Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Өскеменде Мәуліт кеші өтті

Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітінің баспасөз қызметі furqan.kz 22.11.2021 1962 0 пікір
Өскеменде Мәуліт кеші өтті

ҚМДБ Өскемен аймағы өкілдігінің ұйымдастыруымен «Ертіс-Концерт» мәдениет сарайында «Рахым нұры Әз Мұхаммед» рухани кеші өтті.

Бұл жолғы Мәуліт дәстүрлік, ғибраттық бағдарлама және қайырымдылық бөлімі деген үш бағытта, өзгеше өрнекте өтті.

Көрермендер санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып, кешті тамашалады.

Рухани-ғибраттық кешті Өскемен аймағының және облыстық «Халифа Алтай» мешітінің бас имамы Ермек Қасболатұлы ашып:

«Адамзаттың ұлы тұлғасы Ардақты пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеге келген айын рухани мейрам ретінде атап өту – бұрыннан келе жатқан дәстүр. Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)ғибратты ғұмыры барлық адамзатқа өнеге. Оның тағылымы сарқылмас кәусар іспетті, сондықтан да Ұлы пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) барлық құрмет лайық. Біз осынау рухани кешті өңір жұртшылығы сіздерге ұйымдастырып отырмыз» деді.

Бас имам сонымен бірге Мәуліт кешінің биылғы ерекшелігіне тоқталып, маңызы туралы айтып өтті.

Алланың Елшісі, Ұлы пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құрметіне арналған рухани кеш қасиетті Құран оқумен басталды. «Халифа Алтай» мешітінің ұстаздары мен «Халифа Алтай» қайырымдылық мекемесінің шәкірттері Ұлы пайғамбарымыз Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтып, Мәуліт жырын оқыды. Мәуліт жырын домбырамен термелетіп шырқаған термеші Ербол Шакратұлының өнеріне халық тәнті болды.

Рухани кешті «Байжігіт атындағы ұлт аспаптар оркестрі» күмбірлі күймен көмкеріп, «Ән салдар» тобы дәстүрлі әндерді әуелетті. Сонымен қатар С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің «Шабыт» студенттер театрының қойылымдары көрермендерге ерекше әсер сыйлады.

Кеш соңында ақсақалдар өкілдері сахнада сөз сөйлеп, қайырымдылық шарасына қатысып, Мәуліт мерекесінің жақсы деңгейде ұйымдастырылғандығын айтып, өкілдікке ризашылықтарын білдірді. Сонымен қатар аймақта діни қызметте абыройлы еңбек етіп жүрген азаматтарға өкілдіктің «Алғыс хаты» және «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабы тарту етілді.

Осылайша Өскемен аспанында Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтылған салауат асқақтады.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру