Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ҚҰРБАН АЙТ – ҰЛЫҚ МЕРЕКЕ

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі muftyat.kz 07.07.2022 5715 0 пікір
ҚҰРБАН АЙТ – ҰЛЫҚ МЕРЕКЕ

Қасиетті Құрбан айт – ғасырлар бойы халқымыздың қанына сіңген, ұлы дала төсіндегі ұлық мереке. «Құрбан» сөзі араб тілінде «жақындау», яғни жасаған ізгі-сауапты істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу дегенді білдіреді. Ал шариғаттағы мағынасы: «Арнайы шарттарымен санаса отырып, құлшылық ниетімен мал бауыздау» деген сөз.

Алла Тағала қасиетті Құранның «Кәусар» сүресі, 2-ші аятында:

 فَصَلِّ لِرَبِّكَ وَانْحَرْ

«Раббың үшін намаз оқы және құрбан шал» – деп бұйырған.

Құрбан шалу сонау Ибраһим пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) дәуірінен бастау алады.  Ибраһим пайғамбар көп уақыт Аллаға жалбарынып, ізгі ұрпақ тілейді. Алла Тағала тілегін қабыл етіп, оны қартайған шағында Исмайл атты ұлмен қуантады. Бала ержеткен кезде Ибраһим пайғамбар түсінде өз ұлын құрбандыққа шалып жатқандығын көреді. Басында күмәнданғанымен, ол түс артынша үш мәрте қайталанып кіреді. Бұл күн қажылық маусымының тәуриә, арафа және айттың бірінші күндері еді.

 Пайғамбарлардың түсі уахи болғандықтан, не де болса бұл бұйрықты орындауға бел байлайды.  Баласына көрген түсі жайында хабар берген уақытта ұлы да еш ойланбастан: «Әкетайым, өзіңізге бұйырылған істі орындаңыз», – деп, мынадай бірнеше тілегін айтады: «Уа, әкетайым! Қолдарым мен аяқтарымды мықтап байлаңыз, тепкіленіп ыңғайсыздық қылмайын. Пышағыңыз өткір болсын. Өзіңізге бұйырылған әмірді орындағанда менің жүзіме қарамаңыз. Әкелік мейіріміңіз оянып, Алланың әмірін кешіктіруіңіз мүмкін. Жейдемді анама апарып беріңіз. Оны қолына алып, жұбаныш табар», – дейді. Бұл сөздерді естігенде Ибраһим пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) көзіне жас алып, Алла Тағала жалбарынып, өзіне бұйырылған әмірді орындауда бекемдік сұрайды. Ұлын екпетінен жатқызып, қолына өткір пышақты алып, ұлының мойнына қойып, тартып жібергенде пышақ өтпейді. Өйткені сол сәтте Алла Тағала Жәбірейіл періштеге: «Пышақтың жүзін аудар», – деп бұйрық беріп, Жәбірейіл періште (оған Алланың сәлемі болсын) өзіне тапсырылыған бұйрықты әп-сәтте орындаған болатын. Ибраһим болған жайды түсінбей, қолындағы пышақпен тағы қайталап тартып көріп еді, бұл жолы да пышақ өтпейді. Сол уақытта:

يَا إِبْرَاهِيمُ قَدْ صَدَّقْتَ الرُّؤْيَا إِنَّا كَذَٰلِكَ نَجْزِي الْمُحْسِنِينَ

«Иә, Ибраһим! Расында, түсіңді шындыққа шығардың. Шын мәнінде, игілік істеушілерді осылай сынаймыз», – деген дауыс естіліп, ұлының орнына құрбандыққа үлкен бір қошқар түсіріледі («Саффат» сүресі, 104-аят). Осылайша әкелі-балалы екеуі өздеріне берілген сынақтан еш мүдірмей өтіп, шүкірлік айтып, үйлеріне қайтады.

Ендеше, құрбан шалу – пайғамбарлардың атасы Ибраһим пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) сүннеті. Бұл дәстүр біздің үмметке де мұра болып қалған. Зайд ибн Әрқамнан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте ардақты Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдар: «Уа, Алланың Елшісі! Құрбандық деген не өзі?» – деп сұрағанда, Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Аталарың Ибраһим пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) сүннеті», – деп жауап берген. Содан соң: «Одан бізге қандай сауап бар?» – деп сұрақ қойылады. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әрбір тал қылшығы үшін сауап аласыңдар»,– дейді (имам Ахмад).

Қасиетті құрбан айт мерекесінде құрбан шалып, жоқ-жітіктерге жәрдемдесу, құрбандық етінен тарату сауабы мол іс. Алайда, құрбан шалуды ниет еткен әрбір жан ең алдымен құрбандығының дұрыс болуына аса мән беруі қажет. Ол үшін құрбан шалудың мынадай талаптарын білуіміз керек:

 

Бірінші: Шамасы келетін мұсылманның құрбан шалуы уәжіп

Құрбандық шалуға шамасы келетін мұсылман жанның жылына бір мәрте құрбандық шалуы уәжіп. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

مَنْ وَجَدَ سَعَةً فَلَمْ يُضَحِّ فَلَا يَقْرَبَنَّ مُصَلَّانَا

 «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!» – деп бұйырған (имам Ахмад).

 

Құрбан шалу уәжіп болу үшін мынадай шарттар қажет.
  1. Мұсылман болу;
  2. Құрбан айт уақытында жолаушы болмау;
  3. Негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болу.

Шәкәрім қажы бабамыз өзінің «Мұсылмандық шарты» атты еңбегінде: «Зекетке малы толған кісіге жылында құрбан күні бір қой шалмақ уәжіп болады», – деп айтқан.

Шариғатымызда нисап мөлшері дегеніміз – 85 грамм алтын яки құнына тең келетін ақша. Зекет ғибадаты сияқты құрбанның уәжіп болуы үшін нисап мөлшеріне жеткен малға бір жыл толу шарт емес.

Нисап мөлшерінде артық қаражаты болмаса да, мұсылман кісінің құрбан шалуына болады. Шалған құрбандығы нәпіл құрбан үкімінде болады.

 

Екінші: Құрбандықты құрбандық уақытына сай шалу

Құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Қасиетті Құранның «Кәусар» сүресіндегі:  

 فَصَلِّ لِرَبِّكَ وَانْحَرْ

«Раббың үшін намаз оқы және құрбан шал» делінген аяттың мағынасында бірінші айт намазы оқылып, одан кейін ғана құрбандық шалынатындығы баяндалып тұрғанын ғалымдарымыз айтқан.

Қандай да бір маңызды шариғи себепке байланысты құрбан айт намазына бара алмай, айт намазын оқымаған кісі намаз оқып болатындай уақыт өткеннен кейін құрбанын шала беруіне болады. Айт намаздан бұрын шалынған мал құрбандыққа есептелмейді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

إِنَّ أَوَّلَ مَا نَبْدَأُ فِي يَوْمِنَا هَذَا أَنْ نُصَلِّيَ، ثُمَّ نَرْجِعُ فَنَنْحَرُ. فَمَنْ فَعَلَ ذَلِكَ فَقَدْ أَصَابَ سُنَّتَنَا، وَمَنْ نَحَرَ قَبْلَ الصَّلَاةِ فَإِنَّمَا هُوَ لَحْمٌ قَدَّمَهُ لِأَهْلِهِ، لَيْسَ مِنَ النُّسُكِ فِي شَيْءٍ

«Біздің бұл күнде алғашқы жасайтын ісіміз – намаз оқу, содан соң қайтып келіп, құрбанымызды шалу. Кім осылай істесе – біздің сүннетімізге ергені. Ал кімде-кім бұдан бұрын құрбанын шалатын болса, бұл құрбанының отбасына берілген еттен еш айырмашылығы жоқ. Мұның құрбан болуы мүмкін емес», – деген (имам Бұхари)

 

Үшінші: Құрбандықты Алла Тағаланың ризалығын көздеп шалу

Құрбандық малын адам баласы шынайы ықыласымен, Алла Тағаланың ризалығын көздеп шалуы қажет. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

إِنَّ اللَّهَ لَا يَقْبَلُ مِنَ الْعَمَلِ إِلَّا مَا كَانَ لَهُ خَالِصًا ، وَابْتُغِيَ بِهِ وَجْهُهُ

«Расында, Алла Тағала шынайы ықыласпен тек қана Оның ризашылығын қалап жасалған амалдан басқасын қабыл етпейді», – деген (имам Насаи).

Имам Ғазали (Алла оны мейіріміне бөлесін) ықылас турасында: «Ықылас дегеніміз – амалдарыңның барлығы тек Алланың ризалығы үшін арналуы, жүрегіңнің адамдардың мақтауына назар аудармауы әрі олардың сөгісінен қорықпауы», – деп түсіндірген.  Құрбандық шалғанда да пенде осы ниетінен таймауы қажет. Алла Тағала қасиетті Құранның  «Хаж» сүресі, 37-аятында:

لَن يَنَالَ اللَّهَ لُحُومُهَا وَلَا دِمَاؤُهَا وَلَٰكِن يَنَالُهُ التَّقْوَىٰ مِنكُمْ ۚ

«Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін жалғыз нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалық, Аллаға деген құрмет», – деп айтқан.

         Дүниеден өткен марқұмдарға сауабын бағыштау үшін құрбан шалынғанда да Алла Тағаланың ризалығы үшін деп ниет етіп сойылуы қажет.

 

Төртінші: Құрбандыққа жарамды малдарды шалу

Қой, ешкі, сиыр және түйе малдарын ғана құрбандыққа шалуға болады. Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалу абзал. Елік, арқар сияқты аңдар мен тауық, қораз, қаз, үйрек сияқты құстар құрбан ретінде сойылмайды.

Қой немесе ешкіні тек бір адам құрбан ретінде шала алады. Ал сиыр немесе түйені, яғни ірі қараны бір кісінің жалғыз өзі үшін шалуына болады. Сондай-ақ жеті кісі бірігіп, ортақ шалуларына болады. Құрбанды ортақтасып шалған уақытта әрбір адам құрбан шалу ниетімен ортақтасуы керек. Бір кісі құрбан үшін, ал екінші бір кісі тек қана етін алу ниетімен ортақтасса, шалынған мал барлық ортақтар үшін құрбан болып есептелмейді.

Мынадай кемшілігі бар малдар құрбандыққа жарамсыз болып саналады.
  1. Бір көзі соқыр;
  2. Сойылатын жерге жете алмайтын дәрежеде көтерем;
  3. Құлағы немесе құйрығы тумадан жоқ немесе басым бөлігі кесілген;
  4. Тістерінің көбі түсіп қалған;
  5. Емшектерінің басы жұлынып қалған;
  6. Бір мүйізі немесе екеуі де түбінен сынған.

Құрбан шалуы уәжіп болған кісінің құрбандық малында аталмыш кемшіліктердің біреуі сатып алғаннан кейін пайда болса немесе алған малы өліп қалса, қайтадан құрбандыққа жарайтын мал сатып алып шалуы керек. Ал құрбан шалу уәжіп болмаса да, сауап үшін шалуды ниет еткен кедей адамның сатып алған құрбан малында бір кемшілік пайда болса, сол малды шала береді. Тіпті құрбан шалуы уәжіп болмаған кедей адам бойында кемшілігі бар малды сатып алып, құрбан ретінде шалуына болады. Өйткені, кедей адамның шалған құрбандығы – нәпіл құрбан. Нәпіл ғибадатта кешірім бар.

Сондай-ақ құрбандық малын мүмкіншілік болса, мойнына уәжіп болған адамның өзі шалғаны дұрыс. Алайда өзге біреуге немесе қасапшыға өкілдік беруіне де болады. Сол секілді телефон арқылы немесе хат сияқты жолдармен өзінің орнына басқа адамды өкіл ретінде құрбан шалуы үшін тағайындай алады.

 

Бесінші: Құрбан малының дұрыс шалынуына мән беру

Құрбандық ретінде шалынатын малды қинамау үшін өткір пышақ қолдану керек. Малды сою үшін жерге жатқызғаннан кейін пышақты көз алдында жалақтатып қайрау – мәкрүһ. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

إنَّ اللَّهَ كَتَبَ الأحْسَانَ عَلَى كُلِّ شَيْءٍ ، فَإِذَا قَتَلْتُمْ فَأَحْسِنُوا الْقِتْلَةَ ، وَإِذَا ذَبَحْتُمْ فَأَحْسِنُوا الذِّبْحَةَ ، وَلْيُحِدَّ أَحَدُكُمْ شَفْرَتَهُ ، وَلْيُرِحْ ذَبِيحَتَهُ

«Расында, Алла барлық істі ең көркем түрде (ихсанмен) істеуге бұйырған. Егер сендер өлтіруге мәжбүр болсаңдар, онда оны ең көркем түрде істеңдер, егер құрбан шалатын болсаңдар, оны ең көркем түрде орындаңдар, пышақты қайрап, малды азаптан құтқарыңдар», – деген (имам Хаким).

Сойылатын малға ихсан: малды қинамау үшін пышақты жақсылап қайрап, өткірлеу, пышақты малдың көзінше қайрамау, оны соятын кезде алып шығу, соятын жерге малды сүйремей, мейірімділікпен айдап алып бару, Алла есімімен бауыздау, оны берген, бағындырған Алла Тағалаға шүкірлік пен мақтаулар айту сынды істер жатады.

Құрбан ретінде шалынатын мал құбылаға қарата жатқызылып, дұға ретінде қасиетті Құранның:

إِنَّ صَلَاتِي وَنُسُكِي وَمَحْيَايَ وَمَمَاتِي لِلَّهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ لَا شَرِيكَ لَهُ ۖ

«Менің намазым да басқа ғибадаттарым, өмірім де, өлімім де бүкіл әлемдердің Раббысы бір  Аллаға арналады. Оның  еш серігі жоқ», – делінген аятын оқыған абзал («Әнғам» сүресі, 162-аят).

Осыдан кейін:

        اللهُ أكْبَرُ اللهُ أكْبَرُ, لا إلَهَ إلاَّ اللهُ وَاللهُ أكْبَرُ, اللهُ أكْبَرُ وَلِلَهِ الْحَمْدُ

«Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар лә илаһа иллаллаһу, Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уа лиллаһил-хамд» – деп, тәкбір айтып, «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» – деп бауыздалады. Тек қана құрбанның иесінің ғана «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» – деуі жеткілікті емес. Құрбанды бауыздаған адам да «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» – деуі керек. Әдейі ұмытпастан «Бисмиллаһ» деп айтпаса, құрбанның етін жеуге болмайды. Алла Тағала қасиетті Құранның «Хаж» сүресінің 34-аятында:

وَلِكُلِّ أُمَّةٍۢ جَعَلْنَا مَنسَكًا لِّيَذْكُرُواْ ٱسْمَ ٱللَّهِ عَلَىٰ مَا رَزَقَهُم مِّنۢ بَهِيمَةِ ٱلْأَنْعَٰمِ ۗ

«Біз әрбір үммет үшін өздеріне берген малдардан, Алланың атын атап құрбан шалуды бекіттік», – деген.

Жәбир атты сахаба (Алла оған разы болсын) Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құрбан шалғанда:

بِسْمِ اللَّهِ وَاللَّهُ أَكْبَرُ هَذَا عَنِّي وَعَمَّنْ لَمْ يُضَحِّ مِنْ أُمَّتِي

«Бисмиллаһи, Алла ұлық! Бұл менің атымнан және үмметімнен құрбан шалуға шамасы жетпегендердің атынан», – дегенін риуаят етеді (имам Әбу Дәуд).  

 Құрбанның иесі құрбанды бауыздайын деп жатқан қасаптың қолының үстіне қолын қойып, бірге бауыздаса, екеуінің де «Бисмиллаһ» деп айтулары керек. Сойылатын мал құрбан ниетімен бауыздалуы қажет.

Малдың жаны шыққаннан кейін барып қана терісі сыпырылады. Жаны шықпай жатып басын кесіп алып тастау немесе терісін сыпыру – мәкрүһ.

 

Алтыншы: Құрбандық малының еті мен терісін дұрыс пайдалану

Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату  – мұстахап. Бір бөлігі – туған-туыс, көршілеріне бай болса да сыйға тартылады, екінші бөлігі – кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі – өзінің отбасына, бала-шағасына беріледі. Бірақ шалынған малды түгелдей кедей-мұқтаждарға таратуға болатыны сияқты, түгелдей өзінің отбасына қалдыра алады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Хаж» сүресі, 28-аятында:

فَكُلُوا مِنْهَا وَأَطْعِمُوا الْبَائِسَ الْفَقِيرَ

«(Құрбанның етінен) өздерің жеңдер әрі міскіндер мен кедейлерге жегізіңдер», – деп айтқан.  

Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шалған құрбан малының етін қалай таратқандығы турасында Ибн Аббас (Алла оған разы болсын) былай дейді: «Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шалған құрбандығының үштен бірін – отбасына, үштен бірін– кедей көршілеріне, қалған үштен бірін садақа ретінде тарататын».

Уәжіп болсын, нәпіл болсын құрбандыққа шалынған малдың етін, терісін, сирақ-басын және сүтін сату – мәкрүһ. Құрбан малының аталмыш бөлшектері сатылған жағдайда құны кедейлерге садақа ретінде беріледі. Құрбанға шалынған малдың ешқандай бөлшегінен қасаптың ақысы ретінде төлеуге болмайды. Қасапшының ақысы бөлек төленуі қажет. Хазіреті Әли (Алла оған разы болсын):  «Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түйелер құрбандыққа шалынған уақытта басында тұруымды және терілері мен жүндерін таратуымды әмір етті. Олардың ешбір нәрсесін қасап ақысы ретінде беруге маған тыйым салды. Қасап ақысын біз өзіміз береміз» – деген (имам Муслим).

 

Қадірменді жамағат!

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

مَا عَمِلَ ابْنُ آدَمَ يَوْمَ النَّحْرِ عَمَلًا أَحَبَّ إِلَى اللهِ عَزَّ وَجَلَّ مِنْ هِرَاقَةِ دَمٍ

«Құрбан айт күні адам баласы атқаратын амалының Алла Тағалаға ең сүйіктісі – құрбандық малын сою» – деген (имам Тирмизи).

Қасиетті Құрбан айт күндері құрбан шалуымызбен қатар, құрбандығымыз қабыл болуы үшін шынайы ниет етіп, оның дұрыс орындалуына барынша мән берейік.

Алла Тағала келе жатқан қасиетті құрбан айт мерекесін баршаларымызға мүбарак етіп, шалатын құрбандықтарымызды, атқаратын ізгі амалдарымызды қабыл еткей!

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру