Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасының төрағасы, Бас мүфти
БҮГІНГІ МҰСЫЛМАН БОЛМЫСЫ
Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барлық мақтау мен мадақ Аллаға тән. Оның Пайғамбары Мұхаммедке салауаттар мен сәлемдер болсын!
Адамзат баласы жаратылғалы бері жүрек тыныштығын, шынайы бақытты және өмірдің мәнін іздеумен келеді. Әр дәуірде түрлі дүниетанымдар мен көзқарастар қалыптасқанымен, адам баласының рухани сұранысы өзгерген емес. Өйткені адамның тәні ғана емес, жаны да қорекке мұқтаж. Сол жан азығы – Жаратушыға деген иман, ізгі амал және көркем мінез.
Ислам – адамзатты қараңғылықтан жарыққа, надандықтан білімге, қатыгездіктен мейірімге жетелейтін кемел дін. Асыл дініміз тек құлшылық жасауға бұйырмайды. Ислам – адамның жеке өмірін, отбасы қатынасын, қоғамдық жауапкершілігін және Жаратушымен байланысын толық қамтитын әрі ізгі амалды көркем түрде орындауға үндейтін тұтас өмір салты. Өйткені қасиетті Құранда Алла Тағала: «Шүбәсіз, бұл Құран ең дұрыс, ең сенімді жолға бастайды һәм үнемі орынды да игі істер істейтін мүміндерге (алдағы уақытта) еншілеріне тиетін үлкен сый-сыяпат бар екенін айтып, сүйіншілейді», – деп баяндайды («Исра» сүресі, 9-аят).
Адал мұсылман тек ғибадат жасаушы ғана емес, жүрегі таза, ниеті дұрыс, сөзі мен ісі үйлескен, қоғамға пайдасын тигізетін ізгі жан. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендердің ең жақсыларың – мінез-құлқы ең көркем болғандарың», – деген (имам Бұхари). Демек, Исламдағы тақуалық тек сыртқы құлшылықпен өлшенбейді. Ол адамның мінезінен, әділдігінен, адалдығынан, өзгелерге деген жанашырлығынан көрініс табады. Сондықтан иман мен амал, сенім мен әрекет – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар.
Қазіргі жаһандану дәуірінде материалдық құндылықтар алдыңғы орынға шығып, рухани-адамгершілік ұстанымдардың әлсіреуі байқалады. Отбасы құндылығының көмескіленуі, жауапкершіліктің азаюы, мейірім мен жанашырлықтың лайықты түрде көрініс таппауы қоғамды толғандыратын үлкен мәселе екені хақ. Осындай кезеңде Исламның сабырлыққа, әділдікке, кешірімге және өзара құрметке үндейтін қағидалары ерекше маңызға ие.
Алла Тағала Құранда: «Расында, Алла әділдікті, Алланы көріп тұрғандай, ең болмаса Алланың өздерін үнемі көріп, бақылап тұратынын сезіне отырып (қаперлерінде ұстап) игі істер істеуді және туған-туысқа қолұшын беріп, қарайласуды бұйырады. Сонымен қатар арсыздықтан, жамандық атаулыдан және зұлымдықтан (яғни, біреуге зорлық-зомбылық көрсетуден, кісі ақысын жеуден) мүлдем тыяды. Ойланып-толғансын, ғибрат алсын деп Алла Тағала сендерге осылайша насихат айтып, жол сілтейді», – деп баяндайды («Нахыл» сүресі, 90-аят). Осы аятта баяндалғандай, әрбір мұсылман асыл дінімізді тереңірек танып, құлшылығын саналы түрде атқаруы қажет. Сонымен қатар арсыздықтан, жамандық атаулыдан және зұлымдықтан сақтануы тиіс.
Шын мәнінде, адалдық – мұсылманның ең басты сипаттарының бірі. Қазақ халқы да «Адалдық жүрген жерде адамдық жүреді» деп, бұл қасиетті ерекше қадірлеген. Дініміздегі адалдық ұғымы тек материалдық мәселелермен шектелмейді. Ол ойдың тазалығымен, ниеттің дұрыстығымен, сөздің шынайылығымен, істің әділдігімен тығыз байланысты. Осы ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы діни сала мен діни қызмет аясында 2026 жылды «Ислам және адал қоғам жылы» деп жариялап, қоғамда адалдық сынды ізгі құндылықты кеңінен дәріптеуге ден қойып келеді.
Кейде адамдар құлшылықты тек діни міндет ретінде қабылдайды. Алайда намаз, ораза, зекет және қажылық секілді құлшылықтардың әрқайсысы адамды тәрбиелеуге, рухани тұрғыдан жетілдіруге бағытталған. Намаз адамды арсыздықтан және жамандықтан тыяды, ораза сабыр мен тақуалыққа баулиды, зекет пен садақа қоғамдағы әлеуметтік жауапкершілікті арттырады, ал қажылық мұсылман баласын рухани тазаруға тәрбиелейді.
Қасиетті Құранда: «Расында, намаз арсыздықтан және жамандықтан тыяды» («Анкабут» сүресі, 45-аят), – делінген. Демек, құлшылықтың мақсаты – адамның жүрегін тазарту, мінезін көркемдеу және оны қоғамға пайдалы тұлға ретінде қалыптастыру. Осы тұрғыдан алғанда, әрібір мұсылман баласы құлшылықтың мәнін терең түсініп, жамандықтан арылғаны абзал. Сонда ғана ғибадаттың түпкі мақсаты орындалады.
Ислам ата-анаға құрмет көрсетуді, ерлі-зайыптылардың өзара сыйластығын, бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарауды, көрші ақысына мән беруді және достыққа адал болуды бұйырады. Мұсылман адам тек өзінің емес, айналасындағы адамдардың да амандығы мен игілігіне үлес қосуға ұмтылуы тиіс. Өйткені халқымыздың дәстүрлі дүниетанымы мен Ислам құндылықтары өзара сабақтасып жатыр.
Үлкенге құрмет, кішіге ізет, жетім-жесірге қамқорлық, көршімен тату болу, уәдеге беріктік сияқты қасиеттер жоралы жұртымыздың табиғи болмысынан берік орын алған. Бұл құндылықтардың түп-төркіні Исламның адамгершілік қағидаларымен үндеседі. Сондықтан ұлттық тәрбиені дініміздің тағылымымен ұштастыра отырып, өскелең ұрпақтың бойына ізгі қасиеттерді сіңіру – аса маңызды іс.
Ең алғашқы түскен аяттың өзі білімге шақырудан басталғаны бекер емес: «Оқы! Жаратқан Раббыңның атымен оқы!» («Алақ» сүресі, 1-аят). Өйткені білім – адамның дүниесі мен ақыретін көркейтетін ұлы құндылық, баға жетпес байлық. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Білім іздеу – әрбір мұсылман ер мен мұсылман әйелге парыз», – деген (имам Ибн Мәжа). Ислам діні мұсылман үмбетін әрқашан білім алуға шақырады. Сонымен қатар дінімізде мұсылманның жеке бас тәрбиесі, отбасындағы міндеттері, қоғам алдындағы жауапкершілігі айрықша мәнге ие. Асыл дініміз қазіргі заман талаптарымен үндесетін Ислам құндылықтарына көңіл бөлуге үндейді. Әсіресе қазіргі ақпараттық қоғам жағдайында мұсылман баласының ақпараттық мәдениеті, жауапкершілігі және сындарлы көзқарасы да аса маңызды. Сайып келгенде, әрбір адам терең ойлануға, өзін-өзі тәрбиелеуге, рухани кемелденуге және ізгі амалдарға ұмтылуға дағдылануы қажет-ақ.
Жаратушы Иеміз қасиетті кітабымыз Құранда: «Міне, солар иман еткен әрі Алланы еске алу арқылы жүректері жай табатын ізгі жандар. Ендеше, біліп қойыңдар! Жүректер Алланы еске алу арқылы ғана жай тауып, толық тыныштық табады», – деп сүйіншілейді («Рағд» сүресі, 28-аят). Қасиетті Құран кітабымыз жүректерге иман нұрын ұялатып, адалдық пен жауапкершілікті өмірлік ұстаным етуге, Жаратушының разылығына жеткізетін игі істерге себепші болуға тәрбиелейді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қоғамдағы рухани тұрақтылықты сақтау, дәстүрлі құндылықтарды дәріптеу және халқымыздың діни сауатын арттыру бағытындағы жұмыстарды жоғары деңгейде атқаруға көңіл бөліп келеді. Осындай игі мақсат жолында көптеген игі іс-шаралар тұрақты түрде жүзеге асып келеді. Мақсатымыз – қазіргі заманға сай тәрбиелі, парасатты, білімді, адал мұсылман болмысын қалыптастыру.
Қасиетті Құранда Алла Тағала мұсылманға тән болмысты былай баяндайды: «Уа, адамдар! Шүбәсіз, сендерді бір ер мен бір әйелден жараттық. Сондай-ақ сендерді бір-біріңмен танысып, табысуларың (һәм біріңе-бірің қамқоршы дос болып, өзара жәрдемдесіп, тату-тәтті өмір сүрулерің әрі жер бетін көркейтулерің) үшін сан алуан ұлыстар мен руларға бөлдік. Біле білсеңдер, Алланың алдындағы ең ардақтыларың – ең тақуаларың (яғни, Аллаға тағзым етуде, иман келтіруде әрі мойынсұнуда ең алда болғандарың)! Шүбәсіз, Алла – Алим (барлық нәрсені, соның ішінде сендердің жай-күйлеріңді һәм не істеп, не қойып жүргендеріңді толық білуші), Хабийр (бәрінен толық хабардар болушы)» («Хужурат» сүресі, 13-аят). Демек, мұсылманның қадірі оның сыртқы бейнесімен емес, тақуалығымен, көркем мінезімен, ізгі ісімен өлшенеді.
Бүгінгі мұсылман ең алдымен иманы берік, сенімі нық адам болуы тиіс. Өйткені иман – адамның ішкі дүниесін тазартатын, өмірге деген көзқарасын қалыптастыратын ұлы құндылық. Иманды адам Жаратушы алдындағы жауапкершілігін терең сезінеді, өзгеге қиянат жасаудан сақтанады, адалдықты ту етеді.
Бүгінгі мұсылман қоғамдағы бірлік пен татулықтың жаршысы болуы тиіс. Қазақ халқы ежелден ынтымақ пен ауызбіршілікті жоғары бағалаған. Дініміз де алауыздықты құптамайды. Алла Тағала: «Барлығың Алланың жібіне жабысыңдар да, бөлінбеңдер» («Әли Имран» сүресі, 103-аят) деп бұйырады. Өкінішке қарай, қазіргі таңда діни сауатсыздықтың салдарынан түрлі жат ағымдардың ықпалына еріп жатқан азаматтар да кездеседі. Мұндай жағдайда дәстүрлі діни танымға сүйену, сенімді дереккөздерден білім алу аса маңызды. Халқымыздың ғасырлар бойы ұстанып келген Ханафи мәзһабы мен Матуриди сенім мектебі қазақ қоғамының рухани тұтастығын сақтауда маңызды рөл атқара береді.
Мұсылманның тағы бір ерекшелігі – еңбекқорлық. Ислам жалқаулықты құптамайды. Адал еңбек етіп, отбасын асырау, ел игілігі үшін қызмет ету – құлшылықтың бір түрі. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ешкім өз қолымен тапқан адал астан артық тағам жеген емес» деген. Қоғамдық жауапкершілік те мұсылман болмысының ажырамас бөлігі. Мұқтажға көмектесу, қайырымдылық жасау, жетім-жесірге қамқор болу, қоршаған ортаны қорғау, қоғамдық тәртіпті сақтау сынды амалдар әрбір мұсылманның тұлабойынан көрініс тапса нұр үстіне нұр.
Алла Тағала баршамызға пайдалы білім, шынайы иман, көркем мінез және қабыл болатын ізгі амал нәсіп етсін. Жүректерімізді хақ жолға бекем етіп, ұрпағымызды иманды, отаншыл әрі адамзатқа қызмет ететін ізгі буыннан қылғай. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адамдардың ең жақсысы – адамдарға ең пайдалы болғаны», – деп айтқандай, өзімізге ғана емес, отбасымызға, қоғамға, елімізге пайдалы пенделерден еткей. Әумин!
«Мұнара» газеті
№13 7 шілде
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ
«Мұнара» газеті
16.07.2026
216
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру