Ежелден Ислам дінін өмірінің бұлжытпас қағидасына айналдырған ата-бабамыз бөлінуге емес, ұрпағын бірігуге шақырумен келді. Береке-бірлігі жарасқан елді жау алмайтындығын білді. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді», - деп ұрпағына ойлы сөз қалдырды. Бұл сөз бүгінгі қазақ қоғамына айтылғандай көрінеді. Себебі, бүгінгі күні дін төңірегінде кейбір жастарымыздың бөлінуі тым шектен шығушылыққа алып бара жатқандай. Жасыратыны жоқ, соңғы уақыттары ел ішін ала тайдай бүлдіріп, жаңашылдық әкелмек болған кейбір дін атын жамылған ағымдардың идеологиясы жүріп жатыр. Осындай ағымдардың шырмауына түскен кейбір қандас жастарымыз «дінде жүрмін» деп өздерін дүбәра халге салғанын білмей дал. Олар тар түсінігімен және шариғи білімсіздігімен діннің берік те бекем қағидаларына қарсы шығып, тәлім-тәрбиесі мол қазақтың салты мен дәстүріне дұшпандық жасауда. «Анау болмайды, мынау болмайды», немесе «анау шірк, мынау шірк», онан қалды «анау бидғат, мынау бидғат» деп дінді енді үйренуге келген жандардың санасын мешітке жеткізбей улап-ақ жатыр. «Іштен шыққан жау жаман» деген осы шығар.
Осы мақсатта ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы Діни ахуалды талдау және мониторинг бөлімінің басшысы, бас ғылыми қызметкер Әбуов Тұрар Түгелұлымен сұхбаттасқан едік.
– Армысыз, Тұрар Түгелұлы! Әңгімемізді қазіргі таңдағы кейбір діндар жастарымызға арнасақ. Барлығымызды толғандырған ортақ мәселе ол – бүгінгі жастар қандай болуы керек. Олардың ұстанымы, бағыты жақсы болуы үшін не істеуіміз керек?
– Жастық шақ – адам өмірінің ең пайдалы да, қайрат-жігерге толы керемет кезеңі. Қазіргі жас ұрпақ қоғамның болашақ қайраткері, еліміздің тірегі. Бүгінгі жас – ертеңгі ел тізгінін ұстайтын ел ағасы. Келешектің кемелді болуының кілті өсіп келе жатқан ұрпақтың қолында. Рухани ізгілікті, жаңару заманына лайықты, өзін-өзі басқара алатын жан-жақты тұлға тәрбиелеу күн тәртібінен ешқашан түспек емес. Қоғамдағы әрбір азамат иманы кәміл, денсаулығы мықты, рухани дүниесі бай, жаны мен тәні кіршіксіз таза, танымдық белсенділігі мен шығармашылық қабілеті ерекше тұлға болу керек. Бұл да жастардың өз-өзін қолға алып, жастық шақтың қадіріне жеткен кезде ғана болады.
Абай атамыз жастық шақты:
«Жастықтың оты жалындап,
Жас жүректе жанған шақ.
Талаптың аты арындап,
Әр қиынға салған шақ», - деп суреттеуі де осыны меңзейді.
Жастардың қолынан талай дүние келеді. Бүгін осы мүмкіндікті жіберіп алса, ертең орны толмас өкінішке қалары сөзсіз. Бойда күшің қайнаған жастық шақ қайта келмейді. Кәрілік жетсе, жеңбей қоймайды. Сондықтан, Міржақып Дулатов: «Бір жылдың ішінде бір-ақ жаз болады. Ағаш, шөптер, гүл жапырақтар бір-ақ рет жасарады. Осы секілді, адамның басына жастық екі келмейді. Жастық біздің өміріміздің жазы. Жаздан кейін қалай күз келеді. Сол секілді жастықтан соң кәрілік жетеді. Шаруасына жинақы кісілер жаз күні қыстың азық-түлігін даярлап қояды. Адам да жасында өнер-білім, жақсы мінездерді бойына жинауға тиіс. Мұнсыз ол қартайған шағында рахат тіршілік ете алмайды» - деген мысалды әрбір жас естен шығармағаны жөн.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің бір сөзінде «Мақсат - рухани өресі биік азамат болу» - деген болатын. Осы орайда жастардың иманды болуы, ақ пен қараны, жақсы мен жаманды ажырата білуі, олардың рухани өресінің биік екендігін көрсетеді. Сонымен қатар Құдайдан қорқу ғана адамның жауапкершілікті сезінуге, нәпсіні тізгіндеуге, осылайша адамдық борышыңды адал атқаруға себеп болады. Әйтпесе қу нәпсі талай жастарымыздың аяғын тайдырып, жолынан адастырып жатыр. Осы орайда әрбір жастың ұстанымы Шәкәрім айтқан өсиеттен бастау алса дейміз.
«Адамдық борышың,
Ақ жолдан айнымай.
Ар сақта, оны біл!
Талаптан да білім мен өнер үйрен,
Халқыңа еңбек қыл.
Білімсіз, өнерсіз, болады ақын тұл.
Мақтанға салынба,
Мансаптың тағы үшін.
Нәпсіңе билетпе,
Басыңның бағы үшін.
Өміріңді сарып қыл өлгеніңше,
Жоба тап, жол көрсет, келешек қамы үшін.
Қайтадан қайырылып, қауымға келмейсің,
Барыңды, нәріңді, тірлікте бергейсің.
Ғибрат алар артыңа із қалдырсаң.
Шын бақыт – осыны ұқ, мәңгілік өлмейсің!» - деген екен.
Бұл өсиетті Алладан шынайы қорыққанда ғана орындай алады екенбіз. Құдайдан қорыққан адам ғана дүниені таниды, табиғаттың құпия сырларын ашады, ғылымды дамытады, болашағын болжап, келешекке бағыт белгілейді, өз мамандығын жақсы меңгеріп, елімізге пайда келтіреді.
– Бүгінгі күні жастар санасында «белгілі бір топқа қатысым болмаса, мұсылман бола алмаймын» деген теріс түсінік қалыптасқан. Сіз осы туралы не айтар едіңіз?
– Сауалыңыз өте орынды. Қоғамда көптеген дін тақырыбына арналған кездесулерде, семинарлар мен конференцияларда баяндамалар мен дәрістер оқып жүрміз. Сонда қатысушылар, әсіресе жастар тарапынан қойылатын сұрақтардың басым көпшілігі дін, салт-дәстүр, дін атын жамылған теріс пиғылды діни ағымдар төңірегінде болады. Жалпы «Дін дегеніміз не?» деген сұрақтар жиі қойылады. Байқағаным кейбір жастарымыздың әлі де болса діни санасы дұрыс қалыптаспаған, «дін» туралы түсінігі саяз. Сондықтан жастарымыздың көкейінде жүрген сұраққа толыққанды қысқаша жауап бере кетсем.
Дін – ақылды адамдарға арналған бұ және о дүниеде бақытқа жетелейтін иләһи заңдылық болып табылады. Дінмен өмір сүргенде ғана адам баласының өркениет өрісі кеңейіп, көркейіп, рухани өміріне қанат бітеді. «Дін» сөзінің мағынасы кең болғандықтан көптеген анықтама беруге болады. Дін тек Құдайға деген құлшылықтан бас көтермеу дегенді білдірмейді. Ол – өмір сүрудің үздік үлгісі, екі дүние бақытына жетелейтін жол. Дін – адамгершілікке, имандылыққа, ізгілікке шақыратын құдіретті күш. Жаратушы мен жер үстін жайлаған жұмыр басты пенденің арасындағы байланыстың алтын көпірі, адам санасын тәубеге жүгіндіріп, пенделік ойлардан арылтып, жанын тазартатын күш деп те айтуға болады. Сонымен қатар жалқаулық пен бұзық ойлардан аулақ болуға, еліне қызмет етуге, жаратылғанға жанашырлық көрсетуге, адами қасиеттер мен көркем мінез-құлықты болуға, «қоғамнан не алсам» деп емес, «қоғамға не берсем» деген санаға жету жолын көрсететін құндылық болып табылады. Ол кез-келген халықтың мәдениеті мен салтына айналған рухани құндылықтардың бірегейі. Жастарымыз «дін» сөзін кең аяда түсінсе екен дейміз.
– «Елімізде көптеген жастарымыз діндар болып барады» деген әңгімелер айтылып жүр. Бұл қалыпты ма әлде, қауіпті ме?
– Жалпы «діндарлық» деген не? Осы сөздің мағынасын түсініп алсақ, онда сұрақтың жауабы дайын десем болады.
Діндарлық – адамның діни көзқарасының, психологиясының, тәртібінің, өмір сүру салтының көрінісі. Ол құбылыстарды, оқиғаларды, қарым-қатынастарды сенім тұрғысынан қабылдау және бағалаудан тұрады. «Діндар адам» деген – діннің әмірлерін орындап, тиымдарынан бойын аулақ ұстайтын жан.
Дін мен діндарлықтың аражігін ажырата білу керек. Діндарлық – иман мен ғибадаттан бастау алған дәреже. Сондықтан «діндар боламын» деген кісі алдымен иманын қуаттандырып, ғибадатын толық орындауы керек. «Жұрттың бәрі ораза ұстады» деп ауыз бекітіп, біреудің айтқанымен намаз оқитын болса, ондай мұсылманның бойынан нағыз діндарлықтың белгісін іздемей-ақ қойсақ та болады. Осындайда Шәкәрім:
«Сыртыңды сыланасың сән беріп,
Ішіңнің түзетпейсің хатасын.
Айла мен алдағанды жөн көріп,
Адамды аң орына атасың.
Жалғанның бір пайдасын көргенде,
Арланбай арыңды да сатасың.
Алланың ақ өлімі келгенде,
Амалсыз қара тастай қатасың», – деген болатын. Бұл өлең адамның ішкі кемелдігі мен діндарлығының кемшіліктерін көрсетіп отыр.
Әрине, діндар болу оңай емес. Діндарлықты ұстанған адамды ғана өмір сүру өнерін игерген тұлға деп қарастыруға болады. Діндарлық мұсылман адамның киетін киімі тәрізді. Дінді ұстанған жастарымыз дәл осындай киіммен сәнденгенде ғана «қалыпты діндар» болмақ. Біреуге еліктеп, сырттағы жалған уағыз насихатқа, теріс пиғылды діни идеологияға еріп кетсе жалған діндарлықтың киімін киген болады. Мұндайда халқымыз: «Дін ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің» деген.
– Жаңа сөзіңізде «сырттағы жалған уағыз насихат» туралы айтып қалдыңыз. Мұны қалай түсінуге болады?
– Білім алу құралдары дамыған қазіргі заманда үйден шықпай-ақ көп нәрсе білуге болады. Бір адам шалғай ауылда отырып, қай жерде не болып жатқаны туралы толық мәліметті ғаламтор арқылы біле алады. Соңғы кезде кейбір азаматтарымыз «скайп» жүйесі немесе басқада әлеуметтік желілер арқылы діни уағыздарын алуда. Әлеуметтік желілерді орынды пайдалана білсек ұтарымыз көп болар еді. Алайда оларды орынсыз пайдаланатындар қоғамымызға зиян әкелуі мүмкін. Соңғы жылдарда елімізде әлеуметтік желілер арқылы жиһадқа немесе экстремистік, лаңкестік әрекеттерге шақырған фактілер орын алды. Сондықтан мұны «сырттағы жалған уағыз насихат» деп білуіміз керек. Теріс пиғылдың алдын-алып, келеңсіздіктерге жол бермеу мақсатында жастардың хабары болсын деп айтып отырмын. Ақпараттық қауіпсіздік – қашан да ел қауіпсіздігінің кепілі болып келген.
– Сонда ғаламтор арқылы білім алуға болмайды дейсіз бе?
– Әрине «болмайды» деп айтып отырғаным жоқ. Әлемдік тәжірибесі мол ғылыми орталарда ұстаз бен шәкірт арасында тығыз байланыстар орнаған, қағида-ережелері орныққан қашықтықтан (дистанционды) білім беру жүйесі ғаламтор арқылы жүзеге асып келеді. Бұндай жүйеге дін ғалымдары да қарсы емес. Ғаламтор арқылы білім алу ғасырлар бойы қалыптасқан исламдық білім беру жүйесінің орнын баса алмасада, ұстаз бен шәкірт арасындағы ақпараттық алмасуды жеңілдетері сөзсіз.
Адамның рухани шарықтауын көздеген ислами білім беру жүйесі әу-бастан ұстаз бен шәкірттің тығыз байланыста болғанын талап ететін. Білімі мен әдебі бірдей жетілген ғалымды дайындап шығаратын. Мұндай жүйеден қол үзіп қалған және тек ғаламтор арқылы білім алуға құштар жастарымыздың бойынан әдепсіздік, ұлттық мүддеге бей-жай қараушылық, салт-дәстүрін елемеушілік байқалады. Ғаламтор арқылы шетелдік ұстаздарынан білім алумен ғана шектелген жастарымыз ең әуелі еліміз үшін қауіп. Әрине, «шетелдік ұстаздарды мүлдем тындауға, еңбектерін оқуға болмайды» деп айтудан аулақпын. Өйткені, көптеген ғылыми сайттарда кәдемізге жарайтын, берері мол мәліметтер бар. Оған қоса еліміздегі дәстүрлі дін де осы ғаламтор арқылы, мәселен e-islam.kz, muftyat.kz және т.б сайттары арқылы насихатталуда. Ғаламтор арқылы білім алғанда ең басты мәселені ескергеніміз жөн. Ұстаз бен шәкірт бір-бірінің кім екендігін білуі керек. Дәріс беруші ұстаз кімге дәріс беріп отырғанынан, олардың ғылыми деңгейін, ой-өрісін, дайындығын, бағытын, алған дәрісті қаншалықты түсініп, меңгергенін білуі қаншалықты маңызды болса, шәкірттері де ұстазының кім, қайда екендігін білуі шарт. Олай болмаған жағдайда негізсіз, орынсыз білімнің жолы ашылып, ел ішіндегі діни тұрақтылыққа кері тигізері бек мүмкін.
– Осы бағытта жастарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Егер дін жолын ұстанған жастарымыз өзгеге үлгі боламын десе, алдымен өзі әдепті, мәдениетті, ішкі-сыртқы өзгерістерге дайын, парасатты болуы қажет. Қоғамдағы келеңсіз нәрселердің алдын алып, жақсы амалдарды көбейтуге, адамдарды күнә істерден аулақ болуға, керісінше, сауапты істерді көбірек жасауға, жақсы азамат болуға, мұсылмандыққа сай іс-әрекет етуге ұмтылса екен дер едім. Дәл осылай жүріп тұратын болса, діндар жастарымыз қадірін жоғалтпас. Жастарымыздың жас кезінен бастап қадірлі болуын, өмірінің соңынан дейін бақытты болуын тілеймін.
– Арнайы уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін рахмет!
Сұхбаттасқан Гүлнұр Қаржаубайқызы.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
07.08.2015
7132
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру