Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Қасиетті қажылық

28.06.2017 11151 0 пікір

 

Алла Тағаланың ұлылығы шексіз болғаны сияқты Оның түсірген заңдылықтары да кәміл ұлылықты көрсетеді. Кез келеген шариғат заңдылықтарына қарасаңыз толыққанды адам игілігі мен жарқын болашағына арналған ұлы сүйіспеншілікті байқайсыз. Үлкенді кішілі керемет бір тәртіппен жүйеленген ислам заңдылықтарынан зәредей болсын кемшіліктер мен қарамақайшылықтар таппайсыз. Міне, осы заңдылықтарды оқып түсінген әрбір пенденің Алланың құдірет күш иесі және ұлы Жаратушы екендігін тебірене мойындамауы мүмкін емес. Себебі бұндай толыққанды заңдылықтарды орнату Алла Тағаладан басқа ешкімнің қолынан келмейді. Тіпті ғылымның шарықтау шегіне жеткен ғұламалар жиналса да бұндай толыққанды заңдылықтарды шығаруға дәрменсіз.

Алла Тағаланың ұлылығының үлкен бір көрінісі бес парыздың бірі қажылық ғибадатында да тұнып тұр. Қажылық ғибадаты үлкен парыздардың бірі болғандықтан оның орындалу тәртібі, қойылған талаптары мен міндеттері туралы кез келген шариғат кітаптарынан жан-жақты мәлімет алуға болады.

Сол себепті қажылық міндетімді орындай жүріп қажылықтың пайдалары туралы түйген ойымызды бөлісуді жөн көрдік. Қажылықтың ең үлкен сыйы Алланың разылығы, жәннат және тозақтан құтылу екендігін бәріміз білеміз. Ол туралы пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

العمرة إلى العمرة كفارة لما بينهما، والحج المبرور ليس له جزاء إلا الجنة

«Бір умра (кіші қажылық) екінші умраға дейінгі аралықта жасалатын күнәларға кәффарат, ал қабыл болған қажылықтың сауабы – тек қана жәннат», –деп сүйіншілеген.

Ал біздің айтпағымыз, бұл дүние үшін қажылықтың берер ең үлкен пайдасы қажылыққа барушының санасына, жүйелі ойлауын реттеуіне және жан дүние мен жүйкесінің тыныштық табуынан басталады. Ең бірінші осы бір теңдессіз құлшылықты жасаған адамның сары уайымдарды арқалаған санасы қажылық барысында демалады. Сол арқылы пенде рухани серпіліп, тоқырауға, күйзеліске түскен күндерінен құтылып, бір жеңілдеп қалады. Мысалға, кей бауырларымыз демалып, миын тынықтыру үшін аңға немесе балық аулауға баруы, ал басқалары өзге мемлекеттерге қыдыру арқылы дамаламын деп әрекет етіп жатады. Алайда, жан мен тәннің саулығы, шынайы демалып, күйбең тіршілікті мүлдем санасынан шығарып тастайтын жер біреу-ақ. Ол – Қажылық сапары.

Осы бір теңдессіз қуанышқа толы қажылық сапарында болған ғана адамдар бұл сөздің астарын терең ұғына алады. Өйткені, қасиетті жерде адам баласының санасына салмақ болып түскен әр түрлі жайттардың барлығы ұмытылып, тек қана Алла ризашылығына бөленуді ойлайсыз. Осының өзі құлшылық үшін жаратылған адам баласының дүниеге деген дертінен айықтыратын, Алла Тағаланың ризашылығына бөлендіріп, рухани кемелділікке бастайтын және тынықтыратын орын екендігін білдіреді. Осы бір ерекше қасиетті кейбір адамдар сезсе, кейбірі аңғармай, аңдамай да жататыны бар. 

Санаңыз сергек болып, рухани демалып, жан дүниеңіз тыныштық тапқаннан кейін ғана жүйелі ойлап, дұрыс шешімдер қабылдай алатыныңызға мүмкіндіктер туады. Бұданда басқа бұл құлшылықтың қасиеті мен сан-салалы пайдасын шаш-етектен деп айта аламыз.

Жалпы, қажылықтың адам баласына тигізетін әсері мен бақытын айтып тауысу мүмкін емес. Ақыл иесі болған біздер көбінесе дүниеге, білімге, жаратқанның жарылқауына ие болғымыз келеді. Алайда, күйкі тірлік қажытқан мидың әсерінен әрбір ісімізден шикілік шығып, ағаттық жасауымыз мүмкін. Ал жоғарыда айтқандай шынайы құлшылық кезінде демалып, сананы тазалаған соң ғана өміріміз нұрланып, әрбір ісімізге береке орнағанын байқай аламыз. Сонымен қатар, Алланың қаһарына ұшырататын күнәлі істерден бойымызды алшақ ұстай алатын имани күшке ие боламыз. Іліміміз артып,  діни қуатымыз кемелдене түседі. Бүгінгі таңда әртүрлі күйзеліске түсіп, санасына салмақ түскен жандар адам естігісіз жаңалықтарға жаршы болып жатыр. Мысалы дамыған деген Еуропа елдерінде «ер мен ер», «әйел мен жануарлар» үйленіп, тіпті осы сияқты іс-әрекеттерін заң деңгейіне дейін көтеріп жатқанын не деп түсіндіруге болады. Бұл дегеніміз рухани тоқырап, адамгершілікпен имандылық заңдылықтарынан ажырап қалғандардың әрекеті. Осы жағынан келгенде өмірлік серпіліске түсіріп, теңдесіз бақытқа жетелейтін қажылық құлшылығын біздерге сыйлаған Алла Тағалаға сансыз мадақтар мен мақтаулар жолдауымыз керек-ақ.

Жалпы күйбең тіршілік адам жанына сызат түсіріп, иманын әлсіретуі мүмкін. Күнделікті өмір хәрекеті арқылы адами қасиетінен аз-кем ажырап қалғандай болуы да кәдік. Міне, осындай сәттерден қалдырмай, өзіне ғана құлшылық етуді бұйырған Алла Тағала пендені рухани байлыққа кенелтіп, өмірін нұрландыру үшін, иманды, тақуа ретінде биік шыңға шығару мақсатында Жаратқан иеміз адам баласына қажылықты міндет қылды.

Адамзаттың асылы пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде:

من حج لله فلم يرفث ولم يفسق، رجع كيوم ولدته أمه

«Кімде-кім қажылық парызын өтеу барысында бос әрі жаман сөзден, сондай-ақ, үлкенді-кішілі күнәлардан бойын аулақ ұстаса, анасынан жаңа туғандай пәк болып қайтады», – деген мәні терең сөз қалдырды.

Осы бір тәмсілдің түбіне бойлап, астарына сана жетелете алатын болсақ, қажылықтың қасиетіне тағы бір мәрте қаныға алатын боламыз. Пенде адам болып жаратылған соң күнә жасамай тұра алмайды. Бірде тілден, енді бірде басқа бір әрекет арқылы күнә жүктеп қоямыз. Алайда, ұлы құлшылық барысында пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтқандай анадан жаңа туғандай пәк боламыз. Ал күнәсі кешірілген адамның жүрісі жеңіл, тынысы кең болмақ.

Көпшілік жағдайда адамилық биіктікке жетуімізге кері әсерін тигізетін жағымсыз қылықтарымызды жоғалтқымыз келгенімен шамамыз жетпей жатады. Осы тұста адам баласына демеу болатын үлкен күштің керек екені табиғи заңдылық. Алла Тағала пендесінің әрдайым ықыласты өмір сүруіне, терең ойлануда және пендешілік қателіктерден ада өмір сүрулері үшін қажылық сияқты міндеттемелерді мойнына жүктейді. Расында қажылық адамды бір серпілтіп, жаңаша көзқараспен өмір сүруіне жол ашады әрі рухани күш-қуат сыйлайды.

Қазақ санасы үшін «көргенсіз» деген сөзден ауыры жоқ шығар. Қажылықтағы бір ғана сапардың өзінде әлемдегі барлық ұлт өкілдерінің сал-дәстүр, әдет-ғұрып және мәдениеттері сынды әртүрлі өркениеттермен танысасың. Өз ұлтыңның артықшылықтарымен кемшіліктерін байқайсың. Осы жайттардың барлығы көргендігіңді өсіреді.

Сонымен қатар қажылыққа барушы миллиондаған адамның барлығы бірдей ихрамдарын киіп, қажылық міндеттерін белгілі бір тәртіппен, бір уақытта орындаулары түсінген пенде үшін үлкен мағынаны ұқтырады. Шындығында жер бетіндегі барлық адам Адам атамен Хауа ананың ұрпақтары болғандықтан береке-бірлікте, ынтымақта әрі өзара сүйіспеншілікте өмір сүрулері міндетті. Ислам дінінің артықшылығыда тек сөз жүзінде емес, іс жүзінде де тыныштықты қалауы еді. Қажылықтан біз бұны айқын көре аламыз. Бірін-бірі танымайтын әрі тілдерін түсінбейтін ұлт өкілдері ишарамен өзара ілтипаттарын көрсетіп бір-бірін құрметтеулері, сүйіспеншіліктерін арнауы ғажайып көрініс.

Жыл сайын бір ай бойы миллиондаған адамды бір жерге жинап, ұрыс-керіссіз уақыттарын өткізіп тарқасуы үлкен нығмет. Ондай болса, қажылықтың көрінісінің өзі Ислам дінінің хақ әрі ұлы дін екендігінің дәлелі.

Жеке бас адам үшін де қажылық үлкен тәрбие мектебі. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

من حج لله فلم يرفث ولم يفسق، رجع كيوم ولدته أمه

«Кімде-кім қажылық парызын өтеу барысында бос әрі жаман сөзден, сондай-ақ, үлкенді-кішілі күнәлардан бойын аулақ ұстаса, анасынан жаңа туғандай пәк болып қайтады»,- деген.

Міне қажылық парызың дұрыс болу үшін ешкіммен ұрсыспай, уақытыңды бос істер және сөздермен өткізуден ықтият болып, ғайбат айтпай және ешкімді жек көрмей өтеуді талап еткен. Бұданда басқа шыбынды өлтірмеу, талды сындырмау сынды талаптары тағы бар. Бір ай бойы жасалған бұл әрекеттер адамның бойына әдет болып қалыптсады. Сол арқылы өз сезімдерінен биік тұра алады. Ал ең мықты адам өз сезімдерін иманмен ақылға бағындырған адам екені белгілі. Қабыл болған қажылықтыңда бір белгісі адамның жақсылыққа өзгеріп қайтуы.

Тағы бір ерекшелікке тоқтала кетсек, дені сау адам қоғамға пайдалы екенін баршамыз білеміз. Алланың алдында да адам баласының денсаулығы мықты болғаны маңызды. Басқа құлшылықтар сияқты қажылықта адам денсаулығына аса пайдалы. Мысалға аптап ыстықта құлшылық етіп жүрген  адамдар зәмзәм суын азық етеді. Адам ағзасына суың пайдалы һәм ем екенін бүгінгі таңда ғалымдар сан мәрте айтып жатыр. Алайда, қасиетті зәмзәм суының тұтынып жүрген судан өзгеше, қасиеті мол екені белгілі. Оны ішкен адам құлшылық барысында қысылып, қиналуды білмейді. «Тәні саудың – жаны сау» деп тәмсілдейтін текті жұртымыздың осы бір сөзін алға тартсақ, жан мен тәнімізге шипа болар зәмзам суы денемізден тер болып шығып, дәретті қыспайды. Сол арқылы денеміздегі қаншама аурулардың шығып кеткенін өзіміз байқамаймыз. Мұның өзі Алла Тағаланың кереметінің бір көрінісі. Осылайша денсаулыққа пайдалы судың өзі қажыға барған адамдардың бағына бұйырған үлкен сый.

Сонымен қатар, адам денсаулығына спорттың ең пайдалы түрі – көп жүру. Біз қажылық барысында күніне бірнеше шақырым жүреміз. Алайда, күнделікті тіршілікте шапқылап жүріп шаршағандай емес, ол жерде Алланың рахымымен сергек болып, өзіңді жеңіл сезініп жүресің. Бұның өзі өз алдына сауап әрі нығмет. Сонымен қатар, қажылықтың қырлы-қырлы қасиеттерін айта берсек толып жатыр.

Адам өмірінде ең үлкен құндылық - сенім мен үміт. Адамды кез-келген белестерге жеткізетін күш сенім екені белгілі. Үміті үзілген адам ештеңені керек қылмай, баянды болашақ үшін құлшынысын тоқтатады. Ал қажылықтың кез-келген амалының астарында адамның сенімі мен үмітін оятатын тағылымы мол тәрбие жатыр. Солардың тек бірін ғана мысалға келтіре кетейік. Сафа мен Маруа тауларының арасында сағи жасаушы адам, Хажар анамыз баласы Исмайыл үшін су іздеп сол жерден жүгіргенін есіне алмауы мүмкін емес. Хажар анамыз Аллаға сиынып сағи яғни әрекет еткен болатын. Алла Тағала оның әрекетіне берекет беріп шөл даладан су шығарып берді. Ондай болса, сағи етуші адам: «Алла Тағала әрекет еткен Хажар анамызға қиыннан қиыстырып жәрдемін берсе, біз де өмірімізде әрекет етсек біздің одан жеңілірек болған жағдайымызға Жаратушымыз неге жәрдемін бермейді» деген үлкен сенім ұялайды. Бәлкі сағидың бір сыры да соған ой жүгіртіп, терең сенім ұялату үшін міндет болған шығар.  

Қорыта айтар болсақ, ихрамға кіру, Арафатта тұру, тауап ету секілді қағбаны көргенде жанарлардан жас парлап, жүректердің атша тулайтынын, т.б ерекше сезімдердің серпіліс тауып, жаныңа рухани күш беретінін таңды таңға ұрып жыр-дастан төккен шешен бабаларымызша айта беруімізге болады. Алайда, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айта белген данышпандардың жолымен:

«Қажылық – адам қанын зәмзам судай тазартып, жанын Алланың рахымымен нұрландыратын, арманын асқақ етіп, мақсатын мінсіз етер, адамдардың ең қайырлысы, мейірімдісі етір күшке ие, екі өмірдің абаттылығына жетелейтін құлшылық», – деп айтуға болады.

Әлбетте бұл теңеу теңдесіз күш пен ұлылықтың иесі болған Алланың заңдылығы болған соң, ақиқат екені де даусыз.

  

Ахмадиев Серікхан, 

Талдықорған өңірінің өкіл имамы

خُطْبَةُ الْجُمُعَةِ

اَلْحَمْدُ للهِ اَلْحَمْدُ للهِ اَلْحَمْدُ للهِ الَّذِي هَدَانَا لِلْإِيمَانِ وَالْإِسْلاَمِ. وَجَعَلَنَا مِنْ أُمَّةِ مُحَمَّدٍ عَلَيْهِ الصَّلاَةُ وَالسَّلاَمُ. وَفَضَّلَ الْجُمُعَة عَلَى سَائِرِ الْأَيَّامِ. كَمَا جَاءَ فِى الْأَخْبَارِ أَنَّ الْجُمُعَةَ حَجُّ الْمَسَاكِينِ وَسَيِّدُ الْأَيَّامِ. نَشْهَدُ أَنْ لاَ إِلَهَ إلاَّ اللهُ وَحْدَهُ لاَ شَرِيكَ لَهُ شَهَادَةً مُوصِلَةً إِلَى دَارِ السَّلاَمِ. وَنَشْهَدُ أَنَّ مُحَمَّدًا عَبْدُهُ وَرَسُولُهُ سَيِّدُ الْأَنَامِ. صَلَّى اللهُ تَعَالَى عَلَيْهِ وَعَلَى آلِهِ وَأَصْحَابِهِ الْبَرَرَةِ الْكِرَامِ. خُصُوصًا مِنْهُمْ عَلَى أَبِي بَكْرٍ الصِّدِّيقِ وَعُمَرَ الْفَارُوقِ وَعُثْمَانَ ذِى النُّورَيْنِ وَعَلِىٍّ الْمُرْتَضَىۤ أَئِمَّة. رِضْوَانُ اللهِ تَعَالَى عَلَيْهِمْ أَجْمَعِينَ. أمَّا بَعْدُ. أَيُّهَا النَّاسُ أُوصِيكُمْ عِبَادَ اللهِ وَنَفْسِيَ أَوَّلاً بِتَقْوَى اللهِ.

أَعُوذُ بِاللهِ مِنَ الشَّيْطَانِ الرَّجِيمِ. بِسْمِ اللهِ الرَّحْمَنِ الرَّحِيمِ.

إِنَّ أَوَّلَ بَيْتٍ وُضِعَ لِلنَّاسِ لَلَّذِي بِبَكَّةَ مُبَارَكًا وَهُدًى لِّلْعَالَمِينَ ﴿٩٦﴾ فِيهِ آيَاتٌ بَيِّنَاتٌ مَّقَامُ إِبْرَاهِيمَ ۖ وَمَن دَخَلَهُ كَانَ آمِنًا ۗ وَلِلَّهِ عَلَى النَّاسِ حِجُّ الْبَيْتِ مَنِ اسْتَطَاعَ إِلَيْهِ سَبِيلًا ۚ وَمَن كَفَرَ فَإِنَّ اللَّهَ غَنِيٌّ عَنِ الْعَالَمِينَ

 صَدَقَ اللهُ الْعَظِيمُ

 Алла Тағала «Әл-Имран» сүресінің 96- 97 аяттарында:

«Негізінен адам баласы үшін Меккеде алғаш құрылған үй (Қағба) бүкіл әлемге мүбарак және тура жол. Онда ашық белгілер, Ыбырайымның (оған Алланың сәлемі болсын) орны бар. Сондай-ақ кім оған кірсе, аман болады. Оның жолына шамасы келген кісілер, Алла үшін Қағбаны зират ету (хаж қылу) керек. Ал кім қарсы келсе, Алла барлық әлемнен бай» – деп баяндаған.

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):

من حج لله فلم يرفث ولم يفسق، رجع كيوم ولدته أمه

«Кімде-кім қажылық парызын өтеу барысында бос әрі жаман сөзден, сондай-ақ, үлкенді-кішілі күнәлардан бойын аулақ ұстаса, анасынан жаңа туғандай пәк болып қайтады», – деген.

Құрметті жамағат! Алла Тағала күнәларымызды кешіріп, Оған шынайы иман келтірген құлдарының қатарынан етіп, жәннатын нәсіп еткей! Әмин!

بَارَكَ اللهُ لَنَا وَلَكُمْ فِى الْقُرْآنِ الْعَظِيمِ. وَنَفَعَنَا وَإِيَّاكُمْ بِالْآيَاتِ وَالذِّكْر الْحَكِيمِ. إِنَّهُ هُوَ الْغَفُورُ الرَّحِيمُ. اَلْجَوَادُ الْكَرِيمُ الْعَلِىُّ الْعَظِيمُ السَّمِيعُ الدُّعَاءِ.

Қысқа отырыстан кейін:

 

اَلْحَمْدُ للهِ نَحْمَدُهُ وَنَسْتَعِينُهُ وَنُؤْمِنُ بِهِ وَنَتَوَكَّلُ عَلَيْهِ. وَنَعُوذُ بِاللهِ مِنْ شُرُورِ أَنْفُسِنَا وَمِنْ سَيِّئَاتِ أَعْمَالِنَا مَنْ يَهْدِ اللهُ فَلاَ مُضِلَّ لَهُ. وَمَنْ يُضْلِلْ فَلاَ هَادِيَ لَهُ. نَشْهَدُ أَنْ لاَ إلَهَ إِلاَّ اللهُ وَنَشْهَدُ أَنَّ مُحَمَّدًا عَبْدُهُ وَرَسُولُهُ صَلَّى اللهُ تَعَالَى عَلَيْهِ وَعَلَى آلِهِ وَأَصْحَابِهِ أَجْمَعِينَ. وَارْحَمْنَا مَعَهُمْ وَاحْشُرْنَا مِنْهُمْ بِرَحْمَتِكَ يَا أَرْحَمَ الرَّاحِمِينَ.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру