Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Бала тәрбиесі – отбасынан басталады | жұма уағызы

19.11.2018 60073 0 пікір

Жалпы ұрпақ тәрбиесіне асыл дінімізбен қатар, дана халқымыз да қашанда бей-жай қарамағаны белгілі. Ислам діні бала тәрбиесі туралы маңызы зор толғамдар мен пайдалы насихаттарға толы. Балаға жақсы есім қою, оған тәлімді де парасатты тәрбие беру – ата-ана үшін ең ұлағатты парыз.

Бала тәрбиесі ешқашан салғырт қарауды көтермейтін, аса бір күрделі де маңызды іс. Адамды адамдық қалыпқа келтіретін де, аздырып, тоздыратын да тәрбие жұмысы. Балаға жас кезінде әсер ететін құбылыстар әр түрлі болғанмен оларды тәрбиелеуші әрине ата-ана.

«Ұрпақ тәрбиелі болса, сол ұлттың болашығы да жарқын болмақ» - демекші, «Баланы жастан» деп халқымыз бала тәрбиесін әріден бастау керектігін де айтып кеткен. Адамгершілік үстемдік құрған қоғамның азаматын тәрбиелейтін мектеп ол – әрине Отбасы. «Отан – отбасынан басталады» деп те айтамыз. Отбасы ұрпақтың бойына рухани құндылықтарды қалыптастыратын мектеп десекте болғандай.

Алла Тағала Құран Кәрімде:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا قُوا أَنفُسَكُمْ وَأَهْلِيكُمْ نَاراً

«Ей мүміндер! Өздеріңді және үй-іштеріңді (жанұяларыңды) тозақ отынан қорғаңдар!»[1] деп бұйырған.

Бұл аяттың мағынасына қатысты имам Табари өз тәпсір кітәбінің 28-том, 165-бетінде былай деген: «Бір-бірлеріңе және жанұяларыңа Алла парыз қылған құлшылықтарды үйретіп өздеріңді және жанұяларыңды тозақ отынан сақтаңдар»-десе, имам Қуртубидің тәфсирінде 18-том, 196-бетінде  имам Муқатил ибн Хайам: «Бала шағамызға дінді, хайыр жақсылықтарды және дін этикасын үйрету бізге міндет» - деп түсіндіреді.

Сондай-ақ тәрбие мәселесіне қатысты тағы бір Құран аятында былай делінген:

وَأْمُرْ أَهْلَكَ بِالصَّلَاةِ وَاصْطَبِرْ عَلَيْهَا

«Үй ішіңді намазға бұйыр және өзің де оған көңіл бөл»[2].

Пайғамбарымыздың (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) хадис шарифінде адамдардың жауапкершілігі жайында соның ішінде тәрбие турсында былай деген:

عن عبد الله بن عمر رضي الله عنهما عن النبي صلى الله عليه وسلم قال: أَلَا كُلُّكُمْ رَاعٍ، وَكُلُّكُمْ مَسْئُولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ، فَالْأَمِيرُ الَّذِي عَلَى النَّاسِ رَاعٍ، وَهُوَ مَسْئُولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ، وَالرَّجُلُ رَاعٍ عَلَى أَهْلِ بَيْتِهِ، وَهُوَ مَسْئُولٌ عَنْهُمْ، وَالْمَرْأَةُ رَاعِيَةٌ عَلَى بَيْتِ بَعْلِهَا وَوَلَدِهِ، وَهِيَ مَسْئُولَةٌ عَنْهُمْ، وَالْعَبْدُ رَاعٍ عَلَى مَالِ سَيِّدِهِ وَهُوَ مَسْئُولٌ عَنْهُ، أَلَا فَكُلُّكُمْ رَاعٍ، وَكُلُّكُمْ مَسْئُولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ. متفق عليه.

Ибн Омар (Алла одан разы болсын): «Алла Елшісінің (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын): «Әр қайсыларың бақташысыңдар және (барлықтарың) қоластындағыларың үшін жауаптысыңдар. Ел билеуші бір бақташы және қоластындағылары (халқы) үшін жауапты. Ер адам жанұясының бақташысы және солар үшін жауапты. Әйел ерінің шаңырағы мен бала-шағасының бақташысы және сол үшін жауапты. Қызметші де қожайынының дүние-мүлкінің бақташысы және сол үшін жауапты. Қысқасы әр қайсыларың бақташысыңдар және қоластындағыларың үшін жауаптысыңдар»,- деп айтқанын естідім - деген[3].

Бала тәрбиесі ата-ана үшін күрделі де жауапты міндет. Баланың өмірге бейімдеуде мектеп, ұстаз және ата-ананың орны бөлек. Қай халық болсын ұрпағының тәрбиесіне терең мән беріп, болашағына үнемі алаңдаушылықпен қараған. Ұрпақ тәрбиесі келешек қоғам мұрагерлерін тәрбиелеу ісі. Жалпылай алғанда адам баласы қоғамда өзінің жақсы адамгершілік қасиеттерімен ардақталатыны мәлім. Адамгершілік негізі – имандылық пен ізеттілікте. Ол әрбір отбасынан басталады. Осыны жадында тұтқан қазақ халқы жастарды кішіпейілділікке, ізеттілікке, инабаттылыққа тәрбиелеуді бірінші міндет деп санаған. Халқымыз: «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілер» дейді. Ата-ананың үйдегі іс-әрекеті балалардың көз алдында өтеді. Сондықтан жақсы мен жаман әдетіміздің бала тәрбиесіне ықпалы зор.

Бүгінгі бәсекеге қабілетті талап еткен қоғамда жас ұрпақты сол қоғам мүддесіне сай, оның мұң-мұқтажын өтерлік, елін, жерін, халқын көзінің қарашығындай қорғайтын ұлтжанды, кісінің алажібін аттамайтын иманды азамат етіп тәрбиелеу көзделінеді .

Бүгінгі ұрпақ ол – еліміздің болашағы. Біздің алға қойған мақсатымыз –қазіргі қоғам мұратына сай жан-жақты жарасымды тұлға өсіру .Ұрпағымызға дұрыс тәрбие бере алсақ, оның жан дүниесі де дұрыс қалыптасып жетіледі, яғни бойына жақсы қасиеттерді сіңіріп өседі. Бұл қасиеттердің бәрі адамның бойында бала кезінен бастап тұрақты қалыптаспақ. Баланың өмір сүруге құштарлығының оянуы жақсы мен жаманды, обал мен сауапты ажырата білуі өзін қоршаған ортасына, ата-анасына, құрбы-құрдастарына, олардың іс-әрекеттеріне және де басқа да қасиеттеріне байланысты .

«Өткенсіз бүгін жоқ» демекші, бүгінгі ұрпақты ата-бабаларымыздың мол мұрасымен сусындату – біздің міндетіміз. Ұлдың намысты-батыл, қыздың әдепті-ибалы болып қалыптасуы бабаларымыздың өнеге-өсиетін тәрбие барысында ұтымды пайдалана білуімізге де байланысты деп ойлаймын.

Отбасындағы тәрбие сол өмірдің өзі болып табылады . Және де біздің жүріс-тұрысымыз, тіпті біздің балаға деген сеніміміздің өзі де күрделі, бірқалыпсыз, кейде қарама-қайшылықта болып  жатады. Әке-шешенің көбісі балаға жақсы көретініңді білдіртпеу керек деп ойлайды. Олардың ойынша баланы тым жақсы көру олардың ерке болуына, өзімшіл болуына әкеп соғады деп ойлайды. Бұл ойды жоққа шығару керек сияқты. Өйткені осы жағымсыз тұлғалық қасиеттер керісінше, балаға деген махабаттың жетіспеушілігінен пайда болады.

Баламен үнемі терең әрі тығыз байланыс орнату – тәрбиенің әмбебап шарты. Мұндай байланыс балаға қай жаста болса да керек. Ата-анасымен байланысты білу, сезіну – балаға ата-ана махаббатын, қамқорлығын сезінуге мүмкіндік береді. Осыған баланы сендіру керек. Ата-ананың киім кию, сөйлеу мәдениетінің жоғары болуы, өзгеге деген ілтипаты, үй ішіндегі тазалық пен тәртіп, сыпайы мінез, мейірімділік, балаға деген сүйіспеншілік тәрбие барысында өзінің оң нәтижесін берері анық. Баланың үйде көргені, ата-анасынан, жақын туыстарынан естігені – ол үшін тәрбиенің ең үлкені. Осы тұста сүрінбеу үшін ата-ананың мінез-құлқының, ізетті қасиеттерінің, жалпы мәдени дәрежесінің деңгейі өте жоғары болуы керек.

Бала тәрбиесіне байланысты дінімізде көптеген қағидалар бар. Енді солардың бірнешеуіне тоқталып өтсек:

  1. Ата-ананың балаға деген жұмсақтығы. Баласына үлгі болуды мақсат етпейтін ата-ана жоқ шығар. Баланың тосын әрекеттеріне төзімділік таныту әрине, ол оңай шаруа емес. Әйтсе де, мүмкін емес деп те айтуға болмайды. Әке жұмсақтығы баланың жанын рахатқа бөлейді. Бұл отбасы мүшелерінің бір-біріне бауырмал әрі әлсіз бен дәрменсізге мейірімді болып өсуіне септігі тиеді. Бұған қатысты Алла Тағала былай деген:

خُذِ الْعَفْوَ وَأْمُرْ بِالْعُرْفِ وَأَعْرِضْ عَنِ الْجَاهِلِينَ

«Кешірімді бол, жақсылықа шақыр әрі надандардан теріс айнал» [4].

Пайғамбарымыздың (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) хадисінде:

عن عائشة رضي الله عنها: أَن النبيَّ ﷺ قَالَ: إِنَّ اللَّهَ رَفِيقٌ يُحِبُّ الرِّفقَ، وَيُعْطِي على الرِّفق ما لا يُعطي عَلى العُنفِ، وَما لا يُعْطِي عَلى مَا سِوَاهُ .

Пайғамбарымыз (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын): «Шынында, Алла Тағала өте мейірбан әрі мейірбандықты жақсы көреді. Сондай-ақ қатыгезге және одан басқаға нәсіп етпеген жақсылықты, мейірбан жанға ғана нәсіп етеді»[5] Бұл хадистерден біз бала тәрбиесіне жан-жақты қарау және оларға жылы жүзбен, мейіріммен қарау керектігін түсіне аламыз.

  1. Жұмсақтықпен қатар балаларды жазалап тұру. Жұмсақ болу, әрине, жақсы қасиет. Алайда, баланың жаман іс-әрекетіне көз жұма қарау да қателік. Баланы әдепсіз әрекеттерден тыймау оны ескертпеу – жұмсақтық пен даналыққа жат нәрсе. Сондықтан да қажет сәттерде қаталдық танытып, жанұядағы тәрбиелік тыйымдардың бұзылуына жол бермеу де маңызды. Жұмсақтықпен қатар, қаталдықтың бала мінезін қалыптастырудағы рөлі де өте зор.
  2. Әке-шешенің балаға жақсы үлгі бола білуі. Балаларымыз бізді іс жүзіндегі үлгі ететін тұлға кейпінде көруі қажет. Бала үшін мың сөзден, бір жақсы іс әлде қайда өтімді болмақ. Сондықтан, жақсы әдеттерді бала бойына сіңіруде перзентімізге бет айна болуға тырысу. Мәселен, әлі тілі шықпаған сәби, намаз оқып тұрған әкесін көріп өссе, оның намазға деген көзқарасы қандай болатынын пайымдай беруге болады деп ойлаймын. Табиғиндер заманында өмір сүрген бір ғалым өзінің балаларына тәлім тәрбие беріп жүрген мұғалімге былай деген екен: «Сенің ең алғашқы ісің өзіңді дұрыстауың. Расында балалардың айыптары сенің айыптарыңа байланысты. Сенің істеген әр ісің олар үшін хайыр жақсылық, ал сенің жасамаған ісің олар үшін жаман»[6].

Негізінде бала болмысының қалыптасуы әке-шешесінің тек сыртқы қимыл-әрекетімен ғана шектелмейді екен. Мамандардың айтуынша бала біз ойлағаннан да ішкі дүниемізге терең бойлап тәрбие алады. Бала әкенің әрбір сөзі мен қимылын қадағалап отырады. Тіпті, жүріс-тұрыс үлгісін де айна-қатесіз қайталайды. Бала үшін әкенің әрекетінде елеусіз және ұсақ-түйек деген нәрсе жоқ. Сондықтан баланы жаман сөзден тыймас бұрын, әке өзі тиылу немесе баланы жаман әдеті үшін жазаламас бұрын, қателіктің себебін әке өзінен іздеу қажет болады. «Балаға байқап сөйлесең, ақылыңа көнер,

Байқамай шайқап сөйлесең, көрсетер бір өнер» - деген нақыл босқа айтылмаған болу керек.

  1. Балалар арасында әділетті болу. Бала тәрбиесіне қатысты мәселелердің бірі – жанұядағы балаларды ата-ананың алаламауы. Өзін жанұяда артық адам секілді сезінуі баланың психологиясына кері әсерін тигізуі ықтимал. Осының салдарынан баланың бойында бір дұшпандық, ата-анасын сыйламай кету деген сияқты жағымсыз мінездер қалыптаса бастайды. Кейде бала өзін қор санап, өзіне деген сенімін жоғалтады. Осылайша бала тәрбиесі теріс арнаға түседі. Мұндай олқылықтарға жол бермеу үшін, Пайғамбарымыз сахабаларға: «Балаларыңды бөліп-жармай, теңдей көріңдер»,-деп өсиет айтқан.

Пайғамбарымыздың (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) уақытында бір кісі Алла елшісінің қасында отырғанда, жанына ұлы келеді. Әлгі кісі ұлының бетінен сүйіп, оны алдына отырғызады. Сәлден кейін қызы да келеді. Қызын да шақырып, алдына отырғызады. Бірақ оның бетінен сүймейді. Осыны байқаған Пайғамбарымыз (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын):

اعْدِلُوا بَيْنَ أَوْلَادِكُمُ اعْدِلُوا بَيْنَ أَبْنَائِكُمْ اعْدِلُوا بَيْنَ أَبْنَائِكُمْ قالها ثلاث.

«Ұл-қыздарыңның арасында әділдік жасаңдар»[7],- деп үш мәрте ескертті.

Балалардың арасында жиі кездесетін әдет – біреуі бір нәрсе сұраса, екіншісінің де соны талап етуі. Осы жағдайда да Пайғамбарымыз (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) балалардың арасында әділдікті сақтау үшін бірінші болып сұраған баланың өтінішін бірінші кезекте орындаған.

Әбу Һурайра (Алла одан разы болсын) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) былай деген:

إِنَّ الرَّجُلَ لَيَعْمَلُ بِعَمَلِ أَهْلِ الْخَيْرِ سَبْعِينَ سَنَةً ، فَإِذَا أَوْصَى حَافَ فِي وَصِيَّتِهِ فَيُخْتَمُ لَهُ بِشَرِّ عَمَلِهِ فَيَدْخُلُ النَّارَ ، وَإِنَّ الرَّجُلَ لَيَعْمَلُ بِعَمَلِ أَهْلِ الشَّرِّ سَبْعِينَ سَنَةً فَيَعْدِلُ فِي وَصِيَّتِهِ فَيُخْتَمُ لَهُ بِخَيْرِ عَمَلِهِ فَيَدْخُلُ الْجَنَّةَ " 

«Бір кісі 70 жыл жақсылық жасаушылардан болып, өлім ауызында өсиет қалдыратын кезінде балалардың арасында әділеттілік жасамай, өмірінің соңы жаман амалмен аяқталып тозақ иесінен болды. Ал енді біреуі 70 жыл жамандық жасап, өлім ауызында өсиет қалдыратын кезінде балаларының арасында әділеттілік жасап, өмірінің соңын жақсы амалмен аяқтап жұмақ иелерінен болды»[8].

Ата-анадан балаларға қиындықсыз ауысатын ең бағалы адамгершілік белгісі – бұл шеше мен әкенің ізгілігі, адамдарға жақсылық істей алуы. Яғни, бала тәрбиесі, ең алдымен, ата-анаға, отбасындағы жағдайға байланысты. Ең басты белең алып отырған қасірет: бір жұмысты тұрақсыз істеуі, ішімдікке әуестігі, баланың көзінше былапыт сөйлеуі. Ата-аналар ұрпақ тәрбиесінде жауапкершілікті бәсеңдетпеуі тиіс. Ата-аналар балаларына үлгілі өнеге көрсете алмаса, тәрбиелі бала өсуі екі талай. Өйткені, бала ересектерге өте еліктегіш келеді, көп нәрсені: жақсыны да, жаманды да солардан үйренеді. Үлкенді сыйлау, дөрекі сөз айтпау, жанұя мүшелерінің өзара сыйластығы, біреуді сырттай жамандау, өтірік айтпау сияқты әдеттер де отбасында қалыптасады. Кей ата-ана үйіне келген жолдасын не туысын күлімсіреп қарсы алады да, үйден шығып кеткеннен кейін «ой өзі бір оңбаған адам» немесе басқаша балағаттап отырады. Бұл баланың бойына сіңеді де, ол қылықты бала да қайталайтын болады. Тәрбиенің әдісі ретінде «күшпен» тәрбиелеу – біздің заманымызда ақылға симайтын үрдіс. Баланы шектен тыс ұрып соғу, өзіміздің тәрбиесіз әрі ұстамдылығы жоқ қатыгез адам екендігін көрсетеді. Ертеректе бір данышпан: «Баланы ұрмаңдар, Есіңізде болсын, олар әлі кішкентай және қорғансыз. Баланы тәрбиелегенде дүре соғу аз жұмыс болғанымен, алайда олар ер жеткенде сіздер олардан қуаныш, махаббат күте алмайсыз. Дене жазасы мен қатыгездік арқылы сіз олардың жүрегін жараладыңыз»,-деген екен.

Жас шыбық иілгіш болса, жас адамда сондай жақсыға да, жаманға да бірдей бейім болатыны бәрімізге мәлім. Ата-ананың үйдегі іс-әрекеті балаларының көз алдында өтеді. Сондықтан ата-ана бойында жақсы, жаман әдеттерімен балаға зор ықпал ететінін ұмытпауы тиіс.

Қорытындылай келе, бала тәрбиесіндегі ең басты ережелер – балаға керекті кезде назар аудара білу, оған деген махаббатты қай жаста да көрсете білу, оның көзқарастарын ерекшеліктерін түсіне білу болып табылады дегім келеді.

Мағжан Жұмабаевтың мына бір сөзімен түйіндесем: «Жас бала – жас бір шыбық, жас күнінде қай күйде иіп тастасаң, есейгенде сол иілген күйінде қатып қалмақ», - ендеше, балам адам болсын деп ұрпағымыз үшін алаңдасақ, ең әуелі тәлім-тәрбиеге терең мән бергеніміз жөн. Өйткені ардақты Пайғамбарымыз (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) бұл жөнінде былай деген:

 ((مَا نَحَلَ وَالِدٌ وَلَدًا مِنْ نَحْلٍ أَفْضَلَ مِنْ أَدَبٍ حَسَنٍ))؛

«Әкенің баласына жақсы тәрбиеден артық берер сыйлығы болмас»[9].

 

Хадиске қарап отырып-ақ, бала тәрбиесі ата-ананың негізгі міндеттерінің бірі екендігін айқын түсінуімізге болады. Жаратушы Хақ тағала Қазақ Елінің әр ұланын өр рухты, намысты да жігерлі, иманды да ибалы, сапалы білімді, дені сау, ұлттық санасы биік болуын нәсіп еткей! Әмин!

 

 


    

 

[1] Тахрим сүресі 6-аят

[2] Таһа сүресі, 132-аят.

[3] Имам Бухари, уәсия 9, ахкам 1.

[4] Ағраф сүресі, 199-аят.

[5] Муслим, бирр 77.

[6] Тариху Димашқ» 38/271-272

[7] Имам Бухари мен имам Муслим риуаят етті.

[8] Имам ибн Мәжә риуаят етті.

[9] Имам Тирмизи риуаят еткен.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру