Алау Әділбаев,
теология докторы
Әдет-ғұрып (салт-дәстүр) – қандай да бір елдің немесе ұлттың арасында көпшіліктің қолдауына ие болып, қолданысқа енген, белгілі бір қимыл-әрекеттен тұратын және сол халықтың өмір сүру салтынан хабардар ететін әдеттер жиынтығы1.
Әдет-ғұрып – Құран, сүннет және сахабалардың пәтуәларында кездеспейтін қандай да бір қалыптасқан жағдайдан шығудың жолы табылмаған кезде ғұрып дәлелге саналады. Өз кезегінде ғұрып – «дұрыс» және «бұрыс» болып, екіге бөлінеді. Дұрыс ғұрыпқа – шариғатқа қайшы келмейтіндер, ал бұрыс ғұрыпқа – діни негіздерге томпақ келетін ғұрыптар жатады. Сондықтан, әдет-ғұрып Құран, сүннет, ижма және сахабалардың амалдарына теріс келмеуі шарт. Әбу Ханифа үкім берерде адамдардың салт-дәстүрі шариғатқа қайшы келмесе оны дәлел ретінде санаған.
Мысалы, сауда-саттықта сатушы – «саттым, ал тұтынушы – «алдым» деп айтуы шарт. Алайда, халықтың арасында нақты осы сөздерді қолданып жатпай тек ақшасын беріп, затты сатып алу әдетке айналып кеткендіктен, бұл сөздерді қолданбай-ақ ақысын төлеп, затты алып кете беруге рұқсат берілген.
Фиқһқа қатысты үкімнің тағы бір қырын былай зерделеуге болады. Кейбір сөздің мағынасы әдет-ғұрыпқа байланысты бір басқа, ал тікелей сөздік мағынасы өзгеше болуы мүмкін. Осындай жағдайда үкім әдет-ғұрыпқа байланысты бекітіледі. Егер біреу «бас сатып алмаймын» деп ант етсе, шариғат бойынша сертін бұзбауы қажет. Бірақ, ант еткен кісінің сөзі тікелей мағынасында барлық тіршілік иелеріне қарата айтылғанымен, әдет-ғұрпымызда олардың кейбіреуі бұл санатқа кірмейді. Егер ант берген адам көгершіннің, шымшықтың, торғайдың, т.б. дене тұрқы шағын құстың басын сатып алса, оның берген серті бұзылмайды. Өйткені, олардың басы әдеп-ғұрпымызда пайдаланылмайтындықтан, «бас» есебінде қабылданбайды. Сондықтан, бұл жерде әдет-ғұрып2 шариғи дәлел болып саналады.
Әбу Ханифа мәселелерді әуелі қияспен, егер қиясқа сай келмесе, истихсанмен бағамдайтын. Ал истихсанмен шешілмесе, жергілікті халықтың әдет-ғұрпын ескеретін. Өйткені, әр халықтың өзіне тән әдет-ғұрпы бар. Бес саусақ бірдей емес. Сол секілді әр халықтың өз салт-дәстүрі бар. «Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» деп бекер айтылмаса керек. Адамзаттың түрлі ұлт, ұлысқа бөлінуінің өзі – Жаратқанның қалауы. Бұл шындық Құран кәрімде: «Бір-біріңді танып-білуің үшін Біз сендерді ұлттар мен ұлыстарға бөлдік»3 – деген аятта ашық айтылған. Осыған орай, әр ұлттың өзіне тән әдет-ғұрпы болатыны да айдан анық. Қандай да бір ұлтты екіншісінен түр-түсі ғана емес, тілі мен әдет-ғұрпы да ерекшелеп тұрады. Әбу Ханифа мәзһабында осының бәрі егжей-тегжейлі ескеріле отырып, өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын тиімді пәтуәлар берілген.
Әдет-ғұрып шариғатта дәлел және үкім ретінде қолданылады. Шариғатқа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, алайда, халықтың нанымына айналып, ғасырлар бойы тұрмыс-тіршілігінен бықсып жанған шаладай көңірсіп көрініс тапқандары «бұрыс» әдет-ғұрыпқа жатады. Мысалы: ішімдік ішу, құмар ойындары, пайыз секілді харам әдеттер ерте заманнан елге сіңісті боп кеткендіктен, дін үкімдеріне қайшы келсе де тыйылған жоқ. Бұл секілді қоғамды іштен ірітетін шариғатқа теріс әдеттерге дінімізде орын жоқ.
Жалпы, мұсылман қоғамы шариғатқа қайшы жат әдеттерге қырын қарайды. Сондықтан, мұсылман қоғамы ақты ақ, қараны қара деп таныған. Бұған дәлел ретінде Ибн Аббас риуаят еткен: «Мұсылмандар оң қабақ танытып, ақ тілеуін тудырған кез келген әрекет жақсы болып есептеледі»4 деген хадисін келтіруге болады. Әдетте, мұсылмандардың ешқандай зияны жоқ үйреншікті әдеттеріне қарсы келу адамдарға қиындық туғызады. Алайда, Құран кәрімде: «Дінде де сендерге ауырлық салмады»5, - деген аят бар.
Шариғат үкімдерінің және Ислам құқығының негізгі қағидаларына қайшы келмейтін әдеттер негізге алынуы керек. Өйткені, Ислам құқығындағы үкімдердің негізгі мақсаты – адамдардың игілігі үшін әділетсіздікті болдыр-мау және қиындықтың алдын алу. Олай болса, Ислам құқығы бойынша үкім берілер кезде белгілі бір қоғамда әдетке айналған ғылым, білімде өзіндік орны бар ғалым мамандардың да құптаған көзқарасымен есептеспеу былайғы жұртты қиындыққа итермелеп, тығырыққа тірейді. Ал бұл – өз кезегінде Ислам құқығының ең негізгі мақсатына қайшы6. Осыған қатысты мына бір мысалды келтірейік.
Имам Әбу Ханифа мен екі шәкірті (Әбу Юсуф пен Мұхаммед) келіссөзде арнайы шарт етіп қойылмайтын немесе шарт талаптарына толық жауап бермейтін адамдардың өзара құқықтық қатынастарында орын алатын шарт қою әдетіне рұқсат берген. Бүгінгі өмірімізден бұған мысал ретінде сатушының техникалық құрал-жабдықтарды сату барысында кепілдік (гарантия) мерзімін белгілеуін келтіруге болады. Ал бұл жағдай Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) шартты түрде жүргізілетін сауда-саттыққа тыйым салған хадисімен байланысты жалпы үкімді жалқыға айналдырып, белгілі бір аямен шектейді. Сондықтан, фиқһ ғалымдары хадистерді сөзбе-сөз емес, барлық шарттарды негізге ала отырып, кең мағынасында түсінген.
Сонымен қатар, шариғат бойынша саудагер қолында жоқ тауарды саудаға шығара алмайды әрі өзінде жоқ заттың қолына түсетіндігіне ешқандай кепілдік бере алмайды. Қандай да бір тауар түрі сатушының қолында болмауы мүмкін немесе сатып алушыға ұнамауы мүмкін. Алайда, халық қанына сіңген әдет бойынша, қандай бір затқа тапсырыс беру арқылы7 да сауданың көрігін қыздыратындықтан, шариғат оған тыйым салмаған. Мұны халыққа жасалған жеңілдік деп ұғу керек.
Кейбір үкімдер Құранда және хадисте жалпылама айтылғанымен, оның нақты шегі мен шешімі белгіленбегендіктен, ондайда әдет-ғұрып дәлелге саналады. Мәселен, «Ананың тиісті қорегі мен киім-кешегі баланың әкесінің мойнына міндет...»8 деген аяттағы нәпақаның мөлшері нақты айтылмағандықтан, жергілікті мұсылман халықтың әдет-ғұрпы есепке алы-нады. Ғұлама Жәссәс «Ахкәмул-Құран» атты еңбегінде: «Егер ынсапсыз әлдебір әйел өзі секілді ақжаулықтарға берілетін нәпақадан көбірек қарпып қалуды көздесе, оның сұрағаны берілмейді. Сол секілді отағасы да жергілікті әдеттен аттамай, өзінің әйелі секілді әйелдерге берілетін мөлшерден аз нәпақа беруіне де дінде рұқсат жоқ. Заң бойынша оған тиесілі нәпақасын беруге міндетті», - деген.
Осыған ұқсас жағдайдан тағы бір мысал келтірейік: «..араларыңнан әділ екі кісіні де куәгер етіп алыңдар»9 деген аятта біреуге қатысты куәлік қабыл болуы үшін әділдіктен ауытқымау шарт ретінде бекітілген. Фақиһтар әділдік турасында: «Кісіні тақуалық пен батылдыққа (абыройлы, сыйлылыққа) бастайтын ізгі қасиет» деп анықтама берген. Аталмыш ізгі қасиеттерден алыстататын кез келген жағдай әділетсіздікке жол ашады. Ал мұндай факторлар уақыт пен ортаға қарай өрбиді. Бұл мәселеде имам әш-Шатыби: «Мәселен, еркектердің бас киімсіз жүруі тұрғылықты жеріне қарай өзгереді. Бұл шығыс елдерінде адамның абырой, сенімділігіне нұқсан келтіретін жағымсыз әдет ретінде бағаланса, батыстағы елдерде қалыпты құбылыс болып саналады. Осындай айырмашылыққа байланысты діни үкімдер де өзгереді. Шығыс елдеріндегі ер кісінің бас киімсіз жүруі әділетсіздік болып көрінсе, батыста мұның ешқандай сөкеттігі жоқ» дейді10.
Уақыттың құбылуына қарай үкімдердің өзгеруі
Әдет-ғұрыпқа негізделген үкімдер заман талабына қарай өзгеріп отырады. Бұған қатысты Шихабуддин Қарафи: «Әдет-ғұрыпқа негізделген үкімдер әдеттердің өзгеруіне қарай түрленіп отырады. Әдеттердің маңызы қашқан кезде, үкімнің де күші жойылады. Түрлі мақсатта есеп айырысу, алу, сату кезіндегі тауарлардан ақау шығуы т.б. секілді. Мәселен, қолданыстағы ақшаның түрі (теңге, доллар, рубль, т.б.) өзгерсе алу-сату кезінде келісетін ақша ескі ақшамен емес, жаңасымен жүзеге асырылады. Сол секілді киім-кешек пен мата өнімдерінен қандай да бір ақау табылып, қайтарып беруге себеп болған жағдайларда сол өнімдерден табылған ақау сәнге айналып, заман талабына қарай өзгеше мән иеленіп, басқаша сипат алып, қайта құны аспандап кеткен жағдайда ол тауар сатушыға қайтарылмайды».
Ханафи ғалымдарының осыған қатысты өзгеріске ұшыраған пәтуәларынан бір ғана мысал келтірейік. Баяғыда үй сатып алу үшін оның сыртқы көрінісі мен кейбір бөлмелерін ғана аралап көру жеткілікті болатын. Өйткені, қай үйге бас сұқпа бір-бірінен бәлендей алып бара жатқан айырмашылығы болмайтын. Бірақ, уақыт өте келе заманына қарай үй құрылысының салыну үлгісі әркімнің талғамына қарай өзгеріске ұшырағандықтан, ханафи ғалымдары үй таңдаған кезде барлық бөлмелерін аралап көруді шарт етіп қойған.
Алдында да айтып өткеніміздей, әдеттерге сүйенген дәлелдер өзгереді. Ал шариғат белгілеген нақты үкімдер өзгермейді. Заман талабына қарай жасалған өзгерістер шариғаттың үкіміне өзгеріс енгізу дегенге саймайды. Өйткені, кесімді үкім бар, бірақ, оның шарттары нақты болмағандықтан, үкім әр түрлі жолмен орындалады. Яғни, әдеттің өзгеруі нені білдіреді? Бұл басқа бір үкімнің орындалуын қажет еткен бұрын-соңды кездеспеген жағдайдың орнағанын білдіреді. Яки, асли (негізгі) үкім өзгеріссіз (жоғарыдағы мысалдағы әділдік секілді) қалумен қатар оның (үкімнің) орындалуы үшін белгілі бір шарттарды қажет етеді. Мәселен, куәлардың әділ болуы шарт. Алғашқы кездері адам әділдіктен ауытқымаса, соның өзі жеткілікті болатын. Бірақ, уақыт өте келе өтірік айту, алдау-арбау секілді жат әдеттердің етек алуы әділдігін дәлелдеуді қажет етті. Яғни, үкімдердің түрлі жолмен іске асырылуын осындай жағдайлармен байланыстырып түсіндіруге болады11.
Құран мен сүннетке жіті назар аударғанда шариғаттың құқықтық нормалар бекітуде қоғамдық-әлеуметтік ерекшеліктерді назарға алғандығы, түбегейлі өзгерістерді бірден емес сатылай, бірте-бірте өзгерту әдісін қолданғандығы, халықтың аят-хадиске қайшы келмейтін дәстүрлерінің жалғасын тапқандығы байқалады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) осындай ұстанымдарын негізге алған фақиһтар кейбір мәселелерге қатысты үкім берерде халықтың әдет-ғұрпына мән берген12. Хижаз аймағынан тысқары өңірлерде өмір сүретін мүлдем басқа мәдениет пен салт-дәстүрі бар адамдар арасында пайда болған кәләмдық, пәлсапалық, саяси жағдайлардың ықпалымен қалыптасқан Куфаның әлеуметтік қажеттіліктері туындаған жаңа мәселелер қалыптасқан құқықтық тәжірибеде Құран мен хадистен бөлек сол қоғамның әдет-ғұрпын ескеруді қажет етті13.
Мәдина тұрғындарының өмір сүру салты көбіне сахабалардың Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) естіп-білген немесе бір-біріне еліктеу арқылы қалыптасқан жүйеден тұратын. Ал Мәдина қаласынан тыс жерде сан алуан қоғамдық-мәдени мәселелерді шешуде іздеген жауаптарын Құран мен сүннеттен таппаған кезде ақылдың көмегіне сүйеніп, үкім беру қажеттілігі туындады. Ақылға сүйенгеннің өзі де Құран мен сүннеттен алыс кетпейтін14. Жалпы, әдет-ғұрыпты ханафи мәзһабы ғана емес, басқалары да негізге алған.
Қорытындылай айтсақ, әдет-ғұрып діни үкім шығару, яки, пәтуә беру тұрғысынан мұсылман құқығының қайнар көздерінің бірі болып табылады. Әдет-ғұрыпқа мән беріп, оны негізге алу – Ислам құқығының динамизмін, барлық уақытта жергілікті халықтың дүниетанымына сай келетін кеңдігін көрсететін бірден-бір ерекшелігі.
______________
1. З. Шағбан, 195-б.
2. Ислам құқығындағы урф, яғни, әдет-ғұрыптың мағынасы қазіргі біздің түсінігімізден әлдеқайда кең мағынада қолданылатынын ескергеніміз жөн. Әдет-ғұрып дегенде, құқықтық нормаларға, заңға негіз болатын әдет, яғни сол қоғамда кең тараған саяси-әлеуметтік нормативтер тегіс қамтылады. Бұл сөзді ырыммен немесе қандай да бір құқықтық сипаты жоқ әдеттермен шатастырмау қажет.
3. «Хужурат» сүресі, 13-аят
4. Ахмад ибн Ханбалдың «Муснадында» бұл хадис Пайғамбарымыздан мауқуф ретінде риуаят етілген. Сондықтан, көпшілік ғалымдар оны ибн Аббастың сөзі деп қабылдаған.
5. «Хаж» сүресі, 78-аят.
6. З. Шағбан, 196-б.
7. Араб тілінде «истиснаъ» термині сауда-саттық деген мағынаны білдіреді. Яғни, сатып алушы ұстаға алдын ала ақысын төлеп, сауда жасасады.
8. «Бақара» сүресі, 233-аят
9. «Талақ» сүресі, 2-аят
10. А. Зәйдан, Фиқһ усулу, (түрік тіліне аударған: Р. Өзжан), Мар-мара университеті баспасы, Стамбул, 1981
11. З. Шағбан, 200-б.
12. Илмихал, ТДУ, 1-т., 152-б.
13. Ф. Арабажы, Ханефилигин олушумунда жоғрафи еткенлер, Имамы Ағзам Ебу Ханифе ве дүшүнже системи, 16-19 Еким, 2003, семпозиум материалдары,, 1-т., 352-б.
14. Бұл да сонда, 1-т., 352-б.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
17.11.2014
23459
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру