Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

МЫРЗАТАЙ ЖОЛДАСБЕКОВТІҢ 85 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ (ФОТО)

muftyat.kz 27.05.2022 813 0 пікір
МЫРЗАТАЙ ЖОЛДАСБЕКОВТІҢ 85 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ (ФОТО)

Елордадағы Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің бас ғимаратында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, түркітанушы-ғалым, ҚМДБ Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Мырзатай Жолдасбековтің 85 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

«Түркі жазба ескерткіштері: тілі, тарихы және мәдениеті» тақырыбында өткен конференцияға ғалымдар, ақын-жазушылар, білім, мәдениет, өнер саласы мамандары, мемлекеттік қызметкерлер, елшілер, БАҚ өкілдері, білім алушылар қатысты.

Конференция барысында Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің ректоры Ерлан Сыдықов, мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов, ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, ақын Несіпбек Айтұлы т.б белгілі тұлғалар баяндама жасап, ақжарма тілегін жеткізді.

«Сіздің қазақ мәдениеті, әдебиетін зерттеуге қосқан үлесіңіз –келешек ұрпақ үшін үлкен мұра. Соның ішінде жыраулар, ақындар, Жамбыл шығармашылығы, Түрік қағанаты кезіндегі Орхон-Енисей жазба ескерткіштерін қазақ ғалымдары арасында алғашқылардың бірі болып жаңаша зерделеуіңіз, қазақ тіліндегі аудармасын ғылыми айналымға енгізудегі ерен еңбегіңіз тұтас бір ғылыми жобаға жүк болады» деген Бас мүфти ҚМДБ Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Мырзатай Жолдасбекұлының иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.

Айта кетейік, бүгін мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков 85 жасқа толып отыр. Ол еңбек жолында министр, Премьер-министрдің орынбасары, елші, университет ректоры, Президент орталығының басшысы сияқты жауапты лауазымдарды абыроймен атқарды. «Ежелгі әдебиет нұсқалары», «Күлтегін», «Асыл сөздің атасы», «Кісілік кітабы», «Таңғаламын өмірдің ғажабына» секілді бірқатар кітаптары жарық көрді.

Күлзира Ахират,

ЕҰУ-дың 2-курс студенті

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру