الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد
Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.
Аса рақымды ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймыз.
Неке – Жаратқан Алланың ерекше рақымы мен хикметіне толы ұлы нығметі. Ол адамзаттың табиғатына сай жаратылған, жүрек пен жанды тәрбиелейтін, ақыл мен рухты кемелдендіретін иләһи жүйе. Бұл байланыс – ер мен әйел арасындағы тек материалдық келісім емес, керісінше, Алла разылығы үшін құрылған, өзара махаббат пен мейірімге, сенім мен құрметке, сабыр мен жауапкершілікке негізделген рухани келісім. Қасиетті Құранда Алла Тағала былай дейді:
وَمِنْ آيَاتِهِ أَنْ خَلَقَ لَكُم مِّنْ أَنفُسِكُمْ أَزْوَاجًا لِّتَسْكُنُوا إِلَيْهَا وَجَعَلَ بَيْنَكُم مَّوَدَّةً وَرَحْمَةً إِنَّ فِي ذَلِكَ لَآيَاتٍ لِّقَوْمٍ يَتَفَكَّرُونَ
«Сондай-ақ Оның (құдіретінің шексіздігін көрсететін) айқын дәлелдерінің бірі – оларға бауыр басып, жандарың жай тапсын деп, сендер үшін өз болмыстарыңнан жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік һәм мейірім сезімін ұялатқандығы. Міне, осының өзінде ақылға салып ойланатын қауым үшін айқын дәлелдер мен талай ғибрат бар» («Рум» сүресі, 21-аят).
Имам әл-Қуртуби мен Ибн Касирдің (Алла оларды рақымына алсын) тәпсірлерінде бұл аятты терең талдай келе, «өздеріңнен» деген сөзді: «бір жаратылыстан» деп түсіндірген. Кейбір деректерде бұл «Хауа анамыздың Адам пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) қабырғасынан жаратылуы» ретінде деп түсіндіріледі. Бұл жерден ер мен әйел арасындағы байланыс бөтендік емес, бірін-бірі толықтыру үшін жаратылған табиғи үйлесім екендігін түсінеміз.
Ибн Касир (Алла оны рақымына алсын) атап өткендей, Алланың адамзатқа жасаған кемел рақымының бірі – олардың жұбайларын дәл өздерінен, яғни өз табиғаттарынан жаратуында. Бұл – ер мен әйелдің тек заңдық байланысы емес, табиғи жақындық арқылы бірігуін қамтамасыз ететін жүйе. Алла Тағала ер мен әйелдің арасына «мәуәддә» (сүйіспеншілік) және «рахма» (мейірім) салды. Бұл – адамдық қатынастың, некелік өмірдің іргетасын құрайтын қос құндылық. Сүйіспеншілік – бастапқы тартылыс, рухани байланыс, ішкі сезім. Ал мейірім – уақыт өте қалыптасатын жанашырлық, ортақ өмірге құрмет пен төзімділік.
Ислам діні тек неке қию мен отбасы құруды насихаттап қана қоймай, сол некеге апаратын барлық жолдарды да үйретеді. Атап айтқанда: құда түсу, қалыңдыққа сөз салу (құдалық), неке шарттары, ер мен әйелдің бір-біріндегі құқықтары, мәһрдің берілуі секілді маңызды үдерістердің барлығы Исламда жан-жақты қарастырылған. Бұл үкімдер мен ережелер – отбасы институтын әділдікке, жауапкершілікке және рухани келісімге негіздеуді көздейтін Алланың кемел шариғатының ажырамас бөлігі. Дінімізде некенің маңызы зор. Оның өзіндік жолдары бар.
Неке сөзінің негізі – «никах» деген араб тілінен енген сөз. Тілдік мағынасы бірігу, қосылу дегенді білдіреді.
Шариғаттағы терминдік мағынасы – ер мен әйелдің төсек жақындығын адал ететін, әрі ортақ өмір кешіп, ұрпақ жалғастыруды қамтамасыз ететін келісім-шарт. Ал шариғатта үйленудің үкімі – бекітілген сүннет, яғни Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) істеген ісі.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде былай деген:
النِّكَاحُ مِنْ سُنَّتِي ، فَمَنْ لَمْ يَعْمَلْ بِسُنَّتِي فَلَيْسَ مِنِّي ، وَتَزَوَّجُوا فَإِنِّي مُكَاثِرٌ بِكُمْ الْأُمَمَ ، وَمَنْ كَانَ ذَا طَوْلٍ فَلْيَنْكِحْ ، وَمَنْ لَمْ يَجِدْ فَعَلَيْهِ بِالصِّيَامِ فَإِنَّ الصَّوْمَ لَهُ وِجَاءٌ
«Некелесу – менің сүннетім. Кімде-кім сүннетімнен бас тартса, менен емес. Үйленіңдер. Өйткені мен қиямет күні өзге үмбеттердің алдында сендердің көптіктеріңді мақтан етемін. Кімде-кім үйленуге шамасы жетсе, үйленсін. Үйленуге шамасы келмесе, ораза ұстасын. Өйткені ораза ол үшін қалқан болады» (имам Бұхари).
Некенің өзіндік парызы мен шарттары бар. Олар некенің толық болуы үшін өте маңызды. Некенің парызы екеу, оны рүкін деп атайды:
- Ұсыныс. Ердің не әйелдің аузынан шығатын үйлену сөзі. Мұны шариғатта «ижаб» дейді.
- Қабыл алу. Біріншісінің үйлену жөніндегі ұсынысын екіншісінің құп алуы. Мұны шариғатта «қабул» дейді.
Мысалы, жігіт қызға «маған тұрмысқа шығасың ба?» десе, бұл ұсыныс ретінде айтылып тұрғандықтан – ижаб, ал қыз «шығамын» деп разылығын білдірсе, екінші айтылып тұрғандықтан қабыл алу – қабул болып саналады.
Үйленуде екі жақтың разылығы керек, мұнсыз неке жүзеге аспайды. Сондықтан ұсыныс пен қабыл алу ішкі разылықтың көрінісі.
Жалпылама неке деп – ер мен әйелдің өзара келісімі арқылы отбасы құруға ниет білдіруін атаймыз. Неке – жоғарыда айтқанымыздай екі жақтың ұсынысы мен қабылдауынан тұратын, белгілі шариғи шарттар мен тіректер (рукн) орындалғанда ғана күшіне енетін келісім. Яғни, екі куәнің қатысуы, уәлидің (ата-ананың) рұқсаты, мәһрдің берілуі және басқа да шарттардың сақталуы арқылы неке шариғат бойынша заңды деп танылады. Қоғамда бұл рәсім «неке қию» деп аталады. Ал неке қиылмастан, яғни шариғи рәсімдерсіз құрылған «азаматтық неке» немесе өз бетінше отбасы боламыз деп уақытша тұру сынды қатынастар – біздің дінімізде де, ұлттық мәдениетімізде де құпталмайды.
Бұл мәселеге қатысты халқымыздың данасы Майқы би: «Еркек – тексіз болса, ел қадірін білмес, әйел – некесіз болса, ер қадірін білмес», – деп, отбасылық жауапкершілік пен шариғатқа сай некенің қоғамдағы орны мен маңызын терең меңзеген.
Неке қиып үйлену арқылы адам баласы өз мойнына үлкен жауапкершілік алады. Сондықтан бұл куәгерлердің алдында сөз байласып, серттесу рәсімімен бастау алады. Жұбайлардың әрі қарай өмірі берік қағидаға негізделеді. Олар бір-бірлері үшін сүттей ақ, судай мөлдір, барынша мейірімді әрі кешірімді болуы керек. Жұбайлар арасындағы отбасылық қарым-қатынас мәселесіне орай Алла Тағала:
وَعَاشِرُوهُنَّ بِالْمَعْرُوفِ
«Әйелдеріңмен жақсы тұрып, көркем мәміледе болыңдар», – деп («Ниса» сүресі, 19-аят) әмір еткен болса, Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
أَلاَ وَاسْتَوْصُوا بِالنِّساءِ خَيْرًا, فَإِنَّمَا هُنَّ عَوَانٍ عِنْدَكُمْ ...
«Әйелдеріңе жақсы қараңдар! Өйткені сендер шын мәнінде оларға жауаптысыңдар ...», – деген (Термизи 11).
Бұл хадисті Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Пайғамбарлық міндеттің маңызды кезеңдеріне жататын қоштасу құтпасында айтқан. Мұның өзі текке емес. Ең маңыздысы жұбайлардың отбасылық мәміледе бір-бірінің ақысын адал атқарып, Алланың тыйымдарынан тыйылуы. Бұл өз кезегінде Жаратушының ризалығына жетелейтін игі іс. Ал, керісінше бірін-бірі құрметтемесе, өз ақыларына немқұрайлы қарайтын болса, Алланың наразылығына себеп болуы мүмкін. Сондықтан некеден кейін өзара көркем қарым-қатынаста болып, бір-бірінің қадір-қасиетін бағалауға құлшыну керек. Тағы бір хадис шәрифте былай делінеді:
اَلدُّنْيَا مَتاعٌ وَخَيْرُ مَتَاعِهَا الْمَرْأَةُ الصَّالَحَةُ
«Бұл дүние – өткінші. Ондағы нығмет атаулының ең абзалы – салиқалы әйел» (Мүслим). Демек, салиқалы жұбайдың нәсіп болуы – Аллаға шүкірлік айтуға тиісті үлкен нығметтің бірі. Өйткені ол болашақ балаларымыздың, ұрпақтарымыздың анасы. Анасы жақсы болған жеткіншектің тәрбиесі де, иманы да көркем, инабатты, ізетті болары анық.
Үйленген соң өз жұбайымен жақсы қарым-қатынаста болу мұсылмандықтың көркем белгісі. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) иманның кемелдігі мінездің кемелдігімен, ал мінездің кемелдігі өз жұбайына көрсеткен сый-құрметпен өлшенетіндігін мына хадисінде баян етеді:
أَكْمَلُ المُؤْمنين إِيمَاناً أَحْسنُهُمْ خُلُقاً ، وَخِيارُكُمْ خيارُكمْ لِنِسَائِهِم
«Мүминдердің ішінде иманы ең кемелі мінезі көркем болғаны. Ал, мінезі ең көркем болғаны жұбайына жақсы мінез танытқаны» (Термизи).
Ер мен әйел бас қосып, ортақ шаңырақ құрғаннан кейін отбасы ішінде әрқайсысының өзіндік атқаратын қызметі мен жауапкершілігі бар. Егер де олар толық орындалмайтын болса, отбасының берекесі кетеді. Халқымызда: «Ері әйелін сыйласа – ердің бақыт тапқаны, ерін елі сыйласа – әйел бақыт тапқаны» деген қанатты сөз бар. Сондықтан ер мен әйел бір-біріне уәде беріп, үйленгеннен кейін серттерін жадында ұстап, отбасын күйреуден сақтап, жауапкершілікпен қараған жөн.
Ең әуелі үйленетін адам ниеттің дұрыстығына мән беру керек. Неке уақытша емес, өмір бақиға қиылады. Тіпті, осы дүниеде ғана емес, о дүниеде де бірге боламыз деген ниетпен қиылады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
عَنْ أَمِيرِ الْمُؤْمِنِينَ أَبِي حَفْصٍ عُمَرَ بْنِ الْخَطَّابِ - رضي الله عنه - قَالَ: سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ - صلى الله عليه وسلم - يَقُولُ: "إنَّمَا الْأَعْمَالُ بِالنِّيَّاتِ، وَإِنَّمَا لِكُلِّ امْرِئٍ مَا نَوَى، فَمَنْ كَانَتْ هِجْرَتُهُ إلَى اللَّهِ وَرَسُولِهِ فَهِجْرَتُهُ إلَى اللَّهِ وَرَسُولِهِ، وَمَنْ كَانَتْ هِجْرَتُهُ لِدُنْيَا يُصِيبُهَا أَوْ امْرَأَةٍ يَنْكِحُهَا فَهِجْرَتُهُ إلَى مَا هَاجَرَ إلَيْهِ.
Мұсылмандардың әміршісі Омар ибн Хаттаб (Алла оған разы болсын): «Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Әрбір іс ниетке байланысты. Расында, әрбір адам ниет еткеніне ғана қол жеткізеді. Кімнің һижреті (қоныс аударуы) Алла мен Расулі үшін болса, оның һижреті Алла мен Елшісі үшін жасалған болады. Ал, кімнің һижреті дүниеге қол жеткізу, не болмаса (ұнатқан) әйелмен үйлену үшін болса, оның һижреті сол мақсатта жасалған болады», – деп айтқанын естідім», – деген (Бұхари, Мүслим).
Демек, әрбір ісіміздің нәтижесі ниетке байланысты. Неке де солай. «Тұрып көрейік, болмаса ажырасып кетерміз», деген таяз түсінік болмауы қажет. Неке әу бастан дұрыс негізге қалануы тиіс. Некенің жалғасымды болуы үйленетін адамын дұрыс таңдаудан, шынайы оймен басталуы тиіс. Сол үшін некелесу алдында ізгі ниетте болу маңызды. Ал уақытша, өткінші қулық пен сұмдықтың жетегінде кету – күнә.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Некені жариялаңдар. Оны мешітте қиыңдар және өзгелерге естіртіңдер», – деген (Термизи). Сондықтан неке қиып, үйленген адам отбасы құрғаны жайында ағайын-туыс, жора-жолдасқа жариялауы керек. Ал, өз некесін жасыруды шариғат құптамайды. Сол үшін некені қуанышты күймен жариялау қажет.
Бесінші: ер мен әйелдің өз міндеттерін білуі
Ислам – адам өмірге келгеннен бастап, қандай жағдайда не істеу керектігін айқындап берген кәміл дін. Онда ерлі-зайыптылардың өзара ақылары мен құқықтары толыққанды қарастырылған. Бұл туралы қасиетті Құран Кәрімде былай делінеді:
الرِّجَالُ قَوَّامُونَ عَلَى النِّسَاءِ بِمَا فَضَّلَ اللهُ بَعْضَهُمْ عَلَى بَعْضٍ وَبِمَا أَنْفَقُوا مِنْ أَمْوَالِهِمْ فَالصَّالِحَاتُ قَانِتَاتٌ حَافِظَاتٌ لِلْغَيْبِ بِمَا حَفِظَ اللهُ
«Еркектер – әйелдерге басшы (һәм қорған). Өйткені Алла оларды бірін-бірінен артық етті. Сондай-ақ, олар дүние-мүліктерінен де (әйелдерге мәһір, нафақа береді) пайдаландырады. Ал, енді жақсы әйелдер – бойсұнушылар, олар Алла қорғауға бұйырған көмескі нәрселерді (абыройын) қорғаушылар» («Ниса» сүресі, 34)».
Қисса
Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірі – барша үмбетке өнеге һәм бағдар. Пайғамбарымыз құлшылық пен дүниелік тіршіліктің арасын үйлестіріп, әрдайым орта жолды ұстанған кемел тұлға. Төмендегі оқиға – сол өмірлік тепе-теңдіктің маңызын көрсететін тағылымды мысал.
Бірде үш сахаба Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үй ішіндегі жағдайын сұрап білу үшін үйіне келеді. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құлшылығын естігенде, Алла Тағала Пайғамбарымыздың өткені мен келешегін кешіріп қойған. Ал біз болсақ, оның жанында кімбіз деп, өздерінің құлшылықтарын аз санап, өзара:
– Бірінші кісі, мен өмір бойы ораза ұстаймын,
– Екінші кісі, мен түнімен ұйықтамай, намаз оқимын,
- Үшінші кісі, мен әйелге мүлде үйленбеймін, – деп, өздерін өмір бойы тақуалыққа арнамақ болып, серт береді.
Кейін бұл сөздер Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құлағына жеткенде, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әлгі сахабаларды шақырып, былай дейді:
«Алладан сендерден де қатты қорқатын – менмін. Бірақ мен ораза ұстаймын, ауыз ашамын; намаз оқимын, ұйықтаймын; әйелге үйленемін. Кім менің сүннетімнен бас тартса – ол менің үмбетімнен емес!» – деп ескерту жасайды (имам Бұхари).
Міне, бұл – шынайы тақуалықтың өлшемі: асыра сілтеу емес, сүннетке сай тепе-теңдік. Неке – сол тепе-теңдіктің бір тірегі. Үйленбеуді тақуалық санап, сүннеттен алшақтау – Алланың жолынан ауытқу. Сондықтан ер мен әйел бір-бірінің міндеті мен құқығын сыйлап, бақытты отбасының тірегі болуы тиіс.
Қадірлі жамағат!
Неке – жай ғана екі жастың бас қосуы емес, екі жүректің, екі тағдырдың тоғысуы. Бұл – Жаратқанның жарлығы, пайғамбарлардың жолы, парасат иелерінің таңдауы. Халқымыз: «Отан – отбасынан басталады», – деген. Отанның өзі отбасының берекесіне байланысты. Ер мен әйелдің татулығы – елдің тыныштығы. Сондықтан некені тек құмарлықтың құралы емес, иманның бір тармағы деп түсіну – шынайы мұсылманның белгісі.
Бүгінде қоғамда ажырасу көбейіп, отбасы құндылығы әлсіреп барады. Бұның басты себебі – неке жауапкершілігіне жеңіл қарау. Дана халқымыз «Жақсы әйел – жаман ерге біткен бақ, жаман әйел – жақсы ерге біткен сақ» – деген. Бұл – ер де, әйел де өз орнын, өз міндетін білуі керек деген сөз.
Қорыта айтқанда, неке ол – құрмет пен қамқорлықтың мектебі, сабыр мен шүкірдің жолы. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, төрт құбыласы тең болса, төрге озады» – деп халық бекер айтпаған. Ер мен әйелдің ниеті түзу, пейілі кең болса, Алланың берекесі сол шаңыраққа түседі.
Ендеше, қадірлі ағайын!
Неке – нығмет. Біз осы нығметке лайық болуға ұмтылғанымыз жөн. Жаратқанға серт берген соң, сол уәдені сақтау – әрбір мұсылманның борышы.
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру