Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Qazіr

17 April 2026

29 Sháýýál 1447 Хижра

  DINI MEREKELER

«Зекет» қорының Астанадағы өкілдігінің есеп беру жиналысы өтті (ФОТО)

14.01.2016 4272 0 пікір

Бүгін «Әзірет Сұлтан» мешітінде ҚМДБ «Зекет қорының» Астана қаласындағы өкілдігі жылдық есеп беру жиналысын өткізді. Жиналыс барысында Астана қаласындағы өкілдік қызметкерлері бір жыл ішінде атқарылған шараларға шолу жасап, шақырылған қонақтар мен БАҚ өкілдері алдында жылдық есеп көрсеткішін ұсынды. Сондай-ақ, жақында ғана іске қосылған ZEKETASTANA.KZ ресми сайтының таныстырылымы болып өтті.

Қорытынды жиналысқа ҚМДБ-ның наиб мүфтилері Серікбай қажы Сатыбалдыұлы мен Наурызбай Тағанұлы, Астана қаласының Дін істері жөніндегі басқарма басшысы Әлмұқанов Нұрдәулет, ISLAM.KZ порталының редакторы, ғалым Қайрат Жолдыбайұлы, Астана қалалық мәслихатының депутаты Зәуре Жүсіповалар қатысып, ізгі ниеттерін білдірді. Сондай-ақ, өкілдіктің мұқтаждар тізіміне тіркеліп, қайырымдылық шараларының шарапатын көрген Омар Тұрашев пен «Алтын алқа» иегері Жеңіскүл Ермұхамбетовалар да қатысып, аталмыш қор қызметкерлеріне өз алғыстарын жеткізді.

Жиналыс барысында өкілдіктің 2015-жылғы атқарған шараларының есебі көрсетіліп, жұмыс жоспары таныстырылды. «Зекет» қорының Астана қаласындағы өкілдік директоры Алжанқұлов Нұрлан Леспекұлы өз сөзінде қазіргі уақытта «Тайқазан», «Мұқтаждың мұңын бөліс», «Үміт сыйла сәбиге», «Алтын алқалы анаға тосын сый» жобаларының тұрақты түрде жұмыс жасап келе жатқандығынан хабардар етті.

Мысалға, «Тайқазан» жобасы бойынша ай сайын Астана қаласындағы тұрмыс төмен 130 отбасыға азық-түлік таратылып тұрады. Ал, «Үміт сыйла сәбиге» жобасы аясында ауыр сырқатты сәбилерге көмек көрсетіліп, олардың ем-домына, шет елдерге барып емделіп қайтуларына қаражат бөлініп отырады.  Бұдан бөлек, дәрі-дәрмекке, түрлі ем-шараларға, мүгедектер арбасы мен ортопедиялық жабдықтар алу үшін де қаржы жұмсалады.

Ал, «Мұқтаждың мұңын бөліс» жобасы бойынша ай сайын тұрмысы төмен 5-6 отбасының пәтерақысы төленіп келген. Сондай-ақ, қыстық киімдер таратылып, көмір түсіріліп берілген. «Алтын алқалы аналарға тосын сый» жобасы бойынша ардақты аналарымыздың қал-жағдайы ескеріліп, оларға көмек көрсетіліп келген.

Жиналыс соңында қатысушыларға өкілдіктің ресми порталы ZEKETASTANA.KZ сайты таныстырылып, тұсаукесер рәсімі болып өтті. Аталмыш сайттан Ислам дінінің бес парызының бірі – Зекет туралы жан-жақты мағлұмат алып, Астана қаласындағы өкілдіктің атқарған әрбір ісін бағалап отыруға болады. Сондай-ақ, сайттағы арқылы бағдарламалар арқылы өз зекетіңізді есептеп, нисап мөлшерін де анықтауға мүмкіндік жасалған.


Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру