Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Алматыда қазақ күресінен турнир өтті

Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі 29.11.2022 1910 0 пікір
Алматыда қазақ күресінен турнир өтті

Алматы қаласында мешіт жамағаты арасында қазақ күресінен турнир өтті. Төртінші жыл қатарынан ұйымдастырылып келе жатқан жарыс биыл ерекше өтті. Себебі алғаш рет турнирге дін қызметкерлері қатысты.

Алпысқа жуық балуанның басын қосқан сайыс екі салмақ дәрежесінде өтіп, өзара мықтыны анықтады. Сайыс Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы мен Алматы Орталық мешітінің ұйымдастыруымен өткізілді. Ал жеңімпаздар белбеу және ақшалай сыйлықпен марапатталды. Жарыс «Ұлттық мұра» бағдарламасы аясында өтті. Ұйымдастырушы, бағдарлама менеджері Әлия Шайханның сөзінше, биыл қаладағы мешіт өкілдерінің сұранысымен сайысқа мешіт қызметкерлері де қатыстырылған.

«Мешіт жамағаты арасындағы қазақ күресінен турнир осымен төртінші жыл өткізіліп отыр, ал мешіт өкілдері арасындағы жарыс алғаш рет ұйымдастырылды. Сайыс жайлы екі ай бұрын хабарланып, мешіт өкілдері арнайы дайындықтан өтті. Бұл қатысушылардың жарақат алуын алдын алу үшін жасалды. Ал мешіт жамағатына жарыс туралы екі апта бұрын хабарланып, бас имамдарға хат жібердік. Басты талап – қатысушы кәсіби спортшы болмауы керек. Тек қана әуесқойлар қатысып, өзара күш сынасты. Салмақ өлшеу рәсімінде де ескертілді. Сонымен қатар Қазақ күресі федерациясының арнайы төрешісі шақырылды. Турнирдің мақсаты – денсаулық кепілі және қазақтың ұлттық спортын дамыту. Салмақ өлшеу рәсіміне барлығы 100-ден аса азамат келді. Дегенмен белгілі спорт түрінен жетістікке жеткендіктен және күреске қатысқандықтан, көпшілігін қатыстырған жоқпыз. Нәтижесінде 45 азамат іріктеліп шықты» деді ол.

Мешіт жамағаты арасында 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 30 балуан, ал 75 келіден жоғары салмақ дәрежесінде 15 балуан күресті. Бұдан бөлек 12 мешіт өкілі бар: 6-уы 75 келіге дейінгі, 6-уы 75 келіден жоғары салмақ дәрежесінде белдесті. Турнир барысында бұрын күреспен шұғылданған 6 балуан шеттетілді. Әрі спорт болғандықтан, бірнеше адам жарақат алды. Сайыс соңына қарай өз салмақ дәрежесінде үздік болған 8 балуан финалға жолдама алып, бас жүлде – белбеу мен 150 000 теңге үшін белдесті. Мешіт жамағаты арасында 75 келіге дейінгі салмақта Азамат Жарасов пен Амангелді Асылов финалда күш сынасты. Ал 75 келіден жоғары салмақ дәрежесінде Кенжехан Төлепов пен Саят Ысқақ бас жүлдені сарапқа салды. Қос мықты бір-біріне әдіс жасай алмай біразға дейін алысты. Тек Саят Ысқақ үш бірдей ескерту алғандықтан, Кенжехан Төлепов жеңімпаз деп танылды.

Екі ай бойы дайындықтан өткен мешіт өкілдері арасындағы сайыс та тартысты өтті. Нәтижесінде 75 келіге дейінгі салмақта күш сынасқан Елдос Жортымов финалда өзінен 15 келіге ауыр Бақтияр Нұрмахановты жеңді. 75 келіден жоғары салмақта Руслан Қайыргелді мен Абзал Тұрарбеков өзара мықтыны анықтады. Дегенмен Абзал Тұрарбеков басым түсіп, бірінші орынды иеленді. Жарыс соңында Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан жеңімпаздарды марапаттап, сыйлықтарды табыстады. Сондай-ақ қатысушыларды құттықтап, ақ тілегін жеткізді.

Айта кетейік, сайыста үздік атанған балуандарға белбеу және 150 000 теңге берілді. Екінші орын алғандар 100 000 теңге, үшінші орын алған балуандар 50 000 теңге иеленді. 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру