا مَوْضِعَ لَبِنَةٍ مِن زاوِيَةٍ مِن زَواياهُ، فَجَعَلَ النَّاسُ يَطُوفُونَ بِهِ ويَعْجَبُونَ لَهُ وَ يَقُولُونَ: هَلّا وُضِعَتْ هذِهِ اللَّبِنَةُ قالَ فأنا اللَّبِنَةُ، وأنا خاتَمُ النبيِّينَ

«Менің және менен бұрынғы пайғамбарлардың мысалы мынадай: Бір адам бір әсем ғимарат тұрғызды. Ол үйді өте жақсы, көркем етіп салып бітірді. Тек сол ғимараттың бір бұрышында бір ғана кірпіштің орны бос қалды. Адамдар сол үйді айналып қарап, оның көркемдігіне таң қалып: «Шіркін, мына жетіспей тұрған кірпіш қойылса, бәрі толық болар еді ғой!» – дейді. Міне, мен сол жетіспеген кірпішпін, әрі мен – пайғамбарлардың соңғы мөрімін», – деген (имам Бұхари).

Алла Елшісі Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) барлық пайғамбарлар мен елшілердің соңғысы. Оларға Алланың сәлемі болсын! Алла Тағала оны адамзатқа иманның негізін толықтай аяқтау және тура жолды кемеліне жеткізу үшін жіберді. Осылайша, Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келуімен адамзатқа шынайы бақыттың жолын жарық ететін нұр толығымен түсті, көркем мінез-құлық кемеліне жетті, ақиқат пен әділеттің негізі толықтай орнықты. Пайғамбарлық дәл сол сәтте аяқталды.

Осы хадисте Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзі мен өзінен бұрынғы пайғамбарлардың орнын мысал арқылы түсіндіреді: Алла Тағала бұрынғы пайғамбарларды тура жолға, ғылымға және адамдарға пайда тигізетін істерге шақыру үшін жіберді. Бұны бір адам салып жатқан әсем үйге теңейді. Үйдің сырт бейнесі өте көркем, үйлесімді болғанымен, бір бұрышында бір кірпіштің орны бос қалады. Хадисте келген «ләбина» сөзі «кірпіш» деген мағананы білдіреді. Яғни лайдан жасалып, құрылысқа дайындалған кесек. Адамдар сол үйді айналып жүріп: «Шіркін, мұнда жетіспей тұрған кірпіш қойылса, үй барынша көркем, толық болар еді», – деп таңырқайды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сол жетіспей тұрған кірпіштің өзі екенін айтты. Оның келуімен сол үй толықтай аяқталып, көркемдік кемеліне жетті. Яғни, Мұхаммед (оған Аллланың салауаты мен сәлемі болсын) – бұрынғы пайғамбарлар бастаған иманның, діннің құрылысының соңғы толықтаушысы. Оның келуімен Алланың барлық бұйрықтары, шариғат жүйесі кемеліне жетті. Әрине бұл жерде, бұрынғы діндер мен шариғаттар кем немесе толық емес деген ұғым жоқ, әрбір пайғамбар өз заманында өз үмбетіне лайық толық шариғат әкелген. Алайда Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шариғаты – барлық кезеңге, Қияметке дейін өмір сүретін адамзатқа арналған ең толық әрі соңғы дін. «Мен – пайғамбарлардың соңғысымын. Менен кейін пайғамбар болмайды», – деді Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын).

 

Құрметті жамағат!

Алла Тағала тарапынан жіберілген әрбір елшіге иман келтіру – біздің міндетіміз. Пайғамбарлар да – адам баласы. Олар жәннатпен сүйіншілеуші, тозақ оты жайлы ескертуші және тура жолға бастаушы етіп жіберілген. Жер бетіне хақ дінді жеткізу үшін жіберілген пайғамбарлардың нақты саны белгісіз. Алайда Құранда тек 25 пайғамбардың есімі аталады. Сондықтан біз Адам атадан (оған Алланың сәлемі болсын) бастап, Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарға дейін келіп-кеткен барлық пайғамбарға толық иман келтіреміз. Олардың арасын бөліп жармаймыз.

Алла Тағала пайғамбарларға ерекше қасиет берген. Оны мұғжиза деп айтамыз. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:

وَمَا كَانَ لِرَسُولٍ أَنْ يَأْتِيَ بِآيَةٍ إِلَّا بِإِذْنِ اللَّهِ

«Ешбір елші Алланың рұқсаты болмайынша аят (мұғжиза, белгі) келтіре алмайды», – деген («Ғафир» сүресі, 78-аят).

Қорыта айтқанда, пайғамбарлардың бәрі – шыншыл, аманатқа берік, Алланың әмірлері мен тыйымдарын толық жеткізуші, өте зерек және күнә жасамайтын адамдардың арасына жіберілген елшілер. Осы айтылған пайғамбарларға міндетті болған сипаттарды әрқайсымыз білуіміз керек.

Жаратқан Алла иманымызды кәміл етіп, екі дүние бақытын нәсіп еткей!

 

 

 

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру