Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

АҚ НЕКЕНІҢ МӘНІ МЕН МАҒЫНАСЫ

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі muftyat.kz 14.07.2022 5395 0 пікір
АҚ НЕКЕНІҢ МӘНІ МЕН МАҒЫНАСЫ

الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

 

Дініміз Ислам – адам баласының өміріндегі барлық мәселелерді қамтыған кәміл дін. Асыл дініміздегі кез келген үкім адам баласын екі дүниелік  игілілік пен бақытқа жетелейді. Адамзаттың пайдасы үшін баяндалған осындай үкімдердің бірі – некелесу. Алла Тағала адам баласын бір ер, бір әйелден жұп етіп жаратты. Адам баласының ұрпағы некелесу арқылы жалғасады.

Алла Тағала Қасиетті Құранның «Рум» сүресі, 21-аятында:

وَمِنْ آيَاتِهِ أَنْ خَلَقَ لَكُمْ مِنْ أَنْفُسِكُمْ أَزْوَاجًا لِتَسْكُنُوا إِلَيْهَا وَجَعَلَ بَيْنَكُمْ مَوَدَّةً وَرَحْمَةً ۚ إِنَّ فِي ذَٰلِكَ لَآيَاتٍ لِقَوْمٍ يَتَفَكَّرُونَ

«Сендерге Оның (Алланың құдіретін көрсететін) айқын дәлелдерінің бірі – өз болмыстарыңнан жандарың жай тапсын деп, сендер үшін жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік пен мейірімділік сезімін ұялатты. Расында осыны ақылға салып, ойланатын қауым үшін айқын дәлелдер мен ғибрат бар», – деп айтқан.

Дінімізде үйленудің артықшылығы ғана айтылып қоймай, оның қалай жүзеге асатындығы, құда түсу, некенің шарттары, куәгерлердің болуы, мәһір сыйлығының берілуі, ата-ананың рұқсаты, тойдың өтуі, отбасылық өмірдегі ер мен әйелдің міндеттері мен әдептері сынды мәселелер толығымен баяндалған.

Жалпы, неке деп – шаңырақ көтеруші ер мен әйелдің ұсыныс және қабылдау арқылы сөз байласуын атаймыз. Неке өзіндік шарттары мен міндеттерінің орындалуы арқылы жүзеге асады. Осындай арнайы шарттардың жүзеге асуы арқылы құрылған некеге халқымыз «адал неке», «ақ неке» деген сөз тіркестерін қолданған. Ал некесіз еркін жүріске салыну дінімізде де, салт-дәстүрімізде де айыпталған. Майқы бидің: «Жетесіз жігіт – ел қадірін білмес, некесіз әйел – ер қадірін білмес» деуі осыдан болса керек.

Сол үшін ақ некелі ерлі-зайыпты болу рухы таза отбасы құрудың негізі болып табылады. Қазақ халқы өмір жолына бірге аттанған бозбала мен бойжеткенді ата-ананың разылығынсыз, некесіз, ақ батасыз өз бетімен әсте жібермеген. Демек, қазақи отбасының негізі тек – некелесу арқылы ғана қаланған.

Ақ некенің адам баласының дүние-ақыретіне тигізер пайдалары өте көп.  Мұсылман адам отбасы мәселесінде келесідей құндылықтарға мән беруі қажет:

 

Бірінші: Ізгі жар таңдау

Адам баласының отбасы ізгі болуы үшін алатын жарының да ізгі болуы өте маңызды. Сол себепті де өмірлік жарды таңдауда сезімнің жетегіне берілмей, ақылға салып, ойланып, жан-жақты ақылдасып барып шешім қабылдаған дұрыс. Әсіресе жар ретінде таңдайтын адамның имандылығы, мінез-құлқы, тәрбиесі, тазалығы деген сипаттарына аса мән берілуі қажет. Алла Тағала қасиетті Құранның «Нұр» сүресінің 32-аятында:

وَأَنْكِحُوا الأيَامَى مِنْكُمْ وَالصَّالِحِينَ مِنْ عِبَادِكُمْ وَإِمائِكُمْ إِن يَكُونُوا فُقَرَاءَ يُغْنِهِمُ اللهُ مِن فَضْلِهِ وَاللهُ وَاسِعٌ عَلِيمٌ

«Өз араларыңдағы бойдақ болып жүргендерді және құлдарың мен күндеріңнің ізгі болғандарының некелерін қиып, үйлендіріңдер. Егер олар кедей болса, Алла мейірімін төгіп, жағдайларын жақсартады (байытады). Алла – рақымы шексіз кең, барлығын қамтушы, білуші», – дейді.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

اَلدُّنْيَا مَتاعٌ وَخَيْرُ مَتَاعِهَا الْمَرْأَةُ الصَّالَحَةُ

«Бұл дүние (мен оның ішіндегі нығметтердің бәрі де) уақытша берілген. Ондағы нығмет атаулының ең абзалысалиқалы әйел», деген (имам Мүслим).

Ендеше, қандай да бір адамға ізгі жар нәсіп етілсе, үлкен нығмет берілгені. Халқымыздағы: «Жақсы әйел – ырыс, жаман әйел – ұрыс», «Жақсы әйел – жаман еркектің басын төрге сүйрейді, жаман әйел – жақсы еркектің басын көрге сүйрейді», – делінген мақал-мәтелдер біздерге осыны айтуда.

Үйленуді ниет еткен адам жар таңдауда көрсеқызарлыққа, асығыстыққа салынуға болмайды. Себебі, көп жағдайда оның арты орны толмас өкініштерге алып келеді. Осыны Хәкім Абай атамыз өз өлеңінде:

Біреуді көркі бар деп жақсы көрме,

Лапылдық көрсе қызар нәпсіге ерме!

Әйел жақсы болмайды көркіменен,

Мінезіне көз жетпей, көңіл берме! 

Жасаулы деп, малды деп байдан алма,

Кедей қызы арзан деп құмарланба.

Ары бар, ақылы бар, ұяты бар,

Ата-ананың қызынан ғапыл қалма, –  деп жеткізген.

 

Екінші: Некенің шариғи талаптарға сай болуы

Некенің неке болып саналуы үшін шариғат талаптарына сай арнайы рүкіндері мен шарттары орындалуы керек. Рүкіні – ижаб пен қабул. Ижаб деп – үйленгелі жатқан тараптың бірі отбасын құруға ұсынысын, ал қабул деп – екінші тараптың ұсынысына келісімін, разылығын білдіретін сөзді айтамыз.

Мұсылмандық некенің  шарттары мынадай:

1.Ижаб пен қабулдың бір орында болуы;

2.Тараптардың бірінің сөзін екіншісі естуі;

3.Тараптардың сөздері бір-біріне қайшы келмеуі;

4.Үйленуге тыйым салынған әйелдер санатынан болмауы. Тыйым салынған әйел деп отырғанымыз ер адамға өзінің анасына (әжелеріне), қыздарына (ұл-қыздарының қыздары және төмен қарай), әпке-қарындастарына (әке-шеше бір не бөлек), немере және нағашы әпке-қарындастарына, бауырының қыздарына және одан төменгі қарай, әпке-қарындастарының қыздарына және төменгі қарай, әйелінің анасына, өгей қызына, өгей ұл-қыздарының қыздарына, келініне, сүт анасына, емшектес қарындасына, әпке-сіңлілерді (сондай-ақ әйелді немере әпкесімен, немере әпкесі мен бауырының қызын, әйел мен нағашы әпкесін, нағашы әпкесі мен сіңлісінің қызын) қосып үйленуге, әйелді қызымен қосып үйленуге, біреудің әйеліне, идда мерзімін күтіп отырған әйелге, кітап иелерінен басқа дін өкіліне үйленуге болмайды. Алайда мұсылман ер адамға әһлі кітап, яғни христиан немесе яһуди сеніміндегі әйелге үйленуіне рұқсат.

5.Екі куәгердің (екі ер кісі немесе бір ер, екі әйел) болуы. Сонымен қатар қазіргі қалыптасып отырған жағдайды ескеруі, яғни отбасын құратын қыз бала ата-анасының келісімін алуы міндетті.

Шәкәрім қажы бабамыз «Мұсылмандық шарты» атты еңбегінде неке турасында былай деген:  «Неке деген пәленшенің қызы, пәленшені қабыл қылып алдым деп еркек айтып, пәленшенің баласа пәленді ер қылуға қабыл алып тидім деп әйел айтып, екеуі біреуіне екі куә алдында айтады. Куәлар екі еркек, яки бір еркек, екі әйел болады. Куәлар жас бала болмасын. Жынды яки мұсылман емес, яки саңырау, яки құл болмасын. Ер менен әйелдің жақындары болса да жарайды. Бүйтіп екі куә алдында ерлі-зайыпты болуға разы болғандарын айтыспаса, неке дұрыс болмайды. Неке қиылғанда жасы толған қыз разы болдым демесе, зорлықпенен неке қиылмайды. Жасы толған қыздан өзінің әкесі яки туысқан адамы сықылды жақын не ие боп тұрғаны некеге разымысың деп сұрағанда үндемесе, не күлсе, дыбысы шықпай ғана жыласа, ол ұнағанға қысап. Егерде ондай ер жеткен қыздан рұқсат сұрағанда, басқа жат біреу, яки жақыны тұрып жама ағайыны сұраса, онда қабыл көрдім, яки ұнадым демей болмайды».

 

Үшінші: Некенің жария болуы

Ер мен әйелдің жасырын түрде некеге тұруы немесе азаматтық неке құру шариғат құптамайтын іс. Өйткені бұл арсыздық пен азғындыққа жетелеп, ұрпақ саулығы мен ұлт болашағына зардап әкеледі. Бұлай басқосқан жандардың арасында ешқандай жауапкершілік болмағандықтан кез-келген сәтте екі жаққа айырылып кете берулері де оңай. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

أَعْلِنُوا النِّكَاحَ ، وَاجْعَلُوهُ فِي الْمَسَاجِدِ ، وَاضْرِبُوا عَلَيْهِ بِالدُّفُوفِ ، وَلْيُولِمْ أَحَدُكُمْ وَلَوْ بِشَاةٍ

«Некелеріңді жариялап мешіттерде өткізіп, дауылпаз соғып, біреулерің қой сойып болсын тойлаңдар», деген  (имам Тирмизи).

Діні мен дәстүрін қадір тұтқан қазақ халқында адал некесіз бір-бірімен жұптасып уақытша өмір сүру қағидасы мүлде болмаған. Көпшілікке жария ету арқылы ел екі жастың шынайы отбасы болып ақ отау құрып жатқандығын таниды. Қазақ халқы осыны негізге ала отырып, ақ босаға аттап келген келінге қайын жұртын беташар арқылы таныстырған. Сонымен қатар, беташар халыққа жар салып жария түрде айтылатын болған.      

 

Төртінші: Отбасылық ақыларды орындау

Халқымызда «Екі жақсы қосылса, бірін-бірі сыйлайды, екі жаман қосылса, отбасына сыймайды», – деп айтқанындай, шаңырақтың берекесі шайқалмас үшін ер мен әйелдің екеуінен де бір-біріне деген сыйластық, өздеріне жүктелген міндеттерді орындау, отбасын аманат деп білу деген сипаттар талап етіледі. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 228-аятында:

وَلَهُنَّ مِثْلُ الَّذِي عَلَيْهِنَّ بِالْمَعْرُوفِ

«Ерлердің әйелдердегі хақылары сияқты, әйелдердің де ерлерде белгілі хақылары бар», – деп айтқан.

Демек, отбасылық өмір екі жақтан да бірдей үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистеріне назар салсақ ер адамға да әйеліне құрмет көрсетіп, жақсы қарауды бұйырса, әйел адамға да еріне бағынуды, сыйлап құрметтеуді әмір еткен. Мысалы, Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ер адамдарға:

خِيَارُكُمْ خِيَارُكُمْ لِنِسائِهِمْ

«Сендердің ең жақсыларың әйелдеріңмен жақсы қарым-қатынаста болғандырың», – десе (имам Тирмизи), әйел адамдарға қатысты:

إِذَا صَلَّتْ الْمَرْأَةُ خَمْسَهَا وَصَامَتْ شَهْرَهَا وَحَفِظَتْ فَرْجَهَا وَأَطَاعَتْ زَوْجَهَا قِيلَ لَهَا ادْخُلِي الْجَنَّةَ مِنْ أَيِّ أَبْوَابِ الْجَنَّةِ شِئْتِ

«Әйел адам бес уақытын намазын оқыса, рамазан айының оразасын ұстап, ар-намысына ие болып және күйеуіне бағынатын болса, оған (ақыретте): «жаннаттың қалаған есігінен кір», – деп айтылады», ­– деген (имам Ахмад).

«Ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды», – делінген нақыл сөзді ескерер болсақ,  отбасында келіспеушілік орын алып қалған жағдайдың өзінде бір-бірінің мінезіне сабыр етіп, әркім өзін қолға алып, ашумен емес ақылмен шешім қабылдауы аса  маңызды.

Бұл тұста некені нәзіп жіпке теңеуімізге болады. Нәзік жіпті бір тарапынан тартсақ, екінші тарапын босату қажет болады. Ал екі жағынан бірдей тартса нәзік жіп үзіліп қалады. Сол сияқты кейде ер адам әйелінің мінезіне, кейде әйел адам ерінің мінезіне сабыр етіп, өзін ұстауы қажетті тұстар да болады. Ал екеуі де бірдей өзін қолға алмаса, оның арты түрлі қиындықтарға ұласуы әбден мүмкін. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

لَا يَفْرَكْ مُؤْمِنٌ مُؤْمِنَةً إِنْ كَرِهَ مِنْهَا خُلُقًا رَضِيَ مِنْهَا آخَرَ

«Мүмін ер адам еш уақытта мүмін әйелді жек көруші болмасын. Егер де, қандай бір мүмін әйелдің әлдебір мінезі көңіліне жақпаса, басқа бір қасиетін ұнатар», – деген (имам Мүслим).

 

Бесінші: Талақ – Алла сүймейтін іс

Халқымыздың санасында неке адалдықтың нышаны ретінде қалыптасқандықтан, оны бұзу сорақылық саналатын. Дінімізде де ажырасуға рұқсат берілгенімен, құп көрілмеген. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

أَبْغَضُ الْحَلاَلِ إِلَى اللَّهِ الطَّلاَقُ

 «Алла Тағала адал еткен істің ішіндегі ең жағымсызы – ажырасу», – деген (имам Насаи).

Басқа бір хадисінде де: «Қандай да бір әйел ешқандай себепсіз еріне өзін талақ етуді сұрайтын болса, онда оған жәннаттың иісі харам болады», деп қатаң ескерткен (имам Әбу Дәуіт)

Осы мәселеге қатысты ханафи мәзһабының ғалымы ибн Абидин:  «Талақ негізінен  – харам іс. Бірақ, оны мүбаһ ететін жағдайлар мен шарттар туындайтын болса ғана адал бола алады. Сол себепті некелік нығметтен орынсыз бас тартудың ешбір негізі жоқ. Жайдан-жай ажырасу парасатты адамның ісі емес әрі ол  Хақ Тағаланың берген ырыс-несібесін аяқ асты ету деген сөз. Сондай-ақ ажырасуы отбасы мен бала-шағасына азап шектіруден басқа еш нәрсе емес», – деген.

Ата-бабаларымыздың салған сара жолында отбасын бұзу, ажырасу мүлде орын алмады десек те болады. Оның негізгі себептері мынадай: Ерлі-зайыптылардың отау құрғаннан кейінгі міндеттеріне адалдығы,  отағасы отбасының нәпақасын ердің намысы деп білуі, әйелі мен балаларын Жаратқанның аманаты санауы. Әйелі болса еріне бағынуы, құрметтеп сыйлауы, қарсы келмеуі.

Жас жұбайлар үлкендермен бір шаңырақтың астында тұру арқылы ата-енеден білмегенін үйреніп, отбасылық өмірде олардың ақыл-кеңесін басшылыққа алатын. Мұндайда келін күйеуімен салғыласуға ата-енесінен қысылып, ал ұлдары отбасының шырқын бұзуға әкесінің қабағынан қаймығатын. Анасы қызының құлағына «Барған жеріңе тастай батып, судай сің», «Ерге жаққан әйел, елге де жағады», – деп, жастайынан құйып отыратын. Ал бозбаланы «Жан қимақ бар, жар қимақ жоқ», «Жақсы әйел теңі жоқ жолдас, түбі жоқ сырлас», – деп тәрбиелейтін. Осындай тәлім көрген ұрпақ шаңырақ құра отырып үлкен жауапкершілікті мойындарына алғандарын сезінетін. Сонда қарап отырсақ, ата-бабаларымыз ғасырлар бойы сүзгіден өткізген, қазақы отбасылық тәрбиенің астарында жанұя бақыты, шаңырақ шаттығы, ұрпақ тазалығы деген дүниелерге үлкен мән берілген.

 

Қадірменді жамағат!

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмбетін үйленіп, көбеюге шақырып, былай деп өсиет айтқан:

النِّكَاحُ مِنْ سُنَّتِي ، فَمَنْ لَمْ يَعْمَلْ بِسُنَّتِي فَلَيْسَ مِنِّي ، وَتَزَوَّجُوا فَإِنِّي مُكَاثِرٌ بِكُمْ الْأُمَمَ ، وَمَنْ كَانَ ذَا طَوْلٍ فَلْيَنْكِحْ ، وَمَنْ لَمْ يَجِدْ فَعَلَيْهِ بِالصِّيَامِ فَإِنَّ الصَّوْمَ لَهُ وِجَاءٌ

«Некелесу – менің сүннетім. Кімде-кім сүннетімнен бас тартса, менен емес. Үйленіңдер. Өйткені мен қиямет күні өзге үмбеттердің алдында сендердің көптіктеріңді мақтан етемін. Кімде-кім үйленуге шамасы жетсе, үйленсін. Үйленуге шамасы келмесе, ораза ұстасын. Өйткені ораза ол үшін қалқан болады» (имам Бұхари).

Ханафи мәзһабының белгілі ғалымы Ибн Абидин (Алла оны рақымына алсын): «Біз үшін Адам ата заманынан осы заманға дейін шариғат етіп қойылған, кейін жәннатта да жалғасатын неке мен иманнан өзге құлшылық жоқ», – дейді. 

Алла Тағала отбасыларымызға амандық, әр шаңыраққа береке мен бақыт нәсіп етсін!

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру