الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد
Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға салауаттар мен сәлемдер болсын!
Денсаулық – адам баласына берілген аманат. Дініміз мұсылманға денесінің, киімінің, құлшылық жасайтын жерінің әрдайым таза болуын бұйырады. Тазалық – түрлі дерттерден сақтаумен қатар Жаратушымыздың сүйіспеншілігіне кенелуге себепші болатын іс. Алла Тағала қасиетті Құранда:
إِنَّ اللَّهَ يُحِبُّ التَّوَّابِينَ وَيُحِبُّ الْمُتَطَهِّرِينَ
«Анығында Алла тәубе етушілерді және өзін таза ұстаушыларды жақсы көреді», – деп айтқан («Бақара» сүресі, 222-аят).
Халқымыз да: «Тазалық – саулық негізі, саулық – байлық негізі», – деп тазалық салулықтың негізі екенін айтқан. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
الطُّهُورُ شَطْرُ الإيمَانِ
«Тазалық – иманның жартысы», – деген (имам Мүслим).
Иман – адамның басты құндылығы дейтін болсақ, тазалықтың иманның жартысына теңелуінен оның адам үшін қаншалықты маңызды екенін түсінеміз. Ғалымдар бұл хадиске қатысты: «Ақиқи иман адамның ішкі және сыртқы тазалығын қамтиды. Дәрет арқылы адамның сырты тазаланады. Тазалық иманның жартысы болуының мәнісі осыда», – деген. Кейбір ғалымдар бұл хадисте «Тазалық намаздың жартысы» деген мағына көзделіп тұрғанын айтқан. Өйткені намаз дәретсіз болмайды. Қалай айтсақ та аталмыш хадис иман келтірген жандардың өмірінде тазалықтың маңызды рөл атқаратынын көрсетуде.
Ендеше, асыл дінімізде тазалық сөзінің ауқымы кең. Оның мынадай түрлерін білуіміз аса маңызды:
«Тазалық – саулық негізі, саулық – байлық негізі», – демекші, адам баласына Алладан берілген баға жетпес нығметі денсаулықты бағалау және оны сақтаудың бірден бір жолы қоршаған ортамыз бен дене мүшеміздің тазалығына мән беру. Өйткені түрлі аурулар, жазылмас індеттер, ең алдымен тазалықтың жоқтығынан, ластықтан пайда болады. Сондықтан да денсаулықты аманат деп үйрететін дініміз мұсылмандарға денесінің, киімінің, құлшылық ететін жерінің әрдайым таза болуын бұйырады. Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алғаш уахи түсірілген уақыттан бастап, Жаратушы Алла Тағала:
وَثِيَابَكَ فَطَهِّرْ
«Киіміңді тазала», – деп бұйыруының бір сыры осыда (Муддассир» сүресі, 4-аят).
Денені және киім тазалығын сақтамау адамның қабірде азапталуына себепші болады. Ибн Аббас (Алла оған разы болсын) Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) екі қабірдың жанынан өтіп бара жатып:
إنَّهما لَيُعذَّبانِ وما يُعذَّبانِ في كبيرٍ ثمَّ قال: بلى أمَّا أَحَدُهُمَا ، فَكَانَ يَسْعَى بِالنَّمِيمَةِ ، وأمَّا الآخَرُ فَكَانَ لاَ يَسْتَتِرُ مِنْ بَوْلِهِ
«Расында бұл екеуі азапталып жатыр. Бұлар үлкен күнә жасағаны үшін азапталып жатқан жоқ. Сосын ары қарай былай деді: оның бірі, өсек тасыған болса, екіншісі, өзінің зәрінен сақтанбаған (киімін кіші дәреттен тазаламаған)», – дегенін жеткізген (имам Мүслим).
Мұсылмандық әдепте тамақтанар алдын және кейін қолды жуу, ұйықтар алдын төсектің үстін қағу, ұйқыдан тұрған соң қолды жуу сияқты істердің барлығы гигиенаны сақтап, адам денсаулығына зиян келмес үшін жасалатын істер. Тағы бір хадисте:
بَرَكَةُ الطَّعَامِ الْوُضُوءُ قَبْلَهُ وَالْوُضُوءُ بَعْدَهُ
«Астың берекеті тамақтанар алдын және кейін қол жуудан болады», – делінген.
Бірде Иса пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) бір қаладан өтіп бара жатыпты. Қала тұрғындарының беттері сарғайып, көздері көгеріп кетіпті. Олар Иса пайғамбарға өз аурулары жайлы сұрағанда Иса пайғамбар: «Сіздердің емдеріңіз өз қолдарыңызда. Сіздер ет жер алдында оны жумай пісіресіздер. Дүниедегі ешқандай жануар тап-таза болып өмірден өтпейді», – деген екен. Содан кейін әлгі қаланың халқы өздері жейтін етті жуып, аурудан арылыпты.
Дене, киім тазалығы мұсылманның күнделікті қадағалап, атқаратын міндетті істерінің қатарында болуы қажет. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
عَشْرٌ مِنَ الْفِطْرَةِ قَصُّ الشَّارِبِ وَإِعْفَاءُ اللِّحْيَةِ وَالسِّوَاكُ وَاسْتِنْشَاقُ الْمَاءِ وَقَصُّ الأَظْفَارِ وَغَسْلُ الْبَرَاجِمِ وَنَتْفُ الإِبْطِ وَحَلْقُ الْعَانَةِ وَانْتِقَاصُ الْمَاءِ
«Он нәрсе жаратылыстан: мұртты қысқарту, сақалды өсіру, мисуәк қолдану, истиншақ (кеңсірікке су жүгірту), тырнақты қысқарту, саусақтардың арасын салалап жуу, қолтықтың түгін алу, белден төменгі жақты (қасағаны) ұстарамен алу, дәрет сындырғаннан кейін сумен тазалау», – деген. Бұл хадисте фитра, яғни адам жаратылысынан болған он мәселе деп аталып, алайда оның тоғызы ғана аталған. Хадисті жеткізуші рауи: «(Фитрадан делінген істердің) оныншысын ұмытып қалдым. Бірақ ол «ауызды шаю» жайында еді», – дегені жеткен. Ауызды шайып, мисуакпен тазалап жүру Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) аса мән берген сүннеті. Хадис шәріпте:
لَوْلَا أَنْ أَشُقَّ عَلَى أُمَّتِي لَأَمَرْتُهُمْ بِالْوُضُوءِ عِنْدَ كُلِّ صَلَاةٍ
«Егер үмбетіме қиындық туғызбайтын болғанда, әр намаздың алдында мисуак қолдануды бұйырар едім», – деген.
Ғалымдар: «Мисуак қолдануды әдетке айналдырыңдар, себебі оның адам баласы үшін он қасиеті бар. Олар: ауыздың тазалығы, Раббыңның разылығы, періштелердің қуанышы, көздің нұры, тістің ағаруы, ауыз-қуыс еттерінің емделуі, тісіңнің тастарын кетіруі, астың жақсы қорытылуы, тамақ ауруын тыюы, намаздың сауабының артуы, ауыз иісін жағымды етуі», – деген.
Қоршаған ортаны таза ұстау, оны ластамау әр адамның міндеті. Мұсылман адам дене, киім тазалығымен қатар, үйінің, ауласының, көпшілік жүретін қоғамдық орындардың да таза болуына аса мән беруі тиіс. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
اتَّقُوا الْمَلَاعِنَ الثَّلَاثَةَ الْبَرَازَ فِي الْمَوَارِدِ وَقَارِعَةِ الطَّرِيقِ وَالظِّلِّ
«Лағынет әкелер үш істен сақтаныңдар, (олар) бұлақтарға, жол ортасына және көлеңкеде дәрет сындыру», – деген (имам Әбу Дәуід).
Табиғат – Алла Тағаланың берген үлкен нығметі. Адам да табиғаттың бір бөлігі болғандықтан, жер бетінде дұрыс өмір сүруі үшін адамзат табиғатты аялап, қорғап, оны ластаудан, қажетсіз қалдықтарды тастаудан аса сақ болуы қажет. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде:
لا يَبُولَنَّ أحَدُكُمْ في المَاءِ الدَّائِمِ الَّذِي لَا يَجْرِي، ثُمَّ يَغْتَسِلُ فِيهِ
«Ешбірің ақпайтын суға дәрет сындырмасын, сосын ол суға жуынады ғой», – деген (имам Бұхари).
Мұсылманның құлшылығы өзін таза ұстаудан басталады. Сол себептен фиқһ кітаптары өз мазмұнын «Таһарат» (тазалық) мәселесінен бастайды. «Таһарат» – намаздың кілті, ал намаз – иманның кілті. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
مِفتاحُ الصَّلاةِ الطُّهُورُ وَتَحْرِيمُهَا التَّكبيرُ وتَحْلِيلُهَا التَّسْلِيمُ
«Тазалық – намаздың кілті. Тәкбір алу намазға (қасиетті мінәжатқа) тұрғызады, ал сәлем беру намаздан шығарады», – деген.
«Таһарат» тілдік тұрғыда «тазалық, таза болу, тазару» деген мағыналарды білдіреді. Шариғатта дәрет алуды және нәжістен тазаруды таһарат деп атайды. Яғни көзге көрінетін кір мен былғаныштан тазаруды «хабастан тазару», ал дәретсіз халден арылуды «хадастан тазару» дейді.
Хадастан тазару – дәреті болмаған кісінің дәрет алуы, ғұсыл алуға тиіс адамның ғұсыл алуы. Хадастан арылудың екі түрлі жолы бар:
А) Дәрет алу. Дәрет – белгілі ғибадаттарды іске асыруға рұқсат ететін, адамды құлшылық етуге рухани тұрғыдан дайындайтын және ғибадаттан сауап жинауға септігін тигізетін бірден-бір көмекші ғибадат түрі.
Алла Тағала қасиетті Құранда:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ إِذَا قُمْتُمْ إِلَى الصَّلاةِ فَاغْسِلُواْ وُجُوهَكُمْ وَأَيْدِيَكُمْ إِلَى الْمَرَافِقِ وَامْسَحُواْ بِرُؤُوسِكُمْ وَأَرْجُلَكُمْ إِلَى الْكَعْبَيْنِ
«Уа, иман келтіргендер! Егер намазға тұрар болсаңдар, бет-жүздеріңді және шынтаққа дейін қолдарыңды жуыңдар. Бастарыңа мәсих тартыңдар және екі тобыққа дейін аяқтарыңды жуыңдар», – деп бұйырған («Мәида» сүресі, 6-аят).
Бұл аятта дәреттің парыз екендігі айтылған болса, одан бөлек сүннет, мұстахаб болатын тұстары да бар. Сауап тұрғысынан алғанда дәрет алудың сауабы өте үлкен. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мұсылман адам дәрет алып, бетін жуғанда, сумен немесе сол судың соңғы тамшысымен оның екі көзімен жасалған қателіктері бетінен төгіледі. Екі қолын жуғанда, сумен немесе судың соңғы тамшысымен екі қолымен жасалған қателіктері қолынан төгіледі. Екі аяғын жуған кезде ол екі аяғымен жүріп жасаған қателері сумен немесе соңғы судың тамшысымен төгіледі. Осылайша дәрет алу арқылы күнәдан тазарып отырады», – деген.
Ә) Ғұсыл алу. Бұл да тазаланудың түрі. Яғни ер және әйел адам жүніп болғанда, әйел кісі етеккір көріп тоқтағанда хадас күйінен тазару үшін міндетті түрде ғұсыл алуы қажет. Өйткені бұл да – парыз. Сондай-ақ жүніп болған кісі ғұсыл алмайынша намаз оқи алмайды. Сол секілді етеккірі келген немесе босанған әйелдер де намаз оқи алмайды. Әйелдердің хайыз күндері аяқталған соң намаз оқу үшін ғұсыл алуы шарт. Ғұсыл алу үшін су таба алмаған жағдайда тәяммүм алады. Бұл туралы қасиетті Құранда:
وَإِن كُنتُمْ جُنُبًا فَاطَّهَّرُواْ وَإِن كُنتُم مَّرْضَى أَوْ عَلَى سَفَرٍ أَوْ جَاءَ أَحَدٌ مِّنكُم مِّنَ الْغَائِطِ أَوْ لامَسْتُمُ النِّسَاء فَلَمْ تَجِدُواْ مَاء فَتَيَمَّمُواْ صَعِيدًا طَيِّبًا فَامْسَحُواْ بِوُجُوهِكُمْ وَأَيْدِيكُم مِّنْهُ مَا يُرِيدُ اللَّهُ لِيَجْعَلَ عَلَيْكُم مِّنْ حَرَجٍ وَلَكِن يُرِيدُ لِيُطَهِّرَكُمْ وَلِيُتِمَّ نِعْمَتَهُ عَلَيْكُمْ لَعَلَّكُمْ تَشْكُرُونَ
«Егер де жүніп болсаңдар, толық тазаланыңдар (шомылыңдар). Егер науқас не сапар да болсаңдар немесе біреуің түзге отырып келсе не әйелге жақындаса (қатынасқа түссе), су таба алмасаңдар таза жерге тәяммүм соғыңдар. Онымен бет және қолдарыңды сипаңдар. Өйткені Алла сендерге ауырлық қаламайды. Бірақ, сендерді тазартуды сондай-ақ шүкірлік етулерің үшін сендерге нығметтерін тамамдауды қалайды», – деп айтқан («Мәида» сүресі, 6-аят).
Келесі аятта:
فِيهِ رِجَالٌ يُحِبُّونَ أَن يَتَطَهَّرُواْ وَاللَّهُ يُحِبُّ الْمُطَّهِّرِينَ
«Онда (көрінетін, көрінбейтін нәжістерден) тазарғанды жақсы көретіндер ерлер бар. Алла тазарғандарды жақсы көреді», – делінген («Тәубә» сүресі, 108-аят). Осыған орай Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Әнсар жамағаты! Алла сендердің тазалықтарыңды мақтауда. Бұл мақтаудың себебі не?» – деп сұрағанда, олар: «Біз кесек тасты пайдаланған соң, сумен жуып тазаланамыз», – деген болатын. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Демек мақтау осы үшін екен. Ендігі жерде бұл әдеттеріңді тастамағандарың дұрыс», – деп кеңес береді.
Дәрет алу, ғұсыл құйынып шомылу және тәяммүм ету мұның барлығы құлшылық жасау үшін талап етілетін тазалық. Мұны сыртқы тазалық дейміз. Сонымен қатар жан тазалығы бар. Оны рухани тазалық дейміз. Ол адамның жүрегі, ішкі жан-дүниесінің тазалығы. Үмбетей жырау бабамыз:
Суытпа босқа түсіңді,
Қайрама онша тісіңді.
Сырт тазасы не керек,
Тазарт әуел ішіңді, – деп ішкі тазалықтың маңыздылығын айтқан. Хакім Абай да: «Иманның тазалығын жақсы ұқтырмай, сыртын қанша жуса да, іші оңбаған», – деп осыны меңзесе керек.
Адамдардың көңілі таза, пейілі ақ болған қоғамда береке мен бірлік, бауырмалдық пен өзара сүйіспеншілік орнайтыны мәлім. Өйткені жүрегі таза адам ешуақыт ешкімге жамандық ойламайды, көреалмаушылық, жеккөру сияқты жүрек дерттерінен ада болады.
Сыртқы тазалық ішкі тазалықтан туындайды. Мұны бабаларымыз «Жаны саудың тәні сау» деп түйіндеген. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
أَلَا وَإِنَّ فِي الْجَسَدِ مُضْغَةً، إِذَا صَلَحَتْ، صَلَحَ الجَسَدُ كُلُّهُ، وَإِذَا فَسَدَتْ، فَسَدَ الجَسَدُ كُلُّهُ، أَلَا وَهِيَ الْقَلْبُ
«Назар аударыңдар! Адам ағзасында бір бөлшек ет бар. Егер ол түзу болса, бүкіл дене дұрыс болады. Ал егер ол бұзылса, бүкіл дене бұзылады. Біліп қойыңдар, ол – жүрек», – деген (имам Бұхари).
Бұл хадисте ішкі жан-дүние, жүрек сау, таза болса, адамның сыртқы келбеті дұрыс болатыны меңзелуде. Ал ішкі жан-дүниенің бұзылуы адамның бүкіл денесінің ластанып, бұзылуына әкеледі.
Жүректің кірлеуі күнәлі істермен, ал жүректің тазалығы ізгі істер арқылы болады. Алла Тағала қасиетті Құранда:
كَلا بَلْ رَانَ عَلَى قُلُوبِهِمْ مَا كَانُوا يَكْسِبُونَ
«Жоқ, әсте олай емес! Олардың өз қолымен істеген күнәлары жүректерін әбден қарайтып тастаған (сондықтан олар ақиқатты көре алмауда)», – деген («Мұтаффифин» сүресі, 14-аят).
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты сәлемі болсын):
إِنَّ الْمُؤْمِنَ إِذَا أَذْنَبَ كَانَتْ نُكْتَةٌ سَوْدَاءُ فِي قَلْبِهِ فَإِنْ تَابَ وَنَزَعَ وَاسْتَغْفَرَ صُقِلَ قَلْبُهُ فَإِنْ زَادَ زَادَتْ فَذَلِكَ الرَّانُ الَّذِي ذَكَرَهُ اللَّهُ فِي كِتَابِهِ
«Мұсылман баласы қандай да бір күнә жасағанда жүрегіне қара дақ пайда болады. Тәубе етіп, кешірім сұраса, әлгі дақ жүрегінен алынады. Егер күнә жасауын жалғастыра берсе, жүректегі дақ одан сайын көбейеді. Ал бұл дақ Құранда айтқан: «Ран» (тат), – деп түсіндіреді (имам Термизи).
Сондықтан да мұсылман адам күнәлі іс істеп қойған жағдайда бірден тәубе етіп, оның орнын ізгі іспен алмастырып, жүрегінің тазаруына себепші болатын игі істер атқаруға тырысуы қажет. Алла Тағала қасиетті Құранда:
وَأَقِمْنَ الصَّلاةَ وآتِينَ الزَّكَاةَ وَأَطِعْنَ اللَّهَ وَرَسُولَهُ إِنَّمَا يُرِيدُ اللَّهُ لِيُذْهِبَ عَنْكُمُ الرِّجْسَ أَهْلَ الْبَيْتِ وَيُطَهِّرَكُمْ تَطْهِيرًا
«... Намазды (кемеліне келтіріп, уақытылы) оқыңдар, зекеттеріңді толық беріңдер, Аллаға және Елшісіне (не бұйырса да, не нәрседен тыйса да) қалтқысыз мойынсұныңдар! Расында Алла сендерді лас істерден арылтып, әбден тазартып, пәк етуді қалайды», – деген («Ахзаб» сүресі, 33-аят).
Қадірменді жамағат!
Тазалық – адамның әдебі, мәдениеті, рухани кемелдігінің көрсеткіші. Сондықтан да мұсылман адам ішкі жан-дүниесін, тәнін, киімін, жейтін асын таза ұстауға аса мән беруі қажет. Алла Тағала қасиетті Құранда:
يَٰٓأَيُّهَا ٱلَّذِينَ ءَامَنُواْ كُلُواْ مِن طَيِّبَٰتِ مَا رَزَقْنَٰكُمْ
«Уа, иман келтіргендер! Өздеріңе ризық етіп бергеніміздің тазасынан ғана жеңдер», – деп бұйырған («Бақара» сүресі, 172-аят).
Біз сонда ғана дүниеде түрлі дерттен, ауру атаулыдан сақтанып, ақыретте Алла Тағаланың ризалығына бөленген жандардан боламыз.
Алла Тағала жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл етіп, халқымызға амандық, жұртымызға тыныштық бергей!
ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру