Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ТӘСЛІМИЯТ – АЛЛАҒА ТОЛЫҚ МОЙЫНСҰНУ, БАҒЫНУ

11.03.2020 5400 0 пікір
ТӘСЛІМИЯТ – АЛЛАҒА ТОЛЫҚ МОЙЫНСҰНУ, БАҒЫНУ

 

КІРІСПЕ

Алла Тағала өзіне ғана құлшылық етуді, толық бойсұнуды бұйырады. Тәслімият пен ислам сөздері түбірлес сөздер, екеуі де бір мағынаға саяды. Исламды хақиқи түрде өмірге енгізу және хақиқи түрде құлшылық жасау тек тәслімият арқылы орындалады. Яғни Алла Тағалаға тәслім болу арқылы жүзеге асады. Өйткені, Алла Тағала құлдарының Өзінен өзгеге бойсұнғанын қаламайды.

Тәслімият сөзінің түп төркіні «мойынсұну», басқа түскен жағдайға қарсылықсыз «көндігу» және одан аман-сау шығу деген мағынаны білдіреді. Тәслімият жүрекке қатысты амал. Алла Тағала тарапынан келген бұйрықтарға күмәнсыз илану және соған бағыну.

Тәслімият – Алланы тану мен Алланы сүю жолындағы ең негізгі сипат. Яғни, Алланың әміріне және Алла Елшісінің (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтқан істеріне селқос қарамастан, қарсылық білдірместен бағынуды білдіретін сенім.

ҚҰРАН АЯТТАРЫ:

Бірінші аят:

إِذْ قَالَ لَهُ رَبُّهُ أَسْلِمْ ۖ قَالَ أَسْلَمْتُ لِرَبِّ الْعَالَمِينَ 

«Раббысы оған «Тәслім бол» (толық бойсұн) деп айтқан кезде «Мен әлемдердің Раббысына тәслім болдым!» деді[1].

Қысқаша түсіндірме: Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардың тәслімияты, яғни ұлы Раббысына деген бағыныштылығы берік болды, тіпті оның мал-дүниесі де, бала-шағасы да, жаны да кедергі бола алмады. Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардың Раббысына деген тәуекелі мен тәслімияты мұсылман үмметі үшін қияметке дейін жалғасатын ең тамаша үлгі болды.

Екінші аят:

رَبَّنَا وَاجْعَلْنَا مُسْلِمَيْنِ لَكَ وَمِن ذُرِّيَّتِنَا أُمَّةً مُّسْلِمَةً لَّكَ وَأَرِنَا مَنَاسِكَنَا وَتُبْ عَلَيْنَا ۖ إِنَّكَ أَنتَ التَّوَّابُ الرَّحِيمُ

«Раббымыз, екеумізді де өзіңе бой ұсынушы қыл, ұрпақтарымыздан да өзіңе бой ұсынушы үммет қыла көр, әрі бізге қажылық амалдарымызды көрсетіп, тәубелерімізді қабыл ет. Әлбетте Сен тәубені қабыл етуші, ерекше мейірімдісің!»[2].

Қысқаша түсіндірме: Ибраһим (ғ.с.) әке ретінде ұрпақтарын да ойлай отыра мені және ұрпақтарымды Өзіңе мойынсұнған құлдардан қылғайсың деуі. Аллаға мойынсұнуда тек өзін ғана ойламастан ұрпақтарын және басқа мұсылмандарды да ойлау керек екенін түсіндірген. Және әрдайым тәубе етіп жүру керек екендігін де білдірген. Мұсылман адам Алладан керекті нәрсесін дұға арқылы сұрағанда тәубе етуді де ұмыт қалдырмағаны дұрыс.

Тәслімият – махаббат арқылы жүзеге асатын амал. Ибраһим (ғ.с.) дұғасы – осы тәслімияттың Ислам тарихындағы өнегелі үлгісі. Аллаға мойынсұнғаны сондай – өзінің тағдырын, келер ұрпағын Аллаға тапсырып, тәуекел еткен.

Үшінші аят:

بَلَىٰ مَنْ أَسْلَمَ وَجْهَهُ لِلَّهِ وَهُوَ مُحْسِنٌ فَلَهُ أَجْرُهُ عِندَ رَبِّهِ وَلَا خَوْفٌ عَلَيْهِمْ وَلَا هُمْ يَحْزَنُونَ 

«Кім жүзін Аллаға жөнелтіп (мойынсұнып), өзі жақсылық істейтін болса, сонда оған Раббысының қасында сыйлық бар, оларға қорқыныш жоқ әрі олар қайғырмайды»[3].

Қысқаша түсіндірме: Шын мәнінде Аллаға мойынсұнып, қандай жағдайда болмасын сабырлық танытып, толықтай бағынған болса, оның қайтымы не болатынын осы аятта бізге білдіруде. Сондықтан «Алла маған осындай тауқымет беретіндей мен не жаздым» деп айтпай, осыған да шүкір, Алла Тағала бұл істі менің өміріме хайырлы санаған екен, оны қабыл аламын деп сенудің түбінде Раббымыздың сыйымен сүйіншіленетінімізге сенуіміз керек. Аллаға мойынсұну адамды қорқыныш, үрей ұялататын жалғыздықтан қорғап, хайырлы істер жасауға ықпал етеді. Себебі, адам Аллаға сену арқылы өзін жалғыз сезінбейді. Әділ, мейірімді, құдіретті жаратушысының бар екенін және оның әрдайым өзін қорғайтынын сезінеді. 

Төртінші аят:

وَمَن يُطِعِ اللَّهَ وَالرَّسُولَ فَأُولَـٰئِكَ مَعَ الَّذِينَ أَنْعَمَ اللَّهُ عَلَيْهِم مِّنَ النَّبِيِّينَ وَالصِّدِّيقِينَ وَالشُّهَدَاءِ وَالصَّالِحِينَ ۚ وَحَسُنَ أُولَـٰئِكَ رَفِيقًا 

«Ал кім Аллаға, пайғамбарға бой ұсынса, міне солар Алла нығметке бөлеген пайғамбарлар, шыншылдар, шаһидтер және салиқалы құлдармен бірге болады. Олар нендей жақсы жолдас!»[4].     

Қысқаша түсіндірме: Аллаға және Пайғамбарымызға (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шынайы ықыласпен бой ұсынса пайғамбарымызбен бірге болатынын білдіреді. Өйткені Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қияметте кісі жақсы көрген адамымен бірге болады» деген. Сол үшін шыншылдар, шаһидтер және салиқалы құлдар сияқты Пайғамбарымызды (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шынайы сүйіп, толық иман келтіріп бағынуымыз тиіс. Толық иманды болу үшін Пайғамбарымызға (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шынайы еріп бойсұнсақ, сонда Пайғамбарымызбен бірге боламыз. Ал Аллаға сену – ілгері-кейінгі өткен пайғамбарлар, шыншылдар, шаһидтер мен салиқалы құлдардың жолымен жүріп, Алланы тану деген сөз.

ХАДИСТЕР:

Бірінші хадис:

مَنْ أَطَاعَنِي فَقَدْ أَطَاعَ اللهُ وَمَنْ عَصَانِي فَقَدْ عَصَى اللهُ

«Кім маған бойсұнса, ол Аллаға бойсұнғаны. Кім маған бойсұнбаса, ол Аллаға бойсұнбағаны ...»[5].

Екінші хадис:

لو أنَّ عِبادي أطاعوني لأمْطرتُ عليهمُ المطرَ باللَّيلِ وأطلعتُ عليهمُ الشَّمسَ بالنَّهارِ ولم أُسْمِعْهم صوتَ الرَّعدِ

«Егер кұлдарым Маған тиісті дәрежеде мойынсұнатын болса, Мен оларға жаңбырды түнде жаудырып, күндіз төбелеріне күнді туғызамын. Тіпті, оларға күннің күркірегенін де естіртпеймін!»...»[6].

Үшінші хадис:

إِنَّ عِظَمَ الْجَزَاءِ مَعَ عِظَمِ الْبَلاءِ، وإِنَّ اللَّهَ عَزَّ وَجَلَّ إِذَا أَحَبَّ قَوْمًا ابْتَلاهُمْ، فمَنْ رَضِيَ فَلَهُ الرِّضَا، وَمَنْ سَخِطَ فَلَهُ السَّخَطُ

«Сауаптың үлкендігі сынақтың ауырлығына қарай болмақ. Расында Алла сүйген қауымының басына қиындық береді. Кімде-кім басына келгенге разылық білдірсе, Алла оған разы болады. Ал кімде-кім разылық көрсетпесе, ол Алланың қаһарына ұшырайды»[7].

ІЗГІЛЕРДІҢ ҒИБРАТТЫ СӨЗДЕРІ:

Хазіреті Омар (р.а.): «Қандай жағдайда таң атырып жатсам да барлығына разылық білдіремін. Өйткені жақсылық жамандықтан келе ме, жақсылықтан келе ме білмеймін. Алла толық біледі (соған бағынамын)» деген екен.

Хазіреті Али (р.а.): «Аллаға шынайы разы болып, тәслім болған кісіге қаншалықты қиындық келсе де оған әсер етпейді. Ал Алладан қалауы көп, яғни берілгенге көңілі толмайтын кісіге кішкене қиындықтың өзі батпаққа батуына жеткілікті» деген.

Кейбір ізгі құлдар: «Адамның өмірі мынадай төрт жағдайдың арасында болады:

  1. Не тағат-ғибадатта болады. Бұл істе табанды болу керек;
  2. Не күнә жасауда болады. Бұл кезде истиғфар айтып, тәубе етуі керек;
  3. Не көптеген нығметке ие болады. Бұл жағдайда шүкір етуі тиіс;
  4. Не қиыншылыққа тап болады. Мұндайда сабыр етуі тиіс».

ҒИБРАТТЫ ҚИССАЛАР:

Бірінші қисса:

Әнас (р.а.) Алла Тағалаға және Оның Елшісінің (с.ғ.с.) әмірлеріне мойынсұнып, оларды бұлжытпай орындауда ардақты сахабалардың көрсеткен шынайы ықыластарына, ұқыптылық пен жауапкершілік жайында мысал боларлық мына бір ғажап оқиғаны риуаят еткен:

Әбу Талаханың үйінде шарап құюшы болып қызмет етіп жүргенімде арақ-шарапқа тыйым салынды. Алланың Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шарапқа тыйым салынғандығы жайында жан-жаққа хабар таратуын әмір етті. Біз үйде отырғанымызда әлгі хабаршының дауысын естідік. Әбу Талха: «Сыртқа шығып бір қарап жіберші, не деп айқайлап жатыр өзі?», – деді. Шығып қарасам: «Бір кісі «Назар аударыңыздар! Шарапқа тыйым салынды, шарап ішу харам!» деп айтып жатыр» екен дедім. Әбу Талха: «Олай болса, бар да бүкіл шарапты төгіп таста!» – деді.

Сол уақытта Мәдинаның көшелерінде селдей шарап ақты.

Ардақты сахабалар шараптың тыйым салынғандығын естір-естімес ешқандай сылтау айтпастан: «Қолымдағыны іше салайын, сосын қоямын» деместен, тез арада бұйрыққа мойынсұнды. Тіпті, тыйым салынған сәтте ішіп отырған шыныаяқта қалған шараптан бастап, бүкіл шараптарын далаға төгіп әмірге тәслімият танытты. Міне сахабалардың толық тәслімияты .

Екінші қисса:

Хазіреті Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деп баяндайды:

«Ибраһим (ғ.с.) Хажармен бірге әлі емшектен шықпаған ұлы Исмайлды алып Меккеге келеді. Хазіреті Ибраһим әйелі мен ұлының қасына кішкене ғана дорбамен құрма және бір ыдыс су қойып, оларды сол жерге қалдырып кетеді. Ибраһим (ғ.с.) кері қарай қайтып бара жатқанда Хажар анамыз: «Уа, Ибраһим! Бізді сөйлесіп-араласатын тірі жан, ішіп-жейтін ешнәрсесі жоқ мына мидай далада жалғыз тастап қайда бара жатырсың?» деп сұрады. Хажар анамыз қайта-қайта сұраса да Ибраһим (ғ.с.) үндемеді. Сонда Хажар анамыз:

«Саған осылай істеуді Алла бұйырды ма?» – деді. Сол кезде хазіреті Ибраһим: «Иә, Алла бұйырды» – деді. Осы сөзден кейін жаны жай тауып, тынышталған Хажар анамыз (Аллаға деген тәслімияттың керемет мысалы боларлық мына бір тамаша сөзді айтады): «Олай болса, Алла бізді қорғайды, өлтірмейді!..» дейді.

Ибраһим (ғ.с.) осылайша жөнімен кете береді. Ешкім өзін көре алмайтын ұзақтау жердегі Сәнийя мекеніне жеткенде, жүзін құбыла тарапына бұрып, қолын жайып былай деп дұға жасайды:

«Уа, Раббымыз! Ұрпағымның кейбірін қасиетті үйің Харамның жанындағы егін егілмейтін бір жерге орналастырдым. Раббым, намазды тұп-тура оқулары үшін осылай істедім. Енді адамдардың бір тобының көңілдерін соларға аудара гөр! Сондай-ақ, оларды түрлі жемістермен ризықтандыр! Бәлкім, олар шүкірлік қылар»[8].

Үшінші қисса:

Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): Исрайл ұрпақтарынан бір кісінің тамаша бір хикаясын айтып берді. Ол кісі біреуден мың динар қарыз сұрайды. Қарыз беретін кісі: «Маған куәларыңды әкел, солардың көзінше берейін. Олар да бұған куә болсын» – деді. Қарыз сұраған кісі: «Куә ретінде Алла жеткілікті!» – деді. Қарыз беретін кісі: «Олай болса, маған кепіл әкел» – деді. Қарыз сұраған кісі: «Кепіл ретінде де Алла жеткілікті» – деді. Қарыз беретін кісі: «Дұрыс айттың!» деді де, белгілі бір уақытқа дейін сұраған ақшасын берді.

Қарыз алған кісі теңіз сапарына шығып, жұмыстарын бітіреді. Сосын қарызын өз уақытында қайтармақ болып, кері қайтатын кеме іздеуге кіріседі. Бірақ, таба алмайды. Амалсыздықтан бір тақтай алып, ішін шұңқыр қылып ояды. Содан соң қарыз берген кісіге жазған хаты мен мың динарды ағаштың ойған жеріне салып, аузын мықтап бекітеді. Теңіздің жағасына келіп:

«Уа, Алла Тағала! Сен жақсы білесің, мен пәлен кісіден мың динар қарыз алған едім. Ол менен куә сұрағанда мен «Куә ретінде Алла жетеді!» дедім. Сонда ол Сенің куәлігіңе разы болды. Менен кепіл сұрағанда да «Кепіл ретінде Алла жетеді!» дедім. Ол Сенің кепіл болуыңа да разы болды. Мен қанша мәрте кеме іздесем де таба алмадым. Мынаны саған аманат еттім!» деп тақтайды теңізге тастады. Тақтай теңізбен ағып отырып, көзден ғайып болды.

Содан кейін ол кісі кеме іздеуін ары қарай жалғастыра береді. Ал қарыз берген кісі ақшасын әкелетін кемені күтіп жүрген болатын. Кеме көрінбеді. Бірақ, теңіздің жағасынан әлгі тақтайды көреді. Оны «отын болуға жарайды екен» деп үйіне өзімен бірге ала кетеді. (Арамен) кескенде ішінен ақша мен хат шығады.

Біраз күннен кейін қарыз алған кісі (бір кеме тауып еліне) оралады. (Тақтаймен жіберген ақшасын алмаған болуы да мүмкін деген оймен тез арада) қасына мың динар алып, әлгі кісінің үйіне келеді. Оған: «Сіздің ақшаңызды дер кезінде әкелмек болып тынбай кеме іздедім. Бірақ, сол кезде кеме таба алмадым. Кеменің сәті түсіп, енді келіп отырмын» – деді. Қарыз берген кісі: «Сен маған бір нәрсе жіберіп пе едің?», – деп сұрады. «Сізге жаңа ғана кеме таппадым деп айттым ғой», – деді. Қарыз берген кісі: «Алла Тағала тақтайдың ішіне салып жіберген ақшаңды сенің орныңа (маған) өтеді яғни, шынайы ықыласың үшін Алла Тағала саған кепіл болып, оны маған жеткізді. Сондықтан, жаныңда алып келген мың динарың өзіңде қалсын. Мың динарыңа қауышқан күйде кері қайт!», – деді[9].

Расында да Алла бірнәрсеге кепіл болса, болуы мүмкін емес деген нәрсенің өзі оп-оңай орындалады. Құлдың істейтіні, тек шынайы ықыласпен оған тәуекел ету ғана.

Төртінші қисса:

Алла Тағала Хазірет Ибраһим, Исмайл және Хажар анамызды үлкен сынақтардан өткізген. Олар сол ауыр сынақтардан сүрінбей өтіп, тәслімияттың керемет үлгісі ретінде тарихта өшпес із қалдырды. Алла Тағала олардың шынайы ықыласпен жасаған тәслімияттарын ұмра және қажылық ғибадаттары арқылы мәңгіге естелік етіп қалдырды. Алла Хазірет Ибраһимді өзіне дос қылған кезде періштелер: «Уа, Раббымыз! Ибраһим Саған қалай дос болмақ? Оның нәпсісі, мал-дүниесі және бала-шағасы бар. Көңілі әрдайым соларға қарай ауып тұрады ғой...» – деді. Періштелер осыны айтар-айтпас мына бір ғибратты көрініске, яғни Хазірет Ибраһимнің басына келген ауыр сынаққа куә болды:

Хазірет Ибраһим (ғ.с.) отқа лақтырылатын кезде періштелер оның халіне қатты алаңдады. Кейбіреуі Хазірет Ибраһимге жәрдем беру үшін Алла Тағаладан рұқсат сұрады. Сосын періштелер Хазірет Ибраһимнен не қалайтынын сұрады. Сол кезде ол: «Екі достың арасына кірмеңдер!» – деді. Содан соң Жәбірейіл (ғ.с.) келді: «Менің көмегім қажет пе?» – деп сұрады. Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар: حَسْبُنَا اللَّهُ وَنِعْمَ الْوَكِيلُ «Алла маған жетеді. Ол неткен керемет Уәкіл!» – деп жауап қайырды.

Халилулланың, яғни Алла досының осындай тамаша тәслімияты мен бір Аллаға тәуекел етіп, бел бууының нәтижесінде ол әлі отқа түспей тұрып-ақ Алла Тағала отқа: قُلْنَا يَا نَارُ كُونِي بَرْدًا وَسَلامًا عَلَى إِبْرَاهِيمَ «...Ей, от! Ибраһимге салқын әрі зиянсыз бол!» – деп отқа бұйрық берді. Осы бұйрықтан кейін Ибраһим түскен от бір сәтте салқын болып шыға келді. Осылайша жалындаған от Алланың құдіретімен Ибраһим пайғамбарға салқын болып, оттан аман болды.

НАҚЫЛ СӨЗДЕР МЕН МАҚАЛ-МӘТЕЛДЕР:

Құдайға сенген құстай ұшар,

Адамға сенген мұрттай ұшар.

 

Адалды Құдай табады,

Момынды қайыр табады.

 

Құдай салды – мен көндім

 

Адамның дегені болмайды,

Алланың дегені болады.

ҚОҒАМҒА ЗИЯНЫ МЕН ПАЙДАСЫ:

Тәслім болу тәуекел ету ұғымын да білдіреді. Кез келген мәселеде арқа сүйеп, сенім артуға болатын сүйеніштің өлімсіз, мәңгі тірі және абсолюттік дәрежеде күшті болуы қажет. Олай болмаған жағдайда, сенім артудың ешқандай да мағынасы болмайды. Алла Тағала: «Әсте өлмейтін, хақиқи өмір иесі әрі мәңгі тірі Аллаға тәуекел ет! Және оны мадақтап, пәкте!..» деген[10].

Алла Тағала құлдарының тек өзіне ғана тәуекел етіп, сенім артқандарын қалайды. Қасиетті аятта: «...Мүминдер тек Аллаға ғана тәуекел етсін!»[11] деген.

Мір тәуекел бұзады,

Мың қайғының қаласын.

Бір жылы сөз бітірер,

Мың көңілдің жарасын.

 

Қуаныш жоқ, қайғы жоқ,

Қас наданның белгісі.

Тәуекел жоқ, талап жоқ –

Оңбайтұғын – ез кісі.

Міне, Алла Тағалаға толықтай сенген ата-бабаларымыз не жазса да Тәңір жазады, мен тәуекел етемін деп осындай өлең шумақтармен ұрпақтарға жеткізіп кеткен. Қазіргі таңда мұсылмандардың басым көпшілігінде тәуекелі әлсіз болғандығынан, Алланың үкімдеріне «неге?» деген сұрақтар көбейген. Егер адам баласы Аллаға толық бағынған болса, иманы толық болады. Аллаға тәуекелі мен мойынсұнуы бекем болса, құрдымға батыратын күйзеліс болмайды.  

ТАРИХИ ДЕРЕК

Бірде бір сахаба Мұхаммед Пайғамбардан (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ислам дегеніміз не?» – деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оған: «Сөзіңнің тазалығы һәм көңілдің риясыздығы», – деп жауап береді. Сосын әлгі сахаба: «Ал дін дегеніміз не?» – деп сұрайды. Оған Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Дін дегеніміз – сабыр һәм ізгілікті амал», – дейді.

Осы хадистегі «Сабыр» сөзінің мағынасын былайша түсіндіруге болады:

1) сабыр – асығыстық жасамау;

2) сабыр – шыдамдылық, табандылық, тұрақтылық, ұстамдық;

3) сабыр – бой ұсыну, мысалы, Ислам дінін толық мойындау.

УАҒЫЗДАН АЛЫНАР ҒИБРАТТАР:

  • Тәслімият ешқандай қарсылықсыз, шартсыз мойынсұнуды білдіреді.
  • Ешқандай сауда-саттықсыз, яғни «Мен орындадым. Алла Тағала да менің айтқанымды орындасын» деместен Аллаға мойынсұну.
  • Қандай ауыр келсе де Алланың бұйрығын орындау.
  • Тек қана дене бітімімен құлшылық етіп мойынсұну емес, жан дүниесімен, яғни жүрегімен қабылдау. Аятта: «Жоқ! Раббыңның атымен ант етейін, олар өз араларында шыққан талас-тартыстарда Сені би қылып тағайындап, берген үкіміңді көңілдерінде ауыртпалық сезінбестен қабыл етіп, тәслім болмайынша, толық мүмин бола алмайды»[12].
  • Қайтымы не болса да, тек Алла разылығы үшін бағыну.

ДҰҒА:

Алла баршамызды өзіне толық мойынсұнатын және толықтай тәуекел етуші құлдардан болуды нәсіп етсін. Алланың Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үйінен әр шыққан сайын былай дұға етеді екен:

بِسْمِ اللهِ تَوَكَّلْتُ عَلَى اللهِ اَللّهُمَّ إِنِّي أَعُوذُ بِكَ أَنْ أَضِلَّ أَوْ أُضَلَّ أَوْ أَزِلَّ أَوْ أُزَلَّ أَوْ أَظْلِمَ أَوْ أُظْلَمَ أَوْ أَجْهَلَ أَوْ يُجْهَلَ عَلَيَّ

«Бисмилләһи! Аллаға тәуекел еттім. Алла Тағалам адасушылыққа түсуден және басқалар тарапынан адастырылудан, шалыс басып, аяғымның таюынан және тайдырылуынан, зұлымдық қылудан және зұлымдыққа ұшыраудан, надандық қылудан және надандарға кез болудан бір Өзіңе сыйынамын»[13].

 

 

 

[1] «Бақара» сүресі, 131-аят.

[2] «Бақара» сүресі, 128-аят.

[3] «Бақара» сүресі, 112-аят.

[4] «Ниса» сүресі, 69-аят.

[5] Муслим хадистер жинағы №1865.

[6] Ахмед ІІ, 359; Хаким ІV,  285/7657

[7] Тирмизи, Зүһд 57/2396; Ибн Мажа, Фитән 23

[8] «Ибраһим» сүресі, 37-аят.

[9] Бұхари, Кәфаләт 1, Буюғ 10.

[10] «Фурқан» сүресі, 58-аят.

[11] «Ибраһим» сүресі, 11-аят.

[12] «Ниса» сүресі, 65-аят.

[13] Әбу Дәуід, Әдеп 102-103/5094; Тирмизи, Дағауат 35.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі