Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

НАМАЗ ОҚУДЫҢ САУАБЫ МЕН ДӘРЕЖЕСІ

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі muftyat.kz 11.03.2022 6859 0 пікір
НАМАЗ ОҚУДЫҢ САУАБЫ МЕН ДӘРЕЖЕСІ

 الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға салауаттар мен сәлемдер болсын!

Намаз – Исламның бес парызының бірі әрі құлшылықтың ең абзалы. Жаратушымыз Алла Тағала қасиетті Құраның 87 жерінде намаз оқуды бұйырып, оның адам баласы үшін маңыздылығына ерекше назар аударған. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) намазды «Діннің тірегі», «Мүминнің миғражы», «Жұмақтың кілті», «Көзімнің нұры» деп түрлі атаулармен атаған. Бұның барлығы намаз оқудың қаншалықты маңызды екендігінің көрінісі.

Құран Кәрімдегі пайғамбарлардың атасы Ибраһимнің (оған Алланың сәлемі болсын) Алла Тағаладан:

رَبِّ اجْعَلْنِي مُقِيمَ الصَّلاَةِ وَمِن ذُرِّيَّتِي رَبَّنَا وَتَقَبَّلْدُعَاء

«Раббым! Мені әрі ұрпақтарымды намазды толық орындаушы ет! Раббымыз! Тілегімізді қабыл ал»,– деп дұға еткендігі баяндалған («Ибраһим» сүресі, 40-аят). Даналығымен танылған Лұқман Хаким де өзінің ұлына:

يَا بُنَيَّ أَقِمِ الصَّلَاةَ وَأْمُرْبِالْمَعْرُوفِ وَانْهَ عَنِ الْمُنكَرِ وَاصْبِرْ عَلَى مَا أَصَابَكَ

«Әй, ұлым! Намазды толық орында, жақсылықты бұйырып жамандықтан тыйып, басыңа түскен ауыртпашылыққа сабырлы бол»,– деп өсиет айтқан («Лұқман» сүресі, 17-аят).

Бұл аяттар намаздың артықшылығын көрсетіп қана қоймай, ұрпағымызға да оны үйретудің маңызды екендігіне дәлел. «Бесінші тілек тілеңіз, бес уақытта бес намаз, бірі қаза болмасқа» деген Бұқар жырау бастаған асыл ата-бабаларымыз да біздерге намаз оқуды көптеп өсиет еткен.

Мысалы, Қаблиса Жырау:

Мына кеңдік заманда,

Хақ бұйрығын тұтыңыз.

Құдайдың кешпес парызы,

Бес уақыт намазды,

Баққан қойдай күтіңіз, – десе, Шортанбай Қанайұлы бабамыз:

Құбылаға бас қоймақ,

Мұсылманның тарығы.

Ораза, намаз қаза қылмасаң,

Көңіліңде Құдай барлығы,–деп айтқан. Хакім Абай атамыз:«Руза, намаз, зекет, хаж – талассыз іс, Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс», – деп, Исламның бес тірегі саналатын ғибадат-құлшылықтарды түгелімен орындауды өсиет еткен.

Ендеше, намаз – ең маңызды, мағынасы мен мәні терең құлшылық. Оның ішінде Алланы мадақтау, ұлықтау, Оған шүкіршілік білдіру, тәубеге келіп кешірім сұрау, Одан жәрдем тілеу, дуға ету сияқты зікірлер де бар.

Мүминнің рухани миғражы болған намаз құлшылығына бекем болып, ерекше ықыласымен орындауы үшін әрбір мұсылман адам оның мынадай артықшылықтарын білгені жөн:

 

Бірінші: Намаз – арсыздықтан тыяды.

Намаз ұлы құлшылық болуымен қатар, адамның жаман істерден арылуына себепші болады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Анкабут» сүресі, 45-аятында:

اتْلُ مَا أُوحِيَ إِلَيْكَ مِنَ الْكِتَابِ وَأَقِمِ الصَّلَاةَ ۖ إِنَّ الصَّلَاةَ تَنْهَىٰ عَنِ الْفَحْشَاءِ وَالْمُنْكَرِ ۗ وَلَذِكْرُ اللَّهِ أَكْبَرُ ۗ وَاللَّهُ يَعْلَمُ مَا تَصْنَعُونَ

«Кітаптан саған уахи етілгенді ғана оқы да намазды орында. Күдіксіз намаз арсыздықтан, жамандықтан тыяды. Әрине Алланы еске алу, аса ірі нәрсе. Сондай-ақ Алла не жасағандарыңды біледі», – деп айтқан.

Қазіргі кезде намаз оқыған адам жағымсыз әрекет жасамайды, жаман сөз сөйлемейді деген түсінік осы аяттан алынған болу керек. Шынымен де, күніне бес уақыт Жаратушысының алдында тұрып, құлшылық жасайтын адам қияметте де Алла Тағаланың алдына баратындығын ұдайы есінде ұстап, осы сенімі оның күнәлі істерден ажырауына сөзсіз себеп болады.

Жалпы Алла Тағаланы ұдайыесімізде ұстауға екі нәрсе себеп болмақ. Оның біріншісі:­Құран оқу болса, екіншісі: ықыласпен оқылған намаз. Сол үшін де Алла Тағала жоғарыдағы аяттың басында ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзіне уахи етілгенді оқуды бұйырып, артынша «Намазды орында» деп әмір еткен. Адам баласы намазды қаншалықты ықыласпен оқыса, соншалықты оның жамандықтан ажырауына алып келеді. Ал енді намаз оқып, жамандық атаулыдан тыйылмаған адам турасында ғалымдарымыз: «Оның намазында кемшілік бар» деп айтқан.

 

Екінші: Намаз – күнәлардың кешірілуіне себепші болады. 

Намаз – пендені Жаратушының кешірімі мен мейіріміне бөлейтін ұлы құлшылық. ­Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

أرَأيْتُمْ لَوْ أنَّ نَهْراً بِبَابِ أَحَدِكُمْ يَغْتَسِلُ مِنْهُ كُلَّ يَوْمِ خَمْسُ مَرَّاتِ هَلْ يَبقَى مِنْ دَرَنِهِ شَيءٌ؟ قَالُوا: لاَ يَبْقَى مِنْ دَرَنِهِ شَيءٌ!! قال: فَذَلِكَ مِثلُ الصَّلَوَاتُ الخَمْسَ يَمْحُو الله بِهِنَّ الخَطَايَا

«Қалай ойлайсыңдар, егер де сендердің біреулеріңнің есіктеріңнің алдында өзен ағып жатса әрі ол оған күн сайын бес уақыт жуынатын болса, оның бойында кір қалама ма?»деп сұрайды. Сахабалар: «Жоқ, оның ешбір кірі қалмайды», – деп жауап береді. Сонда ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бес уақыт намазда тура сол секілді. Адамның істеген қателіктерін жуып-шаяды», – дейді

Тағы бір хадисте:

الصَّلَوَاتُ الخَمْسُ، وَالْجُمْعَةُ إلى الجُمْعَةِ، وَرَمَضَانُ إلى رَمَضَانَ، مُكَفِّرَاتٌ مَا بَيْنَهُنَّ إِذَا اجْتَنَبَ الْكَبَائِرَ

«Егер адам үлкен күнәлардан сақтанатын болса,  бес уақыт намаз, жұма намазы мен келесі жұма намазы, рамазан айы мен келесі рамазан айы олардың арасындағы күнәлардың кешірілуіне себепші болады», – деп айтқан (имам Мүслим).

Бұл хадистерден түсінетініміз намаз күналарымыздың кешірілуіне себепші болуы үшін адам үлкен күналардан аулақ болуы қажет. Намаз оқып тұрғанда адам күна жасамасы анық. Өйткені ол Раббысы алдында тұрғандығын сезінеді. Сол сияқты намаз оқушы адам намаздан кейін де Жаратушысының көріп тұрғандығын біліп, бүкіл күнә атаулыдан аулақ болуы тиіс. Міне, сол кезде намаз біздің күнәларымызға каффарат болады.

 

Қисса

 

Әнас ибн Малик (Алла оған разы болсын) былай деген: «Бір адам Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Мен «Хад» (дүре соғу) жазасы берілетін бір күнә істедім. Маған Хад жазасын беріңіз», – деді. Алла елшісі одан қандай күнә жасағандығын сұрамады. Бір кезде намаз уақыты кірген еді. Бәріміз бірге намаз оқыдық. Намаздан кейін, әлгі кісі орнынан тұрып «Уа, Алланың елшісі! Мен хад жазасы берілетін бір күнә істеп қойдым. Алла Тағаланың кітабында әмір етілген жазаны маған жасаңыз», – деді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемің болсын): «Сен бізбен бірге намаз оқымадың ба?» – деп сұрады. Әлгі кісі: «Иә, оқыдым», – деді. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қайғырма, Алла Тағала күнәңді кешірді!» – деді.

Оқиғадан әлгі кісі хад жазасын қажет ететін үлкен күнә істедім деп ойлағандығын түсінеміз.Алайда, намаз оқуымен бұл күнәсінің кешірілуі, ол адамның кіші күнә істегендігін көрсетеді.

 

Үшінші: Намаз – Жаратшуымызға деген шүкірліктің белгісі.

Алланың нығметін санасақ, санына жете алмасымыз – ақиқат. Міне, осындай жоғары мәртебеге ие жаратылыс ретінде жер жүзінде сансыз нығметтермен ризықтандырып, өмірдің сан алуан жақсылықтарын нәсіп еткені үшін Аллаға құлдарының шүкіршілік етуі заңды. Алла Тағала қасиетті Құранның «Нахыл» сүресі, 78-аятында:

وَٱللَّهُ أَخْرَجَكُم مِّنۢ بُطُونِ أُمَّهَٰتِكُمْ لَا تَعْلَمُونَ شَيْـًٔا وَجَعَلَ لَكُمُ ٱلسَّمْعَ وَٱلْأَبْصَٰرَ وَٱلْأَفْـِٔدَةَ ۙ لَعَلَّكُمْ تَشْكُرُونَ

«Алла сендерді аналарыңның құрсағынан еш нәрсе білмейтін түрде шығарды, сосын сендерге есту, көру және ойлау қабілетін берді. Әрине шүкіршілік етерсіңдер»,– деп айтқан.

Шүкірлік –тек тілмен ғана емес, жүрекпен әрі амалмен де орындалуы қажет. Тіпті, амалмен, яғни дене мүшелеріміздің қатысуы арқылы жасалатын шүкірліктің мәнісі өте үлкен. Алла Тағала қасиетті Құранның«Сәбә» сүресі, 13-аятында:

اعْمَلُوا آلَ دَاوُودَ شُكْرًا

«Уа, Дәуіттің отбасы! Шүкір етіңдер», – деп айтқан. Бұл аятта «Шүкір айтыңдар» деп емес, «Шүкір етіңдер» делінуі арқылы, шүкірліктің амал арқылы да болатындығын ұғамыз. Ал амал арқылы атқарылатын шүкірліктің ең ұлығы – намаз.

Қисса

Бірде сүйікті Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түні бойы аяқтары іскенше намаз оқиды. Сонда Айша анамыз (Алла оған разы болсын): «Уа, Алланың елшісі! Алла Тағала сіздің бұрынғы және кейінгі күнәларыңыздың барлығын жарылқады емес пе? Неге өзіңізді осынша қинайсыз?» – дегенде, ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мен шүкір етуші құлдардан болмаймын ба?» – деп жауап береді. Бұл оқиғадан Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) намаз оқу арқылы Жаратушысына шүкірлік еткендігін түсінеміз.

 

Төртінші: Намаз – ақыреттің азығы.

Дүние ақыреттің егіні болса, намаз сол ақыреттік азығымызды молайтып, намаз оқушыларға қорғаныш және қиыншылықтан құтылу болмақ. Алла Тағала қасиетті Құранда:

قَدْ أَفْلَحَ الْمُؤْمِنُونَ الَّذِينَ هُمْ فِي صَلاتِهِمْ خَاشِعُونَ

«Сондай ықласпен (берілген күйде) намаз оқыған мүминдер, расында да құтылды», ­– деп айтқан («Муминун сүресі, 1-2-аяттар»).

Тіпті, адам баласының ақыретте ең алғашқы сұралатын амалы да оның намазы жайында болмақ. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

إِنَّ أَوَّلَ مَا يُحَاسَبُ بِهِ الْعَبْدُ يَوْمَ الْقِيَامَةِ مِنْ عَمَلِهِ صَلَاتُهُ فَإِنْ صَلُحَتْ فَقَدْ أَفْلَحَ وَأَنْجَحَ وَإِنْ فَسَدَتْ فَقَدْ خَابَ وَخَسِرَ

«Қиямет күні пенденің амалдарынан ең әуелі сұралатыны – намаз. Егер намазы дұрыс болса, онда пенде қуанышқа бөленіп, игілікке қол жеткізеді. Егер намазы дұрыс болмаса, онда апатқа ұшырап, қайғыға түседі», – деген.

Осы себепті де, пенде атаулы әрбір намазына ерекше мән беріп, оны уақытында әрі шынайы ықыласымен оқуға барынша тырысуы қажет. Қиямет қайымда ұлы Раббымыз пендесінің барлық амалдарынан хабардар бола тұра періштелеріне:«Құлымның парыз намазына қараңдар. Оны толық орындап па, кемістігі бар ма»?– дейді. Егер оның парыз намаздары толық болса, намаз сауабы толықтай жазылады. Егер парыз намаздарында нұқсандық болса, Алла Тағала: «Құлым нәпіл намаздарын толық оқыған ба екен?» – дейді. Егер ол нәпіл намаздарын толық оқыған болса, Алла Тағала: «Құлымның нұқсан болған парыз намаздарын нәпілдерімен толтырыңдар», – дейді. Одан кейін парыз болған басқа амалдар да осылайша есепке тартылады» (имам Тирмизи).

 

Қадірменді жамағат!

Намазды қаншалықты ықыласымен оқуына байланысты адамдар мынадай түрлі дәрежеде болады:

Бірінші дәреже: Намазға немқұрайлы қарайтын адам. Бұл санаттағы адамдар дәретін, намаз уақытын, тіректерін толық орындамайды.

Екінші дәреже: Намаз уақыттарына, тіректері мен дәретіне ұқыпты болады, бірақ нәпсісінің азғырғанына қарсы тұра алмайды. Оны намазында өзге ой-пікірлер жеңіп кетеді.

Үшінші дәреже: Намаз тіректерін, уақыттарын ұстанады. Азғыруларға қарсы тұрады. Намазы бұзылып немесе сауабы кемімеуі үшін ой-қиялымен, нәпсісімен күреседі.

Төртінші дәреже: Намазға тұрса, оның барлық ақысын өтеп, жүрегімен беріліп тұрады. Оның барлық ниеті, ойы намазын дұрыс орындауға арналады.

Бесінші дәреже: Намазды толықтай орындауға барынша тырысады. Өзін Алланың алдында тұрғандай сезініп, жүрегі Жаратушысына деген махаббатқа толы күйде жалбарынады.

Алла Тағала біздерді шынайы ниетімен намаз оқушылар қатарынан етіп, қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл етсін!

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру