Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Qazіr

02 December 2022

8 Jumadál áýýál 1444 Хижра

  DINI MEREKELER

Ақтөбе: Қазыналы қарияларға құрмет

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі nurgasyr.kz 03.10.2022 2206 0 пікір
Ақтөбе: Қазыналы қарияларға құрмет

1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде облыстың бас имамы Серікжан Еншібайұлының мұрындық болуымен қазыналы қарттарымызға дастархан жайылды. 

Іс-шара барысында Серікжан Еншібайұлы бастаған дін қызметкерлері қарияларымыз мен қажы әжені мерекемен құттықтады.

«Біз «Төріңнен қарт кетпесін» деп дұға тілеген елміз. Дінімізде үлкенді құрметтеу – Алланы ұлықтаудың бір түрі. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Ақ шашты, ақ сақалды мұсылман қарияны ізет тұту – Алланы ұлықтаудың бір түрі», – деген. Расында, дінімізде Алла Тағаланы ұлықтау тек тілмен зікір ету немесе ертелі-кеш құлшылық етумен ғана емес, Алла разылығы үшін деп істелген әрбір игі іспен жүзеге асады. Ислам дінінің кереметтілігі міне, осыда жатыр. Дана халқымыз «Қартын сыйлаған елдің қазынасы мол» деген ұлағатты сөз бар. Қазақ – қарттарын қадірлеп өскен ұлт. Бүгінде қазақтың әрбір үйінен отбасы мүшелеріне ақылын айтып, тәлімді тәрбиесін беріп, ұлағатты ұғымдарды сіңіріп, немере-шөберелерінің ортасында марқайып отырған ата-әжелерімізді көрудің өзі бір ғанибет. Дін жолындағы мәселерді де шешуде қарттардың орны ерекше. Хадис-шәрифтерде «Үлкендерін құрметтемеген, кішілерге мейірім етпеген адам бізден емес» делінген. Біз қарт кісіні құт-береке деп танысақ, ол – ұрпақтың көрегендігі. Қарияларымыздың ақылы – дария, өмірі – өнеге. Сондықтан оларға құрмет көрсету – бізге міндет» деп бас имам ізгі тілегін білдірді.

Мерекелік басқосуға ҚМДБ ақсақалдар кеңесінің мүшелері және облыстық «Нұр Ғасыр» мешітіндегі Ақсақалдар алқасының мүшесі т.б дін жанашырлары қатысты. Дастархан басында ақсақалдар облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің тұрғызылу тарихынан сыр шертті. Сондай-ақ облыстың Бас имамы Серікжан Еншібайұлына, мешіт ұжымына, діни басқармаға  ризашалықтарын білдіріп, қазіргі уақытта жалпы ҚМДБ-ның және барша имамдардың руханият саласында еңбегінің зор екендігін айтып өтіп, алғыстарын жаудырды.

Сонымен қатар мешітте атқарылып жатқан шараларға көңілдері толатындығын жеткізді. Қарттарға құрмет көрсетуге арналған шара қортындысында ақсақалдар мен қажы әжеге ақшалай және заттай сыйлықтар табыс етіліп, қазақтың салты негізінде иығына шапан жабылды. Одан өзге мерекеге қарсаңында ҚМДБ Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы Амангелді Айталы мен «Бақытжан» мешіті Ақсақалдар алқасының мүшесі, өңірдегі көптеген мешіттердің салынуына мұрындық болған дін жанашыры Құсайынов Сағынай қажы ақсақалды мерекемен құттықтап, арнайы шаңырақтарына барып, арнайы сый-сияпат жасады.

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру