Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ЗЕКЕТ – БЕС ПАРЫЗДЫҢ БІРІ

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі muftyat.kz 15.04.2022 1086 0 пікір
ЗЕКЕТ – БЕС ПАРЫЗДЫҢ БІРІ

الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

 

 

Аса рақымды ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймыз.

Құрметті отандастар, қадірлі жамағат!

 

Зекет – Ислам дінінің негізгі бес тіректерінің бірі. Зекет тілдік тұрғыда: тазару, өсу, өну, арту және береке деген мағыналарды білдіреді. Ал шариғатымызда зекет деп – нисап көлеміне жететін дәулеті бар мұсылман кісінің Алла разылығы үшін байлығының бір бөлігін жылына бір рет Құранда көрсетілген топтағы адамдарға беруді айтады.

Алла Тағала Қасиетті Құранның көптеген аяттарына зекетті намаз құлшылғымен бірге бұйырған. Бұл да біздерге зекеттің қаншалықты маңызды амал екенін көрсетуде. Мысалы, қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 43-ші аятында:

وَأَقِيمُوا الصَّلَاةَ وَآتُوا الزَّكَاةَ

«Намазды толық орындаңдар және зекетті беріңдер»,деп айтылған.

Ардақты Пайғамбарымыз(оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) зекетті бес парыздың ішінде атап:

بُنِيَ الإِسْلامُ عَلَى خَمْسٍ : شَهَادَةِ أَنْ لا إِلَهَ إِلا اللَّهُ، وَأَنَّ مُحَمَّدًا رَسُولُ اللَّهِ، وَإِقَامِ الصَّلاةِ، وَإِيتَاءِ الزَّكَاةِ، وَصَوْمِ شَهْرِ رَمَضَانَ، وَحَجِّ الْبَيْتِ

«Ислам бес нәрсеге негізделген: Алладан басқа құдай жоқ екендігіне және Мұхаммед Оның елшісі екендігіне куәлік беру, намазды орындау, зекет беру, рамазан оразасын ұстау, шамасы келген кісіге Алланың үйіне қажылық ету»,–деген.

Сол себепті де мұсылман адамның мал-дүниесі нисап мөлшеріне жеткен болса оның белгілі бір бөлігі мұқтаждардың ақысы болып есептелінеді. Зекет парыз амал болғандықтан ондай адамдардың зекетті бермей қоюына болмайды. Хакім Абай атамыз:

Руза, намаз, зекет, хаж – талассыз іс,

Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс...», – деп, мұсылман адам бес парызын толығымен орындау керектігін айтқан.

 

Зекеттің шынайы қадір-қасиетін түсініп, оның маңыздылығын ұғынуымыз үшін, оның мынадай артықшылықтары жөнінде білуіміз қажет:

 

Бірінші: Зекет беру арқылы адамдар арасында сүйіспеншілік орнайды

Зекет беру арқылы мұқтажадам мен ауқатты адамның арасындағы сыйластық пен сүйіспеншілік артады. Осыны терең түсінген халқымыз «Батыр болсаң, жауыңа найзаң тисін, бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін», «Қайырсыз адам – сараң, құм ішінде шөлмен тең, қайыры мол адам – суаты шалқар көлмен тең», – деп, ауқатты адамдарды мал-дүниесі арқылы қоғамға пайда тигізуге шақырған. Өзгелер үшін қолындағы барын аямай, жомарттық таныта білген ауқатты адамдардың халық дәрежесін көтеріп: «Атымтай жомарт», «Ақ пейіл жан» деген түрлі атаулармен атайтын болған. Абай Хакім де өзінің әкесі Құнанбай қажыны:

Мұсылманға қоймаған,

Орынсыз жанжал шатақты.

Зекет жиып, егін сап,

Тойдырған ғаріп, жатақты, – деп сипаттаған.

Ахат Шәкәрімұлы да өз естелігінде Құнанбай қажы жайында: «Бұрын зекет беруді білмейтін байларға малынан зекет беруді орындатып, оларды нағыз нашар, кемтар, жетім-жесірлерге бергізген», – деп жазған.

Зекет пен садақаның қоғамда осындай үлкен маңызды орны болғандықтан бұрынғы ақсақалдарымыз, зиялы қауым өкілдері оныәрдайым насихаттап отыратын болған. Мысалы, Ыбырай Алтынсарин бабамыз: «Біреудің еңбегі дүниеде пайда болып табылып, бай болады. Біреудегі пайда бола алмай жарлы болады. Соның үшін де пақыр, міскіндерге байлардан Құдай Тағала зекет, хайыр-садақалар бұйырды. Бірақ осындай рахымды болуды Құдай Тағала сүйемін һәм ақыретте бұл қайырларының орнына жұмақ бұйырып, мәңгі рахатта қалдырамын деп уағда етті. Егер дүниедегі малды Құдай бергеніне түсінбей, жалғыз өз малым деп, бар зекет-хайырдан тоқталған адамдар, яғни өзі қолынан келіп тұрғанда бөтенге хайыр етуді білмеген адам өзгеден һәм хайыр үміт етпесе керек», – деген.

Асыл дініміз осылайша көптеген үкімдерінде мұсылмандардың өзара байланысының нығаюына, сүйіспеншіліктерінің артуына ерекше мән береді. Мысалы, намаздың жамағатпен оқылуы адамдардың бір-бірін көріп қана қоймай, өзара тығыз араласуына ықпал етеді. Ораза ұстап, күні бойы ішіп-жеуден өзін тыйған адам, бүкіл болмысымен қарны аш, мұқтаж адамдардың жай-күйін сезініп, оларға жәрдемдесуге тырысады. Зекет-садақа беру арқылы да қоғамда адамдар арасында өзара құрмет пен сыйластықтары артады.

 

Екінші: Зекет – адам нәпсісін тазартады

Қолында бар дүниені өзгеге беру адам нәпсісіне өте ауыр келетін іс екені белгілі. Алайда, Алла Тағалаға иман келтіріп, екі дүние бақытын қалаған адам қалайда бойындағы жаман мінездерін жөндеп, жүрегіндегі рухани дерттерін емдеуі қажет. Адам баласының осындай арылуы керекті болған сипаттардың бірі – сараңдық. Шәкәрім бабамыз: «Құдай Тағаланың пақырлар үшін жүз қойдан бір қой зекет бізге осынша ауыр көрінгені қалай? Тегінде байқасаңыз бізге көрінбей тұрса да бізді теріс жолға қызықтырып, оң жолдан жиіркендіріп тұрған бір нәрсе бар емес пе? Сол шайтан деген жауыңыз. Не қылсаңыз соған алдатпа», – деп сараңдықтың шайтан мен нәпсіден екендігін айтқан. Ал шайтанның азғыруына ермей, сараңдық дертін емдеудің бірден-бір жолы – Алла жолында мал дүниенің белгілі бір мөлшерін сарп етіп үйрену. Алла Тағала «Хашр» сүресі, 9-шы аятында:

وَمَن يُوقَ شُحَّ نَفْسِهِ فَأُولَٰئِكَ هُمُ الْمُفْلِحُونَ

«Кім өзінің сараңдығынан сақталған болса, міне, солар – табысқа жетушілер», – деп айтқан.

Зекет пен садақа – оны берушінің де алушының да нәпсісін тазартады. Ауқатты адам қолында барын Алла жолында жұмсау арқылы жүрегіндегі сараңдықты жойса, мұқтаж адам оны алу арқылы дүниесі бар адамға деген көреалмаушылық, қызғаныш, жек көру сияқты дерттерден арылады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Тәубе» сүресі, 103-ші аятта:

خُذْ مِنْ أَمْوَالِهِمْ صَدَقَةً تُطَهِّرُهُمْ وَتُزَكِّيهِم بِهَا

«Олардың дүние-мүлкінен (малдары көбейіп, берекет табуы үшін) зекет, садақа ал. Сол арқылы тазартып, күнәларынан арылт», – деген.

Қаблиса жырау бабамыз да:
Әй, мұсылман жарандар,
Малыңнан зекет беріңіз.
Бірлігін Хақтың біліңіз.
Хақ жолымен жүріңіз,
Пәк болады дініңіз
, – деп, зекеттің адамның руханиятын тазартатынын айтқан.

 

Үшінші: Зекет беру арқылы адамның мал дүниесіне береке кіреді

Алла жолында мал сарп етушінің мал-дүниесі кемімейді. Керісінше, оған береке кіріп, молая түседі. Себебі, мұқтаж жандарға зекет беру мал-мүлік берген Жаратушыға шүкірлік етудің бір-көрінісі болып табылады. Алла Тағала:

لَئِنْ شَكَرْتُمْ لَأَزِيدَنَّكُمْ

«Егер шүкір етсеңдер, арттыра беремін»,– деп,шүкір етуші пенделерінің нығметтерін одан әрі арттыратынын айтқан («Ибраһим» сүресі, 7-аят).

Бұған қоса зекет мал-мүлікті арам көзден, көре алмаушыдан, ұрыдан, ит-құстан қорғап тұрады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

حصِّنُوا أَمْوَالَكُمْ بِالزَّكاةِ

«Мал-мүліктеріңді зекет пен қорғаңдар»,– деуі осыдан (имам Бәйһәқи). Демек, осы уақытқа дейін зекетін берген пенделердің мал-мүлкі зекет беру салдарынан кемімейді. Керісінше зекет берушілердің мал-жаны берекеге кенеліп, арта түседі. Бұл орайда зекет берушінің мал-дүниесін құдықтың суымен салыстыруымызға болады. Құдықтың бетіндегі суды қанша алсақ та, астынан тағы да шығып, толып отыратындығы сияқты, мал-дүниесін Алла жолында жұмсаған адамның дүниесіне де осылайша береке кірмек. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде:

مَا نَقَصَتْ صَدَقَةٌ مِنْ مَالٍ، وَمَا زَادَ اللَّهُ عَبْدًا بِعَفْوٍ إِلَّا عِزًّا، وَمَا تَوَاضَعَ أَحَدٌ للَّهِ إِلَّا رَفَعَهُ اللَّهُ

«Садақа ешбір малды кемітпейді. Алла біреуге кешірім жасаған пендесінің абыройын асырады. Кім де кім Алла үшін кішіпейіл болса, Алла оның дәрежесін көтереді», – деген (имам Мүслим).

 

Төртінші: Зекет беру – үлкен сауапқа кенелтеді

Зекет беру арқылы адам баласы Алла Тағаланың бұйырған парыз амалын орындайды әрі ақыреттік мол сауапқа кенеледі. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 261-аятында:

مَّثَلُ الَّذِينَ يُنفِقُونَ أَمْوَالَهُمْ فِي سَبِيلِ اللّهِ كَمَثَلِ حَبَّةٍ أَنبَتَتْ سَبْعَ سَنَابِلَ فِي كُلِّ سُنبُلَةٍ مِّئَةُ حَبَّةٍ وَاللّهُ يُضَاعِفُ لِمَن يَشَاء وَاللّهُ وَاسِعٌ عَلِيمٌ

«Алла жолында мал сарп қылғандардың  мысалы – жеті бірдей масақ шығарған, әр масағында жүз дәні бар дәнек тәрізді. Әрі Алла кімге қаласа, неше есе арттыра береді. Алла тым кең, әр нәрсені білуші» – деп садақаның сауабы жайында мысал берген.

 

Қисса

Бірде ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) отбасы қой сойып, оның етін садақа ретінде таратады. Сол кезде Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қойдың қанша бөлігі қалды?» – деп сұрағанда, Айша анамыз (Алла оған разы болсын): «Қойдың бір қолынан басқа ештеңе қалмады», – деп жауап береді. Сонда ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қойдың бір қолынан басқасының бәрі бізге қалды»,– деп айтсайшы деген сөзін арнаған. Осылайша берілген садақаның зая кетпей, керісінше өздеріне сауап болып жазылатындығын өсиет еткен.

Сол себепті де, адам баласының берген зекеті мен садақасының міндетті түрде еселенген қайырымы болады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Әнғам» сүресі, 160-аятында.

مَن جَاءَ بِالْحَسَنَةِ فَلَهُعَشْرُأَمْثَالِهَا

«Кім де кім бір жақсылықпен келсе,  оған сол жақсылығы үшін он есе сауап жазылады», – деп айтқан.

 

Қисса

Бірде Фатима анамыз ас ішуге деген тәбеті болмай отырған кезде хазіреті Әли (Алла оған разы болсын): «Уа, Фатима! Тәтті заттан не жегің келеді?» – деп сұрайды. Сонда Фатима анамыз: «Анар жегім келеді», – дейді. Хазіреті Әли базарға барып, бір анар сатып алады. Үйіне келе жатқан жолда науқасқа шалдыққан, қария кісіне көреді. Ол қария өзінің аш екендігін айтып, жейтін бір зат беруін өтінеді. Әли ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сұраушыны қайтармаңдар», – деген хадисін еске алып, сүйікті жарына апара жатқан анарын әлгі қарияға береді. Үйіне ешнәрсесіз келген Әли жарына болған оқиғаны айтып береді. Фатима анамыз: «Уайымдамаңыз. Сіз ол кісіге анарды берген кезде, менің анарға деген тәбетім басылды», – дейді. Осыдан көп уақыт өтпей есік қағылады. Есікті ашса, ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір сахабадан анар беріп жіберген екен. Әли анарларды санап көріп еді, саны тоғыз екен. Сонда әлгі сахабадан: «Бұның біреуі қайда?» – деп сұрайды. Әлгі сахабы қысылып: «Кешіресіз, менің қарным аш болғандықтан, жолда шыдай алмай мына анарлардың біреуін жеп қойған едім. Бірақ, сіз оның санының он екендігін қайда білдіңіз?» – дейді. Сонда Әли: «Алла Тағала қасиетті Құранда: «Кімде-кім бір жақсылықпен келсе, оған сол жақсылығы үшін он есе сауап жазылады»,– деген емес пе? Ал Алла Тағала Өзінің уәдесін сөзсіз орындаушы», – деген екен.

 

Қадірменді жамағат!

Зекет – мұсылмандарға Алла Тағала тарапынан бес парыздың бірі ретінде жүктелді. Парыз дегеніміз дәлелдермен әмір етілген діни міндеттер. Парыз деп бекітілген істерді айтамыз. Сондықтан парызды қандай да бір себеппен орындамау жауапкершіліктен босатпайды. Сол үшін зекет туралы сөз қозғағанда, оның парыздығын жете түсіну маңызды. Яғни зекет барлық адамға бірдей парыз емес. Оның да өзіндік шарттары мен талаптары бар. Мысалы, зекет беру мынадай жағдайда парыз болады:

Бірінші, мұсылман болу

Екінші,нисап көлеміне жететін байлыққа ие болу.

Үшінші, зекеті берілетін байлықтың көбейіп отыруы

Төртінші, зекеті берілетін байлыққа бір жыл толу

Бесінші, қарызы болмау.

 

Зекет кімдерге беріледі?

Алла Тағала Қасиетті Құранда кімдерге зекет беру керек екендігін былайша баяндайды. «Тәубе» сүресінің, 60-шы аятында: 

إِنَّمَا الصَّدَقَاتُ لِلْفُقَرَاءِ وَالْمَسَاكِينِ وَالْعَامِلِينَ عَلَيْهَا وَالْمُؤَلَّفَةِ قُلُوبُهُمْ وَفِي الرِّقَابِ وَالْغَارِمِينَ وَفِي سَبِيلِ اللَّهِ وَابْنِ السَّبِيلِ ۖ فَرِيضَةً مِّنَ اللَّهِ ۗ وَاللَّهُ عَلِيمٌ حَكِيمٌ

«Анығында садақалар /зекеттер/ жоқ-жітікке, кедейлерге, және оған /зекетті жинауға/ қатысты жұмыс істеушілерге, жүректері бұрылатындарға /ислам дінін жаңа қабылдағандарға/, құлдарды азат етуге, қарызы барларға, Алла жолына және /жолдақалған/ жолаушыға, Алла тарапынан /белгіленген/ парыз ретінде, /осыларға/ тән. Алла бәрін Білуші, аса Дана» деген.

Сонымен зекет аятта айтылғандай мынадай кісілерге беріледі:

Бірінші мұқтаждарға. Мұқтаж дегеніміз бай болып саналмайтын, нисаб мөлшерінде дүние-мүлкі жоқ адамдар.

Екінші, кедейлерге. Кедейлер деп ештеңесі жоқ адамдарды айтамыз.

Үшінші, зекет жинаушыларға. Яғни зекетті таратуға, жеткізуге тағайындалған кісілер.

Төртінші, жүректері жұмсарған кісілерге. Бұл ислам дінін жаңа қабылдағандарға, дінді енді түсініп жатқан кісілерге.

Бесінші, құл азат етуге.

Алтыншы, борышы бар кісілерге. Дүние-мүлкі нисаб мөлшеріне жетпейтін, қарызы бар адамдар.

Жетінші, Алла жолындағы адамдарға. Бұлар – Алла жолындағы дін қызметкерлер.

Сегізінші, жолаушыға. Өз елінде дүние-мүлкі болса да жолда ақшасыз қалып қойған кісілер.

 

Зекет кімдерге берілмейді?

Зекет берер кезде мына ретті сақтау керек:

Бірінші, өзінің әке-шешесіне, ата-әжелеріне берілмейді;

Екінші, өз ұл-қыздарына және олардан тарқаған немерелері мен шөберелеріне берілмейді;

Үшінші, әл-ауқатты бай адамдарға берілмейді;

Төртінші, мұсылман емес кісілерге берілмейді;

Бесінші, ерлі-зайыптылар бір-біріне бермейді.

 

Зекеттің әдептері

Бірінші, таза көңілмен беру.

Кімде-кім зекет бергендігін мұқтаж кісіге міндетсінетін болса және бергенін сөз етіп тіл тигізсе, зекетінің қабыл болмау қаупі бар. Алла Тағала Құран Кәрімде «Бақара» сүресінің 264-ші аятында:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ لاَ تُبْطِلُواْ صَدَقَاتِكُم بِالْمَنِّ وَالأذَى كَالَّذِي يُنفِقُ مَالَهُ رِئَاء النَّاسِ وَلاَ يُؤْمِنُ بِاللّهِ وَالْيَوْمِ الآخِرِ

«Уа, иман келтіргендер! Мал дүниесін адамдарға рия үшін жұмсап, Аллаға және Қиямет күніне сенбейтін біреу секілді садақаларыңды міндетсініп және ренжіту арқылы зая кетірмеңдер!..» – деген.

Екінші, ең жақсысын беру.

Құранда «Бақара» сүресі, 267-ші аятта:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا أَنفِقُوا مِن طَيِّبَاتِ مَا كَسَبْتُمْ وَمِمَّا أَخْرَجْنَا لَكُم مِّنَ الْأَرْضِ ۖ وَلَا تَيَمَّمُوا الْخَبِيثَ مِنْهُ تُنفِقُونَ وَلَسْتُم بِآخِذِيهِ إِلَّا أَن تُغْمِضُوا فِيهِ ۚ وَاعْلَمُوا أَنَّ اللَّهَ غَنِيٌّ حَمِيدٌ

«Уа, иман келтіргендер! Тапқандарыңның және Біз сендерге жерден шығарып бергеніміздің жақсыларынан /садақа етіп/ жұмсаңдар. Әрі көздеріңді жұмып тұрып болмаса, өздерің де алмайтын нашар нәрсені жұмсауға талпынбаңдар. Алланың аса Бай, өте Мақтаулы екенін біліңдер» деген.

Үшінші,көпшіліктіңкөзіненжасырып беру.

Алла Тағала «Бақара» сүресі, 271-ші аятта:

إِن تُبْدُوا الصَّدَقَاتِ فَنِعِمَّا هِيَ ۖ وَإِن تُخْفُوهَا وَتُؤْتُوهَا الْفُقَرَاءَ فَهُوَ خَيْرٌ لَّكُمْ ۚ

«Егер садақаларды ашық түрде берсеңдер жақсы. Ал, егер оны (бергендеріңді) жасырсаңдар және оны кедейлерге берсеңдер, олөздеріңүшінқайырлы», – деген.

 

Құрметті жамағат!

Бұл дүниеде Алла Тағаланың пендесіне берген ризық-несібесі әркелкі. Мәселен, біреулер байлықпен өмір сүрсе, енді біреулері кедейлік тауқыметін кешіп, таршылықпен ғұмыр кешеді. Алайда екеуі де бұл өмірдегі Алла Тағаланың адам баласына берген сынағы. Өйткені Алла Тағала «Әли Имран» сүресі, 26-шы аятында:

قُلِ اللَّهُمَّ مَالِكَ الْمُلْكِ تُؤْتِي الْمُلْكَ مَنْ تَشَاءُ وَتَنْزِعُ الْمُلْكَ مِمَّنْ تَشَاءُ وَتُعِزُّ مَنْ تَشَاءُ وَتُذِلُّ مَنْ تَشَاءُ بِيَدِكَ الْخَيْرُ إِنَّكَ عَلَى كُلِّ شَيْءٍ قَدِيرٌ

«Мұхаммед былай деп айт: Уа, Мүлік иесі болған Алла! Сен қалаған жанға мүлік бересің, Сен қаламасаң сол мүлікті оның қолынан алып қоясың. Сен қалағаныңның абыройын арттырасың, қалағаныңды қорлыққа саласың. Барлық игілік бір Өзіңнің иелігіңде. Сенің құдіретің барлық нәрсеге толық жетеді» делінген.

Алла қалаған пендесінің ризық-несібесін мол етіп байытады, қалаған пендесінің ғұмырына кедейшілік береді. Кім осы сынақты сабырлығымен, табандылығымен еңсерген болса және дәулетіне шүкір етіп, ақысын берген болса, Құдай Тағала ол пендені ерекше сый-сияпаттармен марапаттайды.

Дегенмен, дәулетті кісі зекет-садақасының ақысын берсе, осы дүниеде берекетін алады, ақыретте де есебін жеңілдетеді.

Сондықтан осындай қасиетті Рамазан айы кезінде мейлінше зекет-садақамызды беріп, еселеген сауапқа кенелуге тырысқанымыз жөн. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қасиетті Рамазан айының түндерінде Жәбірейіл періштемен Құранды бастан аяқ қайталайтын болса, күндізінде ораза ұстап, адамдарға жәрдемдесіп, ерекше жомарттық танытатын болған. Өйткені хадисте: «Ең абзал садақа – қасиетті Рамазан айында берілген садақа», – делінген (имам Тирмизи).

Алла Тағала қасиетті айда ұстаған оразамызды, берген зекет, садақамызды, тілеген дұға ниеттерімізді қабыл етсін!

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру