Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

МҰСЫЛМАННЫҢ ОТАН АЛДЫНДАҒЫ БОРЫШЫ

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі muftyat.kz 06.05.2022 3127 0 пікір
МҰСЫЛМАННЫҢ ОТАН АЛДЫНДАҒЫ БОРЫШЫ

الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

 

Аса рақымды ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймыз.

 

Мұсылман атқаруы керек болған міндеттері бес түрлі болады.  Оның бірінші, Алла Тағалаға мен ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қатысты орындалуы тиіс міндеттері; екінші, адамның өзінің алдындағы міндеттері; үшінші, отбасының алдындағы міндеттері; төртінші, Отаны алдындағы міндеттері; ал бесіншісі, адамзат алдындағы міндеттері болып табылады. Біздің бүгінгі уағызымызға арқау болған тақырып – мұсылманның отан алдындағы борышы мен міндеттері.

Адамның кіндік қаны тамып, өсіп-өнген жері оның отаны деп танылады. Әр адам өзінің туған жерін жақсы көруі, оны бағалауы, алыс кетсе сағынуы, Алла Тағаланың адам жүрегіне салған ұлы сезімдердің бірі. Дана халқымыз: «Ұлтарақтай болса да, ата қонысы жер қымбат. Ат төбеліндей болса да, туып өскен ел қымбат» немесе «Бақыр қазан қайнаса бәріміздің бағымыз, туған жердің әр тасы біздің алтын тағымыз» деп,  туған елдің адам баласы үшін қаншалықты қымбат екендігін айтқан.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туған жері Мекке қаласынан Мединеге қоныс аударып бара жатып:

مَا أَطْيَبَكَ وَأَحَبَّكَ إِلَيَّ وَلَوْلاَ أَنَّ قَوْمَكَ أَخْرَجُونِي مِنْكَ مَا سَكَنْتُ غَيْرَكَ

«Сен мен үшін сондай қымбатсың, сүйіктісің. Егер де сенің тұрғындарың мені қуып шығармағанда, сенен басқа жерде әсте тұрақтамас едім», – деп айтуы арқылы өзінің туған жеріне деген құрметінің қаншалықты жоғары болғандығын көрсеткен.

            Алла елшісін (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үлгі еткен әрбір мұсылман өз отанын қадір тұтып, бағалап, оның алдында өзін борышты санап, шынайы жақсы көре білуі қажет.

Мұсылман адамның отанына деген сүйіспеншілігі мынадай амалдар арқылы көрініс табады:

 

Бірінші: Қоғамның ынтымағы мен бірлігін сақтау

Тарихта мұсылмандардың қол жеткізген табыстары береке-бірліктің арқасында болған. Мұсылмандардың басына түскен ауыртпалықтардың, қиыншылықтардың көпшілігі бірліктің бұзылуы, өзара бөлінуден туындаған. Сол себепті бір отанды мекен еткен қоғам мүшелерінің өзара бірлікте болып, алауыздықтан ада болуы аса маңызды іс. Алла Тағала қасиетті Құранның «Әли Ғимран» сүресі, 103-аятында:

وَاعْتَصِمُوا بِحَبْلِ اللهِ جَمِيعًا وَلاَ تَفَرَّقُوا

«Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер», – деп, мүминдерге бірлікте болуды бұйырып, бөлінуден тыйған.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

مَثَلُ الْمًؤْمِنِينَ فِي تَوَادّهِمْ  وَ تَرَاحُمِهِمْ وَ تَعَاطُفِهِمْ مَثَلُ الْجَسَدِ إِذَا اِشْتَكَى مِنْهُ عُضوٌ تَدَاعَى لَهُ سَائِرَ الْجَسَدِ بِالسَّهْرِ وَالْحُمَّى

«Мұсылмандар бір-біріне бауырмалдықта, мейірімділікте, қарым-қатынаста бір бүтін дене іспеттес. Егер оның бір ағзасы ауырса, қалғаны ұйқысыз және ыстығы көтерілуінде онымен бірге болады», – деген (имам Бұхари).

Ата-бабаларымыз «Байлық, байлық емес, бірлік – байлық» деп, бірлік пен ынтымақты барлығынан да жоғары бағалаған. Абай Хәкім де өзінің қара сөзінде бірліктің ешқандай да мал-дүниеге ауыстырылмауы керектігін былай деп жеткізген: «Қазақтың бір мақалы: «Өнер алды – бірлік, ырыс алды –тірлік» дейді. Бірлік қандай елде болады, қайтсе тату болады  білмейді. Қазақ ойлайды: бірлік – ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса екен дейді. Олай болғанда байлықтан не пайда, кедейліктен не залал? Ағайын құрымай мал іздеп не керек? Жоқ, бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес. Малыңды беріп отырсаң, атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып бірлік қылады! Бірлік малға сатылса, антұрғандықтың басы осы. Ағайын алмай бірлік қылса керек, сонда әркім несібесін құдайдан тілейді, әйтпесе құдайдан тілемейді, шаруа іздемейді. Әуелі біріне-бірі пәле іздейді. Не түсін, не ажарын, не өкпесін бұлдап, ол болмаса, бір пәле салып, қорғалатып, әйтеуір бірін-бірі алдаудың амалын іздеседі. Мұның қай жерінен бірлік шықты?».

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», – дегеніндей, қоғамның бірлігі мен ынтымағын сақтап, оны бағалап, алауыздық атаулыға жол бермеу әрбір мұсылманның негізгі уайымының біріне  айналуы тиіс.

 

Екінші: Қоғамдық мүлікті қорғау

Отанға деген сүйіспеншілік – халық игілігіндегі мүлікті көздің қарашығындай көру, кісі ақысын жемеу, ел мүддесі үшін жұмыла жұмыс істей білуді қажет етеді. Алла Тағала қасиетті Құраның «Ниса» сүресі, 58-аятында:

إِنَّ اللَّهَ يَأْمُرُكُمْ أَن تُؤدُّواْ الأَمَانَاتِ إِلَى أَهْلِهَا

«Алла сендерге аманатты иесіне қайтаруларыңды бұйырды», – деп айтқан.

Мұсылман адамның өз отанына деген сүйспеншілігі қоғамдық мүлікті,  тіпті өзі қызмет ететін мекеменің әр затын аманат деп біліп, оған өте бір ұқыптылықпен қарауды талап етеді. Хазіреті Омар (Алла оған разы болсын) біздерге осындай аманатшылдықтың керемет үлгісін көрсете білді.

Қисса

Әділетті халифа Хаттаб ұлы Омардың (Алла оған разы болсын) жұмыс бөлмесіне әлдебір адам кіріп келеді. Сәлемдесіп болғаннан кейін хазіреті Омар (Алла оған разы болсын) одан: «Мемлекеттік мәселемен келдіңіз бе, жоқ әлде жеке шаруаңызбен бе?» – деп сұрайды. Әлгі адам өзінің жеке басының шаруасымен келгендігін айтады. Сол кезде халифа алдында жанып тұрған майшамды өшіріп, екінші бір шамды жағады. Мәселенің ақ-қарасын түсінбеген әлгі кісі: «Бір шамды өшіріп, екіншісін несіне жақтыңыз?» – деп сұраған екен. Сонда Омар (Алла оған разы болсын): «Өшірілген шам мемлекеттің қазынасына алынған болатын. Оны жеке шаруама қолдануыма болмайды. Ал жағып қойған шамды өзімнің жеке қаражатыма сатып алғанмын. Оны өз шаруаларыма қолданамын», – деп жауап берген екен.

 

Үшінші: Адал қызмет ету

Мұсылманның отанына деген сүйіспеншілігі сөзінде де, ісінде де көрініс табуы тиіс. Алла Тағаланың ризалығын қалап, адал қызмет ету, өзгелермен қолындағы барымен бөлісу, адамдарға шынайы жанашыр болу, олардың мұқтаждықтарын өтеу – дінімізде құлшылық деп танылатын істерден. Имам Ғазали (Алла оны мейіріміне бөлесін): «Мұқтаж жандар есігіңде тосып тұрушыларға менсінбеушілік қылма! Бұндай қатерлі істен сақтан! Қандай да бір мұсылман сені қажетсінетін болса,  оның қажетін өтемей нәпіл ғибадаттармен айналыспа. Өйткені мұсылмандардың қажетін өтеу, нәпіл ғибадаттардан абзал», –  деген.

Омар ибн Абдулазиз (Алла оны рахымына бөлесін) бір күні адамдардың қажетін шешемін деп, түске дейін отырып, қатты шаршайды. Үйіне демалуға кіріп келе жатқанында алдынан ұлы шығып: «Сіздің есігіңіздің алдында мұқтаж жандар отырып, сіз болсаңыз олардың хақын өтеуге  немқұрайлылық танытқан  уақытыңызда өлім келмейтініне кепілдігіңіз бар ма?», – деп сұрайды. Сонда ол: «Сен дұрыс айтасың ұлым», – деп, орнынан тұрып, қайтадан жұмыс орнына кеткен екен.

Әйтеке би бабамыз: «Өмірім – халықтікі, өлімім ғана – өзімдікі» деу арқылы қоғамның дамуы үшін қызмет етудің маңыздылығын жеткізген.

 

Төртінші: Отанды қорғау

Исламда бес нәрсені қызғыштай қорғау міндеттеледі: Отаныңды, дініңді, ұятыңды, жаныңды және дүниеңді. Осы құндылықтарды қорғау жолында қайтыс болғандар шейіт саналады. Ал шейіттердің өлмейтіндігі, ақыретте есепсіз Жәннатқа баратындығы баяндалған. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 154-аятында:

وَلَا تَقُولُواْ لِمَن يُقْتَلُ فِى سَبِيلِ ٱللَّهِ أَمْوَٰتٌۢ ۚ بَلْ أَحْيَآءٌ وَلَٰكِن لَّا تَشْعُرُونَ

«Шейіттерді өлдіге санамаңдар. Олар тірі, Алла біледі, сендер білмейсіңдер», – деп айтқан.

Отанды қорғау – әрбір азаматтың қасиетті борышы деп танылады. Сондықтан да әскери борышты өтеуге шақырғанда одан жалтаруға, бармай қоюға болмайды. Себебі, әскери борышты өтеу әрбір азаматтың міндеті. Алла Тағала Құранның «Әнфәл» сүресі, 60-аятында:

وَأَعِدُّوا لَهُم مَّا اسْتَطَعْتُم مِّن قُوَّةٍ

«Оларға (дұшпанға қарсы) шамаларың келгенше күш-қуат әзірлеңдер...», – деп айтқан. Бұл аят жауға қарсы қуатты әскер әзірлеп, алдын-ала дайындық жасауға шақырады.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла жолында (Отанды қорғап) бір күн күзетте болу – дүниеден және ондағы барлық нәрселерден қайырлы», – деген (имам Бұхари).

Тағы бір хадисінде:

عَيْنَانِ لاَ تَمَسُّهُمَا النَّارُ، عَيْنٌ بَكَتْ مِنْ خَشِيَةِ اللهِ، وَعَيْنٌ بَاتَتْ تَحْرُسُ فيِ سَبيِلِ اللهِ

«Екі көзді тозақ оты шарпымайды: Алладан қорқып жылаған және Алла жолында елін күзеткен көз», – деп айтқан (имам Тирмизи).

Ғалымдарымыз: «Ислам шариғаты әрбір мұсылманға Отанын кез келген қауіптен қорғауды міндеттейді. Кімде-кім бұл міндетті орындаудан жалтарса, дініне және Отанына қиянат жасаған болып саналады», – деген (Мысыр пәтуа комитетінің пәтуалар жинағы, 6/62).

 

Бесінші: Ұрпағымызды отансүйгіштікке тәрбиелеу.

Ел болашағы  – кейінгі толқын жастар. Оларды дұрыс  жолға тәрбиелеу елдің жарқын болашағы үшін жасалған игі қадам саналады. Сол үшін де ата-бабаларымыз «Үйді қорғау - есіктен, елді қорғау бесіктен басталады» деп, ұрпақ тәрбиесіне ерекше қараған. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

كُلُّكُمْ رَاعٍ وَكُلُّكُمْ مَسْؤُولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ، فَالْأَمِيرُ رَاعٍ عَلَى النَّاسِ وَهُوَ مَسْؤُولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ، وَالرَّجُلُ رَاعٍ عَلَى أَهْلِ بَيْتِهِ، وَامْرَأَةُ الرَّجُلِ رَاعِيَةٌ عَلَى بَيْتِ بَعْلِهَا وَوَلَدِهِ وَهِيَ مَسْؤُولَةٌ عَنْهُمْ،

 «Сендердің бәрің де бақташысыңдар, бәрің де өз отарларыңа жауапкерсіңдер. Әмірші адамдарға бақташы, ол сол отарына жауапкер, ер кісі өз отбасына бақташы, сол отарына жауапкер, ал әйел күйеуінің үйіне және баласына бақташы әрі соларға жауапкер», – деген. Ендеше, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа тәрбиелеуді ұрпағымыздың алдындағы жауапкершілік міндеттердің бірі деп білуіміз қажет.

Бұрынғы қарт әжелеріміз немересін бесігінде тербетіп отырып-ақ ертегі айту, жыр-дастандар оқу арқылы жақсының жаманды жеңуі, батырлық, халыққа адал қызмет ету, әділдік сияқты қасиеттерді баланың бойына кішкентайынан сіңіре білген.

Әрбір бала өз ұлтының тарихын жете меңгеріп, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын бойына сіңіргенде ғана «Елін сүйгеннің еңсесі биік» дегендей, намысы мен ұлттық рухы жоғары деңгейдегі азамат болып қалыптасады.

Қазақ халқының соңғы ханы Кенесары Қасым ұлы өз баласын батырлыққа қалай тәрбиелегендігін Ілияс Есенберлин «Қаһар» кітабында былай деп жазады:

 «Кенесары енді баласына бұрылып:

– Батыр болғың келе ме, Сыздық? – деді. Баланың жүзі жайнап кетті.

– Наурызбай көкемнен де асқан батыр болам.

– Онда жүгіріп келіп, мына өткір кездіктің үстіне кеудеңді төсей құла! Егер қорықпасаң батыр боласың. Бала көзінде сәл сескенгендік бір сезім жарқ етті де, заматта сөне қалды.

– Кеудеме кіріп кетпей ме кездік?

– Батыр болар адам кеудеме кездік кіреді деп қорқа ма?

Сыздық теріс бұрылды да жүгіріп келетін жерге қарай жүре берді. Жүсіп терлеп кетті. «Япырмай, мұндай да тас жүрек әке болады екен

– Ау! Бес жасар баланың батырлығын жалаңаш кездікке құлатып сынай ма екен кісі? Жазым болса қайтеді?... Жоқ, баланың көңілі дауаламас!»

Сыздықтың жүрісі сылбыр, әлі жерден басын бір көтерместен кетіп барады. Кенесары кенет тез қимылдап кездікті суырып алды да, орнын кездік тұрғандай томпайта қойды. Жүсіп енді ғана «үф» деп демін алды. «Бәсе, неше бүгін тас бауыр болса да әке деген көрер көзге өз баласын пышаққа жығар ма! Енді түсінікті. Әйтсе де балаға бұл үлкен сын екен. Әкенің қатігез мінезін біледі, расымен жүрегі дауалап кездікке құлар ма екен? Құламаса, әрине, Кенесарыға бұл баланың еш қадірі қалмайды. Ондай баланы ол балам деп санамауы мүмкін. Сұлтан тұқымы қасқыр тектес деп жұрт неге айтатынын енді ұқтым. Бұлар қатарларында тек күштілерін ғана сақтайды екен...»

– Жетеді, Сыздық, деді дауыстап Кенесары.

– Қәне жүгір!

Бала  дереу  бұрылды  да,  жүгіре  жөнелді.  Тоқтар  емес,  жайшылықта

серіктерімен жарысқандай ағып келеді. Жүсіп байқап тұр, тек таяй беріп, кездік шаншылған  томпиған  жерді  мөлшерлеп  қараған  кезде    ғана  көзінде сескенгендік  бір  сезім  пайда  болып  сәл  жұмылып  кетті  де  өзінің  осы  бір болмашы қорқақтығына ызаланғандай, екі көзі қайтадан шоқтай жайнап алға қарай атыла түсті. Сол жүгірген бетінен тоқтамастан томпайған жердің үстіне дәлме дәл жетіп көкірегін төсей құлады. Құлағаны аз болғандай бір-екі рет аунап-аунап жіберді де түрегелді. Кенесары баласының ерлігіне риза болғанын жасыра  алмай,  жанына  барды.  Бірақ  сүйген  жоқ,  тек  ұзын  саусақтарымен маңдайынан бір-екі мәрте сипап:

– Апаңа бара ғой, – деді.

Сыздық нағыз бір желіден босанған құлындай ауылға қарай ойнақтай жүгіре жөнелді. Кенесарының ымына түсінген Қараүлек те енді ауылға қарай беттеді. Төбе басында тек сұлтан мен хатшысы ғана қалды. Жүсіп өзін-өзі ұстай алмай:

– Нағыз көкжал болады! – деді зымырап жүгіріп бара жатқан Сыздықтың соңынан қарап. Кенесары мырс етіп күліп жіберді».

Біз де өскелең ұрпағымызды батыр да жігерлі, қайратты да парасатты, отанын сүйетін, дәстүрін қадірлей білетін етіп тәрбиелеуіміз керек. Өйткені ел болашағы, сол елдегі жетіліп келе жатқан ұрпақтың тәрбиесімен тікелей байланысты.

 

Қадірменді жамағат!

Отанға деген сүйіспеншілік – оған жанашырлықпен қарауға,  көркейтуге үлес қосуға, адал қызмет етуге, халықты сыйлауға, тілі, діні, салт-дәстүрі, мемлекеттік рәміздері секілді қастерлі ұғымдарын құрметтеуге негізделеді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Ұхыд тауының қасынан өтіп бара жатып:

هَذَا أُحُدٌ وَهُوَ جَبَلٌ يُحِبُّنَا وَ نُحِبُّهُ

«Мынау тұрған Ұхыд тауы. Бұл тау бізді жақсы көреді, біз де оны жақсы көреміз», – деу арқылы біздерге туған жерді, оның әрбір тауы мен тасын, өзені мен суын жақсы көріп, бағалауға үйреткен.

 

Алла Тағала қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл етіп, елімізге амандық, жұртымызға әрдайым тыныштық бергей!

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру