«Дәстүріңді баққаның - үмітіңді жаққаның» деген халық даналығының астарында терең мән жатқаны рас. Салт-дәстүрін сақтап, ұлттық құндылықтарын қастерлей білген халықтың іргесі берік, келешегі кемел болмақ. Әрбір ұлттың өзіндік болмысы, дүниетанымы, өмір сүру дағдысы мен мәдени ерекшелігі бар. Өзге елге сапар шеккен адам сол айырмашылықтарды көріп қана қоймай, өз халқының қадір-қасиетін, артықшылықтары мен кемшіліктерін де бағамдай түседі. Мұның өзі Жаратушының әр халыққа өзіндік ерекшелік пен тағдыр сыйлағанының айқын көрінісі.
Қазақ халқының Ислам дінімен таныс болғанына қаншама ғасырлардың жүзі болды. Осы уақыт ішінде халқымыздың дүниетанымы, әдет-ғұрпы, әдебиеті мен мәдениеті Ислам құндылықтарымен біте қайнасып, біртұтас рухани арнаға айналды. Сондықтан қазақтың көптеген салт-дәстүрлерінен Исламның ізгілікке, адамгершілікке, мейірім мен парасаттылыққа үндейтін асыл қағидаларын анық көруге болады. Шариғат адам баласының бойындағы жақсы қасиеттерді дамытып, қоғамдағы игі дәстүрлерді бекіту үшін келген. Сол себепті халық арасында қалыптасқан жақсы әдет-ғұрыптар Исламда ерекше құрметке ие. Қасиетті Құранда Алла Тағала: «Кешірім жолын ұстан, жақсылыққа бұйыр және надандардан теріс айнал» деп әмір етеді. Бұл аят халықтың игі дәстүрлерін қолдап, қоғамдағы ізгі құндылықтарды дәріптеудің маңызын аңғартады.
Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарлық келген кезде араб қоғамында да әртүрлі әдет-ғұрыптар болған. Алла Елшісі шариғатқа қайшы келмейтін салттарды сақтап, қоғам игілігіне қызмет ететін дәстүрлерді қолдаған, ал адамға зиян келтіретін немесе Алланың әміріне қарсы келетін әдеттерге тыйым салғанын байқаймыз. Сондықтан Ислам ғұламалары да халық арасында орныққан игі дәстүрлерді шариғатқа қайшы келмеген жағдайда құқықтық нормалардың қайнар көздерінің бірі ретінде қарастырған.
Қазақ халқының ғасырлар бойы сақтап келген асыл дәстүрлерінің бірі - жеті атаға дейін қыз алыспау қағидасы. Бұл тек ұлттық ерекшелік емес, ұлттың болашағын ойлаған көрегендіктің белгісі. Ата-бабаларымыз отбасы құндылығына, ұрпақ тәрбиесіне және қан тазалығына айрықша мән берген. Ислам діні де дені сау, тәрбиелі әрі текті ұрпақ тәрбиелеуді маңызды құндылықтардың бірі ретінде қарастырады. Хазіреті Омар (оған Алла разы болсын) туыстық шеңберден шығып, алыстан некелесуге үндеген сөзі де осы ұстанымның айғағы. Қазақ халқы бұл қағиданы терең түсініп, жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрін қалыптастырған. Тәуке ханның «Жеті жарғысында» бұл талап заңдық деңгейде бекітіліп, ел бірлігі мен ұрпақ саулығын сақтаудың маңызды тетігі ретінде танылған. «Үш атада тән өзгереді, жеті атада қан өзгереді» деген халық даналығының түп-төркіні де осы өмірлік тәжірибеден бастау алса керек. Бұл дәстүр ұлттың тектілігін сақтап, ұрпақтың сапалы болып өсуіне ықпал еткен маңызды рухани құндылық болып саналады.
Ұрпақ қамын ойлаған мұндай тағылымды дәстүрлер қазақ халқының салт-санасы мен Ислам құндылықтарының өзара сабақтастығын айқын көрсетеді. Ғасырлар бойы қалыптасқан осы сынды рухани тұтастықтың нәтижесінде халқымыз үлкенге құрмет көрсетуді, кішіге қамқор болуды, жетім-жесірге жәрдем беруді, көрші ақысын сақтауды және мұқтажға қол ұшын созуды өмірлік ұстанымға айналдырды. Бұл қасиеттердің барлығы қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі мен дүниетанымынан айқын көрініс тапқан. «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» деген бабалар өсиеті, халқымыздың тәрбиелік ұстанымына айналса, қонақжайлық пен кеңпейілділік оның ұлттық болмысының ажырамас бөлігі болды. Мұның бәрі Ислам діні дәріптеген көркем мінез бен адамгершілік құндылықтардың айқын айғағы.
Тарихымызға зер салсақ, халқымыз асыл дінімізді тек құлшылық жүйесі ретінде ғана емес, бәлки тәрбие мен руханияттың негізі ретінде қабылдағанын көреміз. Бұған ел ішінде Ислам құндылықтарын насихаттап, мешіт салдыру ісіне ұйытқы болған Құнанбай Өскенбайұлының қызметі дәлел бола алады. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің Құнанбайдың Қарқаралыда мешіт салдырғаны туралы пікірі де халқымыздың дінге деген құрметін айқындай түседі. Сонымен қатар неке қию, бата беру, сәлемдесу, үлкеннің батасын алу секілді көптеген дәстүрлер қазақтың діни танымымен біте қайнасып кеткен.
Дегенмен Ислам діні кез келген дәстүрді бұлжытпай қабылдай бермейді. Егер белгілі бір әдет-ғұрып адамға немесе қоғамға зиян келтірсе, әділетсіздікке, ысырапшылдыққа немесе күнәға бастаса, шариғат оны құптамайды. Сондықтан халқымыз да «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деп, салттың пайдалысын сақтап, зияндысынан бас тартқан. Өйткені дәстүрдің басты мақсаты адамды ізгілікке, ар-ұятқа, имандылыққа және тәртіпке тәрбиелеу.
Осылайша, қазақтың салт-дәстүрі мен Ислам діні халқымыздың рухани тірегіне айналған қос құндылық. Олар бір-бірін толықтырып, ұлттың тәрбиесін, мәдениетін және адамгершілік болмысын қалыптастыруға қызмет етіп келеді. Дін мен дәстүр үйлесім тапқан қоғамда ұлттық рух нығайып, ұрпақ тәрбиесі толығып, елдің болашағы баянды болады. Сондықтан ата-бабадан аманат болып жеткен асыл дәстүрлерді қастерлеу өткенге тағзым ғана емес, келер ұрпақ алдындағы жауапкершілік. Халқымыз бекерден-бекер «Өткенін білмеген – болашағын болжай алмас», «Дәстүр – елдің көркі, әдет – жердің көркі» деп айтпаса керек. Ұлттық құндылықтарды сақтап, дін мен дәстүр сабақтастығын жалғастыру ұлттың рухани тұтастығын нығайтатын ең маңызды міндеттердің бірі.
Нұрбек ӘУЕСХАНҰЛЫ,
Астана қаласының бас имамы
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Нұрбек ӘУЕСХАНҰЛЫ
muftyatkz
02.06.2026
43
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру