XXI ғасыр ақпараттық заманның кезеңі. Білгің келген нәрсенің жауабын интернеттен тез әрі оңай табуға болады. Түрлі әлеуметтік желілерде адамға пайдасымен қоса зиянын да беретін ақпараттар жетерлік. Соның бірі – діннің атын жамылған деструктивті діни ағымдардың идеологиясына негізделген күмәнді ақпарат көздері.
Бүгінде интернеттің игілігін дәстүрлі емес діни ағымдар да өз пайдасына тиімді қолданып келеді. Экстремистік және террористік ұйымдардың халыққа ақпарат арқылы әсер етуді кеңінен қолдануы олардың қызметінің ажырамас бөлігіне айналды. Ең алдымен экстремистік және террористік ұйымдар әлеуметтік желі қолданушыларының әлі қалыптасып үлгермеген санасына ықпал етуге тырысады. Яғни олардың негізгі нысанасы – әлеуметтік жағдайы мен өмірге деген көзқарасы толық қалыптаспаған жастар. Мұндай әрекеттің бір қала немесе бір елмен шектелмейтіндігі белгілі, бұл экстремистік және террористік ұйымдар үшін өте маңызды. Олардың қызметі өздерінің идеологиясын белсенді түрде насихаттауға, жаңа мүшелерді өз қатарына тартуға, жақтастарын теориялық және практикалық тұрғыдан оқытуға және өздеріне қарсы шыққан желі қолданушыларына қарсы ақпараттық күрес жүргізуге бағытталады.
Діни сауаты таяз адамдардың діни ақпаратты интернеттен іздейтіні белгілі. Ал мұндай кезде адамның радикалды ұйымдардың қармағына ілінуі әбден мүмкін. Google іздеу жүйесі арқылы бір мәселені іздеген кезде радикалды бағытты ұстанатын ұйымдардың салған ақпараттарына кезігіп, олардың шейхтарының бейне және аудиожазбаларын тыңдауы мүмкін. Олардың жазбаларында жиһадқа шығу, шейіт болу секілді ұғымдардың бұрмаланған мағынасы беріліп, мұндай ақпараттар желі қолданушының санасына кері әсер етуі ықтимал.
Теріс пиғылды ағымдардың кейбір сайттары халықты экстремистік немесе террористік әрекеттерге шақыруды насихаттамауы мүмкін. Олар исламға арналған ақпарттық портал ретінде жұмыс жүргізеді. Алайда олар шын мәнінде халықтың дәстүрлі діни ұстанымдарын ыдыратып, мұсылмандар арасына жік салып, дінді іштей бөлшектеуді көздеуі мүмкін. Мысалы, оларда парыздарды (намаз, ораза) орындамағандар кәпірге баланып, дәстүрлі ханафи мәзһабына қайшы ақпараттар беріледі. Ал діни сауаты жеткіліксіз ізденуші мұндай сайттардағы дін тақырыбындағы барлық мәліметтер мен деректерді сол қалпында қабылдап, санасына сіңіреді.
Діни мәліметті, қажетті пәтуәні іздеген әрбір азамат мүмкіндігінше шетелдік сайттарды пайдаланбауға тырысып, сенімді дереккөздерден білім алып, өзінің сыни ойлау қабілетін дамытқаны абзал. Дінді арнайы мешіттерден үйренсе, діни білімі дұрыс бағытта қалыптаспақ.
Қазіргі кезде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайты muftyat.kz, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Дін істер комитетіне қарасты kazislam.kz порталы, сондай-ақ azan.kz, ummet.kz, muslim.kz, mazhab.kz, sunna.kz секілді отызға жуық діни сайт жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ «Мұнара» газеті мен «Иман» журналы бар. Діни құндылықтарды осындай сенімді көздерден үйрену керек.
Елімізде жат ағымдардың алдын-алу мақсатында көптеген жұмыстар атқарылып келеді. ҚМДБ жанынан Діни оңалту бөлімі, Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімі жұмыс жасауда. Сондай-ақ еліміздің әр өңірінде өкілдіктер деңгейінде, қала, аудан деңгейінде де жұмыстар атқарылуда.
Қорыта айтқанда, ақпарат берудің қайнар көзі интернеттен қандай да бір діни ақпарат, діни білім үйренерде дұрыс таңдау жасай алу өз қауіпсіздігіміздің кепілі болмақ. Ақпараттық кеңістікте діни мәліметтерді байыбына бармай алудан сақтануға шақырамыз.
Әнуар ІЗІМБАЙҰЛЫ,
Маңғыстау облысының бас имамы
Мұнара газеті, №6. 26.03.2025ж
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Әнуар ІЗІМБАЙҰЛЫ
Мұнара газеті
12.08.2026
35
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру