Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Барлық мақтау мен мадақ Аллаға тән. Оның Пайғамбары Мұхаммедке салауаттар мен сәлемдер болсын!
Адамзат баласының ең асыл мұраты – әділетті, адал әрі берекелі қоғам құру. Әрбір азаматтың жүрегінде иман, санасында жауапкершілік оянса, ондай қоғам дамудың даңғыл жолына түсіп, өркениет көшіне ілеседі.
Ислам – адалдықтың, әділдіктің және тазалықтың діні. Қасиетті Құрандағы аяттар мен Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистері мұсылман үмбетін адал болуға, әділетті өмір сүруге, бір-біріне зиян келтірмеуге үндейді.
Адалдық жеке адамның мінезқұлқын көркейтіп қана қоймай, тұтас қоғамның болашағына тікелей әсер етеді. Өйткені әрбір жеке тұлға, әрбір мамандық иесі қоғам алдында өзіне қатысты міндеттер мен жауапкершілікті адал әрі ықыласпен атқарса, елдің ырысы мен жақсылығы артады. Демек, адал болу – жақсылыққа, қос дүние бақытына жетелейтін жол.
Біз қандай да адамгершілік құндылықтарды сөз еткенде Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үлгі - өнеге аламыз. Себебі ол адамзат тарихындағы ең көркем мінез иесі, адалдықтың биік шыңы болған теңдессіз тұлға болды. Оның өмір жолы шыншылдықтың, сенімділіктің, әділеттіліктің жарқын үлгісі болғанын баршамыз білеміз.
Исламға дейінгі кезеңнің өзіндеақ Мекке халқы Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әл-Әмин, яғни сенімді, адал деп атаған. Бұл атақ оған жайданжай берілген жоқ. Ол ешқашан өтірік айтпаған, аманатқа қиянат жасамаған, адамдардың сенімін ақтаған.
Мекке тұрғындары бір-біріне сенбеген сәттерде де бағалы заттарын Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) аманат етіп қалдыратын. Өйткені олар (оған Алла елшісінің Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адалдығына күмән келтірмейтін. Тіпті оған қарсы шыққан дұшпандары да Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шыншылдығын мойындаған.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Меккеден Мәдинаға қоныс аударған кезде өзіне тапсырылған аманаттарды қайтаруды ұмытқан жоқ. Ол өз орнына Әли ибн Әбу Тәліпті (Алла оған разы болсын) қалдырып, халықтың аманаттарын иелеріне қайтаруды тапсырды. Бұл оқиға қандай қиын жағдай болса да адалдықтан таймаудың керемет үлгісін көрсетеді.
Жастайынан саудамен айналысқан Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әрдайым адал сауда жүргізген. Ол ешқашан тауардың кемшілігін жасырмаған, алдамай, әділ баға қойған. Осы адалдығының арқасында ол адамдардың ерекше сеніміне ие болды. Оның адал саудасы кейіннен Исламдағы экономикалық қатынастардың да негізіне айналды.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адалдықты иманмен тығыз байланыстырған. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сенімділігі (аманаты) жоқтың иманы жоқ» деп ескерткен. Бұл хадис адалдықтың Исламдағы орнын айқын көрсетеді. Адалдық тек жақсы қасиет емес, ол иманның ажырамас бөлігі.
Екі дүние сәруарының адалдығы тек жеке адамгершілік қасиетінің биіктігін ғана емес, бүкіл қоғамды өзгерткен күш болды. Мұндай қасиеттің арқасында бір-біріне сенуді адамдар үйренді, әділеттілік орнады, қоғамда тәртіп қалыптасты. Бүгінгі күні де оның осы өнегесі өзекті. Егер әрбір адам Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адалдығын үлгі етсе, қоғамымызда сенім мен әділдік нығая түседі.
Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адал досы, сенімді серігі болған Әбу Бәкір (Алла оған разы болсын) Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алған тәлімі бойынша адалдың ақ туын жықпай ұстап, мұсылман үмбетіне үлгі болды. Ол Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жан тапсырған соң мұсылмандарға әмірші болған сәтте халыққа мынадай үндеу жолдады: «Уа, адамдар! Мен сендерге басшы болдым, бірақ сендердің ішіңдегі ең жақсы адам емеспін. Егер дұрыс жасасам, маған көмектесіңдер, ал егер теріс жасасам, мені түзетіңдер. Шындық – аманат, ал өтірік – қиянат. Сендердің араларыңдағы әлсіз адам менің алдымда күшті. Өйткені Алланың қалауымен мен оның ақысын алып беремін. Ал сендердің араларыңдағы күштілерің менің алдымда әлсіз. Өйткені Алланың қалауымен мен одан тиесіліні аламын... Мен Аллаға және Оның елшісіне бағынып тұрғанда, маған бағыныңдар. Ал егер Аллаға және Оның елшісіне бағынбасам, маған бағынуларың міндетті емес...».
Халифа: «Егер дұрыс жасасам, маған көмектесіңдер, ал егер теріс жасасам, мені түзетіңдер» деу арқылы өзі жасайтын істерді ешкімді бақылауға әрі өзінен осы істерге қатысты есеп талап етуге мұсылман үмбеті құқылы екенін ашық айтқан. Тіпті теріс істен қайтару үшін өзіне қарсы шығуға және шариғат бекіткен жолмен жүруді міндеттеуге құқылы екенін бекіткен. Әбу Бәкір халыққа арнаған алғашқы сөзінде-ақ кез келген басшысының қателік жасап қоюы мүмкін, мұндай жағдайда халифа жауапқа тартылуы қажет екенін жариялаған. Халифа лауазымы өзіне ешқандай артықшылық немесе тұлғалық ерекшелік бермейтінін білдірген. Өйткені бұл кезде Алланың жәрдемімен күнә мен қателіктен қорғалған пайғамбарлар дәуірі аяқталған еді.
Әбу Бәкірден (Алла оған разы болсын) кейін халифалық жауапкершілікті алған Омар (оған Алла разы болсын) мемлекет басшысы ретінде діни бостандықты сақтауға мән берді. Ол бұл бағытта да Пайғамбар мен Әбу Бәкірдің жолын ұстанды. Омар да өзге дін өкілдеріне әділдік танытты. Оларды мемлекет қорғауына алды және тиісті келісімдер жасады. Нәтижесінде өзге дін өкілдерінің ғибадатханалары еркін істеуге мүмкіндік алды.
Алла Тағала Құранда: «...Егер Алла кей адамдардың кесіркесапатын енді бір адамдардың қолымен қайтарып отырмағанда ғибадатханалар, шіркеулер, синагогалар және ішінде Алланың аты ауызға көп алынатын мешіттер түгелдей бұзылып, тас-талқаны шығар еді. Кім Алланың дініне қолұшын берсе, Алла Тағала да оған сөзсіз жәрдем береді. Шүбәсіз Алла тым күшті һәм бәрінен үстем» («Хаж» сүресі, 40-аят) деген.
Омар (оған Алла разы болсын) халифаның кезінде басқа елдерді бағындыру жорықтары барысында мұсылман әскерінің өзге дін өкілдеріне құрметпен қарағанын, мәжбүрлемегенін тарихтан жақсы білеміз. Имам әл-Ғазали Исламның сенім бостандығын қамтамасыз етуге қатысты ерекшелігін былай жазады: «Исламның жер бетіндегі тұрғындарына қамтамасыз еткен діни бостандығының бес құрлықта да теңдесі болмаған. Билікке жеке өзі ие болған әлдебір діндер Исламның жасағанындай, өзіне қарсы сенімдегілерге өмірін жалғастыру мен гүлденудің барлық мүмкіндіктері мен себептерін берген жағдай кездеспеген».
Әл-Фаруқ қоғамда сенім бостандығы қағидасын жүзеге асыруға ұмтылды. Ол христиандар мен яһудилерге қатысты саясатын: «Шындығында біз оларға шіркеулеріне қол сұқпауға уәде бердік. Олар шіркеулерінде қалаған сөздерін айтады және біз оларға шамалары келмейтін істі жүктемейміз. Ал егер жаулары оларға жамандық жасауды қаласа, біз оларды қорғау үшін соғысамыз және біз олардың қазылық істеріне араласпаймыз. Бірақ олар біздің қазылық етуімізге өздері разы болып келсе, олардың арасына қазылық етеміз. Ал егер бізге келмесе, оларға соқтықпаймыз» деп айтқан. Омар (оған Алла разы болсын) келісім аясында өмір сүріп жатқан халықтарға өте кеңпейіл еді. Олар мұсылмандардың қорғауына өткені үшін төлейтін жизияны (салық) төлеуге шамалары келмей қалса, халифа оларды бұл салықтан босататын. Керісінше оларға көмектесетін. Міне, әділдіктің хас үлгісі.
Исламды жүрек қалауымен қабылдап, діннен рухани қуат алған халқымыз да, елді билеген хан-сұлтандарымыз да «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» қағидасын ұстанды. Бұған қатысты мысалды көп айта беруге болады. Бір күні Қасым хан ел аралап жүріп, қарапайым халықтың тұрмысын көреді. Бір кедей адам ханға мұңын шағып: «Байлар бізді қыспаққа алып отыр, әділдік жоқ» дейді. Сонда хан: «Егер халыққа әділдік болмаса, хандықтың да мәні жоқ», – деп дереу тексеру жүргізуді бұйырады. Ақиқат анықталған соң, әлгі байларды жазалап, кедейдің құқығын қорғапты. Нағыз басшы қашан да әлсіздің жанашыры, әділдіктің тірегі болған.
Қазақ тарихында әділдігімен аты қалған хандардың бірі – Әз Тәуке. Оның тұсында ел ішінде тәртіп орнап, «Жеті жарғы» заң жүйесі қабылданғаны белгілі. Бірде Тәуке ханның алдына екі адам даумен келеді. Бірі қарапайым халық арасынан шыққан адам, екіншісі ханның өз туыстарының бірі екен. Дау жер мәселесі туралы болады. Хан туысының сөзін сөйлейді деп ойлаған жұрт іштей күмәнданады. Алайда Тәуке хан екі жақты мұқият тыңдап болған соң: «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ. Заң бәріне бірдей» деп қарапайым адамның пайдасына шешім шығарады. Ханның бұл әділдігіне халық риза болып, оның беделі одан әрі арта түседі. Шын мәнінде әділдік туыстыққа, мансапқа қарамай, ақиқатқа негізделуі тиіс.
Түйіндеп айтқанда, адал қоғам бір күнде құрылмайды. Ол ұзақ уақыт жалғасқан тәрбие мен еңбектің нәтижесінде көрініс табады. Бірақ әрқайсымыз адалдық қағидатын өзімізден бастап, оны өмір салтымызға айналдырсақ, адам да, қоғам да өзгереді. Адал болайық, әділ болайық, бірбірімізге сеніммен қарайық. Ең бастысы сенімге селкеу түсірмейік. Сонда ғана біз берекелі, қуатты, рухани бай қоғам қалыптастыра аламыз.
Алла адалдық Тағала баршамызды жолынан айырмасын, елімізге тыныштық, халқымызға бірлік берсін! Әумин!
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ
«Иман» журналы
28.08.2026
178
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру