الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد
Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын!
Асыл дініміз Исламда харам деп танылған үлкен күнәлардың бірі – зинақорлық. «Зина» сөзінің шариғи мағынасы ер немесе әйелдің некесіз өзге біреумен төсек қатынасына түсуі дегенді білдіреді. Алла Тағала қасиетті Құранның «Исра» сүресі, 32-аятында:
وَلاَ تَقْرَبُواْ الزِّنَى إِنَّهُ كَانَ فَاحِشَةً وَسَاء سَبِيلاً
«Зинаға жақындамаңдар. Расында ол – азғындық және жаман жол», – деп айтқан.
Жаратушы иеміздің бұл аятта: «зинаны жасамаңдар» демей, «зинаға жақындамаңдар» деуі бұл істің ауыр күнә екендігін әрі мұсылман адамға зинаға апаратын барлық іс-әрекеттерден тыйылу керектігін білдіреді.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
لَا يَزْنِي الزَّانِي حِينَ يَزْنِي وَهُوَ مُؤْمِنٌ، وَلَا يَسْرِقُ السَّارِقُ حِينَ يَسْرِقُ وَهُوَ مُؤْمِنٌ، وَلَا يَشْرَبُ الْخَمْرَ حِينَ يَشْرَبُهَا وَهُوَ مُؤْمِنٌ
«Зинақор зина жасағанда иманды мүмин болмайды, ұрлықшы ұрлық істеп жатқанда иманды мүмин болмайды, арақ ішуші арақ ішіп жатқан кезде иманды мүмин болмайды», – деген (имам Бұхари, Мүслим).
Зинақорлық – пендені иманынан айыратын, адамның адамгершілігіне сызат түсіріп, қоғамды іштей бұзып, арсыздықтың жайылуына себепкер болатын үлкен күнә. Сондықтан да адамзат тарихындағы кез келген қоғамда, барлық заманда зинақорлық арсыздық дем танылып, оны жасаушыларға ауыр жазалар белгіленген. «Мал сақтама, ар сақта», «Малым – жаным садағасы, жаным – арымның садағасы» деген қазақ халқы да зинақорлыққа, арсыздыққа баруды ауыр қылмыс деп білген. Тәуке ханның «Жеті жарғысының» 4-жарғысы зинақорлыққа арналып, онда «Өзге біреудің әйелімен зинақорлық жасап, ақ некені бұзушыларға өлім жазасына бұйырылсын» делінген. Құнанбай қажы осындай арсыз іске барған Қодар мен оның келіні Қамқаны жұрт көзінше ауыр жазалауы да ата-бабаларымыздың зинақорлыққа қаншалықты қатаң қарағандығын көрсетеді.
Бүгінгі күні де өзіміз әрі ұрпағымызды арсыздық атаулыдан сақтандыруымыз үшін зинақорлықтың мынадай дүние және ақыреттік зардаптарын білуіміз қажет:
Ер мен әйелдің арасында құмарлық сезімінің болуы – адамның табиғи болмысы. Бұл сезімді Жаратушы пенделеріне олардың ұрпағы жалғасуы үшін сыйға тартқан. Осы құмарлық сезімін жақсы не жаман жолға салу адамдардың өз еркіндегі іс. Дұрыс жолға бағыттау арқылы адам баласы ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмбетінің көбеюіне үлес қосып, сауапты іс жасайды. Ал дұрыс қолданбаса шайтанның азғыруына еріп, үлкен күнәға душар болады. Алла Тағала қасиетті Құранда:
وَالَّذِينَ لَا يَدْعُونَ مَعَ اللَّهِ إِلَهاً آخَرَ وَلَا يَقْتُلُونَ النَّفْسَ الَّتِي حَرَّمَ اللَّهُ إِلَّا بِالْحَقِّ وَلَا يَزْنُونَ وَمَن يَفْعَلْ ذَلِكَ يَلْقَ أَثَاماً . يُضَاعَفْ لَهُ الْعَذَابُ يَوْمَ الْقِيَامَةِ وَيَخْلُدْ فِيهِ مُهَاناً . إِلَّا مَن تَابَ وَآمَنَ وَعَمِلَ عَمَلاً صَالِحاً فَأُوْلَئِكَ يُبَدِّلُ اللَّهُ سَيِّئَاتِهِمْ حَسَنَاتٍ وَكَانَ اللَّهُ غَفُوراً رَّحِيماً
«Олар (мүминдер) Алламен бірге басқа құдай шақырмайды, Алла тыйым салған кісіні нақақтан-нақақ өлтірмейді әрі зинақорлыққа да бармайды. Ал кім соларды істесе, ол жазаға жолығады. Қиямет күні оған деген азап еселене түседі де, ол сонда қор болған күйде мәңгілікке қалады. Алайда кімде-кім тәубе етіп, иман келтіріп және ізгі іс істесе, міне солардың жамандықтарын Алла жақсылықтармен алмастырады. Шынында да Алла өте кешірімді әрі аса рақымды», – деп айтқан («Фұрқан» сүресі, 68-70-аяттар).
Зинақорлық Аллаға серік қосу, кісі өлтіру сияқты ең үлкен күнә деп танылған істермен қатар аталды. Демек, бұларды жасаған кісі жәһәннам отында мәңгі-бақи қалу жазасына лайықты болады. Тек жасаған ісінің үлкен күнә екендігін түйсініп, қатты өкініп, шынайы тәубе жасап, ендігәрі ол күнәға қайтып оралмауға ант берген мұсылман ғана Алланың мейіріміне ие болуы үміт етіледі.
Ардақты Пайғамбарымыздың да (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) зинақорлықтың ауыр күнә екендігі турасында айтқан хадистері өте көп. Мысалы, бірде Алланың елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ең үлкен күнә қайсы?» – деп сұрағанда, ардақты Пайғамбарымыз: «Өзіңді жаратқан Аллаға ортақ қосуың деп, одан кейін тағы да бірнеше күнәні атап, көршіңнің әйелімен зина жасауың», – деп жауап берген.
Бұл хадис көршіден басқа әйелмен зина жасауға рұқсат дегенді білдірмейді. Бәлкім, зинақорлықтың ішіндегі ең ауыр күнә екендігі ретінде атаған. Ал көршімен, жақын отыратын адамдармен жамандық жасаудың зардабы бұдан да бетер еселене түсетінін түсіндіреді.
Зинақорлыққа барып, тәубе етпеген адамға дүниеде де, ақыретте де жазасы ауыр болмақ. Алла Тағала қасиетті Құранның «Нұр» сүресі, 19-аятында:
إِنَّ الَّذِينَ يُحِبُّونَ أَن تَشِيعَ الْفَاحِشَةُ فِي الَّذِينَ آمَنُوا لَهُمْ عَذَابٌ أَلِيمٌ فِي الدُّنْيَا وَالْآخِرَةِ وَاللَّهُ يَعْلَمُ وَأَنتُمْ لَا تَعْلَمُونَ
«Ақиқатында, иман кетіргендердің арасында азғындықтың таралуын жақсы көретіндерге дүниеде де, ақыретте де күйзелтуші азап бар. Алла біледі, алайда сендер білмейсіңдер», – деп айтқан.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
يَا مَعْشَرَ النَّاسِ اتَّقُوا الزِّنَا فَإِنَّ فِيهِ سِتَّ خِصَالٍ ثَلَاثٌ فِي الدُّنْيَا وَثَلَاثٌ فِي الْآخِرَةِ، أَمَّا الَّتِي فِي الدُّنْيَا: فَيُذْهِبُ الْبَهَاءَ وَيُورِثُ الْفَقْرَ وَيَنْقُصُ الْعُمُرَ، وَأَمَّا الَّتِي فِي الْآخِرَةِ فَسَخَطُ اللَّهِ وَسُوءُ الْحِسَابِ وَعَذَابُ النَّارِ
«Уа, адамдар! Зинақорлықтан сақтаныңдар! Расында оның алты түрлі салдары бар, үшеуі осы дүниеде, ал үшеуі ақыретте. Дүниедегісі: адамның көркін кетіреді, кедейлікке тап қылады һәм ғұмырын қысқартады. Ал ақыреттегісі: Алланың қаһарына, есебінің жаман болуына һәм тозақтың отына душар етеді», – деген.
Жүсіп Баласұни бабамыз:
Кедей емес, бай болуды көздесең –
Зина қылып ел арасын кезбе сен, – деп зинақорлық дүниеде адамды кедейлікке душар ететіндігін айтқан.
Зинақорлықтың дүниедегі жазасы жайында Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде: «Қандай да бір қауымда арсыздық пайда болып әрі ол жария түрде жүзеге асып жатса, онда олардың арасында оба сынды олардың ата-бабалары көрмеген түрлі дерттер тарайды», – деген (имам Ибн Мәжә).
Қазіргі уақытта күллі адамзаттың мәселесіне айналып отырған әрі әлі күнге дейін емі табылмаған ЖҚДБ (СПИД) індетінің таралуы да некесіз қатынастың салдарынан туындап отырғаны белгілі.
Сондай-ақ зинақорлық адамзаттың түрлі табиғи апаттарға душар болуына жол ашады. Оған қасиетті Құранда баяндалған Лұт пайғамбардың (оған Алланың салемі болсын) қауымы душар болған азап дәлел.
Бірде Әнес ибн Мәлик (Алла оған разы болсын) бір кісімен бірге Айша анамызға барады. Сонда қасындағы кісі: «Уа, мұсылмандардың анасы! Зілзәлә туралы айтыңызшы», – дейді. Сонда Айша (Алла оған разы болсын): «Адамдар зинақорлыққа рұқсат беріп, арақ ішіп, аспаптарда ойнағанда, Алла Тағала жерге: «Сілкін! Егер олар райларынан қайтып, тәубе етсе тоқтат, әйтпесе, оларды құртқанша сілкін», – деп бұйырады», – дейді. Сонда әлгі кісі: «Уа, мұсылмандардың анасы! Бұл олардың жазасы ма?» – деп сұрайды. Сонда Айша (Алла оған разы болсын): «Әрине. Бұл – иман келтіргендер үшін үгіт және рақым, ал күпір еткендер үшін қорқыту, ескерту», – деген.
Миғраж турасындағы ұзақ хадисте Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) зинаорлықтың ақыреттік жазасы турасында: «...Әрі қарай кеттік. Біз пешке ұқсас бір нәрсенің қасына келдік. Оның ішіне үңілдік. Оның ішінде тыр жалаңаш ерлер мен әйелдер бар екен. Олардың астарынан жалындаған от лап еткенде у-шу болып, айқайлайды. Мен: «Мыналар кімдер?» – дедім. Қасымдағы екеу: «Кеттік, кеттік», – деді». Кейіннен екі періште ол көріністі: «..Ал тандыр пеш сияқтының ішіндегі ерлер мен әйелдер – зина жасаушылар», – деп түсіндірген.
Қисса
Хазіреті Омардың (Алла оған разы болсын) кезінде бір жас жігіт бес уақыт намазын мешітте оқып, құлшылығына ыждаһаттылық танытады екен. Алланың әмірлерін орындап, тақуалығымен танылатын. Хазіреті Омар (Алла оған разы болсын) намазға келетін өз жамағатын жақсы білгендіктен, бір күні әлгі жігітті мешіттен көре алмайды. Бұл Хазіреті Омардың (Алла оған разы болсын) назарын аудартады. Намаздан кейін жамағатқа: «Пәленше деген жігітке не болды екен, бір-екі күн болды, оны мешіттен көрмедім?» – деп сұрағанда, ешкім тіс жарып, тіл қатпайды. Бәрі жүздерін төмен түсіріп, Хазіреті Омардың бетіне тура қарауға ешкімнің жүрегі дауаламайды. Хазіреті Омар (Алла оған разы болсын) сұрағын қайталаған кезде барып, жамағаттан біреуі: «Уа, мүминдердің әміршісі! Ол жігітті (айтуға ауыз бармайтын) жолда қайтыс болып кеткен жерінен тауып алдық. Сіздің көңіліңізге қаяу түсірмеу үшін дереу жаназасын шығарып, жер қойнына тапсырдық», – дейді.
Ол жігіттің басынан өткен жайттың барысы төмендегіше өрбіген еді.
Жігіттің мешітке келетін көше бойында бір әйел оны ұнатып, оған сырттай күйіп-жанып ғашық болып қалады. Айтса айтқандай, жігіт сымбатты, әрі бойдақ еді. Әйел оны өзіне қарату үшін барлық айла-амалын қолданады. Әр жолыққан сайын жігіт оның ұсынысынан бас тартып, күнәлі істен қашады. Дегенмен, әр пенденің осал тұсы болады. Оның осал тұсын тапқан әйел өнерін салып өзіне шақырады. Жігіт оның үйіне қарай бет алады. Бір-екі қадам басқаннан кейін тілінің ұшына бір аят оралады. Жігіт еріксіз аузына түскен аятты күбірлеп оқи бастайды. Алғашқыда аяттың мағынасына мән бермейді. Бірте-бірте аяттың мағынасын түсінеді. Ол қасиетті Құранның «Ағраф» сүресіндегі:
إِنَّ الَّذِينَ اتَّقَوْا إِذَا مَسَّهُمْ طَائِفٌ مِّنَ الشَّيْطَانِ تَذَكَّرُوا فَإِذَا هُم مُّبْصِرُونَ
«Тақуаларға шайтан тарапынан бір сыбыс келсе (естілсе), олар Алланы еске алады да қырағылық істейді», – делінген аят болатын («Ағраф» сүресі, 201-аят). Осынау аяттың мағынасына бойлаған сайын тұла бойы қалшылдап, қара терге малшынады. Жігіт есін жиып, істемек болған ісі үшін Раббысынан жердің жарығына кірердей ұялып, қалайша күнәлі іске баруға ниеттенуге дәті барғандығына өзі түсінбей дал болады. Жігіт қорқыныштан аузына түскен аяттың мағынасына бойлаған сайын жүрегінің соғысы жиілеп, тұрған жерінде жарық дүниемен қош айтысқан екен.
Хазіреті Омар (Алла оған разы болсын) жігіттің қалай жан тапсырғанын білгеннен кейін оның қабіріне барып, жатқан жеріне үңіліп: «Уа, жігіт!» – деп, қасиетті Құранның «Рахман» сүресі, 46-аятын оқып:
وَلِمَن خافَ مَقامَ رَبِّهِ جَنَّتانِ
«Кім Раббысынан қорықса, ол үшін екі жәннат бар», – дейді.
Сол кезде оған: «Уа, мүминдердің әміршісі! Алла маған сенің айтқаныңның екі есесін берді», – делінген дауыс естіледі (Хафиз ибн Асакир «Тариху Димашқ»).
Зинақорлықтың адамның жеке басына ғана емес, оның отбасы мүшелеріне, ұрпағына тиегізетін зардабы үлкен. Сондықтан да ғалымдарымыз зинақорлық жасаған адамды қарыз алған адамға теңеген. Себебі, қарыз алған адам оны өтеуі міндетті болғанындай, зинақорлыққа бару арқылы өзгеге жасаған қиянат оның отбасына міндетті түрде қайырылып келеді. Мысалы, имам Шафиғи (Алла оны рақымына аслын): «Зина – бұл қарыз. Кім оны алса, үй ішімен өтейді», – деген. Сондықтан да адам баласы өзінің жақындары үшін бұл жаман істі қаламағанындай, өзгелерге де бұл істі қаламауы тиіс.
Қисса
Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) заманында бір жігіт келіп, зина жасауға рұқсат сұрайды. Даналық пен жұмсақтықтың көркем үлгісі болған хазіреті пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ол жігітке: «Айтшы кәне, басқа біреудің анаңмен зина жасағанын қалар ма едің?» – деп сұрақ қояды. Мұндай сұрақты күтпеген жігіт: «Құрбан болып кетейін, жоқ, қаламаймын. Ешкім өзінің анасымен біреудің зина жасағанын ұнатпайды», – деп жауап қатады. Сонда Алла Елшісі одан: «Ал қызыңмен біреудің зина жасағанын қалайсың ба?» – деп сұрайды. Ол жігіт бұл жолы да: «Жоқ», – деп жауап қатады. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Басқа біреудің қарындасыңмен зина жасағанын қалайсың ба?» – деп сұрайды. Ол тағы да: «Жоқ», – дейді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әпкеңмен біреудің зина жасағанын қалар ма едің?» – деген сұрақ қояды. Жігіт бұл сұраққа да: «Жоқ», – деген жауап береді. Алла Елшісінің тәлімінен өзінің қателігін түсініп, жақындарына бұл ауыр күнәні қаламағанындай өзгелерге де бұл істі қаламау керектігін түйеді. Осыдан кейін ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мүбәрак қолын әлгі жігіттің кеудесіне қойып: «Уа, Аллам! Бұл жігіттің күнәларын кешіре гөр, жүрегін тазала, әрі ұятын сақтай гөр!» – деп дұға етеді.
Қадірменді жамағат!
Бұл айтылғандардан зинақорлықтың зардабының зор екендігін әрі оған мүлде жақындауға болмайтынын ұғынамыз. Дініміз Ислам зинақорлық күнәсінің алдын алу үшін мұсылман баласына отбасылық өмірін ақ некемен бастауды әмір еткен. Адам баласы Алла Тағаланың адал еткен жолымен ғана, перзент сүйіп, киелі шаңырақ көтеру арқылы өз ар-намыстарын сақтап қалмақ. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
يَا مَعْشَرَ الشَّبَابِ، مَنِ اسْتَطَاعَ مِنْكُمُ البَاءَةَ فَلْيَتَزَوَّجْ، فَإِنَّهُ أَغَضُّ لِلْبَصَرِ وَأَحْصَنُ لِلْفَرْجِ، وَمَنْ لَمْ يَسْتَطِعْ فَعَلَيْهِ بِالصَّوْمِ، فَإِنَّهُ لَهُ وِجَاءٌ
«Уа, жастар! Араларыңыздан үйленуге жағдайлары барларыңыз үйленсін. Үйлену көзді харамнан, бойды күнәдан сақтайды. Үйленуге жағдайы келмегендер ораза ұстасын. Себебі ораза ол үшін қалқан», – деп өсиет еткен (имам Бұхари, Мүслим).
Алла Тағала біздерге екі дүние жақсылығын нәсіп етіп, қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл етсін!
ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру