Бабаларымыз «Сөз сүйектен өтеді» деп сөздің салмағын терең түсінген. Бір ауыз сөзбен адамды өсіруге де, өшіруге де болатынын білген. Сондықтан қазақ қоғамында сөзге жауапкершілікпен қарау үлкен әдеп саналған. Бүгінде ақпарат тарату мүмкіндігі бірнеше есе артты. Бір ғана жазба немесе пікір қысқа уақытта мыңдаған адамға жетеді. Осыған байланысты ақпаратты қабылдау мен тарату мәдениетінің маңызы да арта түсті.
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының «Ислам және адал қоғам» кітабында осы мәселе ислам құндылықтарымен сабақтастықта қарастырылады. Кітапта исламның тек құлшылықпен шектелмей, адамның күнделікті өміріне, сөзіне, ісіне және қоғам алдындағы жауапкершілігіне бағыт беретін жүйе екені көрсетіледі.
Қазіргі ақпараттық қоғамда ең маңызды мәселелердің бірі – жалған ақпарат пен расталмаған мәліметтердің таралуы. Құран Кәрімде: «Уа, иман келтіргендер! Егер бір бұзық сендерге хабар әкелсе, анықтап алыңдар» («Хұжрат» сүресі, 6-аят), – деп ескертіледі. Бұл қағида бүгінгі әлеуметтік желі дәуірінде ерекше мәнге ие. Ақпаратты тексеру, оның шынайылығына көз жеткізу және расталмаған мәліметті таратпау – әр адамның жауапкершілігі.
Кітапта жастардың тәрбиесі мен жастық шақты тиімді пайдалану мәселесіне де назар аударылады. Бүгінгі жас – ертеңгі маман, ата-ана, ұстаз немесе қоғам көшбасшысы. Сондықтан жастардың бойында біліммен қатар адалдық, еңбекқорлық, жауапкершілік пен адамгершілік қасиеттердің қалыптасуы маңызды.
Ақпараттық технология жастарға білім алуға үлкен мүмкіндік берді. Бұрын білім іздеген адам ұстаз бен кітапты ұзақ іздесе, бүгінде әлемнің түрлі білім ресурстарына бір телефон арқылы қол жеткізуге болады. Алайда ақпараттың көптігі білімнің көптігін білдірмейді. Маңыздысы – ақпаратты саралап, пайдалысын таңдап, оны дұрыс пайдалана білу.
Осы тұста рухани құндылықтардың маңызы артады. Кітапта адамның тәнімен қатар рухани дүниесін де тәрбиелеу қажеттігі айтылады. Ілім, иман, жақсы сөз бен ізгілік – адамның ішкі дүниесін қалыптастыратын құндылықтар. Сондықтан жастардың ақпараттық сауаттылығымен бірге рухани иммунитетін қалыптастыру да маңызды.
Кітаптың негізгі өзегін құрайтын адалдық ұғымы да кең мағынада түсіндіріледі. Адалдық – тек адал табыспен шектелмей, адамның сөзіне, уәдесіне, еңбегіне, қарым-қатынасына және қоғам алдындағы жауапкершілігіне қатысты ұстаным. Бұл тұрғыдан алғанда, жалған ақпарат таратпау, біреуге жала жаппау, уақытты бағалау және өз міндетіне жауапкершілікпен қарау да адалдықтың көрінісі.
«Ислам және адал қоғам» кітабында қамтылған 25 тақырып адамның рухани болмысын қалыптасыруда жауапкершілік пен қоғамдық құндылықтардың өзара байланысын көрсетеді. Адал қоғам қалыптастыру әр адамның өзінен басталады. Сөзге жауапкершілікпен қарау, ақпаратты саралау, білімге ұмтылу, уақытты бағалау және адалдықты өмірлік ұстаным ету – қазіргі қоғам үшін маңызды талаптар.
Ақпараттық дәуірде мүмкіндік артқан сайын жауапкершілік те арта түседі. Сондықтан бүгінгі қоғамға ақпаратты көп білетін ғана емес, оны дұрыс пайдалана алатын, рухани құндылықтарды берік ұстанатын және сөзі мен ісіне адал тұлғалар қажет.
ҚМДБ Жастар кеңесінің мүшесі
Нұрболат Серікұлы
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Нұрболат Серікұлы
muftyatkz
02.09.2026
252
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру