Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Ақтөбе: Жеті шамшырақ шарапаты

Ақтөбе: Жеті шамшырақ шарапаты

Ақтөбеде «Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі» тақырыбында ІІІ аймақтық имамдар форумы өтті. Жиынды Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Ақтөбе облысы бойынша өкілдігі ұйымдастырды. 

Форумға елордадан ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Өтпенов Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы келіп қатысты. Сондай-ақ аймақтағы дін саласының қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері және қалалық, аудандық, ауылдық мешіттердің имамдары, ұстаздар мен жалпы жамағат қатысты.

Жиында елордада өткен ІІІ республикалық имамдар форумында қабылданған «Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандарының рухани тұғырнамасы, «Діни лауазым тізілімі және міндеттері», «Діни рәсімдер тізілімі» сынды маңызды үш құжат жұртшылыққа таныстырылды. Сондай-ақ мүфтияттың қызметі туралы бейнефильм көрсетілді.

Жиынды ашқан Наурызбай қажы Тағанұлы «Жеті рухани қазық – шамшырақ іспетті» атты тақырыпта ауқымды баяндама жасады. Ол Қазақстан мұсылмандарының Рухани тұғырнамасын жұртшылыққа таныстырып, түсіндіріп өтті.

Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Марат Тоғжанов жиынға қатысушыларға облыс әкімі Оңдасын Оразалинның құттықтауын жеткізіп, форум жұмысына табыс тіледі. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры Амангелді Айталы «Жеті рухани қазық» рухани тұғырнамасына байланысты пікірін ортаға салды. Ол тарихи құжаттардың өзектілігін атап өтіп, ел өміріндегі маңыздылығын жоғары бағалады.

Ақтөбе облысының бас имамы Төлеби қажы Оспан «ҚМДБ құрылымындағы діни лауазымдар тізілімі және міндеттері» деген тақырыпта көлемді баяндама жасады. Өз кезегінде жарыссөзде шығып сөйлеушілер осы діни лауазымдар тізілімі мен міндеттерінің бекітілуі, діни қызметті бірізділікке түсіретінін атап көрсетті.

Бұдан кейін Ақтөбе қалалық мешітінің бас имамы Амантай Садиев – «ҚМДБ атқаратын діни рәсімдер тізілімі», Ақтөбе медресе-колледжінің директоры Әбдімүтәлі Дәуренбеков «Жеті рухани құндылықтың бірі – білімділік» деген тақырыптарда баяндама жасады.

Жиынға қатысушылардың алдында сөз сөйлеген Хромтау ауданындағы Ақжар ауылдық мешітінің имамы Қашақбай Баекенов ауылында мазар мәдениетін қалыптастыруға қатысты атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырып, облысқа қарасты мешіт имамдары мен ақсақалдарын зират салудағы ысырапшылдықтың алдын алуға байланысты белсенділік танытуға шақырды.

Сонымен бірге С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің президенті, «Нұр Ғасыр» мешітінің ақсақалдар алқасының мүшесі Бекежан Ахан, облыстық ардагерлер кеңесінің төраға орынбасары Әлізақ Низамутдинов сөз сөйлеп, рухани тұғырнаманы қолдайтынын білдірді.

Ақтөбе аймақтық имамдар форумының соңында облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Қайрат Дәрменов форумға қатысушылардың Үндеуін жариялады.


Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру